Домой Блог Страница 35

Covid-19 салдары, Тоқаев жиындары және Бозжыра. 16-22 қараша апталық бағдарламаларға шолу

2020 жылғы 17 қараша. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқас алғаш тіркелгеніне 1 жыл толды. Apta және “Басты бағдарлама” авторлары кешегі аптаның қорытынды эфирін “Covid-19 туған күнінен”, ал “7 күн” редакциясы президент Тоқаев пен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысынан бастады.
“Хабар” мен QAZAQSTAN телеарналарының апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналды.

Ал “Еуразия бірінші арнасы” тілшілері Қазақстанда автокөлік қымбаттап, жаңа көлік сатып алуға жұртшылық шамасы жетпейтініне және қазақстандықтардың оқу сауаты нашар екеніне сюжеттер әзірлепті.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарлама жүргізушісі Ринат Думанұлы алғысөзін “Ақпараттың қай көзіне қарап ой түйесіз: ғаламтордағы ма әлде баспасөздегі ме? Жауабын өзіңізге айтқаныңыз — өзіңізге пайдалы болар…» деп бастады. Өз сұрағына өзі екіұшты жауап бергені екіұдай ойда қалдырды. Не айтқысы келді екен?!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты. Видеоконференция форматында өткен жиында мемлекет басшысы инвесторларға тартымды бірқатар ұсыныс айтыпты. Тілші Шынар Асанқызы инвестициясының ел экономикасына маңыздылығын санамалай келіп, «Форбс тізімінен түспейтін алпауыттар Қазақстанға көмек көрсетуге бейіл» деп айтып өтті. Алайда шетелдік инвестиция, Азия Даму Банкі сияқты қаржы құрылымдарының беретін қаржысы қарыз екеніне, «алмақтың да салмағы» барына үңілмеді. Сюжетте сарапшылар бағасы да жетіспеді. Әдепкі ресми хаттама-сюжеттен аспады.

Сосын ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішінде кімдерді қабылдап, кіммен кездескенін ресми ақпаратқа сүйеніп баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде” кеңес өткізді. Сюжет Жамбыл облысының екінші толқынға дайын емес екенінен басталып, өңір-өңірдегі ахуалға жалғасып, президент елдегі жағдайды қатаң бақылауында ұстап отырғанына ұласты.

Коронавирус тақырыбы екі бірдей сюжетке арқау болды. Екінші сюжет әр өңірде індеттің таралуын, кей өңірде медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жетіспейтінін, жалпы статистиканы шолып шықты.

Кешегі аптада Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Президент Тоқаев төрағалық етті. Сегіз минуттық сюжет те осы мәжілісте не айтылғанын, президент әскерилерге қандай тапсырмалар бергенін толыққанды баяндады.

Сосын президент апта ішінде тағы кімдермен кездесіп, кімдерді қабылдағанын шолып, барлық ақпарат Ақорданың ресми сайтынан алынғанын да ескертті.

Жүргізуші Ринат Думанұлының айтуынша, “Сайлау науқанының атмосферасын» көрермен өзі де сезіп отырған болуы мүмкін”. Алғысөзі осылай басталған сюжет елдегі саяси партиялардың сайлауалды әрекетіне арналады. Саясаттанушы Ерлан Сайыров басқа партиялардың белсенділігі Nur Otan партиясынан төмен екенін айтса, ҚСЗИ сарапшысы Жанна Кәрімова сайлау қарсаңында ребрендинг жасаған партиялар әрекетіне баға беріпті. Бір сарапшы: «Ең негізгі тартыс, екінші, үшінші және бәлкім төртінші орындар үшін болуы мүмкін» деп көсіледі. Басқа партиялардың төмен белсенділігінің себебін талдамады.

Пандемия кезеңінде табысынан айырылып, несиесін уақытылы төлей алмай отырғандар көбейді. Төленбеген несиелер банкке де ауыр. Экономист Мақсат Халық пікірін негіз етіп жасалған сюжет несие пайызы қалай өсетінін түсіндіріп, жұмысы тұралаған кәсіпорындар мен үкіметтің бизнеске қолдауы туралы баяндайды. Сюжетті көріп, “Осынау қолдау бизнеске қаншалықты пайдалы болды” деген сұрақ туындады. Алайда сюжетте бұл сауалға салмақты жауап болмады.

«Адасқандар» деп аталатын сюжет “өзін Қазақстанда терроризмге жол ашқан алғашқы жанның бірі” деп санайтын, сол ісіне өкінетін кейіпкер сөзінен басталды. Кейіпкердің аты-жөні мен бет-жүзін ашық көрсетіп, ал Сириядан «Жусан» операциясы арқылы елге оралған балалар мен әйелдердің бет-жүзін бұлыңғыр етіп, жасырыпты. Сюжет теріс діни ағам жетегіне еріп, адасқандарды қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарының жай-жапсарын баяндайды. Тілші Мақпал Мадиярова сюжетін: “Қазақстандықтардың шектен шықпай дін ұстануына ешкім де кедергі емес. Ал қазақтың салт-дәстүрінде дінге қайшы ештеңе жоқ” деп аяқтады. Журналистің кәсіби стандарттарына томпақ келетін баға беруді кәсіби сарапшы не кәнігі маман айтқанда нанымды естілер еді.

“7 күн” бағдарламасының кешегі аптадағы шығарылымын Қостанай облысының коронавирустың екінші толқынына дайындығы туралы сюжет түйіндеді.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарламаның бірінші тақырыбы — коронавирус індетінің таралғанына 1 жыл толуы. “Бір жылда не өзгерді” деген сауалға жауап іздеген сюжет Қытайдың Ухань қаласында вирус жұқтырған адам тіркелгенінен бастап, әлемге таралып, Қазақстанға жеткенін қамтиды. Карантин әлегі, 42 500 теңге жыры, дәрі тапшылығы, дәріхана алдындағы кезек, қоймаларда сақталып, таратылмаған дәрілер, жылу жинаған жұртшылық туралы рет-ретімен баяндады.

“Ұр тоқпақ” айдары Алматы облысындағы Талғар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің халықпен кездесуінен түсірілген видеоны алыпты. Бас дәрігер Көлсейітовтен мекемеге бөлінген 7 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын сұраған екен. Дәрігер үстелді тоқпақтай, кездесуді тастай қашыпты. Әдетті бір тақырыпты қаузайтын «Ұр тоқпақ» айдары бұл жолы спортшы қыздың «Қазақстанда бәрі сатылады» деген мәлімдемесін, оған Илья Ильиннің пікірін де қосыпты.

«Отандық көліктердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға қымбаттапты. Орташа құны — 7,5 млн теңге». Автокөлік нарығындағы ахуалды зерттеген сюжеттің алғысөзі осы.

Баға өсуінің себебінен бастап салдарына дейін қамтыған сюжетте сарапшылар да, қарапайым адамдар пікірі де бар. Жұртшылық көкейіндегі мәселені дөп басқан өзекті сюжет.

Қазақстандықтардың оқу сауаты әлем елдерінің көшінен қалып отыр. Ата-ана мен мұғалім-сарапшыны да сөйлеткен, көрерменге ой салатын тартымды сюжет.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама әдетінен жаңылмай, Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталды. Ал сюжет әлемде коронавирус індеті алғаш ресми тіркелгеніне 1 жыл толғанын айта келе мемлекет басшысы өткізген коронавирусқа қарсы кеңеске жалғасты. Тоқаев сөзінен көп үзінді келтіріп, медицина мамандарын да сөйлеткен хаттама-сюжет.

Коронавирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге үстемақы төленбеу мәселесіне арналған сюжет те кеңесте президент айтқан әңгімені жалғай түседі. Кейіпкерлер арасында үстемақы алу былай тұрсын, жалақысын әлі толық алмағандары да бар екен. ҚР ДСМ өкілі жалпы жағдайға қатысты комментарий беріпті (үстемақы алатындар қатары кеңейеді), бірақ сюжеттегі нақты кейіпкерлердің мәселесіне қатысты жауап жоқ.

Apta да “7 күн” бағдарламасының сүрлеуіне түсіп, президент тақырыбына, дәлірегі Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне оралады. Сюжет Донбас, Ауғанстан, Эфиопия, Буркина-Фасо, Ливия, Сирия, Йемен және Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыстарды тізіп шығудан басталды. О жақтағы жағдай қиын. Ал мемлекет басшысы Тоқаев ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер ететінін, сондықтан қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлу — басты бағыты екенін айтады.

Тоқаев туралы тақырыптар жалғасып, бұл жолы президент пен шетелдік инвесторлар кеңесіне кезек жетті. Осылайша бағдарламаның алғашқы 25 минуты қазіргі президентке арналып, содан кейін тұңғыш президент немен айналысқанын шолып шықты.

Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында саяси партиялар өткізіп жатқан съезд сюжетсіз шықты. Дәлірегі саясаттанушылар Андрей Чеботарев, Эдуард Полетаев және Марат Шибутовтың Facebook әлеуметтік желісіне жазған посттарынан үзінділер берді.

Қызылорда мен Түркістан облыстарының бірқатар елдімекендерін су басуы мүмкін. Алдын алу үшін Шардара су қоймасын жөндеп, қашыртқы салу қажет. Су қоймасын жөндеп жатыр. Ал қашыртқы салуға әлі қаржы бөлінбепті. Маңызды әрі өзекті тақырып қозғаған сюжетте шенеуніктер мен су қоймасының қызметкерлері сөйлейді. Сарапшылар пікірі мен тұрғындар комментарийі жетіспеді.

Президент Тоқаев араласқаннан кейін Бозжыра шатқалындағы қонақүй құрылысы тоқтатылды. Соңғы аптаның ең жиі талқыланған тақырыбы бағдарламаны түйіндейді. Сюжетте Бозжыра шатқалының таң-тамаша етер панорамалы кадрлары бар. Экологтар мен қоғам белсенділерін де сөйлетіпті. Министрлік пен әкімдік өкілдері де комментарий берген.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

ШЫҰ, Ассамблея отырысы және Таулы Қарабақ. 9-15 қараша апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы кешегі апталық қорытынды бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” редакциясы ҚХА-ның 25 жылдық тарихын баяндаса, Apta авторлары отырыс қалай өткенін, Назарбаев не айтқанын көрсетті. “Басты бағдарлама” тілшілері Оңтүстік Кореяда жол-көлік апатына ұшыраған қазақстандықтың денесін елге әкелуден бастап Ассамблея отырысындағы Назарбаевтың “Жастар Қазақстаннан неге кетеді” деген сауалына дейін жалғады.
Таулы Қарабақта соғыс аяқталғанына екі бағдарлама сюжет арнаса, “жеті күндіктер” елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарламаның басты тақырыбы — ҚХА кеңесінің отырысы. Сюжетте құрылғанына 25 жыл толған ұйым тарихы, даму жолын баяндап, осы саяси құрылымға әлемде теңдесі жоқ заң қабылданғаны да сөз болды. Түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегенінен, отырыстағы Назарбаев сөздерінен үзінділер берді. Сюжет ұзақтығы 12 минут болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысты. Сюжетте осы ұйымының экономикалық әлеуеті туралы айтылып, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков мүше-мемлекет саны артқан сайын мүдделер қақтығысы да болатынын алға тартты. ҚР президенті Тоқаевтың ұсыныстары мен РФ президенті В.Путиннің сөздерінен үзінділер келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішінде телефон арқылы кімдермен сөйлескенін жинақтаған топтамадан кейін елдегі коронавирусқа байланысты карантин шектеулеріне шолу жасады.

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысына қатысты. Сюжет авторы Дархан Әбдіуахит: «Қордың стратегиялық даму жоспарының тиімділігінің арқасында қиындықтарға қарамастан бастапқы қарқын бәсеңдеген жоқ. Ең бастысы компаниялар әлеуметтік тұрақтылықты сақтап тұр» деп, бірақ осы бағалауын негіздейтін статистикалық мәлімет бермеді.

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы сюжет жаңадан ұсынылған әліпби нұсқасының бұрынғы нұсқалардан айырмашылығын талдады. Тілші Ақбөпе Тәңірберген тіл мамандарын, мектеп мұғалімдері мен тіл жанашырларын сөйлетіп, латын графикасы негізінде әзірленген әліпбидің маңызы мен ерекшелігін сараптайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Бұл жаңалық тірі мал экспорты туралы сюжет әзірлеуге түрткі болыпты. Мал экспорты мен оның теріс салдары, елдегі ет өңдеу зауыттарының проблемасын талдаған сюжетте сарапшылар пікірі бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі мал экспортына жариялаған мораторий мерзімінің қысқалығын да сынға алды. Ақпараты мол, тартымды сюжет.

Сапасыз тұрғын үйлер мен үлескерлер мәселесін көтерген сюжет өңір-өңірдегі оқиғаларды жинақтаған. Айта кетсек, Apta тілшілері де өткен шығарылымында сапасыз салынған үйлерге сюжет арнаған.

Бағдарламаны түйіндейтін сюжетте “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі мен еншілес ұйымдарындағы автоматтандырылған жүйенің артықшылығын баяндайды. Имидж қалыптастыратын ақылы материалға ұқсады.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама Шымкенттегі оқиғадан басталды. «Өз әкесінен бала туды» деп аталатын сюжетте тілші Нұрай Құрақпай Шыменттегі білім басқармасы мамандарының болжамына сүйеніп: “Бұл оқиға жөнінде нақты дерек аз, кім, қалай, қашан, болжам күйінде ғана” дей келе «азғындығы әшкере болған әке өз-өзіне қол салғанын” да айтады. Оқиғаға психолог, генетик, қоғам белсендісі баға береді. Алайда “9-сынып оқушысы әкесінен жүкті болып қалғанына дәлел бар ма, жоқ па” деген басты сауал жауапсыз қалды. Білім басқармасының қызметкері мен журналистің әлі ештеңе дәлелденбей жатып, болжамға негізделген ұйғарым жасауы заңға оғаш, этикаға қайшы. Тілші істің ақ-қарасын анықтау үшін зерттеу жүргізбепті.

Коронавирус індетінің жай-күйіне шолу жасаған сюжетте эпидемиолог екінші толқын әлі басталмағанын, ал экономист Мақсат Халық экономика бірден қалпына келмейтінін айтады. “7 күн” сюжетінде жер-жердегі шектеу шараларын шолып шықса, “Басты бағдарлама” авторлары жалпы жағдайға баға берді.

Оңтүстік Кореяда көз жұмған қазақстандық Бейбарыс Арынның денесін елге әкелу — шекара асып, шетелде жұмыс істеп жүрген жастар туралы сюжетке негіз болыпты. Тілші Айбек Қосан шетелде жұмыс істеп, оқып жүрген жастарға хабарласып, елден кету себебін сұрапты. Бұл сауалға сарапшылар да пікір айтады. Ассамблея кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев та жастардың шетелге кетуі туралы айтқан. Сюжетте тұңғыш президент сөзінен үзінді берді. Тілші сюжетін «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деп аяқтады.

Жүргізуші Әсем Изатқызы: “Қарабақ соңғы бірнеше ғасырда геосаяси мүдделердің ошағы болып келе жатыр» дей келе, Таулы Қарабақтағы 44 күндік соғыста Әзірбайжан жеңіске жетіп, Арменияда премьер-министр Никол Пашинянға наразы жұрт көшеге шығып, оның отставкаға кетуін талап етіп жатқанын баяндайды.

Apta, QAZAQSTAN

COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталған бағдарламаның бірінші сюжеті ШЫҰ-ына мүше-мемлекеттер басшыларының кеңесіне арналды.

ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА кеңесі отырысына қатысуы да жеке сюжетке негіз болыпты. Екі сюжет те әдепкі хаттамалық материал форматынан аспады.

Таулы Қарабақта соғыс аяқталғаны туралы сюжет «Армения vs. Әзірбайжан 1:1» деп аталады. Сюжетте мол ақпарат, жан-жақты пікір, саясаттанушылар комментарийі бар.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтағы ауылдарының жай-күйі қалай? Ауыл тұрғындары басқа жаққа көшіп кетіп жатыр, өйткені ауылда қарапайым инфрақұрылым жоқ. Ауыл жолдарының қаншалық нашар, ұялы байланыс жоқ екенін шынайы көрсетер сюжетте тұрғындар мен әкімдік өкілдері сөйлейді.

Қаржы жетіспеушілігінен еліміздің ауыл шаруашылығы секторына инновациялық технологиялар енгізілмейді. Алматы облысында түсірілген сюжетте шопандардың тұрмысын, дәлірегі олардың қой шаруашылығына инновациялық технологияларды ендіру тәжірибесін көрсетеді.

Мәжілісте балалардың құқын қорғауға арналған бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізу талқыланып жатыр. Заң нормаларының кейбір тұстары қоғам қарсылығына тап болды. Кейбір нормалар балаға ұрсудың соңы ата-ана құқығынан айыруға әкелуі мүмкін екен. Сюжет жоғалған бала (ол мектептегі информатика кабинетінде ойын ойнап, қалып қойыпты) хикаясынан басталады. Оны полицейлер табады. Журналистер әлдебір уәкілетті орган баланы психикалық ауруханаға жібергенін айтады. Қандай орган баланы сот шешімінсіз сондай мекемеге жіберуге құқы бар? Осы жағы түсініксіз. Алайда баланың әжесі шу шығарып, шағымданған соң, немересін үйге қайтарыпты. Түсініксіз оқиғаны тілшілер де түсіндірмейді. Баланың әке-шешесі жоқ, әжесі тәрбиелеп отыр. Отбасында одан бөлек тағы үш бала бар. Сюжетте балалардың бет-жүзін жаппаған. Баланың есімін де титрға жазды. Барлық тарапты сөйлетпек болған екен, бірақ парламенттегілер журналистерден қашқақтап, әлі пікір бермепті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

АҚШ-тағы сайлау, коронавирус және есек сүті. 2-8 қараша апталық бағдарламаларға шолу

Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары коронавирустан және АҚШ-тағы президент сайлауынан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы елде коронавирус індетін қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтса, “Басты бағдарлама” авторлары коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі таралып жатқанына назар аударды. Ал Apta редакциясы АҚШ-тағы президент сайлауы қалай өткенін баяндады.

Бұдан бөлек, “жеті күндіктер“ азық-түлік бағасы неліктен қымбаттағанын сарапшылардан сұраса, “Басты бағдарлама” тілшілері “Есек сүті ем бола ма” деген сауалға жауап іздеді. Apta ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі сапасыз салынған үйлерге шолу жасап, қашықтан оқытудың балаға зиянын зерттеді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«Басты мәселеден бастайық». Жүргізуші Ринат Думанұлы алғысөзін осылай бастады. Ол Қазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелгенін айтып, сақтық шараларын ұстануды ескертті. Шығыс Қазақстан облысында індет жұқтырғандар саны күрт өсіп, қызыл аймаққа енгенін хабарлап, сары және жасыл аймақ сипаттамасына тоқталды. Жүргізушінің 2 минуттық алғысөзінен кейін тілші Мақпал Мадиярованың сюжеті шықты.

Сюжет премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияда қабылданған шешімдерді баяндаудан басталып, карантинге жабылған және жағдай ушыға бастаған облыстардағы ахуалға шолудан аяқталды.

Жүргізуші әлемдегі коронавирус статистикасын хабарлап, «ауырған қырық тоғыз бүтін оннан екі миллион адам, қаза тапқан бір бүтін жүзден жиырма төрт миллион адам, жазылған отыз екі бүтін оннан төрт миллион адам» деді.

Деректерді графикамен безендіру ұтымды шықты. Алайда, жүргізуші телерадиода статистикалық деректі жуық мәнде баяндаса, қабылдауға оңай екенін  ұмытқан сияқты. Қазақ тілінде аурудан қайтқан адамға «қаза тапты» деп емес, «қайтыс болды» деп айтатынын да ескерген жөн. Жаһандағы статистиканы хабарлап болған соң әлем елдеріндегі коронавирусқа қарсы сақтық шараларына тағы бөлек сюжет арнады.

Коронавирус тақырыбы соңына жетіп, Аустрия мен Ауғанстандағы терактілерді айта келе, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған ел басшыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдағанын да хабарлады.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларын Ақорда таратқан ақпарат негізінде шолып шықты.

Ізінше АҚШ-тағы президент сайлауына ойысты. Тілші Ақбөпе Бәкір АҚШ-тағы сайлау жүйесі ерекшеліктерін, биылғы сайлаудың барысын жан-жақты баяндады.
“АҚШ-тағы сайлаудан кейін сол елдің ішкі-сыртқы саясатында бетбұрыс болуы мүмкін бе? Алып державаның Орта Азия аймағы, соның ішінде Қазақстанмен қатым-қатынасынан өзгеріс күтеміз бе?” деген сұрақ бойынша Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мәдиевтің пікірін білді.

АҚШ-тағы сайлаудан еліміздегі сайлауалды жаңалықтарға жалғасты. Жүргізуші Ринат Думанұлы алдағы парламент мәжілісі сайлауына қатысатын партиялар тізімі бекітілгеніне тоқталды. Сюжет «Ауыл» партиясы белсенділерінің ауылдарды аралап интернет сапасын тексеріп жүргенінен басталып, үміткерлерді ұсыну, карантин жағдайында өтетін сайлау, “Бірлік” партиясының атауы «Адал» деп өзгергеніне дейін айтты.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттады. Себебі неде? Сюжетте экономист Мақсат Халық азық-түлік қымбаттауын локдаунмен байланыстырады. Сюжет барысында сұхбат берген өзге сарапшылар күнбағыс майының қымбаттауына экспорт себеп болғанын, шикізаттан гөрі дайын өнімді экспорттау ұтымды екенін айтады.

Елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласының жай-күйін бағамдаған сюжет қоқыс өңдейтін зауыттар мен қоқыс полигондары, осы саланың проблемасына арналды.
2021 жылы мектеп бағдарламасына «Әліппе» оқулығы қайта енгізілетіні туралы сюжетте тілші Ақбөпе Тәңірберген бастауыш сынып мұғалімін, ата-ана мен БҒМ өкілін, депутатты сөйлетеді. Жаңа “Әліппе” оқулығы бұрнағыдан ерекше, заман талабына сай бейімделіп жасалады екен. Сюжеттен “Әліппе” оқулығын дайындауға қатысты түрлі тараптың қызу пікірталасын байқамадық.

“7 күн” бағдарламасын Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық жаңалықтары түйіндейтіні дәстүрге айналған. Бұл жолғы сюжетте облыстың “ағарту саласындағы тың жаңалықтарын» тізіп шықты.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлерінен басталып, АҚШ пен Еуропада осы мутацияланған вирус тарап жатқанын айтып, «Қазақстанға қауіп бар ма» деген сұраққа сарапшы пікірін берді.

«Ұр тоқпақ» айдарының жүргізушісі Айдана Үсенбай «Есектің сүті ем бола ма?» деген сауалды талдайды. Ол интернет-басылымдардың бірі Кеген мен Нарынқол тұрғындары есектің сүтін ішіп, коронавирустан емделуін жариялағанын айтты. Желіде тараған есекті сауу видеосын да көрсетті. “Есек сүтін сатамын” деген жарнама хабарландыруындағы телефонға хабарласты.

Сайттар трафик үшін негіздемесіз жалған ақпарат таратуы мүмкін екенін ескерсек, мақала мен видеодағы мәліметті тексеру керек еді. Фаткчекинг жасамай, тек дәрігердің “есек сүті коронавирустан емдейтініне еш ғылыми негіздеме жоқ” деген пікірін берді.

“Полицияның айлығы қанша?”. Осы сұрақты талдайтын сюжетте тілші Нұрай Құрақпай түрме бастығынан, полицейлерден жұмыс барысындағы қиындықтар туралы сұрады. Полицей жалақысы мен беделін қалай көтеруге болатынын да анықтауға тырысты. Алайда полиция беделінің төмен болуына не себеп екенін ешкімнен сұрамады, себебіне үңілмеді.

«Басты бағдарлама» редакциясы қоғамдағы әйел рөлі мен ықпалына ұдайы сюжет арнайды. Кешегі аптаның тақырыбы — отбасын құрмаған, жасы отызға таяған, не жасы отыздан асқан қыз-келіншектердің бала сүюі. Тілші сюжетінде “қыздардың “сәби сүйсем” деген қалауынан «жеті атасы жұмбақ, тегі түсініксіз, болашағы бұлыңғыр» балалар көбейеді” деп айтады. Тіпті «бала көтере алмай жүрген қыз-келіншектерге көмегін ұсынатын» ер адамға хабарласып, қызметі қанша тұратынын да анықтапты. Тілші дүдәмал болжамын жалғастырып, сюжетін: «Некесіз туған бала ұлтымызға қандай зауал алып келетінін әлі ешкім болжай алмайды. Қауіпті құбылыстың нобайы қазірдің өзінде қылаң беруде» деп түйіндейді.

Бағдарлама Франция мен Аустрияда болған лаңкестік әрекеттерді талдаған сюжетпен аяқталды.

АҚШ-тағы президент сайлауы айтылмады.

Apta, QAZAQSTAN

Ұлттық телеарнадағы апталық қорытынды бағдарламаның басты тақырыбы — АҚШ-тағы президент сайлауы. Жүргізуші Жайна Сламбек сайлауда үміткер Джо Байден жеңгенін хабарлады. Президенттеріміз құттықтағаны себепті шығар?!

Телеарна тілшісі, қазір Бостонда оқитын қазақстандық Әлия Әшім АҚШ-та сайлауалды жағдай, сайлаудың қалай өткені, сайлаудан кейінгі ахуал туралы егжей-тегжейлі баяндады. Халықтың саяси белсенділігі, сайлауға қызығуы, митингтер, расизм, демократтар мен консерваторлар жайында көп мағлұмат берді. Тілшінің баяндауы жанды, толымды да мазмұнды болды.

Сосын жүргізуші Байденнің жеңісі Қазақстанға қалай ықпал ететінін сарапшыдан сұрады. Сарапшының айтуынша, Байден Ресейге қарсы санкцияларды күшейтсе, мұның салқыны Қазақстанға да тиеді екен.

Келер сюжет — коронавирус тақырыбына арналды. Шығыс Қазақстан облысында індет өршіді, ал адамдар ПТР-сынама тапсыру үшін ұзынсонар кезекке тұрады. ПТР-сынама қорытындысы облыс аумағынан шығу үшін керек. Сюжет елдің шығысындағы жағдайды баяндайды. Зертхана тапшылығынан ПТР-сынама тапсыра алмай жүрген адамдар, әкімдік комментарийі бар. Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулері қаншалық нашар сақталып жатқанын көрсеткен сюжет болды.

Бағдарлама Қазақстан коммунистік халық партиясының мәлімдемесіне ұласты. Партия өкілдері елдің орталығы мен солтүстігінде үйлерді табиғи газға қосу қымбат, сондықтан субсидиялау қажет екенін мәлімдеді.

Ал сюжетте Түркістан облысының Келес ауданындағы табиғи газға қосылмаған ауылдар, электр қуатының болмауы, нашар жолдар мен жер тапшылығын көрсетті.

Көптеген қазақстандықтың бір уайымы — нашар салынған, сапасыз үйлер. Алматы, Қарағанда, ШҚО, Тараз, Нұр-Сұлтандағы нашар соғылған үйлерге жасалған шолуда тұрғындар комментарийі бар, бірақ мемлекеттік органнан не үйлерді соққан компаниялардан пікір жоқ. “Кім кінәлі” деген сауал сол күйі жауапсыз қалды. Жүргізуші де, тілші де барлығына құрылыс саласындағы жемқорлықты кінәлады.

Ата-аналар қашықтан оқытудың салдарына алаңдаулы. Айтуларынша, балалардың оқу дағдысы нашарлап барады. Бұған қоса баяу интернет, компьютер тапшылығы, үй тапсырмасының шешімін интернеттен көшіріп алу да бар. Мұның барлығы баланың оқуына зиянын тигізеді. Мейлінше толымды әрі мәселе көтерген материал.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Тәлім TREND»: батыр-полицейлер, қазақы феминизм және дәстүрлі тәрбие

Еліміздің бас телеарнасы – QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында «Тәлім TREND» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жаңа жоба экранға шықпас бұрын, жұртшылық арасында қарама-қайшылыққа толы пікірлер айтылды. Қоғам қарсылығы бағдарламаға емес, осы бағдарламаның жүргізушісі — «Асыл арна» діни телеарнасының жетекшісі Мұхамеджан Тазабекке байланысты туындады. Медиасыншымыз Назира Дәрімбет бағдарламаның алғашқы шығарылымдарын көріп, талдады.

Бұған дейін 2018 жылы «Асыл арна» телеарнасында «Тәлім TREND» атты бағдарлама шыққан. Жартылай деректі фильм стилінде түсірілген бағдарламада Мұхамеджан Тазабек өмірдегі түрлі жағдайларға бағасын беріп отыратын.

Мәселен, бір шығарылымында жігіт қызбен үйленгенге дейін жыныстық қатынасқа түседі. Кейін қызға үйленбей, тастап кетеді. Бағдарламаның айтпағы: Қазақ қызы үйде отыруы және некеге дейін пәктігін сақтауы шарт. Жігітпен кездесу үшін ағасының не әкесінің рұқсатын алуы және жақындары о жігітті тануы керек.

Бұл басқа бір медиасын мақалаға арқау болатын тақырып. Енді Мұхамеджан Тазабектің атауы бірдей әрі QAZAQSTAN ұлттық телеарнадағы жалғасы іспеттес бағдарламасына назар аударалық.

«Тәлім TREND» бағдарламасы әр аптаның жұма күні сағат 17.15-те эфирге шығады. Жексенбі, сағат 15.10-да қайталайды. Хронометражы — 40 минут.

Телеарна сайтында «Тәлім TREND» бағдарламасының сипаттамасына: «Еліміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің, журналистер мен саясаттанушылардың, ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт сияқты түрлі сала өкілдерінің елдің әлеуметтік, мәдени, қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғаларға қатысты пікір алмасу алаңы. Бағдарламада қоғамның ең өзекті тақырыптары, соның ішінде өмір сүру дағдысын өзгерткен пандемия, отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты әлеуметтік тақырыптар қозғалады» деп жазылған.

Сайтта бағдарлама жүргізушісі ретінде тек Мұхамеджан Тазабек көрсетілсе де жобада тағы бір жүргізуші — журналист Рахат Жақсыбай бар.

Полиция бізді қорғайды

Бағдарламаның алғашқы шығарылымы полицейлерге, дәлірегі олардың мәртебесі мен беделіне арналды. Жоба авторларына осы тақырып неліктен өзекті болғаны, нені басшылыққа алғаны беймәлім.

Қызыл-көк түстер аралас кең студияда Мұхамеджан Тазабек бағдарламаның шымылдығын түріп: «Бүгін біздің мемлекетіміздегі тәртіп сақшылары – қазақ полициясы, оның айбыны мен беделі туралы айтатын боламыз», — деп салтанатты сөйлеп бастады. Студия қонақтары — Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев және жүргізуші неге екені белгісіз, «қоғамдық белсенді» деп таныстырған айтыскер ақын Біржан Байтуов.

Қос жүргізуші тақырып төңірегіндегі статистика мәліметтерін келтіріп, 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанда қызметтік міндеттерін орындау барысында 800-ге жуық полицей қаза тапқанын, олардың арасында 2011 жылы қарашада Тараздағы жиһадшы-террористерді ұстау кезінде қаза тапқан Ғазиз Байтасов бар екенін де айтады. Қаза тапқаннан кейін оған «Халық Қаһарманы» атағы берілгенін тілге тиек етеді.

Студияға Ғазиз Байтасовтың студент ұлын шақырылыпты. Ол полицей болуды армандайды. «Әкең қандай адам болды?» деген сұраққа «Оның бейнесі, оның сөздері біздің жадымызда мәңгі қалады»,-деп жалынды жаттанды жауап береді.

Мұхамеджан Тазабек қонақ-полицейден: «Полиция өзіне қатысты қалыптасқан теріс имиджбен қалай күресуде?» — деп сұрайды. Ал Жандос Мұраталиев полицейлер таңертең сапқа тұрып, тапсырмаларын алатыны және қазақ балалары негізінен полицияға жұмысқа тұруға құштар екенін мәлімдейді. Олардың мақсаты — «Отан мен халықтың игілігі үшін қызмет ету-міс.

Екінші қонақ — шымкенттік ақын Біржан Байтуов карантиннің алғашқы күндерінде полиция қызметкерлері жүргізушілерге ерекше көмектесіп, қаладағы жол кептелісін қалай реттегені туралы «таңғаларлық» мысал келтіреді. Әрбір көрермен көкейінде: «Бұл полицияның тікелей міндеті емес пе?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мұның несі ерлік?

Алайда жүргізуші қонақтардың жауабына риза болды ма, өз сұрағына қайта оралмады. Есесіне, басын иіп: «Мінеки, бізде қандай полиция қызметкерлері бар!» — деп масаттанады. «Таныстары арасында полицейден зәбір көргендер барын» айтқанымен олар студияға шақырылмады. Бірақ «Біз полицейдің кемшілігін зорайтып көру үшін емес, олардың асқақ абыройын айту үшін жиналдық» дейді. Бір сөзбен айтқанда, «ұсақ-түйекке назар аударудың қажеті жоқ».

Сосын Мұхамеджан Тазабек әдеттегідей жалындата сөйлеп: «Мемлекетіміз дамуы үшін, полиция айбынды болуы үшін, оның қызметкерлері – мемлекетшіл болуы үшін, халық та мемлекетшіл болуы тиіс» — дейді. Бұл сөздердің құрметіне ду қол шапалақ соғылды.

Жүргізуші бағдарламаның атауын ақтай отырып, «жаман, әділетсіз» полиция қызметкерлері теріс тәрбиенің салдарынан болады» дегенді тігісін жатыстыра отырып, көрерменді соған сендіргісі келеді. Осы ойын бекіте түсу үшін «дәстүрлі қазақи тәрбиеге оралсақ, барлығы түзеледі» деген пікірді тықпалайды. Эфирде полициядағы сыбайлас жемқорлық пен сорақы әрекеттер туралы бір ауыз сөз айтылады, бірақ соған қатысты нақты статистика келтірмейді. Есесіне, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Таразда қаза тапқан полицейдің отбасына қалай барғаны немесе «керемет реформа» ретінде жасалған ІІМ жүйесіндегі қысқартулар туралы мәлімет зорайтылып көрсетіледі.

Журналистің: «Полиция митингтерде өзін қалай ұстауы керек?» — деген сұрағына ақын жауабы эмоцияға толы шықты. «Батырлар көшеде наразылық білдіретіндер немесе диванда отырып үкіметті сынайтындар емес. Мен үшін нағыз батырлар, біздің заманымыздың батырлары — полицейлер», — деп, сөзіне дәлел болсын дей ме, Оралда суға батып бара жатқан баланы сержанттың қалай құтқарғанын мысал етеді.

Бағдарламаны қорытындылай келе Мұхамеджан Тазабек мырза Владимир Ильич Лениннің цитатасын келтіріп:»Егер мемлекет күшті болса, адам құқықтары шектеулі болады, ал адамға көптеген бостандықтар берілетін жерде мемлекет болмайды» деді.

Шын мәнінде, түпнұсқада бұл айтылған сөздер өзгеше еді: «Мемлекет болған жерде еркіндік жоқ. Ал бостандық болған жерде мемлекет болмайды». Өз ойын күшейте көрсеткісі келді ме, осы тұста жүргізуші: «Біз алдымен қазіргі өзіміздің полициямызға лайық болуымыз керек, бір-бірімізді құрметтеуді үйренуіміз керек, содан кейін полиция өз жұмысын абыроймен орындайды», — деп тағы қосады.

Егер шығарылымның міндеті – полициядағы проблемалар туралы болса, жобаның сипаттамасында айтылғандай, онда тақырып ашылмады, бір жақты болды. Өйткені «айбынды» полиция және «санасыз» халық туралы көбірек айтылды. Ал егер полиция қызметкерлерінің жағымды имиджін құру арқылы полицей мемлекетінің қалыптасуын ақтау болса, онда авторлар мақсаттарына жетті. Бірақ кейбір жерлерде бұл өте жасанды және сенгісіз болып шықты.

«Дәстүрлі құндылықтар» туралы тағы әңгіме

Бағдарламаның келесі шығарылымы ұл тәрбиесі мен ерлердің қоғамдағы орнына арналды. «Нағыз қазақ ер азаматын қалай тәрбиелеу керек» деген тақырыпты талқылауға мемлекеттік қайраткер және бұрынғы депутат Оразкүл Асанғазы шақырылыпты. Ол әйелдерді үйде отыруға, митингіге бармауға шақырып, жұрт есінде қалған адам. Nur Otan мүшесі және ағартушылық саласының үздігі Оразкүл Асанғазы көрерменде алдына ерекше бейнеде – орамал мен ұлттық киім киіп, ұл анасы ретінде шығыпты. Бұл бағдарламаға шымкенттік мұғалім, ақын Абай Қалшабек және отбасылық қарым-қатынас психологы Елжас Ертайұлы қатысты.

Студиядағы әңгіме жасөспірім батыр Даниярдың оқиғасынан басталады. Ол кішкентай бауырларын өрттен құтқарып, 11 жасында ерлік көрсеткен бала.

«Баланы дұрыс тәрбиелеу» туралы басты ойды ұстана отырып, жүргізуші Мұхамеджан Тазабек ә дегеннен: «Нағыз ер адамдар болашақта ел үшін жауапкершілік алатын осындай ұлдардан өседі. Біздің Елбасы да дәл осындай тәрбиені өз уақытында алды…» — деп салады.

Психолог әр баланың өз орны бар екенін айтып, сонда «ұл — ұлша, ал қыз – қызша тәрбие алады» деді.

Мектеп мұғалімі «дұрыс тәрбие» берудің жалпы толқынына үлесін қосып, «Мектептегі мұғалімдердің 85%-ы әйелдер, бұл ұлдардың тәрбиесіне теріс әсер етеді, сондықтан олар бүгінде «шаштарын бояйды, сырға тағады», — дейді.

Ал жүргізушінің:» Неге біз нағыз ер кісілерді тәрбиелей алмаймыз, әжелеріміз заманында батырларды қалай тәрбиелеген?» — деген сұрағына Оразкүл Асанғазы: «бәріне әйел кінәлі», — деген сыңайда жауап береді. Ол: «Көптеген ұл бала нәзік жұмсақ мінезді болып тәрбиеленіп жатыр, өйткені біздің қазіргі келіндер өткенмен байланысын жоғалтқан, ұлттық құндылықтарды ұстанбайды, қазақ тілінде сөйлемейді», — дей келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да еске салды — «Тілді білместен сананы жаңғыртуға болмайды, рухани жаңғыру — бұл ең алдымен ана тілін білу», — деді.

Қосалқы жүргізуші Рахат Жақсыбайдың негізгі міндеті — статистиканы, зерттеу деректерін немесе шетелдік БАҚ-тарға сілтемелер келтіру. Әңгіме қыздар мен ұлдарды бөлек оқытуды талқылауға бұрылады. Ол New York Times мақаласын келтіреді, онда сарапшы «қыз бала мен ұл баланың дамуы мен олардың ақыл-ой, қабілеттері арасындағы айырмашылық туралы айтыпты-мыс». Көрермен арасынан мінберге шыққан мұғалімнен: «ұл мен қыздарды бөлек оқытуға қалай қарайсыз?», деген сұраққа оң жауап алған журналист: «Бәрекелді! Рахмет!» — деп ризашылығын білдірді. Ал Мұхамеджан Тазабек: «Біздің Зере, Айғаным секілді әжелеріміз университеттерде оқымаса да, неше түрлі тренингтерге қатыспай-ақ Абай және басқа да ұлы тұлғаларды тәрбиелеген. Ал қазіргі әйелдердің қолынан бұл келмей жүр. Онымен қоса, олар феминизмді жалаулатып жүр», — дейді.

Оның айтуынша, бізде қазақи, табиғи феминизм бұрыннан бар, «Өйткені қазақ ежелден аналар мен қыздарды құрметтеген. Сондықтан, Батыстың феминизмі бізге жарамайды, оларда әйелдер құқығы тапталып жатқанда, қазақ жерінде тарихи «феминизм қанымызда болған» екен. Қазақстандағы бүгінде әйелдер құқығын ескерсек, бұл мүлдем шындыққа жанаспайтыны айтпаса да белгілі.

Осы тұста Шымкенттен келген мұғалім әңгімеге кіріседі. Студиядағы айтылып жатқан ойды қайта көтерген ол: «Бұл — біздің бақытсыздығымыз, қыздар ұлдарға ұқсағысы келеді, ал ұлдар қыздар сияқты болып бара жатыр», — дейді.

Психолог барлық кінә мен жауапкершілікті әйелдерге жүктеуге болмайтынын айтып, қарсылық білдіруге тырысты. Өкінішке қарай, оның сөзін күтпеген жерден сөз берілген залдағы әріптесі үзді. Ол тағы да әңгімені әрі қарай жалғамаққа ұмтылып: «Қазір жалғыз аналар көп, олардың отбасында балалар еркек тәрбиесін алмайды, сондықтан көптеген ұл әйел сияқты болып өседі, шашын бояйды, сырға тағады…» деп барып тоқтады.

Алайда жалғызбасты аналар көбеюуіне не себеп, осы тұста ерлердің жауапкершіліктен қашатыны туралы айтылмайды.

Осы шығарылымды көргеннен кейін, бағдарлама басқа нәрсе айтқысы келген сияқты, деген ой келеді, нақтырақ айтсақ, «Көгілдірлер көбейіп жатыр, ал біз «бұл бәлемен» қалай күресеміз».

Бұл мәселені ұлттық арнада ашық айтуға, бір жағынан, біз әлі де демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деген сенім мүмкіндік бермеген сыңайлы. Екінші жағынан, «қазақ қоғамында ешқашан болмаған және жоқ» нәрсемен қалай күресуге болады?

Қорытындай келе, «діни арнадағы жоба авторымен қоса неліктен Ұлттық арнаға көшті» деген көп көкейіндегі сұраққа жауап іздесек, мұнда жастарға дұрыс тәрбие беру мақсатын жамылып, «ұлттық, дәстүрлі» құндылықтарды меңзеп, шынтуайтында мүлдем басқа құндылықтар насихатталып жатқан әсер қалдырды.

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан — 1 қараша апталық бағдарламаларға шолу

Апталық қорытынды бағдарламалар эфирі коронавирус тақырыбынан басталуы қайта дәстүрге айналды. “7 күн” тілшілері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатқанын, “Басты бағдарлама” мен Apta редакциялары пандемия ел экономикасына қалай әсер еткенін баяндады.

“7 күн” мен Apta редакциялары президент Тоқаевтың апта ішіндегі мәлімдемелеріне негізделген сюжеттер дайындаса, “Басты бағдарлама” авторлары Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш дауы мен жер тапшылығына сюжет арнады. Аpta тілшілері “полиция бөлімшесінде көз жұмған жас жігіт оқиғасы туралы мықты сюжет жасапты. Марқұмның туыстары мен ауылдастары “жас жігітті полиция қызметкерлері азаптап өлтірді” деп есептейді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Биылғы қазанның соңғы күні — 31 қазан — сенбіде эфирге шыққан бағдарламаны тұрақты жүргізуші Ринат Думанұлының орнына Дархан Әбдіуахит жүргізді.

Бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Twitter аккаунты арқылы үндеу тастағанынан басталды.

Президент Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяны қабылдапты. Тілші Мақпал Мадиярова осы кездесуде айтылған әңгімеге сюжет әзірлеген. Аталған институт базасында коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатыр. Елімізде иммундық препараттар шығаратын зауыт салынбақ екен. Вакцина жасау зауытының құрылысы қашан, қай жерде басталып, қашан аяқталатыны, кім қаржыландыратыны сияқты сұрақтар жауапсыз қалды. 10 минуттық сюжетте аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал нашарлағанын, пайдалануға берілген модульді ауруханалар мен отандық медициналық автокөліктерді айтты. Елімізде коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейіп бара жатқанын айтып, бірақ нақты статистикалық дерек келтірмеді.

Келесі сюжет мектептерде екінші тоқсан оқуы қалай жүретініне арналды. Кезекші сынып мұғалімі мектепте оқу артықшылықтарын әңгімелесе, үш балалы әйел балаларын ары-бері тасудың қиындығын әңгімелейді. Тілші мектебін сағынған балалардан да сұхбат алып, мұның барлығы адам амандығы үшін жасалып жатқанын айтып өтті.

“Пандемиядан кейінгі даму” деп аталатын сюжет Оңтүстік Кореяда өткен «Солтүстік экономикалық ынтымақтастық жөніндегі форумын» және сол форумға президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілінде бейнеүндеу жолдағанын баяндайды.

Коронавирус тақырыбы бағдарламаның орта тұсына дейін созылып, келесі сюжетте коронавирус пандемиясының екінші толқынына қарсы әлем елдері қандай шектеу енгізіп жатқанын көрсетті.

Сосын жүргізуші Дархан Әбдіуахит ҚР тұңғыш президенті, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі Кеңес Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездескенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Сюжетте полиция қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетілетінін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланатынын айтып, “халықтың 38 проценті полицияға сенім артады” деді. Кейбір қылмыс түрлері азайып, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері көбейгені жөнінде дерек келтірді. Сюжет Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен құралды.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновты қабылдады. Бұл кездесу “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының VII съезі өтіп, соған Мемлекет басшысының қатысқаны туралы жеке сюжетке алғысөзде айтылды. Ал сюжет съезде президент айтқан мәселелерге арналды.

Мемлекет басшысы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты да қабылдады. Кездесуде Қазақстан алты түрлі тауар бағыты бойынша импортқа тәуелді екені айтылған. Тілші Сәкен Сейітханұлы сол алты түрлі тауар бағыты (алма, қант, құс еті, ірімшік пен сүзбе, балық және шұжық өнімдері) туралы сюжет әзірлепті. Сарапшыларды сөйлетіп, проблемалар ашық айтылды.

Президент Тоқаев өткен аптада Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақпаевты қабылдады. Басқа да қабылдаулар өткізді. Назарбаев та, Тоқаев та Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхаттарын жолдады. “7 күн” редакциясы президенттер аптасына шолуын бағдарламаның басында не орта тұсында беретін. Кешегі шығарылымда эфирдің соңғы 5 минутын арнапты.

“7 күн” бағдарламасының қазан айының соңғы аптасындағы эфиріне Мемлекет басшысының апта ішінде атқарған істері арқау болды.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Бағдарлама “әлемді тағы бір жаман індет жайлауы мүмкін” деген хабардан басталды. Коронавирус өршіп бара жатқанын айта келе пандемияның ел экономикасына тигізген залалына арналған сюжет көрсетті. Елде 4 млн-ға жуық адам жұмысынан айырылып, қазынаға 1,1 трлн теңге салық түспей қалыпты. Сарапшылар экономикаға келетін шығын көлемі бұдан да зор болуы мүмкін екенін айтып, кәсіпкерлерге көмектесудің түрлі жолдарын ұсынады.

Айдана Үсенбай жүргізетін «Ұр тоқпақ» айдары әлеуметтік желілерде қызу талқыланған Дінмұхаммед Қонаев ескерткішіне арналды. Тілші «бұл Қонаевқа емес, елдегі тендерге қойылған ескерткіш» деп, 12 млн теңге жұмсалғанын айтты. Ескерткіш авторы Алтай Бейсеновтың да пікірін беріпті.

Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында егістік және жайылым жер тапшылығы байқалады. Алпауыт агрофирмалар жерді меншікке алып, банкке кепілдікке қойып тастайды екен. Ауыл тұрғындары жер мәселесін айтып, Ауыл шаруашылығы министріне бейнеүндеу жолдапты. Ақмола облысының Оразақ ауылында да осыған ұқсас мәселе бар. Тілші Оразақ ауылына барып, тұрғындармен сұхбаттасыпты. Аудандық жер ресурстары бөлімінің қызметкері, ауыл тұрғындарының құқын қорғап отырған адвокат, министрлік өкілі және бейтарап сарапшының да комментарийін берген сюжетте проблеманың төркіні жан-жақты баяндалады. Бір әттеген-айы, Оразақ ауылы тұрғындарының жерін алып, оның басқа корпорацияның меншігіне айналуына ықпал еткен экс-әкімнің пікірі болмады.

«Ел еңсесі езіліп, ұлттың ұнжырғасы түсіп, қараша қайғыға батқанда, жығылғанға жұдырық болған жайттар жоқ емес». Әсем Изатқызы қазақтың ұлттық құндылықтары тапталып жатқанын көрсетер сюжетіне осындай алғысөз арнапты. Сюжетте Қазақстан туын таптаған Борат, бірнеше ай бұрын домбыраны шаққан жігіт, теңгемен мұрын сүрткен қыз сияқты мысалдар айтылады. Психолог бұл оқиғаларға баға береді. Сюжетте агрессия мазмұндағы “Ұлтымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді кемітетін қылықтарды арнайы жазалармен тоқтату керек”, “Қазақты мазақ қылатындардың барлығын Қазақстан азаматтығынан айыру керек”, “Алып империяларды құлатқан қару емес, идеология” деген пікірлер айтылады. Тілші Әсем Изатқызы “осының бәрі астыртын қасақана жасалған шабуыл емес пе” деп, “мұның түбі елдігімізден айыруы мүмкін” деген түйін жасайды. Сюжет авторының бірді-екілі әрекетті мысалға алып, соның негізінен қауіп іздеп, мұндай тоқтам жасауын түсіне алмадық. Журналистің дәл мұндай тұжырым жасауы қоғамды дүрліктіріп, жау жоқта мылтық алып, “аттандауға тең емес пе”?!

Apta, QAZAQSTAN

Коронавирус және коронавирусты пневмония статистикасынан басталған бағдарлама пандемияның Қазақстандағы орта және шағын бизнеске қалай зиян тигізгеніне жауап іздеген сюжетке жалғасты. Бұл сюжетті дайындауға президент Тоқаев “Атамекен” ҰКП VII съездіне қатысуы түрткі болыпты. Алғысөзі елең еткізген сюжет Тоқаевтың съезде айтылған сөзінен құралыпты.

Ішкі істер министрлігін реформалау. Мемлекет басшысы ҚР ІІМ-нің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізгені, мәжілісте айтқан сөздері тағы бір сюжетке негіз болды. Сюжетте заңгер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар пікірі бар.

16 жылда ауылдарды дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда әлі 2 мыңнан астам ауыл ауыз суға мұқтаж. Тілші Айнұр Ақбаева Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы ауыз суға зәру ауылдарға барыпты. Бұл ауылдарда 30 жылдан бері су жоқ. Ауыз суды алыстан тасып ішеді, сатып алады. Барлық тарапты сөйлеткен сюжет ауыл тұрғындарының қиын тұрмысын көрсетеді.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықовамен сұхбаттың екінші бөлімі (бірінші бөлімін өткен аптада көрсетті) Кіші Аралды дамыту, өңірдегі туу көрсеткіші, интернет қолжетімділігі, коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы болды.

Абақтыдағы азаптау. Шығыс Қазақстан облысында отбасылы жас жігіт полиция бөлімшесінде көз жұмды. Оны бөлімшеге “мал ұрлады” деген күдікпен әкеліп, тергеген. Марқұмның туыстары мен ауылдастары жігітті полиция азаптап өлтіргенін айтады. Кінәлі полицейлерді қамауға алуды талап етеді. Сюжетте баласынан айырылған отбасының, полиция азаптауына ұшыраған адамдардың, ауыл тұрғындарының, адвокат пен полиция департаменті өкілдерінің комментарийі бар. Қазір бұл оқиға тергеліп, үш полицей қамауға алыныпты.

Интернет-алаяқтық Қазақстандағы алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түріне айналыпты. Сюжет кейіпкері — ер адам автокөлік сатып алу үшін жиған-тергенін бір адамға аударып, сан соғып қалыпты. Тағы бір кейіпкер — әйел адам банк картасының мәліметін біреуге жіберіп, есепшотындағы бар ақшасынан айырылған. Интернет-алаяқтық қылмыстарын ашудың қиындығы, жаңа түрлері мен қалай сақтану керек екені туралы түсіндірмелі сюжет.

Apta тілшілері тек бірнеше қалада кинотеатрлар қайта ашылғанын айта келе, жалпы коронавирус пандемиясы кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтарының жұмысын қалай тұралатқанына сюжет әзірлепті.

UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов спорттағы карьерасын аяқтады. Бұл жаңалық Қазақстандағы ММА спортының дамуы туралы сюжетке негіз болды.

Елжан Біртановтың тұтқындалуы туралы ештеңе айтпады, көрсетпеді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Қос кеңес, сайлау және иттің майы. 19-25 қазан апталық бағдарламаларға шолу

Өткен аптаны түйіндеген ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырып ауқымы — коронавирус індеті мен ҚР президенті Қ.Тоқаев қатысқан түрлі отырыстар. 2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарын сайлау өтетініне “7 күн” авторлары көлемді сюжет арнаса, Apta редакциясы сайлаудағы өзгерістерді қысқаша баяндаудан аспады. Ал “Басты бағдарлама” аптаның басты саяси жаңалығын елеусіз қалдырды.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«7 күн» президент Қ. Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы және соған байланысты үндеу жариялағанынан басталды. Сюжетте президент үндеуінен үзінділер келтіріп, сайлауды өткізу ерекшеліктері мен тәртібін баяндады. ҚР Президенті жанындағы ҚЗСИ-дің бөлім басшысы Мәдина Нұрғалиева Қазақстанда ресми тіркелген саяси ұйымдар туралы айта келе, қай партиялар Парламентке кірген не кірмегенін айтып өтті.

Жүргізуші Ринат Думанұлы “берекелі бейсенбіде” Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өткенін хабарлады. Ұлттық кеңестің онлайн-отырысына арналған сюжетте кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бастамаларын баяндап, президент сөзінен үзінділер берді. Сюжетте сарапшы сөйлетпеді. Тілші Гүлжан Мархабаева сюжетін “Кеңестің төртінші отырысы да тұщымды оймен тәмамдалды. Мұндай кеңес бізге керек!” деп түйіндеді.

Кешегі аптада Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші басқосуы да өтті. Мемлекет басшысы төрағалық еткен басқосу тағы бір сюжетке арқау болды. Басқосуға президент кеңесшісі Сума Чакрабарти қатысыпты. Ол кеңес төрағасының орынбасары екен. Сюжетте Тоқаев пен Чакрабартидің сөйлеген сөзінен үзінді берді. Алайда басқосуда талқыланған тақырыптар, “жалпы мұндай тағы бір кеңестің қажеті бар ма” деген көкейдегі сұрақты сарапшылардан сұрамады. Апта оқиғаларын бағамдап, сараптап, саралайтын бағдарламаның оқиғаны құр баяндаудан аспауы байқалды.

“7 күн” редакциясы президент кеңесшісі Сума Чакрабартиден эксклюзив сұхбат алыпты. Сұхбатта Сума Чакрабарти Жоғары кеңестің бірінші отырысында президент айтқан басталамаларды талдады.

Өткен аптада ҚР судьяларының VIII съезі өтті. Онлайн-съезге мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысты. “Жеті күндіктер” бөлек сюжет әзірлепті. Сюжет Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың есебі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен құралды. Съезге шетелдік мамандар да қатысқан екен. Алайда оларды сөйлетпеді.

Президент Тоқаевтың өткен апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шыққаннан кейін Парламент Сенаты талқылаған тақырыптарға кезек жетті. Сенатта ауылдар проблемасы талқыға түсіпті. Сюжет Сенат отырысында кім не айтқанын баяндаудан аспады.

Қазақстанда заңсыз сауда айналымынан 10 млн бума дәрі-дәрмек алыныпты. Дәріханалардан тыс жерде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатуға қатысты 300 оқиға анықталған. Осыны айтқан жүргізуші Ринат Думанұлы: «міне, бұдан біз кейбір сценарийдің қолдан сызылатынын көреміз» деп түйін жасады. Алайда жүргізуші тұспалдаған сценарийдің жай-жапсары ашық айтылмады.

Келесі сюжет елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалға арналды. Сюжетте тілші Ақбөпе Тәңірберген Екібастұз қаласындағы №4 емхананың жедел жәрдем қызметкері Жанар Аумәлікова пандемия кезінде халыққа қызмет ете жүріп ауырып қалғанын, алайда өтемақы ала алмағанын айтады. Содан кейін сөйлеген Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мен денсаулық министрі Алексей Цой кейбір дәрігерлердің коронавирусты қайдан жұқтыруы мүмкін екенін дәлелдеу қиынға соғатынын мәлімдесе, тілші дәрігерлерге өтемақы беру тоқтатылатынын жариялады. Сюжетте тиянақсыз екіұштылық байқалады. Тілші дәрігерге өтемақы берілмегенін ақтап тұр ма әлде берілмегені «дұрыс» екені растап тұр ма? Егер өтемақыға қатысты екіұштылық бар болса, онда нақты кейіпкердің жағдайын сюжетке қосудың қажеті бар ма? Міне, осы жағы түсініксіз.

Кешегі эфирде жүргізуші: “Ақмола облысындағы ауылдар соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына түскен” деп, елорда маңындағы ауылдарға ауыз су тартылғаны туралы сюжет көрсетті. Аудан мен ауыл әкімдерінің атқарған шаруаларын баяндап, «Қаражар» ауылында тіпті 4G интернет бар екенін, “балалар онлайн сабақты алаңсыз оқып жүргенін” айта келе, ауыл тұрғынының риза пікірін де көрсетті. Сюжет авторы Сәкен Сейітханұлының сөзіне сенсек, алдағы екі-үш жылда “елорда маңындағы ауылдар жаңаша сипат алады”. “7 күн” редакциясы Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үнемі сюжет арнайды.

“Хабар” агенттігіне — 25 жыл. Жүргізушінің сөзінше, агенттіктің осы жылдар ішіндегі ең басты жетістігі — «мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға қосып жатқан үлесі» екен. Тілші Мақпал Мадиярова мерекелік сюжетті 25 жыл бұрын Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаладан бастады. Сосын көрермен есінде қалған «Жетпіс жеті күн», «Ұят болмасын» сияқты бағларламалар болғанын айтып, түрлі қызық сәттерден үзінділер көрсетті. Телеарнаның бұрынғы қызметкерлерін де сөйлетті. Айтпақшы, «7 күн» бағдарламасы “Хабар” телеарнасында 25 жылдан бері эфирге шығатынын да айтып өтті.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

“Басты бағдарлама” авторлары коронавирус тақырыбын басқа қырынан ашуға тырысыпты. Жүргізуші Берік Дүйсенбай интернеттегі “коронавирустан емдейді” делінетін дақпырт ақпараттардан мысал келтіріп, иттің майы, қара бұрыш және тағы басқа ем-дом түрлеріне арналған сюжетке кезек берді. Тілші Нұрай Құнақпай халық емшісінен, дәрігерден, иммунолог пен қарапайым тұрғыннан сұхбат алып, “иттің майы, қара бұрыш сияқты заттар коронавирусты емдей ме” деген сұрақ қояды. Ит майын сататын кісімен де байланысады. Сюжетті салмақты мәселе жоқ. Десе де жалған ақпаратқа сенетін көрерменге ой салады.

«Ұр тоқпақ» айдары Қазақстандағы әкімдердің айлығын есептейді. Жұртшылықтан “Әкімдерге қанша айлық төленуі керек” деп сұрайды.

«Кредит кешірілмейді». Премьер-министр Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарының пандемия кезінде жұмыссыз қалған азаматтар кредитін кешіру туралы сауалына жауап беріпті. «Басты бағдарлама» редакциясы кредитті кешіру-кешірмеу мәселесіне арнайы сюжет әзірлепті. “Кредиттің кешірілмеу себебі неде” деген сұраққа сарапшылар мұның экономикалық және әлеуметтік себептері бар екенін айтады. Несие алып, өтей алмай жүрген кейіпкерлер де бар.

«Тепсе темір үзетін жігіттеріміз күзетші болып жүр». Бағдарлама жүргізушілері «Жұмыс бар, ниет жоқ» деген тақырыптағы сюжеттің алғысөзін осылай бастайды. Жүргізушілердің сөзінше, “өзбек пен тәжік үш мыңға жасайтын жұмыс үшін қазақтар үш есе көп ақы сұрайды”. Сөйте тұра “жұмыс жоқ, кредитім бар еді деп отыра береді”. Алғысөзде айыптауға пара-пар біржақты пікір айтылуына не себеп? «Жұмыс бар, ниет жоқ» тақырып астарында да айыптау байқалады.

Сюжетте жұмысшылар аз ақшаға жұмыс істегісі келмейтінін, ал жұмыс берушілер жұмыс күшінің қымбаттауы өнім бағасының өсуіне алып соғатынын айтады. Сарапшылар да жұмыс іздеушілердің басты талабы — жалақы екенін алға тартады. Тілші Айғаным Достанбай сюжетін «сайып келгенде, бар айып — қымбатшылықта» деп аяқтайды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қазақстан мен әлемдегі Covid-19 және коронавирусты пневмония статистикасынан басталып, Тараз қаласындағы карантин шектеулерін бұзу оқиғаларына жалғасты. Таразда түнгі клубтар күндіз той өткізіп жатыр екен.

Ұлттық кеңестің төртінші отырысы онлайн өтті. “Ұлттың үнін жеткізетін ашық алаң” деп аталатын сюжет кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен бастамаларын тізіп шықты. Кеңес төрағасы Тоқаевтың ұсыныстарына да көбірек тоқталып, сарапшылар президент айтқан негізгі тезистерді түсіндіріп берді.

2021 жылдың 10 қаңтарында ҚР Парламенті мәжіліс депутаттарын сайлау өтеді. Жүргізуші Жайна Сламбек алдағы сайлаудың өзгерістерін айтты. Аптаның басты саяси жаңалығына бөлек сюжет арнамады.

Ақордада Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші басқосуы өтті. Президент мәлімдемелерінен үзінді келтіріп, реформа бағыттары бойынша қандай жұмыс тобы құрылатынын хабарлады.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова Apta бағдарламасына сұхбат беріпті. Жүргізуші Жайна Сламбек әкіммен облыс экономикасы, мұнай көлемінің азаюы, экономиканы әртараптандыру, азық-түлік мен су тапшылығы туралы сөйлесті. Бұл сұхбаттың бірінші бөлімі екен. Ақпараттық мазмұны мол сұхбат.

Ұлттық кеңес отырысында адвокат Айман Омарова судьялар тарапынан адвокаттарға жасалатын қысым туралы айтқан. Жүргізуші алғысөзінде Айман Омарованың сол мәлімдемесінен үзінді келтірді. Ал сюжет ҚР судьяларының VIII съезіне арналды. Сот жүйесіндегі жемқорлық, судьялар тәуелсіздігі, судьяларға сенім мен олардың абыройы туралы айтты. Судьяларға арналған сюжетте екінші тарап — яғни судьялар жұмысынаб баға берер сапшыларды сөйлетпеді.

Әлеуметтік желілерде ағайындылардың түрмеде туған күн тойлап, есірткі қабылдап жатқан видеосы таралды. Осыдан кейін түзету мекемесінің бастығы қызметінен кетті. Сюжет Алматы облысындағы Заречное ауылында орналасқан түзету мекемелерінің жұмысына арналыпты. Сюжет кейіпкері — абайсызда адам өлтіріп, 10 жылға сотталған стоматолог. Түрмеге түскенінен кейін де осында стоматолог қызметін жалғастырып жатыр. Сюжетте жазасын өтеушілерді тінту барысында табылатын түрлі тыйым салынған заттар, сырттан кіргізілетін заттар мен сотталушылардың заңға қайшы әрекеттері туралы көп айтылады. Заречное ауылындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер мен олардың туыстары түрмеде азаптау оқиғалары туралы жиі хабарлайды. Алайда тілші сюжетте бұл туралы ләм-мим демеді. Құқыққорғаушылардың да комментарийі болмады.

Қазақстандағы жол-көлік апаттарының себебі неде? Бірінші себеп — масаң күйде көлік жүргізу екен. Қалған себептері қандай? Осы сауалға жауап іздеген сюжеттің алғысөзінде Алматыда блокбекетті көлігімен соғып, екі полицейдің өліміне кінәлі деп танылған Азат Азаматовтың 10 жылға сотталғаны айтылды. Азат Азаматов да Алматы қаласы полиция департаментінің бұрынғы қызметкері екен. Сюжет Алматыдағы тағы басқа, бірақ ұқсас оқиға: мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасап, салдарынан екі полицей көз жұмған оқиғадан басталды. Сарапшылар пікірінен құралған толымды сюжет болды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Red Jolbors 2020 коммуникация фестивалі аяқталды. Кімдер жеңді?

16, 17 және 18 қазанда Red Jolbors фестивалі онлайн-форматта өтті. Фестиваль аясында 30-дан астам спикер сөз сөйледі, Орталық Азияның ең үздік жобалары мен агенттіктері анықталды.

Орталық Азия аймақтық Red Jolbors коммуникация фестивалі биыл алғаш рет онлайн-форматта ұйымдастырылды. Jolbors Awards байқауының үздік жарнама кейстерін де онлайн анықтады. Байқауға 250-ден астам өтініш түсті. Соның 30%-ы шорт-тізімге ілінді. Барлығы 50 жұмыс қола, күміс және алтын марапатқа ие болды.

Айта кетерлігі, биыл әділқазылар алқасы екі Гран при жүлдесін тағайындады. Комерциялық жарнама Гран приін Mehnatsevar жұмысы үшін TBWA/Тashkent агенттігіне берсе, Grand Prix for good-ді My Name Is Enough жұмысы үшін Doping Creative Agency агенттігі алды.

Фестивалді ұйымдастыру комитеті келер жылдан бастап әлеуметтік бағыттағы және әлеуметтік аспектілері бар кейстерді бөлек санатта қарастыратын болды.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет фестивалдің бас демеушісі ForteBank тарапынан «Forte таңдауы» арнайы сыйлығы берілді. Бұл сыйлықты да My Name Is Enough жұмысы үшін Doping Creative Agency агенттігі алды.

Өзбекстандық TBWA/Тashkent — «Жыл агенттігі» атанса, Өзбекстан Республикасы — «Жыл мемлекеті» атанды. «Жыл агенттігі» және «Жыл мемлекеті» атағын сол агенттіктің не сол мемлекеттің жұмыстары жинаған ұпайлары негізінде анықтайды. Барлық жеңімпаздар тізімін мына парақтан көре аласыз.

— Биыл фестивалді онлайн өткізуге мәжбүр болдық. Алайда тап осы форматтың арқасында Red Jolbors өтіп келе жатқан тоғыз жылдағы ең мазмұнды білім беру бағдарламасын әзірледік. Awards қатысушылары да жақсы нәтиже көрсетті. Фестиваль тарихында Тәжікстаннан қатысушылар алғаш рет алтын марапат алды. Қырғызстандық қатысушылар ең қиын санаттардың бірі — Film санатында үш бірдей алтын жүлдеге ие болды. Биылғы қазылық қорытындысында, жаңадан Digital Product номинациясын енгіздік. Фестиваль жылдан жылға өзгеріп, жақсарып жатыр,-деді Red Jolbors продюсері әрі негізін қалаушылардың бірі Сабина Рейнгольд.

Фестиваль онлайн-форматта өтуіне байланысты Jolbors Education білім беру бағдарламасы өте-мөте мазмұнды болды. Қатысушыларға Google, Mail.ru Group, PepsiCo, Skyeng, Borjomi Global, Forbes Russia және тағы басқа көптеген мықты компаниялардың тәжірибелі сарапшылары, режиссерлер: Тимур Бекмамбетов пен Қанат Бейсекеев, сонымен қатар Дмитрий Тютьков, Максим Пономарев сынды атақты креатившілер сөз сөйледі, тәжірибесін баяндады, шеберлік сабақтарын өтті.

Jolbors Education аясында SETTERS коммуникация агенттігінің жеке секциясы да ұйымдастырылды. Ең үздік жарнама мектептерінің бірі —  MADS мектебінің стратегия, креатив пен аккаунтинг бойынша тәжірибелік уоркшоптары жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды.

Red Jolbors ұйымдастырушылары фестиваль күндері қатыса алмағандарға фестиваль жазбасын алып, спикерлерді тыңдау мүмкіндігін ұсынады.

Фестивалдің бас серіктесі — екінші жыл қатарынан Fortebank болды.

“Жаңа репортер” сайты – Red Jolbors 2020 коммуникация фестивалінің ақпараттық серіктесі. Фестиваль туралы барлық материалды мына парақтан табуға болады.

Жәнібек Нұрыш

Сторителлингтен сторидуингке. Марьям Ахунованың кеңестері

2009 жылы америкалық журналист Роб Уолкер ерекше тәжірибе жасады: ешкімге қажетсіз жүздеген затты сатып алып, жергілікті авторлардан сол заттарға хикая ойлап табуды өтінді. Қажетсіз заттар ішінде майонездің босаған құтысынан бастап хот-дог муляжына дейін бар. Әр заттың бірегей тарихи хикаясын ойлап тапқаннан кейін оны Ebay дүкенінде өз бағасынан 28 есе қымбатқа сатты. Бұл жоба — сторителлингтің маңызды екеніне және сторидуингке де мысал бола алады. Сторидуинг дегеніміз — адамдар өз бетінше қызық хикая болатын нәрсе жасауы.

Possible Group креатив директоры Марьям Ахунованың сөзінше, хикая ойлап тапқаннан гөрі бірнәрсе жасап, сол туралы айтқан дұрыс. Ол Red Jolbors 2020 сессиясында бұл жайында кеңінен әңгімеледі. «Жаңа репортер» сайты Марьям Ахунованың рекомендацияларын бір мақалаға жинақтады.

2000 vs 2020 тайталасы, Budweiser мысалында

Budweiser компаниясының мысалында соңғы 20 жылда жарнамаға көзқарас, жарнама жасау, идеялар қалай өзгергенін байқауға болады. Бұл ролик 2000 жылы шығарылды. Бәріміз де тентектік жасап, алаңғасарлануды жақсы көреміз, деген идеяны жеткізер ойдан шығарылған хикая өте танымал болып, «Канн арыстандары» сыйлығын жеңіп алды.

2018 жылдан бастап жағдай өзгере бастады. Шын оқиғаға негізделген әлеуметтік хикаялар мәнге ие болды. Budweiser компаниясы табиғи апаттан зардап шеккен адамдарға 30 жыл бойына көмек көрсетті: қаңылтыр құтыларға сыра орнына су құйып, өрт, дауыл, су тасқыны аймағында қалған мұқтаж адамдарға жіберді.

— Қазіргі әлемде бәрі керісінше болуы шарт: бренд бірнәрсе істеп, нақты әрекеттер жасауы міндетті. Нақты жасалған әрекет, яғнм «doing» негізінде шынайы коммуникация құруға болады. Нақты іс-әрекетте сторителлингке айналдырып, бұл туралы айту керек,-дейді Марьям Ахунова.

Сторидуингті қалай ойлап табуға болады?

Табиғи апаттан зардап шеккендерге 30 жыл көмектесуге әркімнің шамасы жете бермейтіні анық. Көптеген компаниялардың миллиондаған бюджеті жоқ. Нарықтағы негізгі ойыншылар қатарына да кіре бермейді. Алайда «ақша жоқ» деп, ештеңе істемей отыруға да болмайды. Сторидуингті диджитал әлемге аудару қажет.

Марьям Ахунованың презентациясынан скриншот

Сторидуинг қандай да бір мәселені шешіп, пайдасын тигізуі керек. Батыл әрі адамдар сол туралы айтып жүретіндей болуы шарт. Мұның барлығы көбіне диджитал-ортаға да тәуелді, сондықтан «бренд не істеуі тиіс» деген сауалға үнемі байланып қалуға да болмайды. Кейде аудиторияңызды қалай, қай жерде ұстап қалуға болатынын ойланыңыз. Таңдаған арна/формат/медиа бірегей шешімге әкелуі мүмкін.

Марьям Ахунованың презентациясынан скриншот

Лайық идеяны қалай ойлап табамыз? Креатив ойлануды дамытып, нұсқаларды іріктеп, таңдай білу қажет. Мәселен, елестетіп көрелік: сіздің бренд негізгі нәрсені жасауын доғарып, өзіне немесе аудиториясына қажет бірнәрседен бас тартып, тыйым салды, делік. Мысалы, Orea тәтті күлшелеріне тән дәстүр бар: күлшені алып, ыстық сүтке малып, үгітіліп кеткенше жеп үлгеру. Егер мұны жасауға тыйым салса, не болмақ?

Тағы бір мысал: жеткізу қызметі бір күнге жұмысын тоқтатып, тауар жеткізуін доғарды, делік. Неліктен? Сол күні не істейді? Басқа нәрсе жеткізе ме? Мұны неліктен жасады? Бірдеңені қолдау үшін бе?

Марьям Ахунованың презентациясынан скриншот

Жайлы зонадан шығуға тырысып көріңіз. Күйзеліс жағдайларына мысал ойлап тауып, бұл қоғамға қалай көмектесуі мүмкін екенін ойланыңыз. Мәселен, медиада салмақты орныңыз бар. Белгілі бір уақыт жиілігінде (күнде, аптасына, айына) әр хабарламыңыздың астына жоғалған баланы іздеу туралы ұран қосып жариялайсыз.

Сторидуингты ойлап табудың тағы бір жақсы тәсілі — көрсеткіштерді ойнату. Егер бағасы, өлшемі, салмағы өзгерсе, онда брендке не болмақ? Бәлкім, өте үлкен бірнәрсе дайындау керек шығар. Не үшін? Бәлкім, әлдекімдерді тамақтандыру үшін бе?

Марьям Ахунованың презентациясынан скриншот

Екі бағанадан тұратын кесте жасаңыз. Өніміңіз не нәрсеге ықпал ететінін және ықпал етпейтінін жазып шығыңыз. Осыларды байланыстырса, не болмақ? Миымыз белгілі бір форматтар бойынша жұмыс істеуге үйренген. Мұндай бейстандарт әрекеттер миға «қозғау салып», жаңа идеяларға, күтпеген шешімдер мен креатив ойларға жетелейді.

Диджиталдағы сторидуинг

Марьям Ахунованың презентациясынан скриншот

Осыған ұқсас кампаниялар мен идеялардың көбі аудиторияңызға тән нақты диджитал-әдеттерден негіз алады. Ойланыңыз: аудиторияңыз қайда отырады, көбіне не көреді, қандай контентті шертеді? Міне, осыдан диджиталдағы мықты сторидуинг жасауға болады. Бұл мынадай нәрселер болуы мүмкін:

Медиаформаттар

Медиаформатты сторидуингте қолданудың бір мысалы — БЦС-мен (ДЦП-орысша атауы) ауыратын балалардың жазған шрифті.

Үлкен деректер

Әйелдердің жол-көлік оқиғасынан зардап шегу ықтималдығы ерлерге қарағанда 71% жоғары. Неліктен? Өйткені, краш-тестілер ондаған жылдар бойына еркек қуыршақтарға жасалған. Жағдайдың шешімін табуға қолдану үшін Volvo өз краш-тестілерінің деректерін жариялады.

Ерекше орындар

Жануарларды паналататын орталық Spotify-дан опера, хип-хоп және тағы басқа музыка тыңдап, рахаттанған иттерді көрсетті.

Әдепкі жүріс-тұрысқа астыртын қарсылық

Audi компаниясы қозғалыс жылдамдығыңызды сағатына 40 шақырымнан асырсаңыз, сайттардың ашылуын бұғаттайтын арнайы код жасады. Компания бұл кодты баршаға қолжетімді ету үшін, ашық жариялап, басқа компанияларды өз парақшаларына кодты орнатуға шақырды.

Марьям Ахунованың сессиясы Red Jolbors 2020 коммуникация фестивалінің Digital секциясы аясында өтті. «Жаңа репортер» сайты — фестивалдің ақпараттық серіктесі. Фестиваль туралы барлық материалды мына парақтан табуға болады.

Жәнібек Нұрыш

Сайтты БАҚ ретінде тіркету: ұтымды тұстары мен кері салдары

«Жаңа репортер» сайтының «Сұрақ-жауап» тұрақты айдарында желілік басылымды қалай тіркетуге болатынын түсіндіреміз.

СҰРАҚ: Пандемияға байланысты қаржылық жағдай нашарлап, мерзімді баспасөз басылымы — журналымызды жабуға мәжбүрміз. Журнал БАҚ ретінде тіркелген. Сайтымыз да бар. Хостингіміз шетелде орналасқан. Жабылған журналымызға ақылы негізде материал жариялап келген серіктес-компаниялардың материалын енді сайтта жариялау үшін сайтты БАҚ ретінде тіркету керек пе? Банктегі есепшот арқылы ғана төлем жасаймыз. Біз БАҚ ретінде тіркелуге жататын желілік басылымбыз ба, жоқ па? Нақты салалық тақырыпқа негізделген сайтпыз. 

ЖАУАП: Қазір сайтты БАҚ ретінде тіркету — ерікті түрде жүзеге асады. Меншік иесі сайтын БАҚ ретінде тіркету не тіркетпеу туралы шешімді өзі қабылдайды. Сайтты БАҚ ретінде тіркетудің мынадай артықшылықтары бар:

  • тендерлерге, байқауларға қатысу мүмкіндігі;
  • журналистерді аккредитациядан өткізу;
  • ақпарат сұратудың басқаша тәртібі;
  • «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 26-бабы —
    Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауаптылықтан босатылатын жағдайлар мүмкіндігі;

Ал сайтты БАҚ ретінде тіркетудің кері салдарлары:мониторинг және бақылау деңгейінің жоғары болуы, редакция мен лауазымды тұлғаларға қосымша жауапкершілік жүктеледі. БАҚ редакторын тағайындаудың да арнайы талаптары бар.

БАҚ мәртебесінің болуы не болмауы жарнама қызметіне еш ықпал етпейді. Тауарлар мен қызметтер жарнамасына шектеулер және арнайы талаптарды (мәселен, дәрілік заттарды, биобелсенді қоспалар (БАД), қаржылық қызметтер және т.б.) жарнама таратудың барлық арнасында орындау міндетті. Интернетте жарнама орналастырудың айрықша талаптары әзірге жоқ.

Егер сайтты БАҚ ретінде тіркету қажет болса, онда желілік басылым немесе ақпараттық агенттік ретінде тіркетуге болады. Екі нұсқаның қай-қайсысында да сайт хостингі Қазақстан аумағында орналасуы міндетті. Бұл — міндетті шарт. Мұны орындамау — БАҚ-ты есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеліп соғады.

Мерзімді баспасөз басылымының немесе ақпараттық агенттіктің не желілік басылымның шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, мерзімді баспасөз басылымының немесе ақпараттық агенттіктің не желілік басылымның өнімін шығару мерзімін өткізіп алған, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымының немесе ақпараттық агенттіктің не желілік басылымның өнімін шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкілетті органның шешімімен мерзімді баспасөз басылымын немесе ақпараттық агенттікті не желілік басылымды есепке қою туралы куәліктің күші жойылды деп танылады. Не болмаса, әр үш ай сайын мерзімді баспасөз басылымының шектеулі тиражын шығарып отыру қажет.

ТҮЙІН:

— Сайтты БАҚ ретінде (желілік басылым не ақпараттық агенттік) есепке қою туралы шешімді меншік иесі өзі ерікті түрде қабылдайды;

— БАҚ ретінде тіркетудің екі ұшы бар;

— БАҚ мәртебесінің болуы не болмауы — жарнама қызметіне ықпал етпейді. Жарнама орналастыру — журналист пен редакция саясатына көбірек қатысты болады.

— Сайтты БАҚ ретінде есепке қойсаңыз, онда сайт хостингі Қазақстан Республикасы аумағында орналасуы міндетті.

Жәнібек Нұрыш

Коронавирус толқыны, Абай ескерткіші және әйелдерді кінәлау. 12-18 қазан апталық бағдарламаларға шолу

12-18 қазанды қорытындылаған апталық бағдарламалар әлемде коронавирус індетінің екінші толқыны басталғанына және Қазақстандағы жағдай қандай екеніне назар аударды. “7 күн” мен Apta бағдарламалары ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстан облысына сапарын көрсетіп, алимент өндіру мен Қарағанды облысындағы жер дауына сюжет арнады.

Ал “Басты бағдарлама” редакциясы шенеуніктерді жемқорлыққа кім итермелейтінін анықтап, бірақ “кінәліні” сөйлетпеді.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Бағдарлама тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдауынан басталды. Олар партия праймеризінің нәтижесін талқылапты. Осылайша “7 күн” авторлары партия басшылығының кездесуін аптаның басты тақырыбына айналдырды.

Жүргізуші Ринат Думанұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апталық қызметіне шолуын бастамас бұрын, “Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің құрметті төрағасы” Нұрсұлтан Назарбаев ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты да қабылдағанын атап өтті.

Қазіргі президент бөлімінің алғашқы тақырыбы — мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары. Қасым-Жомарт Тоқаев Семей өңіріне сапарында Абай музейіне барып, ұлы ақынға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, абайтанушылармен кездесіпті.

Сюжеттің елең еткізер тұсы — Абай Құнанбаевтың аталас туысы Манатай қариямен сұхбат. Тілші Шынар Досанқызының айтуынша, бұл кісі “Абай жолы” роман-эпопеясының жазылуына куә болған.

Сюжеттен кейінгі топтама Ақордағы кездесулерден құралып, президент Тоқаев апта ішінде кімдерді қабылдағанын шолып шықты.

Коронавирус тақырыбы бағдарламаның ортасына ығысып, 23-минутында кезек жетті. Бағдарлама тілшісі Ерболат Қайыржан мониторинг топпен бірге елордадағы ХҚО-ға рейдке шығып, облыстарда енгізілген шектеу шараларына сюжет әзірлепті.

“7 күндіктер” әлемдегі коронавирус ахуалы қандай екеніне бөлек сюжет жасапты. Мұнда да тілші Ерболат Қайыржан Испания, Франция, Израиль, Чехия, Германия, Иран, Хорватия, Нидерланд, Швеция және АҚШ-тағы эпидемиологиялық жағдайға жеке-жеке тоқталып, аталған мемлекеттерде жағдай ушығып тұрғанын баяндады. Осы сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Ринат Думанұлы әлемдік жағдайды бейнелер статистиканы хабарлады.

Алимент өндірудің жаңа шарттарын түсіндіретін сюжет “Қазақстан — ажырасу жөнінен әлемде оныншы орында” деп басталды. Тілші Ақбөпе Тәңірберген ажырасуға не себеп болатынын, психологиялық факторлар туралы сарапшылардан сұрапты.

Алименттен кейінгі тақырып — Қазақстандағы еріктілер қозғалысының жұмысы. Сюжетке ҚР президенті Қ. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында “Волонтерлердің халықаралық жылын жариялау” ұсынысын да қосыпты.

Бағдарламаның соңғы сюжеті — жол құрылысының сапасы. Тілшілер «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласының көшелерін жөндеу жұмыстарын тексерді. Алматыдағы жөнделген жолдарды да көрсетті. Сюжетте сарапшылар, екі қаланың тұрғындары жол сапасына қатысты назын айтыпты.

“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”

Коронавирустың жаңа белгісі, әлемдегі екінші толқын, Қазақстандағы ахуал. “Басты бағдарлама” эфирі осы тақырыптан басталып, жүргізуші Берік Дүйсенбай астанада енгізілген шектеу шараларын баяндады. Көп мәліметті графика түрінде көрсетті.

Карантинде желі алаяқтары көбейіпті. «Жердегі емес, желідегі қылмыс болған соң, алаяқтардың аяғына тұсау салу оңай емес» деген жүргізуші статистиканы да сөйлетті. Адамдар қалай алданатынын, әлеуметтік желілерге ақпарат жариялағанда нені ескеру керек екенін айта келе алаяқтардан қалай сақтануды да түсіндірді. Нақты мысалдары мен сарапшылар пікірі бар шағын сюжет.

Желі алаяқтары тақырыбы қарыз өндіруші коллекторларға ойысты. Елімізде 2017 жылы “Коллекторлық қызмет туралы” заң қабылданды. Сол заң қалай орындалып жатыр? Тілші Нұржан Сәдірбай осы сауалдың жауабын сарапшылардан сұрайды. Коллектор шектен шықса не істеу керек екенін де айтады. Алайда коллекторлар мен сот орындаушыларынан түрлі дауға не себеп болатынын сұрамады. Сюжетте төбелесу, әлімжеттік жасауды бейнелейтін бірнеше видео көрсетті. Алайда тілші видеодағы оқиғаны еш түсіндірмеді.

Жүргізуші Берік Дүйсенбай “Борат-2” фильмі туралы түрлі пікірлерге жеке сюжет дайындапты. Сюжетте алғашқы “Борат” фильміне қарымта фильм түсіруді айтып, Қазақстанда жұмыс істейтін америкалықтың да пікірін сұрапты. “Хайпқа хайппен жауап беру” туралы ұсыныстар, сатира деңгейі мен қазақстандықтардың желідегі белсенділігін де көрсетті.

“Басты бағдарламаның” соңғы сюжетінде әйелдерді кінәлау байқалды. “Шенеуніктерді жемқорлыққа итермелейтін үйдегі әйелдері ме” деген сауалды ортаға тастайтын сюжетті Тілші Гүлнәзия Жалғасқызы жасаған. Аңдатпасында “Тендерге гендер”, “лауазым иелері әйелдеріне сыйлыққа тендер әперетін болған» деп айтқан сюжетте тендер туралы бір ауыз сөз жоқ. Нақты дерек те келтірмеді.

Сюжет тақырыбы — «Бәріне әйелдер кінәлі». Тақырып объективтілік, журналист этикасы шарттарына қарама-қайшы. Ал сюжетте сарапшылар “әйелдердің тойымсыздығы ер адамдарды жемқорлыққа жетелейді” деген пікір айтады.
Мемлекеттік қызметкердің жемқорлығына әйелдерін кінәлі еткен сюжетте тым болмаса әйелдерді сөйлетпейді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы әдеттегідей елдегі Covid-19 және коронавирусты пандемия статистикасынан басталып, әлемдегі қатаң карантин және елдегі рейд, карантин талаптарын бұзу оқиғаларын көрсеткен сюжетке жалғасты. Қазақстанда коронавирустың ықтимал екінші толқыны неліктен қараша-желтоқсан айларында келетінін түсіндіріп, карантин шараларын сақтау маңызын мейлінше жіті түсіндірген толымды сюжет болды.

Өткен бейсенбіде Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков отставкіге кетті. Жүргізуші Жайна Сламбек оның отставкісі туралы айта келе, қырғыз билігіндегі қазіргі ахуалды да баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарына арналған сюжетте: президент Абай музейін аралағанын, Абай және ұлдарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқанын, абайтанушылармен кездескенін, облыстағы тұрғын үй құрылысымен танысқанын, Жидебайдағы “Абай-Шәкәрім” мемориал кешеніне барғанын тізіп шықты.

Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс талқыланып жатыр. Жүргізуші жаңа кодекстегі өзгерістерді айтты. Сосын ШҚО-дағы гидрогеологиялық ұңғымылар туралы сюжет шықты. Бұл ұңғымалар кеңес заманында қазылған. Біразын жапқан, ал әлі күнге ашық тұрғандарынан тоқтаусыз су шығып жатыр. Тұрғындар су ысырап болып жатқанын, ал гидрогеологтар жерасты суларының көлемі азаятынын айтады. Сюжетте барлық тарапты сөйлетіп, ауыз су тапшы ауылдарды да көрсетті.

Келесі сюжет Қарағанды облысындағы жер дауына арналыпты. Баршын ауылының тұрғындары телеарна редакциясына хабарласып, көмек сұраған. Ауылдың жайылым жері конкурс негізінде көрші ауылдағы кәсіпкердің меншігіне өткен. Тұрғындар енді мал жаятын жер қалмайды, деп қауіптенеді. Мейлінше толымды жасалған сюжетте барлық тарапты сөйлетеді, алайда жерге иелік ету құқығын жеңіп алған кәсіпкерлер тарапынан комментарий алу мүмкін болмапты.

Көне Сарайшық қаласының аумағынан ерекше мазарат-кесене табылды. Бұл Қасым ханның қабірі болуы мүмкін.

Бағдарлама қызық ақпаратпен түйінделді. Жүргізуші Жайна Сламбек Wildlife Photographer of the Year жабайы табиғат байқауының биылғы жеңімпаз фотосуреттерін таныстырды. Жеңімпаз фотолар ішінде Қазақстан жоқ, әйтсе де фотосуреттер өте әдемі екен.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.