Домой Блог Страница 28

Энергетика қауіпсіздігі, балалар өлімі және курьерлер. 24-30 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

24-30 мамырды қорытындылаған бағдарламалардың үшеуіне бірдей ортақ тақырып болмады. «7 күн» эфирі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішінде қатысқан жиындарынан басталса, Apta редакциясы тауда жоғалған туристер, шатқалдағы сел оқиғасын басты тақырып етіпті. Ал «Басты бағдарлама» авторлары балалар қауіпсіздігі, баланың оқыс өлімі неліктен көбейгенін талдайды. «7 күн» мен «Басты бағдарлама» тілшілері де Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына барып, оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың тұрмысын көріпті. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясы жабылуына қатысып, видео үндеу жасады. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президент сөзінен үзінді келтіріп, «2 миллиард түп ағаш егу идеясын Прездент өз жолдауында айтқан. Бір тал ексең он тал ек қағидасын ұстансақ, біз үшін бұл тым қиын іс емес» деп қайырды. Он ағаш егу қиын емес-ау, ал 2 миллиард түп ағаш егу үлкен жауапкершілік емес пе?! 

Дархан Әбдіуахит: «Қазақстан жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын іске асыра бастағанына 8 жыл болды. Осы уақыт ішінде баламалы энергия өндіретін нысан саны 115-ке, ал қалдықтарды өңдеу көрсеткіші өткен жылы 36%-ке жеткен» деп дерек келтірді. 1 шілдеден бастап Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай әзірленген жаңа экологиялық кодекс күшінен енетінін айтқан ол: «…осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында жасыл экономика идеясын жүзеге асырған алғашқы ел атанады» деп сенімді байлам жасады.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Осы жиыннан Рауан Мыңбаев әзірлеген сюжет президент сөздерінен құралыпты. Президент елдегі көмір пайдаланатын жыл электр станцияларын газға көшіру кешеуілдеп жатқанын, құрал-жабдықтың ескіруі сияқты көптеген проблеманы айтқан еді. Мұның барлығы жүргізушінің «…Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында жасыл экономика идеясын жүзеге асырған алғашқы ел атанады» деген ұйғарымын терістеп тұрғандай әсер қалдырды. 

Қазіргі президент пен Тұңғыш президентің апта ішіндегі кездесулеріне ресми шолудан кейін СҚО-ның Айыртау ауданына көшіп барған отбасылардың тұрмысын баяндаған сюжет берді. Тұрғындар баспана, жол, ауыз су жағдайын айтса, үкіметтегілер атқарылған жұмыс есебін баяндады. 

«Баспана хит» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламаларын тоқтату елдегі баспана нарығына қалай әсер етеді? Сюжетте құрылыс компаниялары мемлекеттік ипетокалық бағдарламалар арқылы үй тез сатылғанын, енді нарықтағы жағдай қиындауы мүмкін екенін айтады. Тұрғын үй бағасының өсуіне мемлекеттік бағдарламалар да себеп болғаны қысқа айтылып, бірақ терең талданбады. 

Коллекторлық қызмет туралы заңға енгізілген өзгертулер қабылданды. Нұрболат Жаңабергеннің сюжеті осы өзгерістерді түсіндіреді. Ақпараты мол, заң өзгерістерін жан-жақты талдаған сюжет. 

«Вакциналау барысы» деген сюжет жаппай вакцинацияның жайын баяндайды. Денсаулық сақтау министрлінің жоспары, Білім және ғылым министрінің жаңа оқу жылы офлайн не онлайн өту шарттары туралы айтқаны да бар. 

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған сюжет АЛЖИР лагерінде дүниеге келген адамның өмірін, сталиндік жүйенің қатігездігін айтып, тарихшылар, музей қызметкерлері мен кітапханашыларды сөйлетіпті. 

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Басты бағдарлама» тілшілері 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бүлдіршіндердің оқыс өлімі һәм қайғылы оқиғалары көбейгені жөнінде сюжет әзірлепті.

Тілші Әсем Изатқызы полициямен бірге рейке шығып, тыйым салынған аймақта шомылған, өрт аумағында жүрген балалармен сөйлесіп, сарапшылармен бірге «балалардың қараусыз ойнауына кім кінәлі» деген сұраққа жауап іздепті. 

Сарапшының: «Ана баласына үш жасқа толғанша қарауы үшін алиментация болуы керек» деген пікіріне сүйенген тілші: «не күйеуден, не Үкіметтен үміт болмаған соң, амалсыз ана байғұс көңілін жүз бөліп, жұмысқа шығады» деп түп кінәліні меңзегендей болады. Елімізде Ана капиталы жоқ екенін де айтып өтеді. Бала қауіпсіздігі аналарға ақша берумен шешіле ме екен? 

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Бағыс және Хиебон ауылдары Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының құрамына қосылып, Қазақстан картасына енгізілді. 

«Басты бағдарлама» тілшілері екі елдің де құрамына енбей келген ауылдың жиырма жылдағы тұрмыс-тіршілігі туралы репортаж дайындапты. Тілші ауыл тұрғындарын, әкімдік өкілдері мен мәслихат депутатын сөзге тартып, «Не өзгереді» деп ойлайсың?» деген сұрақ қояды. Тұрғындардың біреуі тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұру, ауруханаға тіркелу жағынан қиындықтар болғанын аз-кем айтқаны болмаса, ауылдардың жиырма жылдағы өмірін көрсетуі тиіс тақырып толық ашылмапты. 

«Түсінген адамға теріскей бетке түстіктегі жұртты көшірудің сыры белгілі» деп басталатын алғысөз осынау көштің қалай орындалып жатқанын сараптайды. 2017 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 27 мыңнан аса адам оңтүстік өңірден солтүстік аймаққа көшіп барыпты. Кейбірі кері көшкен. Тілші оңтүстік жұртшылығы көшіп барған елдімекендерді аралап, жағдайын пайымдайды.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркі аумағында жоғалып кеткен туристер және Шарын шатқалында сел жүру оқиғасынан басталды. 

«Қазақстан — әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі». Кешегі аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл отырыс елдегі баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі сюжетке арқау болыпты. Маңызды тақырып хаттамалық сюжетке айналып, Тоқаев синхрондарынан құралған. 

Реновация дегеніміз не? Алматыда ескі үйлерді бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салмақ. Реновацияның не екенін түсіндірер сюжетте әбден ескірген үйлердің адам шошытар кадрлары, тұрғындар уайымы, тараптардың комментарийі бар. 

Маңғыстау облысында әкімдік 72 кәсіпкерден жерін қайтаруды талап етіп жатыр, өйткені олар жерді аукционсыз, комиссия шешімін алған екен. Кәсіпкерлер алған жерде бизнес ашыпты.  Жерді қайтарса, шығынға батады. Тараптардың бәрін сөйлеткен сюжет. 

Алдыңғы аптада курьерлер наразылыққа шыққан болатын. Алайда Apta авторлары бұл туралы кешеуілдетіп, араға апта салып сюжет берді. Мағлұматы мол сюжет. 

Содан кейін COVID-19, коронавирусты пневмония, вакцинация туралы ресми статистиканы баяндап, Беларусь Республикасындағы саяси жағдайға ойысты. Қазақстандық саясаттанушының комментарийін берді. 

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Азалы күн қарсаңында «Ашаршылық. Голод» атты үш томдық деректі хроника кітаптың тұсаукесері болыпты. Қазақ даласындағы қуғын-сүргін және ашаршылық туралы басқа да кітаптар жөнінде айтты. Ал Apta қонағы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы болды. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық төңірегінде сұхбаттасты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Ток-шоу, концерт және үнді сериалдары: 2021 жылдың I тоқсанындағы қазақша топ-10 бағдарлама

«Кекеш келін» деп аталатын үнді сериалын Болливудтың тағы бір сағызша созылған «Тұмарым» сериалымен алмастырған Astana TV телеарнасының рейтингін үнді мелодрамаларын сүйетіндер көтеріп-ақ тұр.
Ал КТК телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» ток-шоуы бірінші орынға нық жайғасыпты.
Qazaqstan ұлттық телеарнасы әлемдік фильмдерді қазақша сөйлетіп, ата-анасымен бірге қарайтын балалар есебінен көрермендерін жаулап алмақ.
Биылғы қаңтар-сәуірде қазақ тілінде көрсетілген ең танымал 10 телеөнімге шолу ұсынамыз.

1. «Астарлы ақиқат» ток-шоуы (3,6**). КТК телеарнасындағы Дина Төлепберген жүргізетін «Астарлы ақиқат» ток-шоуы 2021 жылдың алғашқы төрт айында көрермендер қызығушылығын жоғалтпай, мемлекеттік тілдегі танымал телебағдарламалар арасында бірінші орыннан түспей келеді. «Қайын атадан қойын атаға» деген атышулы шығарылымдар сериясы 1 ақпанда көрсетілді. Мұнда Түркістан облысындағы бір отбасының оқиғасы баяндалады. Жас келін күйеуі мен қайын енесінің ұрып-соғуынан құтылуға тырысып, қайын атасынан қорғаныш іздеп, екеуі көңіл жарастырған. Жүргізуші айтқандай, «бұл сұмдық бәрімізді есеңгіретіп, жаға ұстатты».

Үш сериялы шығарылымды талқылау кезінде жүргізуші мен сарапшылар оқиғаның сұмдық екеніне таңданып отырды. Сарапшының бірі: «қазақ болмағанына шүкір» деп айтып салды. Бұл шығарылым әлеуметтік желіде де талқыланып, жұртшылық «қазақты масқаралайтын» бағдарламаны жабылуын талап етіп, шулады.

Ток-шоудың негізгі аудиториясы — 18 жастан асқан әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, жұмысшылар, табысы орташа не төмен адамдар екен. «Астарлы ақиқат» дүйсенбі-бейсенбі күндері прайм-таймда 20.00-21.00 аралығында көрсетіледі.

2. «Джунгли кітабы» (3,1**). Фильм «Disney» апталығы аясында Qazaqstan ұлттық телеарнасында жаңажылдық мереке күндері көрсетілді. Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» шығармасының желісі бойынша 2016 жылы жарыққа шығып, қазақ тіліне аударылған фильм топ-10-дықта екінші орынға шықты. Ұлыбритания және АҚШ бірлесіп түсірген картина 1967 жылы Walt Disney Pictures жасаған мультфильмнің ремейкі әрі компьютерлік анимация элементтері бар көркем фильм. Фильмде көрерменге белгілі джунглиде қасқыр үйірінде өскен, қазір қазақ тілінде сөйлейтін Маугли баланың оқиғасы баяндалады. Фильм аудиториясы орташа табысы бар, 6 жастан 29 жасқа дейінгі көрермендер, балалар мен студенттер болды.

3. П@утina (2,2**). «Еуразия бірінші арнасындағы» осы бір бағдарлама қазақ аудиториясын қалай жаулап алғаны түсініксіз. Бағдарламаның сипаттамасында «Бүкіләлемдік ғаламтордан белгілі бір тақырыпта жиналған танымал шынайы өмір туралы күлкілі бейнелер» делінген. Шын мәнінде, қазақ тілінде жүргізетін жүргізушісі бар, титрде орыс тіліндегі аудармасы жазылған, хронометражы 40 минутқа созылатын интернет-роликтердің теледидардағы көрсетілімі. Бағдарлама күн сайын түнде, 01.35-те, кейде түнгі 02.40-та эфирге шығады. Мүмкін, оны интернеті жоқ, түнгі ұйқысы бұзылған көрермендер тамашалайтын шығар? Алайда бағдарлама аудиториясы — 18-39 жастағы әйелдер, сонымен қатар зейнеткерлер, студенттер, жұмысшылар, орташа және табысы аз адамдар екен.

4. Ток-шоу «QosLike» (2,2**). Кезінде «Қалаулым» деген жандалға толы атауын өзгертіп, әуелі «ҚалаулымLive», кейін «Qoslike» болған реалити-шоу «Еуразия бірінші арнасының» рейтингін көтеріп-ақ отыр. Бағдарлама жұмыс күндері 14.30-дан 18.30-ға дейін төрт сағат бойы тікелей эфирде өтеді.

Бұл реалити-шоу — ресейлік «Давай поженимся» және «Дом-2» реалити-шоуларына ұксайды. Қатысушылар — 25 қыз-жігіт оларды таңдап, студияға келген адамдармен танысады. Егер бір-бірін ұнатса, кездесіп, бұл туралы әлеуметтік желілерде және эфирде айтады. Бағдарламаны Диана Скатова жүргізеді. Жақында бұрынғы жүргізуші Аша Матай эфирге оралды. Шоу авторлары бағдарламаны «отандық медианарықтағы қатысушылары бағын тауып, романтикалық әңгімелермен бөлісетін рейтингісі ең жоғары реалити-шоу» деп сипаттайды. Шын мәнінде, эфирдің төрт сағаты көбіне  қатысушылар арасындағы ұсақ-түйек әңгімелер, кейде тіпті ұрыс-жанжалмен де өтеді. Реалити-шоуды 18 жастағы әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар жұмысшылар көреді.

5. «Кекеш келін» (2,1**). Сәуірде «Аstana TV» телеарнасы бұл үнді сериалының көрсетілімін аяқтады. Бас кейіпкер Тапкидің «сұлу және ақылды», бірақ кекештігінен зардап шегетін өмірін көрсетер 698 эпизодтан тұратын үнді мелодрамасы әдеттегідей сәтті бітті. Телехикая Үндістанда екі жыл — 2015 жылдың мамырынан 2017 жылдың шілдесіне дейін көрсетілді. Осы уақыт ішінде фильмдегі оқиғалар 15 жылды толығымен қамтыды. Қазақ тіліне аударылғанға дейін Пәкістанда, Индонезия, Вьетнамда да тәржімаланып, көрсетілді. Сериал орыс титрлерімен шығады. Мелодрама көрермендері 10 жастан асқан қыздар, әйелдер, сондай-ақ студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар қызметкерлер екен.

6. «Ральф интернетке қарсы» (2,1**). «Ральф интернетке қарсы» фильмі 2 қаңтар күні қазақ тілінде Qazaqstan телеарнасынан көрсетілді. Walt Disney Animation Studios-тің 2018 жылғы толықметражды компьютерлік анимациялық фильмі әрі 2012 жылы экранға шыққан «Ральф» мультфильмінің жалғасы. Сюжетте екі достың — Ральф пен кішкентай қыз  Ванилопаның Интернет кеңістігіндегі шытырман оқиғалары туралы баяндалады. Ойын автоматтарында тұратын қаһарман ойын кейіпкерлері достықты жоғалтпай әрі жаһандық желіні бұзбай, маңызды нәрсені табуы керек. Сандық технологиялар әлеміндегі достық тарихы «Оскар» және «Алтын глобус» жүлделеріне ие болған. Мультфильмнің қазақша нұсқасын 6-29 жас арасындағы көрермендер көріпті.

7. Концерт «МузАрт» (2,0**). Танымал музыкалық топтың мерекелік концерті 8 наурызда Qazaqstan телеарнасынан эфирге шықты. Нақты қандай концерт болғаны белгісіз. Топтың 20 жылдығына арналғаны ма әлде музыканттар 15 жылдығын атап өткен 2016 жылғы түсірілім бе? Телеарна мұрағаттарынан немесе YouTube арнасынан концерт бейнежазбасын табу мүмкін болмады. Халықаралық әйелдер күніне арналған концертті 30 жастан асқан әйелдер, сондай-ақ зейнеткерлер, орташа табысы бар қызметкерлер тамашалады.

8. Концерт «Ән мен әнші. Жаңа Жыл» (1,9**). Жаңа жыл қарсаңында КТК телеарнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысқан жыл сайынғы дәстүрлі концерт көрсетілді. Көрермендерді Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Жұбаныш Жексенұлы және басқа да әншілер қуантты. Телеарна жүргізушілері Мәдина Балғабаева мен Ерланби Дәулетиярдың дуэті де жағымды тосынсый болды. Бұл концертті 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер, сондай-ақ студенттер, зейнеткерлер, жоғары және орташа табысы бар жұмысшылар тамашалапты.

9. «Ән мен әнші kz» концерті (1,8**). Qazaqstan ұлттық телеарнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының 1,5 сағаттық концерті 2 қаңтарда көрсетілді. Концерт телеарнаның бағдарламалар кестесінде бар, бірақ концерт видеосы арна сайтында да, YouTube-те де жарияланбаған. Сондықтан көрермендер не көргені түсініксіз. Жаңа жыл қарсаңында басқа арнада көрсетілген концерт пе әлде басқа ма? Концертті 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар жұмысшылар көрген сыңайлы.

10. «Тұмарым» (1,8**). Сәуірде аяқталған «Кекеш келін» сериалының орнын басқан жаңа үнді мелодрамасы Astana TV-де көрсетіліп жатыр. Сериал туғанда ата-анасы тастап кеткен Каали деген қыздың хикаясын баяндайды. Бақуат тұратын Вишвавир Джах деген адам «Гаури есімді қызын отбасылық қарғыстан құтқарсын» деген мақсатта тастанды қызды «тұмар» ретінде үйге алып келеді. Сериал 2015 жылдан 2017 жылға дейін түсірілді, барлығы 400-ден астам сериясы бар. Қазақ тілінде көрсетіледі, орысша титрлері бар. Сериалды 10 жастан асқан қыздар, әйелдер, сондай-ақ, студенттер, зейнеткерлер және орташа табысы бар жұмысшылар көреді.

Мінеки, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында қазақ тіліндегі үздік 10 бағдарламаның қатарына ток-шоу мен концерт, мультфильмдер мен үнді сериалдары енді. Ойын-сауық бағдарламалардың негізгі аудиториясы — 18 жастан асқан әйелдер мен ерлер, студенттер, зейнеткерлер, қызметкерлер және орташа табысы бар адамдар боп шықты. Мультфильм көрермендері — балалар мен студенттер. Үнді мелодрамаларын 10 жастан асқан қыздар және орта табысы бар әйелдер көреді екен.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудитория. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.

Душанбе сапары, Ashyq және 2000 жыл. 17-23 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

17-23 мамырды қорытындылаған апталық бағдарламалардың барлығына бірдей ортақ тақырып болмады. «7 күн» эфирінің бірінші сюжеті президенттердің Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанына арналса, Apta тілшілері президент Тоқаевтың Душанбеге ресми сапарын баяндады. Ал «Басты бағдарлама» редакциясы Батыс Қазақстан облысындағы киіктерді түгендеп, шаруалардың мәселесін тыңдап қайтты.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысуына қатысуынан басталды. Сюжетте Тоқаев пен Назарбаевтың сөйлеген сөзінен үзінділер беріп, не айтылғанын талдамады.

Өткен аптада Тұңғыш президент Н. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында киберқауіпсіздік, шекара қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелер айтылған. Әйткенмен, «7 күн» тілшілері бұл сюжетте де хабарлау, құрғақ баяндаудан аспады.

Қ. Тоқаевтың Тәжікстан астанасы Душанбеге ресми сапарына енді кезек жетті. Сюжет Тәжікстан тарапы Қазақстан президентіне қандай құрмет көрсеткенінен басталып, кездесулер, келіссөздер мен қол қойылған келісімдердің мән-жайына тоқталып, президент Тоқаев мінген ұшақ Душанбе әуежайынан қалай ұшып кеткеніне дейін көрсетті.

Мемлекет басшысының апта ішіндегі қабылдауларына шолу жасады. Сосын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сюжет көрсетіп, 30 жылда мамыр айында болған маңызды оқиғаларды тізіп шықты.

«Соқыр сенімнің жетегінде жүріп, Сирия асып кеткендердің бәріне ортақ бір өкініш бар. Ата-анасының үмітін таптап, бүлдіршіндерінің балалық шағын бүлдіргені үшін, тек өздерін кінәлі санайды…».

Бұл — жүргізуші Дархан Әбдіуахиттің алғысөзінен үзінді. Сюжет «Жусан» операциясы арқылы Сириядан елге жеткізілген қазақстандықтардың бұрынғы және бүгінгі өмірін баяндайды. Кейіпкерлер хикаясы, теолог, психологтар комментарийі бар.

Форматы өзгерген ҰБТ туралы да сюжетте тестілеуден ең жоғары ұпай жинаған түлектерді сөйлетіп, ерекшеліктерін айтып берді. «Қоқысты кәдеге жарату» деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан мен қалаға жақын ауылдардағы ашық қоқыс полигондары проблемасын қозғайды. Тұрмыстық қалдықтарды өндеу саласы дамымай отырғанын да айтып өтті. Алайда сюжет алғысөзінде айтылған Бозжырадағы қоқыс жайында ләм-мим демеді.

«7 күн» редакциясы Қызылорда облысынан сюжет көрсетуді дәстүрге айналдарған. «Ағын су азайды» деп аталатын сюжет осы мәселені Қызылорда өңірімен байланыстырыпты. Өңірдегі су тапшылығы, трансшекаралық өзендер жайы айтылып, сарапшылар мен дихандарды сөйлетті.

Бағдарламаны түйіндеген «Қазақтың Олжасы» деген сюжет ақын Олжас Сүлейменовтың 85 жылдығына арналды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарламаның бірінші сюжеті «Киіктің киесі мен кесірі» деп аталып, Батыс Қазақстан облысындағы киік популяциясы мен киік көбеюінің шаруаларға зиянын талдайды.

Ал «Ұр тоқпақ» айдары Атырау облысындағы былтыр жөнделген мектептердің бірін биыл мұғалімдер қайта жөндеп жатқаны туралы ақпаратты тексермек болыпты. Тілші жағдайдың анық-қанығын анықтауға тырысып, бірақ проблемаға терең бойламады.

Ішкі істер саласының қызметкері желілік маркетингке бет бұрғаны жайлы видеоны да көрсетіп, бұған сарапшы пікір білдіріпті.

Қазан мектебінде болған қайғылы оқиғадан кейін Мәжілісте мектептердегі қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шықты. Өткен эфирде «Basty bagdarlama» авторлары Мәжіліс депутаты Андрек Линник сөзінен үзінді келтіріп, тақырыпты қысқа қайырған. Бұл жолы мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне бөлек арнапты. «7 күн» тілшілері 15 мамырдағы шығарылымында мектептердің күзет жағдайын сарапшымен бірге аралап, көрген еді. «Basty bagdarlama» тілшілері де осы тәжірибені қайталапты.

«Ashyq» ашық па?«. Ел назарындағы «Ashyq» жобасы туралы сюжет осылай аталады. Сарапшылардан бастап қолданушыларға дейін пікір айтып, ой бөліскен материал бұл қосымша төңірегіндегі дауды жан-жақты талдапты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі ресми хабардан басталып, Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанын айтып, Тәжікстанға сапарына ойысты.
Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде әдеби шегініс жасады.

«Орта ғасырда өмір сүрген атақты ақын, парсы, тәжік халқының ұлы Фирдоуси (940-1030) „Шахнама“ дастанын 30 жыл жазған. Дастанда өз елін жаулап алушыларға қарсы халық көтерілісі баяндалады. Ал енді осы шығарманы 1936 жылы қазақтың ақыны, ағартушысы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еркін аударғанын ұмытпаған шығарсыз. Туындының „Рүстем-Дастан“ аталатын бөлімі аударма емес, құдды бір қазақтың дастанындай жырланған. Бірақ ақынның көзі тірісінде жарық көрген жоқ, Тұрмағамбеттің жазықсыз қудалауға түскені мәлім…».

Жүргізушінің сөзі қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа байланысты айтылды ма әлде президенттер кездесуін меңзеді ме? Бұл жағы түсініксіз. Ал сюжет әдепкі хаттамадан аспады. Ресми сапар барысынан тараған ресми жаңалықтың барлығын да қамтыды.

«Apta қонағы» айдарына ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария келді. Ол қазақстандық вакцина қалай жасалғаны, сынақтар туралы айтып берді. Әлемдік беделді медициналық журналдарда біздің вакцина туралы қандай да бір мақала неліктен жарияланбай келе жатқаны айтылмады.

Ақмола облысының ауылдарындағы жайылым, шабындық жер тапшылығы мен карьер қазу мәселесіне арналған сюжет толымды әрі мазмұнды дайындалған. Ауыл тұрғындарының, әкімдік пен карьер қазып жатқан кәсіпкерлердің комментарийі бар.

Қазақстанда әрбір төртінші отбасы ажырасады. Себебі неде? Сюжетте дағдарыс орталығында тұрып жатқан бірнеше әйелдің хикаясы бар. Жастардың отбасын құруға дайын болмай шығуы, туған-туыстың жас отбасы өміріне араласуы және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Қоғамдағы өзекті проблеманы қозғаған сюжет.

Баланың психикалық денсаулығына кім жауапты? Бұл сұрақ мектеп психологтарының мәселесін талдауға себеп болыпты. Педагог-психологтардың БҒМ тарапынан бекітілген бірыңғай оқу әдістемелігі жоқ екен. Жылдық оқу жоспанын әкімдер бекітеді. Педагог-психологтардың жеке кабинеттері де жоқ, жұмыс сағаты берілмеген. Сюжет соңында баланың психикалық денсаулығына ата-анасы жауапты, деп түйін жасалды.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тележылнама» айдары 2000 жылға арналды. Мұнай қымбаттауы, Ұлттық қор құру, «Қарбыз» операциясы, Түркістанның 1500 жылдығы, боксшы Бекзат Саттархановтың Сидней олимпиадасынан жеңіспен оралуы, мезгілсіз қазасы, «Тәуелсіз тарлан» сыйлығы, «Рахат Лукум» қыздар тобы туралы айтылды. Тілші «Рахат Лукум» тобы жөнінде айта келіп, «Енді қылымсыған, лыпа киген қыздар экраннан жиі көріне бастайды. Әнші біткен клип түсіретін болды» деп түйіндейді. Бұл автордың әнші қыздар мен заманауи орындаушыларға қарата айтқан ащы мысқылы ма әлде зілсіз әзілі ме, бұл жағы түсініксіз.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Журналистиканың негізгі машықтары» тренингінің ашық сессияларына шақырамыз

Журналист: бейтарап баяндаушы ма әлде оқиғаға белсенді қатысушы ма?

26 мамырда «Журналистиканың негізгі машықтары» тренингі басталады. Бірінші сабақ ашық форматта өтеді. Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасында орыс тілінде тікелей трансляция көрсетіледі. Zoom платформасындағы сабаққа да қатысуға болады. Қазақ, тәжік және өзбек тілдеріне ілеспе аударма жасалады.

Ашық сессия 26 мамыр, Алматы уақытымен сағат 16:00-де басталып, 18:30-да аяқталады. 

Сағат 16:00-18:00 аралығында ресейлік медиатренер Виктор Мучник «Жаңалық дегеніміз не, журналистика неліктен қажет? Жаңалықты кімдерге арнаймыз (аудиториямыз кім?)» деген тақырыпта дәріс оқиды. 

Ал сағат 18:30-18:30 аралығында талқылау болады. Бұған Орталық Азияның үш елінен редакторлар: Айнұр Коскина (Қазақстан), Ольга Тутубалина (Тәжікстан) және Андрей Тешаев (Өзбекстан) қатысады. Олар Орталық Азиядағы жаңалықтардың ерекшелігі және жаңалықты беру тәсілдері туралы әңгімелеседі. 

«Журналистиканың негізгі машықтары» тренингі бастауыш журналистерге (журналистикаға енді қадам басқан, тәжірибесі аз адамдар), журналистика факультетінің студенттері мен түлектеріне арналған. Тренингтің белсенді қатысушылары оқуын жалғастыра алады.

Тренинг Internews серіктестерімен T. B. D company (Қазақстан) Khoma. tj (Тәжікстан) бірге ұйымдастырылады.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жәнібек Нұрыш

«Медианың қандай кіріс көздері бар?». Алексей Аметовтің сегіз кеңесі

10 мамырда Business LAB 2021 басталды. Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан 20 команда қатысып жатыр. Жоба мақсаты — әртараптандырылған медиа орта жасау, медианың қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге оқыту. «Жаңа репортер» редакциясы Business LAB 2021-дің бірінші күні айтылған негізгі тезистерді жазып алды.

Жоба менторлары: Вячеслав Абрамов — Vlast.kz интернет-журналының бас редакторы (Қазақстан), Умед Бабаханов — «Азия-Плюс» медиахолдингінің жетекшісі (Тәжікстан), Андрей Тешаев — Podrobno.uz құрылтайшысы әрі бас редакторы (Өзбекстан), Мария Горохова — маркетинг, PR және жарнама жөніндегі сарапшы, маркетинг магистрі, медиа бойынша бизнес-тренер, оқыту бағдарламаларының авторы (Ресей), Камилла Нигматуллина — СПбГУ Цифрлы коммуникациялар кафедрасының меңгерушісі, Mediatoolbox сарапшысы (Ресей), Мария Рзаева — «Бумага» медиакомпаниясының коммерция директоры (Ресей), Алексей Аметов — медиакеңесші, The Village, Wonderzine, Look at me құрушыларының бірі (Ресей).

Лабораторияның алғашқы күні менторлар мен қатысушылар бір-бірімен танысып, Алексей Аметовтің «Медиаға ақшаны қайдан табамыз? Монетизация моделдері және бизнес-модель таңдау» лекциясы болды. Алексей Аметов ашқан жобалардың бір айдағы жалпы аудиториясы 9 миллион адамнан асады. Ол диджитал саласында жұмыс істеген соң интернетте ақша табудың әдіс-тәсілін айтты.

1. Медиаға ақша табудың үш негізгі амалы бар: жарнама сату, контент сату, сервис сату. Егер медианың кірісі жеткіліксіз болса, онда сол медианың ғұмыры да қысқа. Меценаттар мен грант қаржысы таусылады. Қалай ақша табуға болатынын үнемі ойланып жүру керек. Жарнама сату — жарнаманың классикалық үлгісі. Интернетте жарнама сату дегеніміз — медиа жарнама, programmatic-жарнама (түрлі сайттарда таргеттелген жарнама орналастыру), натив жарнама. Контент сату дегеніміз — мақалалар сату, жазылым моделі, зерттеулерді сату. Сервис сату дегеніміз — түрлі қызмет ұсыну, мәселен, lifestyle-медиа болса, онда мейрамханаларда стол брондау, киноға билет алу және тағы басқа.

2. Қайырымдылық, яғни donation моделін атап өтуге болады. Қатаң және жұмсақ paywall (ақылы жазылу) де бар. Алайда paywall-дің кез келген түрі аудитория ауқымын шектейді. Әлеуметтік маңызы бар медиа paywall тәсілін емес, donation (жылу жинау) моделін таңдайды. Оқырмандары жарна аударып, жұмысын қолдайды. Медианың контенті күн тәртібіндегі маңызды тақырыппен үндесе қалса, жұртшылықты шабыттандырып, әсерге бөлейді, онда аудитория донат жасауға дайын болады. Ал барлығы тыныш болса, онда донат азаяды. Бұл да қиын. Donation моделінің негізі — сенім. Бұл моделді енгізсеңіз, онда неліктен басқа кіріс жоғын түсіндіруіңіз керек. Тағы бір жағынан адамға да оңай болуы керек. Бұл да волонтерлік. «Медуза» сайтын «шетел агенті» деп жариялағанда олар donation моделіне көшті. Сайтта донат жасаудың барлық түрін, тіпті банк картасынан жарна аударуға қорқатындар үшін криптовалюта енгізді. Идеал әлемде донат жасау үшін бір батырманы ғана шерту керек. Әрбір қадам: «донат жасағым келе ме», «бұл ыңғайлы ма» деп ойландырады.

3. Әлеуметтік желілер — досыңыз ба, дұшпаныңыз ба? Тәжірибеме сүйеніп айтсам, әлеуметтік желілермен күресудің еш пайдасы жоқ, дұрысы — әлеуметтік желілерде жарнама жобаларын жасау. Жарнама берушілер бюджетінің үлкен бөлігі әлеуметтік желілерге жұмсалады. Меніңше, бұған қарсы тұрар амал жоқ. Сондықтан да әлеуметтік желілердегі жұмысты жандандырып, жарнама берушілерге интеграцияланған жарнама коммуникациясын сату керек (әлеуметтік желілердегі жарнама + сайттағы жарнама). Мұндай тәсіл арнайы жобалар жасағанда тиімді. Бюджетті көбейтіп, қамту ауқымын ұлғайтуға болады.

4. Егер үлкен аудиторияңыз, жоғары жиілік және көп көрсетілім болса, онда programmatic — ұтымды модель. Роботтар бір-бірімен келісіп, жарнама көрсетеді. Ештеңе істемей-ақ, ақша табасыз. Programmatic-жарнама моделін енгізсеңіз, жарнама баптауды білетін, бақылап отыратын, жөн-жосықсыз жарнамамен күресетін маман болуы керек. Бұл — өте маңызды. Казино, барлық аурудан бір мезетте емдейтін заттар жарнамасы шығып тұрмас үшін жарнама баптауларын жасау керек. Мұндай жөн-жосықсыз жарнамалар тұрақты аудиторияңыздың көңілін қалдырады. Аудиторияңыз мұның programmatic, яғни автоматтандырылған жарнама екенін түсінбейді, «жарнама берушілерге осындай жарнама сатты» деп ойлайды.

5. Натив жарнама — KPI бойынша көрсеткіштеріңіз үнемі үнемі өсіп отырса, жарнаманың бұл түрі де өте оңтайлы. Кірісіміздің 60-70%-ы натив жарнамадан, соның ішінде арнайы жобалардан түседі. Натив жарнаманы аудитория да, жарнама берушілер де жақсы көреді. Әйткенмен бір проблема бар. Әлеуметтік желілерде үлкен ауқымды қамтуға болады. Мұндайда назар аударту инфляциясы басталады: жарнама беруші мыңдаған, сосын жүз мыңдаған уникал контакт болғанын қалайды. Медиада бұл қиын. Суперқамту қажет болған кезде әлеуметтік желілерімізді жан-жақты пайдаланамыз. Натив жарнама жасай білетін редакцияңыз болуы керек. Жарнама берушілер жарнама екенін белгілеп көрсеткісі келмейді, оларға жарнама ақысын төлеп, логотипін қою — аудиторияға бірдеңені жасырын тықпалағаннан дұрыс екенін түсіндіріп, соған көндіру керек.

6. Paywall моделін енгізбес бұрын, аудитория, медиа нарық жағдайын ескеру керек. Кедергілер болуы мүмкін. Мәселен, Ресейде paywall моделінің дамымауына үш себеп бар: Біріншіден, оқырманның ақшасы жоқ. Екіншіден, авторлық құқық әлсіз қорғалған, контентіңізді қорғап қалу қиын. Үшіншіден, жұртшылық: «интернетте барлығы да тегін болуы керек» деп ойлайды. Ресейде paywall моделін сәтті енгізе алған екі медиа бар: «Дождь» телеарнасы және «Актион» баспа үйінің b2b-жобалары (адамдар сервисіне жазылады). Егер сервиске ден қойсаңыз, онда бұл медиаңызды жұтып қоюы әбден мүмкін.

7. Келісімді сейлз-менеджер жасайды. Сату менеджері мықты болса, онда презентациясыз да сата алады. Жарнама берушіге барып, сендіре де, көндіре де біледі. Ал сату менеджері нашар болса, онда жап-жақсы презентациядан да қайыр жоқ. Монетизацияның барлық моделіне ортақ бір құпия бар: тап сол моделді сата алатын адам керек. Алғашқыда өзіміз саттық. Бұл да бір сынақ болды. Қателестік. Ақша түсе бастағанда сату менеджерін жұмысқа алдық. Сату бөлімінен ақша аямаңыз. Мықты сатушы бизнесіңізді дамытуға көмектеседі, әйтпесе бизнесіңіз «өледі». Бизнесіңіз сатуға негізделуі керек. Бұл да айырбас сауда: сіз өнім/тауар сатасыз, сізге ақшасы қайтады. Осы тізбек кедергісіз жұмыс істеуі керек.

8. Сөз соңында бірнеше ережені айтып өтейін: Артықшылықтарыңызды, мықты тұстарыңызды пайдаланыңыз. Ескіден жаңа бизнес жасаңыз. Сіздегі ең қымбат дүние: ол — оқырмандарыңыз, оларға қамқор болыңыз. «Шынымен де осы адамдар үшін жұмыс істеп жатырмын ба? Опасыз тәсілдер қолданып жүрген жоқпын ба?» деп өз-өзіңізден сұраңыз. Креативті болыңыз.

Бизнес-лаборатория Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көмегімен мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында дайындалды. Мазмұнына Internews жауапты жəне ақпарат USAID-тің не АҚШ үкіметінің ұстанымын білдірмеуі мүмкін.

Жәнібек Нұрыш

Риддердегі өрт, Назарбаев Түркістанда және қандастар мәселесі. 10-16 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

10-16 мамыр апталығының басты тақырыбы — Риддердегі орман өрті. Шолуымызда қамтылған апталық бағдарламалардың ешқайсысы бұл оқиғаны басты тақырыбына баламады. «7 күн» мен Apta эфирі Тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарынан басталса, «Басты бағдарлама» авторлары шетелде қаза болған қазақстандық қыздар оқиғасына шолу жасады.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бір сағаттық эфирдің бірінші жартысын Тұңғыш президент Н. Назарбаев пен қазіргі президент Қ.Тоқаевқа арнайтын «7 күн» редакциясы дәстүрінен еш жаңылмайды. Сенбі, 15 мамырдағы шығарылым президенттердің Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтауынан басталды.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президент Тоқаевтың шетел президенттерімен телефонда сөйлескенін айтып, Тұңғыш президент Назарбаевтың Түркістанға сапарын «Осы аптадағы елеулі оқиғалардың бірі» деп атады. Ал сюжетті жүргізуші Дархан Әбдіуахит өзі дайындапты. 10 минутта Тұңғыш президенттің сөйлеген сөзінен үзінділер беріп, Түркістан қаласының бүгінгі келбетін, Назарбаев сапарының маңызын көрсетуге тырысыпты.

Түркістан қаласының айналасына Назарбаев бастамасымен бірнеше миллион түп ағаш егілген екен. «7 күн» жүргізушісі орман алқабының табиғатқа тигізетін оң әсерін айтып, «Астананың айналасындағы орман белдеуіне тағы 9 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған» деп қайырды. Әңгіме Түркістан туралы ма әлде Нұр-Сұлтан айналасындағы орман алқабына ойысып кетті ме? Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала дамуын Назарбаевқа баяндағаны жөнінде ақпаратқа ауысу үшін «орман» тақырыбын пайдаланыпты.

Содан кейін президенттердің апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шықты.

Кешегі аптада Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Сюжетте сарапшылар заңның маңыздылығын айтады.

Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектепте атыс болып, оқушылар, мұғалімдер қаза болды. «7 күн» тілшілері осы оқиғаны негізге алып, сюжет дайындапты. Тілші Шынар Асанқызы Қазандағы оқиғаны баяндап, Нұр-Сұлтандағы мектептердің қауіпсіздік жүйесі қаншалықты талапқа сай екенін тексерді. Қару ұстауға берілетін лицензия, заңсыз қарумен қылмыс жасау да айтылды. Ішкі істер министрлігі мен қару қауымдастығының өкілдерін сөйлетіпті. Тақырыбын аша білген толымды сюжет.

Кешегі аптаның ең үлкен оқиғасы — Риддердегі орман өртіне бағдарламаның 38-минутында ғана кезек жетті. Сюжет әуесқой түсірілімнен басталды. Әуеден түсірілген кадрлар да бар. Өрт ауқымы анық көрінеді. Көрерменге түсірілім тобы өрт орнына барып, әуесқой түсірілім жасап жүргендей көрінеді. Түсірілім тобы өрт кезінде барды ма әлде сөндірілгеннен кейін бе? Бұл да түсініксіз, өйткені сюжет басында айналасын жалмаған өртті көрсетіп, мәселенің маңызына назар аударуға тырысса, бұл — сәтсіз талпыныс.

Адам өлген оқиға ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның басында көрсетілуі керек. Апталық бағдарламаның сюжетінде күнделікті жаңалықтарға тән «шұғыл» форматын қолдану шарт емес. Сараптама апта соңында шығады. Мына жағдайда өрт апта ортасында болып, жағдай тынышталған соң көрсетілді. Сол атмосфера берілуі тиіс. Тағы бір видеода кадр сыртында тұрғын Лидия Карпованың сұхбатының қазақша тәржімасы аяқталмай жатып, тілші Олжас Керейхан стэндап жасайды.

«7 күн» еліміздегі вакцинация мәселесін «Екпе есебі» деген сюжетте баяндапты. Вакцина салдырып, теріс жанама әсер алған адам және екі дозасын салдырғаннан кейін де коронавирус жұқтырған 44 адамға қатысты құзырлы орган өкілдерінің түсініктемесі беріліпті.

«7 күн» бағдарламасының соңғы сюжеті аттракциондар мен саябақтардағы бала қауіпсіздігіне арналады.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бірінші сюжет тақырыбы — шетелде қаза болған қазақстандық қыздар. Өткен аптада Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның денесін елге жеткізді. Тілші марқұмның жақындарынан сұхбат алып, Грузияда күдікті деп танылған Бесо Тордуаның сөзінен үзінді келтіріпті. Тағы бір күдікті Мұрат Мейірбековке хабарласпақ болыпты. Түрік азаматы Седат Пекер үш жыл бұрын Түркияда көз жұмған Елдана Қаһарман оқиғасы туралы  мәлімдемесі де айтылды. Қазақ қыздарының шетелде көз жұмуына не себеп екенін психологтардан да сұрапты.

Келесі сюжетте Қазан қаласындағы мектепте болған атысты айтып, Мәжілісте мектептердің қауіпсіздік жүйесі мәселесі көтерілгенін хабарлады. Ішкі істер министрлігінің тексеру шараларын да хабарлап өтті.

«Киллер көшелер» деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылордадағы сапасыз жолдар проблемасын талдайды.

Айдана Үсенбайдың «Ұр тоқпақ» айдары Түркістан қаласындағы газондарды жасыл түске бояуды сынайды. Тілші анықтағандай, газонды тыңайтқышпен жасыл түске бояу практикасы бар екен. Мұны маман айтып берді. Тұңғыш президент Назарбаевтың осы қалаға сапары кезінде жасалуы неткен кездейсоқ жағдай, деген уәж айтады. Орынды ескерту.

«Қараусыз қалған қарттар» деген сюжет қарияларға арналған арнайы орталық жабылып қалғаны, жалғыз тұратын қарт адамдардың көбеюі жөнінде ақпарат беріп, кейіпкерлер хикаясын көрсеткен сюжетте қоғам белсендісі мен әлеуметтанушы пікірін біліпті.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарламаның бірінші сюжеті Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына сапарына арналды. Ол қаладағы бірнеше нысанның ашылу салтанатына қатысып, театр, кітапхана, туристік кешенге барған екен. Сюжеттің ең әсерлі тұсы — дроннан түсірілген кадрлар. Елбасы синхрондарын тарихшылар сөзімен, жергілікті тұрғындар пікірімен толықтырыпты.

Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19, коронавирусты пневмония және вакцинацияның ресми статистикасын хабарлап, «Спутник V» вакцинасының екі дозасын салу арасындағы интервал ұзартылғанына наразылық туралы да айтып өтті.

Ал сюжет ASHYQ жобасын ендірудің қиындығы, цифрлы қауіпсіздік, мәртебесін анықтаудағы қисынсыздық және келушілерді ғимарат ішіне кіргізу шектеулерін талдады. Барлық тарапты сөйлетіпті.

Риддер орманындағы өрт оқиғасына бағдарламаның үшінше сюжетінде кезек келді. Апат салдарын анық көрсете алған сюжетте елең еткізер оқиғалар да баршылық. Мәселен, 80 жастан асқан әже үйі өрт құрсауында қалғанда жеке куәлігі мен үстелдегі скотчті ала шығып, бас сауғалапты. Неліктен скотч алғанын өзі де түсінбейді. Жүргізуші ақша сақталған шыны құтыны ұстап, стендап жасады. Ішінде 350 мың теңге сақталған құты дымы қалмай жанып кетіпті.

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс жөнінде саясаттанушы комментарий берді. Ол әлемдік дежавалар аймақтағы қақтығысты тоқтатуға неліктен тоқтатпайтынын, олардың қандай мүддесі тоғысқанын айтып берді.

Apta редакциясы қандастар мәселесіне сюжет дайындады. Кейіпкерлері — Ауғанстаннан келген этникалық қазақтар. Олар әлі күнге дейін не қандас куәлігін, не азаматтық ала алмай жүр. Ұлты қазақ екенін дәлелдеуі де қиын. Қоғам белсенділерін сөйлеткен, құжатсыз өмір сүрудің қандай қиын екенін көрсеткен толымды сюжет.

ТМД елдері, соның ішінде Қазақстанда да синтетикалық есірткілер таралып жатыр. Сюжетте есірткіге тәуелділіктен емделген адамдар, психологтар мен дәрігерлер бар. Синтетикалық есірткі дегеніміз не, қаупі қандай екенін баяндайды. Құқыққорғау органдарынан комментарий жоқ, өйткені олар журналистердің ресми сұранысына жауап беруді ұмытыпты. Тілші мұны да жасырмай, айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары 1999 жылдың оқиғаларын жинақтапты. Теңгенің құлдырауы (1 доллары 90 теңгеден 160 теңгеге төмендеді), халық санағы, ҰБТ, «Алтын белгі» мен Рахат Тұрлыхановты еске түсірді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Жаңа Алаш» YouTube-арнасы. Құрақ-құрақ контент

Екі жылдай бұрын «Жас Алаш» деп ашылып, кейін атауы өзгерген New Alash YouTube-арнасының 35 мыңнан астам жазылушысы бар. 2021 жылғы мамырда жалпы көрілімі 3 миллионға жуықтапты. Арнадағы «Тілеуханұлымен сұхбат» жобасының авторы, журналист Қанат Тілеухан: «Хайыпсыз өз төл өнімімізбен жеткен жеріміз осы» (цитата қаз-қалпында беріліп отыр — ред.) деп жазды. Көбіне-көп мемлекеттік БАҚ сырт айналатын белгілі тұлғалармен сұхбаттасатын жоба авторының жазбасы арна контентін шолуға түрткі болды. Бұрынғы газет және телеарна журналистерінен құралған команда жасап жатқан мұндай қазақша YouTube-арналар да саусақпен санарлық. «Жаңа репортер» авторы Назира Дәрімбет «Жаңа Алаш» арнасының видеоларын қарап шықты.

New Alash, яғни «Жаңа Алаш» YouTube-арнасын «Жас Алаш» газетінің бұрынғы редакциясы, дәлірегі Руслан Ербота бас редактор (2017-2020 жж) боп тұрған кездегі команда ашты. Кейін газет құрылтайшыларының шешімімен бас редактор ауысты. Бұған наразы бірнеше журналист бұрынғы редактормен бірге жұмыстан кетіп, басқа жаңа медиажоба бастады. «Жас Алаш» YouTube-арнасының атауы New Alash деп өзгерді.

Арнаның кейбір видеолары мыңдаған қаралым жинапты. Әйтсе де жасаушылары контент мазмұнын жоспарлағанда белгілі бір идеяға не тұжырымдамаға жүгінбеген сияқты. Сипаттамасында: «Саяси, әлеуметтік, мәдени және тарихи тақырыптарды көтеретін тәуелсіз арна» деп жазылған. Дегенмен «барлығын бір себетке сала беру» де шашыраңқы көрініп, қиюласпаған құраққа айналыпты.

Бұл сөзімізді «Жер-бесік. Сыртқасқабұлақ» сияқты дыбысы нашар видеожазбалар, баспасөз конференциясынан тікелей эфир, сараптамаға ұқсатқан апта қорытындылары және тағы басқасы растай түседі.

Бәлкім, мұндағы мақсат — жалпы көрермен қызығушылығын ескеріп, мейлінше көп аудиторияны қамту болар. Десе де авторлар өзі түсірген және әр жақтан алынған видеоларды арнаға еш қисынсыз жариялауы да арнаның салмағын азайтады.

Қазір форматы, хронометражы, тіпті дыбыс пен кадр сапасы да әртүрлі 89 видео жарияланыпты. Ең көбі 250 мыңға жуық қаралса, ең азы 36 рет қаралыпты.

Арнаның алғашқы видеосы — мұрағаттағы ескі видеожазба. Видеода қоғам және мемлекет қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы сөйлейді. Видео саясаткердің қаза тапқан күніне орай жарияланған шығар, бірақ көрерменге бұл айтылмайды.
Жалпы арнаны кімдер және қандай мақсатта ашқаны жөнінде де еш ақпарат жоқ.

Ендігі бірнеше видео Алматы облысында түсірілген. Тақырыбына қарасақ, серияға ұқсайды, алайда бір бірімен басқа байланысы жоқ. Шоқан Уәлихановтың Қапал ауылында болуы, жазушы Сайын Мұратбековтың шығармасындағы жабайы бақ, жергілікті табиғат сұлулығы айтылады.

Былтыр қыркүйекте арнада Malim.kz сайтының бас редакторы Руслан Ербота жүргізетін «Айтылмаған жаңалық» айдары пайда болды. Парламент сайлауының алдында ашылған жобада автор көрермендерге депутаттардың, шенеуніктердің мәлімдемесін түсіндіруге тырысады. Әдетте көшеде түсірілетін 5-7 минуттық видеоларды сараптамаға жатқызу да қиын. Жүргізуші әзілдеген болып, саяси жаңалықтар мағынасын «шайнап ауызға салып беріп отырады».

Арнадағы алғашқы сұхбат қонағы — журналист-белсенді Жанболат Мамай екен. Мұнда да кіріспе жоқ. «Алда әлі де көптеген қызықты кездесулер болады» деп уәде береді.
Арнаның жалпы тұжырымдамасы жоғын айттық.

Сондай-ақ, осы және кейін шыққан сұхбаттарда негізгі тақырып, әңгіме қисыны байқалмайды. Журналист бір бірімен байланыссыз сұрақтарға көше береді.

Жанболат Мамайдан сұхбат алуға не себеп болғаны анық: ол серіктестерімен бірге саяси партия құру туралы мәлімдеме жасаған еді. Сол кезде бұл елдегі елеулі оқиға болды. Алайда, сұхбат бір-бірімен байланыссыз сұрақтар топтамасына айналып, әңгіменің логикалық тізбегі ну ормандағы жалғыз жол сияқты жоғалып кетті.

Мәселен, Қанат Тілеухан: «Партия құру идеясын қолдайтын жас ізбасарлар, құрдастарыңыз бар ма?» бар деген сұрағынан кейін кенеттен 10 жыл бұрын Мамайдың әйгілі ақын Мұхтар Шахановпен белсенді жұмыс атқарғаны, ал қазір қарым-қатынасы үзілгенін сұрайды.

Келесі сұрақ та өткен шаққа сілтейді: «Сіз „Трибуна“ газетін шығарған кезде (2012 жылы) танымал сарапшы Денис Кривошеевпен бірге жұмыс істеген едіңіз, оның қазіргі сізге деген көзқарасын қалай бағалайсыз?».

Бұл қандай «көзқарас» екені түсініксіз, өйткені сұрақ қоюшы мұны айтпайды.

Жанболат Мамайдан Денис Кривошеевтің «Трибуна» құрылтайшыларын «журналистер қаламақасын әлі күнге дейін төлемеді» деп айыптағаны туралы неліктен сұрамады екен? Сонда әңгіме қызығырақ болатын еді.

Қонақ: «Бізге елді өзгерткісі келетін, көмектесетін азаматтар бар» деп айтқанда, жүргізуші «Бұл адамдар кім?» деп сұрамады. Сұхбат ашыла түсер еді. Ақша тақырыбы әрдайым қызық. Ал жүргізуші осы сауалды абайлап айналып өтті.

Жүргізуші сұхбат соңында қонағына блиц-сұрақтар қояды. Жауаптары тұлғаның жеке сипаттамаларын ашуға тиіс. «Познер әдісіне» баланатын бұл әдісті портрет-сұхбат бойынша өте орынды және тиімді екенін ескерсек, мұнда блиц-сауалнама артық көрінді.

Жүргізуші «Познер блицін» оппозиция ардагері Жасарал Қуанышалинмен сұхбатта да қайталайды. Ал енді бір сұхбаттарында бұдан бас тартады.

Осы және басқа сұхбаттардың басты мәселесі — ақпараттық, жедел және портрет-сұхбаттардың араласып кетуі. Салдарынан тақырып толық ашылмайды. Көрермен видеоны соңына дейін көріп шықса да көкейінде көп сауал қалып қояды.

«Тілеуханұлымен сұхбат» жобасының ең маңызды әрі жиі талқыланып, жұртшылықты тәнті еткен шығарылымы— елге оралған белгілі режиссер Болат Атабаевпен сұхбат.

Сұхбатты Болат Атабаев тұратын көпқабатты үйдің ауласында түсіріпті. Бұл сұхбатқа ерекше әсер берді. Десе де ауладағы у-шудан әңгіменің кейбір тұстарын түсініксіз естіледі. Естілмей қалатын сәттері бар. Сұхбатты аулада жазуға режиссердің денсаулығы себеп болса керек.

Сегіз жыл бұрын саяси қуғын-сүргінге ұшырап, елден кетуге мәжбүр болып, содан бері Германияда өмір сүрген диссидент-режиссермен әңгіме «Бұл аула неге неміс ауласы деп аталады?» деген сұрақтан басталады. Ізінше қандай тақырыптарда сұрақ қоюға болмайтынын сұрап, балалық шағына ойысады.

Сұхбатта сөйлеушінің балалық шағы, өміріндегі ыстық естеліктерінен сыр суыртпақтау да ұтымды тәсіл. Сенім ұялатып, әңгімеге жылу сыйлайды. Расымен де эмоцияға толы, әсерлі сұхбат болды.

Әйткенмен ұзақ жыл эмиграцияда болған тұлғамен сұхбатта «Ол неге елге оралды және қалай оралды?» деген сұрақтан басталса да болар еді. Көрермен де мұны білгісі келетіні анық. Бір сағаттан астам сұхбаттың 40-минутында ғана жүргізуші режиссердің эмиграциядағы өмірін кездейсоқ сөз етеді. Режиссер еліне баяғыда, 10 жыл бұрын оралғандай.

«Жаңа Алаш» арнасының ұтымды жақтары да баршылық. Телеарнада жұмыс тәжірибесі бар Қанат Тілеухан орысша сөйлейтін спикерлермен сұхбаттасады. Бұған да белгілі бір батылдық қажет.

Мәселен, белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтиспен сұхбатында: «И че, за тенденция такая?» деп орысша қате сұрағына қарамастан, студия қонағының жеке қасиеттері ашылып, өте әдемі шыққан. Жовтистің өмірінен көпшілікке белгісіз көптеген дерек айтылды. Евгений Жовтистің әкесін Мағжан Жұмабаев еңбектерін насихаттағаныүшін «қазақ ұлтшылы» атағаны немесе бірнеше жыл бұрын кездейсоқ адам қағып, түрмеге отырып шыққаннан кейін көлікті өзі жүргізбейтіні туралы білдік. Кісіні сөйлете білген журналист шеберлігі мақтауға лайық.

Қонақпен жайбарақат, әдепті әңгіме жүргізу стилін ұстанатын журналистің 2006 жылдан бері түрмеде отырған диссидент-ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдарханмен орыс тіліндегі сұхбаты мазмұнды әрі серпіліске толы екен. Жастарға жақын спикердің саясат туралы ақылға қонымды пікірлері арнаға көп пайдасын тигізді. Бір ескерту — әңгімелесушілердің жақын отыруы көзге ұрады.

Әр сұхбатта жүргізушінің әдеттегі форматтан алыстап, тереңірек материал жасауға тырысуы ұтымды әрі орынды. Алайда кейбір маңызды ақпараттар артық сөз, артық сұрақтардың тасасында қалып жатады.

Жалпы арнаның контенті құрақ көрпеге ұқсайды. Біраз видеосы біртұтас композиция жасауды емес, бос орынды толтыру не жыртықты жамай салуға бағытталғандай.

Екі жылда жазылушысы 30 мыңнан асқанын «жетістік» деп айта аламыз ба? Арнаның атына заты сай кәсіби, ұзақ уақыттан қалыптасқан ұжымы және тәжірибелі журналистері бар. Оларға 30 мың жазылушы дегеніміз сөз бе? Арна контент мазмұнын жоспарлаудан бастап безендіруге дейін жүйелі жұмыс істесе, жазылушылар саны екі-үш есе артып, жолын тауып кетер еді.

Команданың жұмысын қалай ұйымдастырамыз? Деректі кино мектебінің дәрісі

Деректі кино түсіретін команданың жұмысын қалай ұйымдастырамыз? «Деректі кино» мектебінде бас тренер Шахида Тулаганова мен тренер Елена Демидова осы сауал төңірегінде әңгімеледі. Документалист-режиссерлер мектеп қатысушыларына тәжірибесін айтып, түсірілім тобы мүшелерінің маңызын түсіндірді.

ПРОДЮСЕР

Шахида Тулаганова:

— Продюсер — желеп-жебеуші. Саған жол ашады, арқасүйер адамыңа айналады, ақша тауып береді. Бірнеше фильмді бірге түсірер жақсы продюсер тапсаңыз, керемет жетістік. Жұмыс нәтижесіне қызықпаған продюсерлерім болды. Олардан құтылуыма тура келді. Фильм кадрларын ойлау мен фильмге ақша іздеуді қатар алып жүру де оңай емес, ауыр жұмыс.

Деректі кино түсірмек болғандар: «Былай істеуге бола ма?» деп сұрайды. «Креатив индустриясында ереже жоқ. Қалауыңызға қарай жасайсыз, қалай сезінесіз, солай жасайсыз. Тәртіп ережесі жоқ!» деп жауап беремін.

Елена Демидова:

— Продюсермен қарым-қатынасымызға қарай түрлі фильмдерім болды. 2010 жылы «Во время пожара» (қазақша аудармасы: «Өрт кезінде» — ред.) фильмін түсіру үшін  волонтерлермен бірге жүрдім, өзім түсірдім. Содан кейін постпродакшен жасауға краунфандинг арқылы ақша жинадым. Алайда мұндай жағдай сирек болды. Бір жобада өзім режиссер, өзім продюсер болған кездерім де бар, бірақ мынаны ескеріңіз: әрі продюсер, әрі режиссер болсаңыз, режиссерлік жұмысыңыз ақсайды.

Түрлі фильмге түрлі продюсер сай келеді. Ямалдағы вахта жұмысшылары туралы «Мужской выбор» фильмінің түсіріліміне солтүстікке баруға дайын продюсер қажет еді. Сол кезде Влад Кеткович табыла кетті. Екеуміз жақсы тіл табысып, төрт жыл бірге жұмыс істедік. «Третью жизнь Марины Клещёвой» фильмін Лиза Антоновамен бірге түсірдім. Ол Мария Клещеваны актриса ретінде «танытқан» Театр.doc жобасын біледі, барлық оқиғадан хабары бар.

Питчинг жасау үшін режиссер мен продюсер бірігеді. Продюсеріңіз «үлкен» адам болуы, не өзіңіз сияқты адам болуы да мүмкін. Ең бастысы: продюсер хикаяңызды түсініп, жақсы көруі керек. Егер хикаяңызды қабылдай алмаса, онда ештеңе де шықпайды. Продюсердің жұмыс қоржынында көптеген түрлі фильмдер болуы мүмкін, бірақ жобаңызға қызықпаса, сөйте тұра келіссе, жұмыс жүрмейді, жобаңыз сәтсіздікке ұшырайды.

«Бюджет жейтін» нашар продюсерлер де кездеседі. Олар арқылы Мәдениет министрлігінен ақша алуға болады. Сондай продюсерлермен де жұмыс істедім. Бұл жақсы емес. Егер киноңызды көп адам көргенін қаласаңыз, онда хикаяңызды сүйетін адамдармен жұмыс істеңіз.

ОПЕРАТОР

Елена Демидова:

— Кино индустриясы дамымаған елдерде оператор табу қиынға айналуы мүмкін. Жалпы оператор көп. Телеарнаға түсіретін, сериал түсіретін операторлар бар. Олар фильміңізді «өлтіреді». Деректі кино түсіріп жүрген оператормен немесе салалық жоғары оқу орнын жақында бітірген жас түлектермен жұмыс істеңіз. Операторыңыз жайлы болуы маңызды.

Фильмдерімнің көбін өзім түсірдім. Сыр ақтаратын фильмдер болады. Сондайда мені кейіпкермен нәзік жіп байланыстырып тұрады. Осынау кеңістікте үшінді адам пайда болса, жіп үзілуі мүмкін.

Шахида Тулаганова:

—Операторға төлейтін ақшам асып-тасыған емес, оператор жұмысына ақша табу қиын. Көбіне өзім түсіремін, жағдайды реттеуге тырысамын. Көмекші етіп бір адам аламын. Ол қиюластыратын кадрларды түсіреді. Оператор курсын оқуды да ойладым, бірақ бұл — тым қымбат. Фильмдерімді өзім түсіруіме тағы бір себеп: жүріп-тұру қаупі жоғары елдерде көп жұмыс істеймін, том мүшелерінің өміріне жауапкершілік жүгін қатар алып жүру керек. Тобыңызда адам көп болған сайын менеджмент жұмысы көбейеді.

МОНТАЖ РЕЖИССЕРІ

Шахида Тулаганова:

— Телевизия не жаңалықтар монтажерін деректі фильмді монтаждауға алмауды ұсынамын. Жаңа дүние тудыра алатын, хикаяны суретпен әңгімелей білетін адам керек. Сурет тілі — монтаж режиссері таңдаған тіл. Монтажер бұрын-соңды ұқсас тақырыптағы фильмдерді монтаждаған ба екен? Соны анықтап алыңыз. Сән әлемі туралы фильм монтаждаған адам Ирак туралы фильмді монтаждай алмайды. Монтажерге тақырып та қызық болуы керек. Ол да киноны жан-тәнімен сүюі керек.

Елена Демидова:

— Режиссерлердің көбі монтажер жалдамай, өзі монтаждайды, өйткені ақшасы жетпейді. Монтаж бағдарламасының батырмаларын басуды білеміз, бірақ монтаж режиссері дегеніміз — кәнігі маман. Ол хикаяны елестетіп, фильмнің артық-кемін алып тастап, жұп-жұмыр етуді біледі. Саған режиссер ретінде, оператор ретінде фильмдегі әрбір кадр маңызды сияқты көрінеді. Мәселен, адамның ашық эмоциясын фильмге қосқың келеді, ал мына кадрды түсіру үшін тау басына шықтың, ал мына кадрды түсіру үшін оққа ұша жаздадың. Міне, сондай кадрларды фильмде қалдырғың келмейді. Ал монтаж режиссері — фильм түсірілімінен хабарсыз адам, оған эмоция да, кадр қалай түсірілгені де белгісіз. Сондықтан да күшті фильм жасауға көмектеседі. Әйтсе де фильмнің химиясы болу керек, химиясыз ештеңе де шықпайды.

Шахида Тулаганова — Өзбекстаннан шыққан журналист. Қазір Лондонда тұрады.  Лондондағы BBC арнасында және Прагадағы «Азаттық радиосында» көп жыл жұмыс істеді. Соңғы жылдары әлемнің «от шарпыған нүктелерінде» тәуелсіз журналистикамен айналысады.

Елена Демидова — ресейлік режиссер, оператор, монтажер және продюсер. Бауман атындағы ММТУ-інде оқыған. Internews киномектебінде (Марина Разбежкинаның шеберлік мектебі) режиссура бойынша білім алды. РФ Кинематографистер гильдиясының және Деректі кино гильдиясының мүшесі. 2006 жылдан бері 10-нан астам деректі фильм түсірді.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

Жәнібек Нұрыш

Қазақша «Қара айна»: Astana Hub алғашқы отандық киберпанк жасаушы ма?

Astana Hub технопаркі Youtube-арнасында «Ояну», «Ұя», «Шоқан» қысқаметражды фильмдерін жариялады. Үш фильмнің де тақырыбы – антиутопия. «Жаңа репортер» авторы Ернар Бекенов осы үш фильмді көріп, ерекшеліктерін, көтерген тақырыптарын, «Қара айна» сериалына қандай ұқсастығы бар екенін талдады. 

Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі. Негізгі іс-қызметі ақпараттық технологиялар саласындағы таланттарды қолдаумен байланысты. Astana Hub негізгі функционалдық міндетімен шектеліп қалмай, Youtube-арнасында қызық әрі танымдық медиаконтент те жариялайды.

Astana Hub технопаркінің бас атқарушы директоры Мағжан Мәдиев Steppe интернет басылымына сұхбатында: «Біз қысқа метрлер арқылы технологиялардан жеңілген адамдар туралы антиутопияны көрсеткіміз келді . Онда айтылған маңызды ой мынау: егер қазір технологиялармен өмір сүріп үйренбесек, оларды өмірімізге тиімді енгізе алмасақ, өзіміздің менталды және кәсіби қасиеттерімізді дамытпасақ – онда жақын болашақта біз де жеңіліске ұшыраймыз. Яғни қысқаметраждарда көрсетілген болашақтың келуіне жол бермеуіміз керек.  Біз «Қара айна» сериалынан шабыт алдық,алайда бізге комментарийде жазылған пікірлер ұнап қалды – мұндай фильмдер «этноутопия» деген жаңа жанрды өмірге әкелді. Қызық ұғым секілді» деп айтады.

Netflix стриминг сервисінің «Қара айна» (Black Mirror) ғылыми-фантастикалық сериалын білетін шығарсыз? Ақпараттық технологиялардың адами қарым-қатынасқа әсерін түрлі оқиғалар арқылы баяндайтын антология ерекше танымал сериалдар қатарына жатады.

Расымен Astana Hub жариялаған үш қысқаметражды фильмді де сол «Қара айна» жобаның қазақстандық нұсқасы деуге болады. Концепция тұрғысынан да, идея жағынан да ұқсастығы бар.

ОЯНУ

Актер, сценарийші, режиссер Фархат Көлбаев түсірген картина ажырасу және ажырасудан кейінгі күйзеліс проблемасын сюжет өзегі етіп алған. Әйелімен және баласымен бірге болуды армандайтын басты кейіпкер жұбанышты виртуал әлем құруға көмектесетін құрылғыдан табады, симулятор көмегімен бақытқа толы отбасылық өмірін елестетеді. Картинаның оқиғасы жоғары технологиялы болашақта өтсе де, көтерген проблемасы біздің реалиядан алыс емес. Бұл – отбасыдағы зорлық-зомбылық, абьюзерлік. Басты рөлдерде Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Айгерім Қалмұратова ойнайды.

Жобаның жүзеге асуы тұрғысынан «Қара айна» антологиясының кейбір эпизодтарына ұқсайды. Мысалы А. Өтепберген ойнаған бас кейіпкердің трагедиясына, қайғы-мұңына назар аударсақ, аталған шетелдік сериалдың «Жарықшақ» (Smithereens) эпизоды еске түседі. Ал футуристік идеясы «Сан-Джуниперо» (San Junipero), «Сұржыланның соққысы» (Striking Vipers) бөлімдеріне жақын деуге болады. 

Мұндай параллелдер «Ояну» фильмінің құндылығы мен көркемдік ерекшелігін жоғалтпайды. Керісінше авторлар «Қара айна» сияқты рейтингі жоғары жобадан шабыттанып, соның деңгейінде туынды жасауға талпынысы қуантады. 

ҰЯ

Бұл фильмнің көтерген мәселесінің өзектілігі бөлек әңгімеге татиды. Фильмнің жарық көруі «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқан кезге тұспа-тұс келді. Фильм шыққан уақыт (2020 жылдың желтоқсаны) пен аталған заң жобасының талқылануы (2021 жылдың қаңтары) бір кезеңге тап келіп отыр. 

Еске салайық, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасындағы баланың қажеттілігіне немқұрайлы қараған, баланы ұрып-соққан адамдар ата-ана құқығынан айырылады деген тармақ қоғамда біраз резонанс туғызған еді. Ал фильмде ата-анасынан бас тартқан бала туралы баяндалады.

Берік Айтжанов пен Ақбота Рахат ойнаған ата-ана ұлынан айырылғысы келмейді. Балаларды қорғайтын «Ұя» деген ұйым оларға үш күн уақыт береді. Егер олар баланың туған ата-анасынан бас тартуға деген шешімінен айныта алмаса, бала өзі таңдаған басқа отбасының қамқорына өтеді. Оның үстіне осы үш күн ішінде балаға ешқандай психологиялық, физикалық және эмоциялық қысым көрсетуге болмайды. 

Фильм біз үшін дәстүрлі әлде қалыпты саналып кеткен отбасылық түсініктерді төңкеріп тастайды. Әдетте бала ата-анадан емес, ата-ана баладан бас тартып жатады. Әйтеуір біз тұратын әлемде солай қалыптасқан. Картина ситуацияны керісінше ойнату арқылы көрерменді ата-ана мен бала қарым-қатынасына басқа позициядан қарауға дайындайды. Алдыңғы планға ата-ананың сұранысы емес, баланың қажеттіліктері шығады. Осыдан келіп: ата-ана балаға қажеттінің бәрін бере алды ма, оның не қалайтыны ескерілді ме, тәрбиелеу тәсілдері дұрыс па деген сұрақтар пайда болады. Кадрда футуристік элементтер де, балтамен ет шабу секілді тым қарабайыр әрекетте де қатар көрсетілуі ескі мен жаңаның контрастын жақсы береді. Ал әке мен «Ұя» ұйымының өкілі арасындағы диалогты жаңа өзгерістерді қабылдай алмайтын ескішіл мен жаңа заманның артықшылықтарын игілікке жарата алатын, менталды шектеулерден ада жаңашыл арасындағы дебат деуге болады

«Қара айна» антологиясының «Аркангел» (Arkangel) эпизодында да ұқсас тақырып көтеріледі. Қызын толықтай бақылауда ұстағысы келген ана ерекше жүйенің қызына орнатылуына келісім береді. Бастапқыда қызының жаман жолға түсіп кетпеуі үшін алаңдаған ана уақыт өте келе оның жеке өмірін де бақылауды әдет қылады. Мұның соңы паранойяға және екеуара жанжалға әкеледі. 

«Аркангелмен» салыстырғанда «Ұяның» көрсеткен проблемалары өзекті. «Аркангель» — жеке өмірге қол сұғу, баланы бәлекеттен қорғаймын деп қоғамнан оқшаулау тақырыбын қозғаса, яғни ата-ананың шектес тыс, тіпті зиянды қамқоры туралы айтса, «Ұя» — бала тұлғаға айнала бастағанда, өзі шешім қабылдай алатын жасқа жеткенде қандай проблемаларға ұрынатынын көрсетеді, жасөспірімнің ата-анамен ортақ тіл табысуындағы қиындықтар, оның қалауы ата-анаға жете бермейтіні мазмұнды сюжетпен баяндалады. Жалпы адамның саналы түрде өзін ата-ана сезініп, өзіне міндеттелген функцияларды орындай бермейтіні, орындалса да ересек адам бала кезде алған психологиялық зақымына сүйене отырып, заманынан қалып қойған ескі түсініктер арқылы тәрбиелегісі келетіні сөз болады. Баласын түсінбеуге тырыспайтын ата-ананы қандай проблема күтіп тұрғанын көрсетеді.

ШОҚАН

Ал «Шоқанның» негізгі идеясы – жаңа ұрпақтың өз тарихымен және түп-тамырымен байланысы. Сюжетте оқушылар мұғаліммен бірге  Қазақстанның ашаршылық орнаған кезеңіне жаңа технология арқылы саяхаттайды. Сол заманды айнытпай көрсететін виртуал әлемге еніп, балалар тарихи оқиғаны көреді. Оқушылардың бірі – Шоқан әлгі симуляторда сол зұлмат заманның өкілімен тікелей байланысып, онымен кәдімгідей қарым-қатынас жасай алатынын біледі.

Бұл фильмді көркем шығарма ғана емес, мектеп оқушыларына арналған оқу құралы ретінде де пайдалануға болар еді. Визуализациясы, сюжеттің түсінікті тілмен баяндалуы және негізгі актерлердің балалар мен жасөспірімдер қатарынан таңдалуы – екпінді аудиторияның жас өкілдеріне қоюға себеп. Бұл картинаны Қуаныш Бейсеков түсірген. Ол жастар арасында ерекше танымал «Ирина Кайратовна» шоуының режиссері ретінде белгілі. Шоу мүшелерінің шығармашылығы әлеуметтік астары бар роликтерімен мен музыкалық видеоларымен ерекше. Режиссер осы жолы да өз аудиториясына негізгі ойды жеткізе алды.

***

Техникалық жағынан алып қарасақ сөз болған үш қысқаметраж – Astana Hub технопаркінің технологиялық мүмкіндіктерін паш ететін имидж жоба деуге келеді. Визуал эффектілері жақсы деңгейде, футуристік әлемді құра алған және сол болашақ әлемді суреттейтін локациялар мен элементтер сюжетте үйлесімді қолданылды. Үш фильмнің ортақ идеяға біріктірілуі оның тартымды тұстарының бірі деуге болады: үш фильмде де киберпанк әлемді көреміз, яғни адамзаттың жаңа технология алдындағы қауқарсыздығы, технологиялық прогрестен жеңілуі. Astana Hub басшысының айтқан сөзі де осы концепцияны растай түседі. Демек, біз өзгерістерге дайын болуымыз керек, прогреске ілесе алатын ұрпақ өсіп шығуы керек. 

«Ояну», «Ұя», «Шоқан» картиналары – қазақ кинематографындағы жаңа леп. Бұған дейін отандық кинода киберпанк тақырыбы қозғалмаған. Жалпы футуристік Қазақстанды көрсету – біздің кино үшін соны бағыт. Оның үстіне фантастикалық визуал эффектілер мен өзекті қоғам проблемаларын ұштастыра білу де тапқырлықтың бір деңгейі. Фильмдерді көрермен де жылы қабылдады. Миллион  көрілімнің ауылы алыс (осы материал жазылып жатқан кезде «Ояну»  — 89 мың, «Ұя» — 53 мың, «Шоқан» — 238 мың көрілім), бірақ фильмдерге комментарийлерде негатив пікір жоққа тән.

Фильмдердің бір ғана осал тұсы: қазақша және орысша диалогтардың араласып кетуі. Кейбір көріністерде орысшаның қолданылуы түсініксіз. Дәл сол көріністер қазақша берілсе сюжетке де, концепцияға да ешқандай нұқсан келмес еді. Осы бір тұсын айтпағанда Astana Hub пен қазақ кинематографшыларының бірлестігі мақтауға тұрарлық ерекше жобаларды өмірге әкелді.

Медиасауат сөз бостандығына қалай ықпал етеді? Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан сарапшыларынан жауабын білдік

3 мамырда Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні аталып өтті. «Жаңа репортер» редакциясы Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы алты сарапшыдан «Медиасауат сөз бостандығына қалай ықпал етеді?» деп сұрады. Жауаптарын ұсынамыз.

Гүлнар Асанбаева, Internews-тің медиасауат жөніндегі аймақтық консультанті, MediaCAMP (Қазақстан):

«Сөз бостандығы мен медиасауат екі бөлек бола алмайды»

— Баспасөз еркіндігі болмаса, азаматтар боп жатқан оқиға мен жаңалықтардан хабарсыз қалады. Қоғам өміріне араласа алмаймыз, өмірлік маңызы бар дұрыс шешімдер қабылдай алмаймыз, саяси үгіт-насихат мен жалған ақпараттың ықпалында қаламыз, кез келген жалған ақпаратты қабылдағанда осал боламыз. Медиасауат — қоғамның БАҚ материалын сыни бағалауын нығайтып қана қоймай, журналистикаға және журналистерге қысымның алдын алуды талап ету қабілетін күшейтеді.

Еуропа елдеріндегі медиасауат халықаралық индексіне сәйкес, қоғамның жалған ақпаратқа қарсы тұру қабілеті сөз бостандығына 40% тәуелді екен. Медиасауат деңгейі жағынан үздік бестікке енетін елдердегі (Финляндия, Дания, Эстония, Швеция, Ирландия) сөз бостандығы деңгейінің жоғары болуы да бекер емес.

Орталық Азия елдерінде медиасауат деңгейі басқаша әдіспен өлшенеді, әйткенмен бұл да сөз бостандығы мен медиасауат деңгейіні арасындағы байланысты растайды. Мұны әлемдік сөз бостандығы рейтингінің соңындағы үш елдегі жағдайдан да байқауға болады. Былтырғы рейтингтен де көреміз: 180 мемлекеттің ішінде Қазақстан — 155, Өзбекстан — 157, Тәжікстан — 162 орында екен.

2019 жылы Internews жүргізген Медиа тұтыну және медиасауат зерттеуінің қорытындысына қарасақ, үш елдегі медиасауат интегралды индексі рұқсат етілген шектен (35) әлдеқайда төмен.Қазақстанда орташа көрсеткіш — 14,6, Өзбекстанда — 11,3, Тәжікстанда — 11,9.

Медиасауат дегеніміз — барлық адамның оқу, ақпарат алу, өзара қарым-қатынас жасауға арналған заманауи құралдарды пайдалана білу машығын дамыту ғана емес. Дамыған медиа және ақпараттық сауат дегеніміз — үнемі қауіп-қатерге ұшырайтын баспасөзге қоғам сенімінің кепілі. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Тамара Калеева атап өткендей, «Біз, яғни азаматтық сектор мен мемлекеттік сектор журналистердің қауіпсіздігін әрқалай түсінеміз. Біз халықаралық стандарттарға сүйенеміз, ал мемлекеттік органдарымыз журналист құқықтарын шектеу тұрғысынан ұлттық заңнаманы басшылыққа алады».

Медиасауат адамның құқықтары мен мүмкіндіктерін ашады, медиаконтент пен жаңалықты сыни пайыммен қабылдау машығымызды қалыптастырып, ақпараттан хабары бар азамат ретінде шешім қабылдауымызға мүмкіндік тудырады. Өкініштісі — үш елдегі респонденттердің медиасауатын айқындайтын осынау басты машық деңгейі  рұқсат етілген шектен (7) әлдеқайда төмен. Қазақстанда — 3,1 болса, Тәжікстанда — 3,2 екен. Ал Өзбекстанда — 3,5 болды.

Зерттеу жүргізілгелі 2 жыл өтті. Ақпаратты бағалаудағы сыни пайым деңгейі мен үш елдегі медиасауат жағдайы өзгерді ме? Биыл жазда тағы жаңа зерттеу жүргізіледі. Қазіргі жағдайды сол зерттеу қорытындысынан білеміз.

Ақпаратты бұрмалалаудың қандай қатерлі қаупі болатынын пандемияда: проблеманың нақты ауқымын жасырған үкіметтен де, коронавирустың шығуы мен емдеу тәсілдері туралы түрлі фейкке сеніп, әрекет қылған қоғам жағдайынан да көріп-білдік. Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс кезінде де әлеуметтік желілерде жарияланған жалған ақпарат пен «отанды қорғауға шақырған» эмоционалды үндеулерден екі елдегі әскери қақтығыс өршуіне ұласа жаздады.

Қазір қоғамды ақпараттандыру бойынша кәсіби борышын атқаратын баспасөзге қауіпсіз жағдай жасау үшін медиасауат дамыту қажет екені бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Биыл MediaCAMP медиа және ақпараттық сауат бойынша 24 жаңа жобаны іске асырып жатыр. Мұның қатарында дебат, олимпиада ұйымдастыру, тик-ток, комикс, әлеуметтік желілерге видео, оқу курстарын жасау, халықтың барлық санатын оқыту және тағы басқа жобалар бар.

Медиасауат жөніндегі аймақтық фестивалдер және Қазақстан мен Тәжікстандағы тұңғыш медиасауат үйлерінің бағдарламасына құқықтық сауат, медиа заңнама бойынша сабақтар енген. Бұл — демократиялық ашық қоғам құрудағы баспасөз бостандығының рөлін аудиторияның түсінуіне көмектесер ресурсымыздың бірі.

Бұл баспасөз бен аудиториясы арасында сенім қарым-қатынас орнатуына көмектесеріне үміттіміз. Медиасауат деңгейі өскен қоғам баспасөз еркіндігін шектегісі келетіндердің (авторитарлы үкімет, өзара бәсекелесетін саяси күштер, медиа қожайындары, түрлі ботофермалар, троллдер) қудалауына, зорлық-зомбылығына ұшыраған журналистер тағдырына бей-жай қарамайды.

Пікір білдіру еркіндігі мен медиасауат бір-бірімен егіз. Медиасауат азаматтардың ақпаратты, медианы қалай қабылдап, медиа өмірімізге қалай ықпал ететінін түсінуіне көмектеседі. Міне, сондықтан да тек білім беру жүйесіне ғана емес, басқару, бизнес, ғылым саласына да медиасауаттылықты енгізу өте маңызды болып отыр.

Әсем Жапишева, журналист, медиатренер, masa.media және «Тіл кеспек жоқ» жобаларының негізін қалаушы (Қазақстан):

«Медиасауатты адам — енжар бақылаушы емес»

— Медиасауат — кез келген адамның кір жуу машинасын қолдана білуі сияқты аса қажет машық. Қазір бұл машық ТОП-10 тізіміне кіріп отыр. Бес жыл бұрын медиасауат туралы айтқанда әлеуемттік желілерді және тағы сол сияқты нәрселерді пайдалана білуді меңзесек, қазір медиасауат дегеніміз — кең түсінік. Біріншіден, медиасауат дегеніміз — манипуляция мен жалған үгіт-насихатқа қарсы тұра алу.

Медиасауат сөз бостандығы мен баспасөз бостандығын дамытады. Тәуелсіз БАҚ-ты айыра білетін, ақпарат көзін іздей алатын, қарапайым фактчек жүргізетін адам БАҚ-тағы қандай да бір манипуляцияны, фейктерді терістейді. Ол — енжар бақылаушы емес, заманауи медиаконтекст акторы. Міне, сондықтан да медиасауат — маңызды машық.

Әсел Жаңабаева, медиатренер, Factcheck.kz жобасының алғашқы бас редакторы (Қазақстан):

«Аз эмоция, көп дерек»

— Медиасауат пен сөз бостандығының мақсаты бір. Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу, сөз бостандығы құқығын қамтамасыз етуіне ұмтылады. Бірін бірі толықтырады. Медиасауатты адам, медиасауатты журналист қана сөз бостандығының шегі қай жерде аяқталып, басқа адамның сөз бостандығына құқығы басталатынын біледі. Ол басқа балама пікірлерді құрметтеп, тыңдайды. Медиасауат, сыни пайым негізі де осы. Медиасауат ақпараттағы сөз бостандығына көбірек орын беріп, субъективті көзқарасты мейлінше азайтуды көздейді.

Мен лезде редактор әрі медиатренер болдым. Медиасауат деген не екенін тыңдаушылармен бірге үйрендім. Медиасауат тренингі — әлі де қалыптасып, жетіліп жатқан, бекітілген стандарттары жоқ жас бағыт.

Тақырыптарға басқаша қарайтын болдым. «Өлтіруші», «нашақор», «педофилдер» деп айдар тағып, жазып жатса, онда кінәсіздік презумпциясы мүлдем сақталмайды. Материалдарыма бұрынғыдан да бетер сыни пайыммен қарай бастадым. Бәрімізде де субъективтілік бар. Біріміз жемқорлыққа қарсы көзқараста болсақ, біріміз әйелдер құқын қорғау және тағы басқасына баса мән береміз. Алайда «Дұрыс істеп жатырмын ба?», «Бұл пайдалы ақпарат па?» деп сұрауымыз керек. Мақалаларымда колумнистика азайып, дерек молайды. Осындай салық төлеген, қожайыны мына адам… деген сияқты жазамын. Эмоция аз, дерек көп.

Илхом Джамолиён, журналист, медиасыншы, медиасауат жөніндегі маман (Тәжікстан):

«Медиасауат журналистерге ғана емес, бәріне арналған»

— Басқа да мамандар сияқты мен де медиасауат сөз бостандығымен тікелей байланысты деп есептеймін. Медиасауат туралы айтқанда нені меңзейміз? Біріншіден, бұл — алуан түрлі медиа мен олардың таратқан ақпаратын айыра білу қабілеті. Медиаөнім жасау және тұтына білу машығы. Медианың ақпаратын сыни пайымға салып бағалай білу.

Медиасауатты адам дегеніміз кім? Медиасауатты адамның нақты қабілеті болуы керек: ақпарат табу, талдау, бағамдау, жасау және тарату. Мұндай машықтар болмаса, сапалы контент жасау мүмкін емес. Ал сөз бостандығының негізі — ақпаратқа қол жеткізу құқығы, нақтылығы, медиаконтент өндірісі және тарату құқығы. Мұның барлығы медиасауат негіздерін құрайды.

Медиасауат мәселесі журналистерге ғана қатысты емес. Барлық жастағы түрлі кәсіп иелеріне медиа және цифрлы сауат қажет. Тәжікстанда сөз бостандығы деңгейінің төмен болуы да мұндағы медиасауат таныту мен дамытуға жеткілікті назар көңіл бөлінбеуінің көрсеткіші.

Эльдар Асанов, bugun.uz сайтының бөлім жетекшісі (Өзбекстан):

«Сөз көп, түсіну аз»

— Еркіндіктің бағасы маған түсінікті, алайда әр адам мұны әрқалай түсінеді. Әр адам сөз бостандығының бағасын өзінше түсінеді, шекарасын да өзі белгілеп алады. Өзбекстанда тіпті зиялы қауым арасында сөз бостандығы шектелуі керек деген пікір аз айтылмайды (әркім өзі жақтырмайтын адамның сөйлеу құқығын шектегісі келетіні түсінікті).

Сөз бостандығы дегеніміз — орындалуы керек негізгі құқық. Сөз бостандығы бәрін қамтуы және шекарасы болмауы керек.

Медиасауат ақпаратты талдап, сұрыптайды. Оның құндылығы — ақпарат ағымының арасынан бағыт-бағдар алып, тексерілген, сенімді, пайдалы әрі қажет ақпаратты табуға көмектеседі.

Көптеген сарапшылар сөз бостандығының салдары ретінде бақыланбайтын ақпарат ауқымының пайда болуы мен адамды шатастыратын түрлі жеке пікірлердің туындауын атайды. Мұны түрлі мүдделі тараптар, үкіметтен бастап идеологиялық, діни топтар пайдаланады. Міне, сондықтан да бүгінгі әлемде медиасауат өте маңызды. Медиасауат университетте оқытылатын пән ғана болмауы керек. Ақпарат тұтынатын және талдайтын әрбір адам білуі шарт. Бұл дегеніміз — көп, өте көп адам.

Өкініштісі — бүгінде медиасауат туралы көп айтылады, алайда түсінетіндер аз. Бұл жағдай әсіресе Орталық Азияда байқалып отыр. Медиада қызмет ететін адам ретінде айтарым, көбі ақпарат талдау, фактчекинг және медиасауат бойынша түрлі қиындыққа кезігеді. Осы тақырыпта көптеген тренингке қатысады, медиасауат туралы түсінік қалыптастыру да қиын. Бізде кең білім, тиімді бағдарламалар, әсіресе жергілікті ұлт тіліндегі ақпарат жетіспейді.

Тимур Юлдашев, Nuqtainazar.uz сайтының бас редакторы (Өзбекстан):

«Сөз бостандығы дегеніміз — ұдайы күрес»

— Медиасауат сөз бостандығымен байлаулы. Бір бірінен ажырамайды. Бүгінде ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Заманауи технологиялар жасырын ақпаратты шығарып береді, бір жерге жасырса да тағы басқа жерден шығады. Ал ақпараттың еркін айналымы сөз бостандығымен өзара байланысты.

Сөз бостандығы дегеніміз — ұдайы күрес. Қарама-қайшылықтарға ұшырап жатады. Адамдар да сол қарама-қайшылықты танып, ажырата білуі керек. Ақпаратты енжар тұтынып қана қоймай, медиасауатты болуы керек. Сапасын, нақтылығын, сенімділігін және нені меңзейтінін талдай білу керек. Медиаконтент мазмұнына сыни пайыммен қарау шарт. Бұл — негіз. Медиасауат құндылығы оның сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігі стандарттарына ықпалынан көрінеді.

Жәнібек Нұрыш