Домой Блог Страница 38

Жалған ақпаратпен күрес: дәстүрлі фактчекингтен басқа қандай тәсілдер бар?

Дәстүрлі фактчекинг – өте ауқымды жұмыс, алайда түпкі нәтижесі ойлағанымыздай бола бермейді. Нақты фактілер жалған ақпаратқа қарсы тұра алмай жатады. Фейк жаңалықтар сол фейк жаңалықты теріске шығаратын ақпараттан мыңдаған есе тез таралады. Жұртшылық фактчекерлердің көлемді зерттеу-тексеруінен гөрі қастандық теориясы, жақындарының өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлайтын эмоционалды хабарламаларды жиі бөліседі. Демек, дәстүрлі форматтағы фактчекинг жалпыға жете бермейді. Сондықтан да фактчекерлер контентін жұртшылық фейк жаңалықтармен салыстырғанда жиі бөлісетіндей етіп жасауы қажет-ақ.

«Жаңа репортер» жыл сайын өтетін ISOJ2020 конференциясында айтылған дәстүрлі фактчекингті алмастырар форматтар туралы ой-пікірді жинақтады. Сессия басталмас бұрын БАҚ-пен жұмыс істеу орталығының директоры әрі дискуссия модераторы Талия Страуд фактчекерлерге кеңес айтты:

  1. Жалған ақпаратқа сенетін адамдардың кім екенін, олар қайда жүретінін анықтаңыз. Фейкке сенгендерге фактчек нәтижесін көрсету үшін бұл да өте маңызды.
  2. Форматтарды түрлендіріп, аудитория назарын аударуды үйреніңіз. Аудиторияңызды мейлінше қызықтыруға тырысыңыз.
  3. Жалған ақпараттың таралуын бөліп қарастырыңыз. Мәселен, қанша адам жалған ақпаратты Twitter арқылы алады, қаншасы e-mail хаттан оқиды. Қанша адам мәтінді оңай қабылдаса, қаншасы суретегі ақпаратты жеңіл қабылдайды?
  4. Тәжірибе жасаңыз. Дәстүрлі фактчек – қиын да күрделі жұмыс, бірақ сіз басқалармен бірігіп, тексерілген ақпараттың таралуын оңайлатар стратегия ойластырыңыз.

Крейг Сильверман, медиаредактор, BuzzFeed

Небәрі алты жыл ішінде әлемдегі фактчекинг редакцияларының саны жеті есе өсті. 2014 жылы 44 фактчекинг редакция болса, 2020 жылы олардың саны 290-ға жетті. Көптеген елде журналистер, редакциялар фактчекингпен айналысады. Бұл – жақсы жаңалық.

Facebook әлеуметтік желісіне арналған фактчекингпен айналысатын серіктестер картасы.

Мына картада Facebook үшін фактчекингпен айналысатын серіктестер көрсетілген. Серіктестердің міндеті – алгоритм таңдайтын виралді контенттерді тексеру. Егер ақпарат расталмаса, онда қолданушы тексерілмеген ақпаратты бөліскені туралы хабарлама алады. Алайда жалғыз демеушісі бар жүйенің кемшін тұстары бар. Мәселен, Facebook саясаттанушыларды тексеруді сұрамайды. Бұл — назар аударарлық нәрсе, өйткені фактчек нақты бір тараптың ғана мүддесіне қызмет етпеуі керек.

— Біз дереккөзі кім, мұндай жалған ақпаратты тарату кімге тиімді, фейктер таратудың экожүйесі қандай, олар қай технологияны қолданды, деген сияқты сұрақтың жауабын ойланып, тереңінен талдауымыз қажет. Егер жалған ақпараттың түп-тамырын тереңінен қазбаламасақ, онда мәселенің түбіне жетпейміз,-дейді Крейг Сильверман.

Ақпаратты жай тексеріп қоя салуға болмайды. жалған ақпарат туралы шындықты да айту керек.

Мұны қалай түсінеміз?

  • Күмәнді белсенділікті тексеру. Трамптың саяси кеңесшісі Роджер Стоунға айып тағылған соң, Facebook әкімшілігі кеңесшіге қатысы бар көптеген аккаунтты бұғаттағанын мәлімдеді. Мұндай күмәнді белсенділік ақпарат кеңістігін былғады.
  • Нашар актерлерді әшкерелеңіз. Тексерілмеген, жалған ақпарат таратудың арғы жағында кім тұрғанын, не үшін таратып жатқанын анықтауға тырысыңыз.
  • Адамдар қолданатын жаңа жүйелер мен әдіс-тәсілді анықтаңыз. Маркетинг те жетіліп, мың құбылып жатыр. Соның бір мысалы – өмірде бар шын адамдардың аккаунттарын сатып алу не жалға алу. Бұл аккаунттар түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін: жарнама арқылы пайда табу, жалған ақпараттық шу жасау. Журналистер мұндай эмоционалды қақпандарға түсіп қалмауы керек.

Дон Хейдер, Markkula қолданбалы этика орталығының атқарушы директоры

Жалған ақпаратпен күрес майданындағы журналистерге айтарымыз:

  1. Шым-шытырық оқиғалар туралы ақпарат таратқанда қарапайым амал-тәсіл таңдауды доғарыңыз. Қазір онлайн-басылымдар жаңалықты мейлінше тез таратуды ойлайды, қысқа жаңалық қазіргі жұмыстың жаңа принципіне айналды. Алайда мұндай тәсіл оқиғаны тым қарабайыр етеді. Тағы бір жайт, журналистер өзі әбден үйреніп қалған форматтарда жұмыс істейді: бірінші және екінші тарапты сөйлетеді, мәселені айтады, бірнеше шешімін көрсетеді. Мұны аудитория талқылайды, медиамамандар мұндай материалды қалай дайындауды жақсы меңгерген. Алайда бұл оқиғаны әрдайым әділетті қырынан көрсете бермейді. Ақпарат таратушылар да осы тәсілді қолданады, сондықтан көптеген оқиға әлдеқайда күрделі екенін, дәстүрлі шеңберге сыймайтынын түсіну маңызды.

Шындық сэндвичі: Егер жалған хабарлама көрсеңіз, оны қайталауға не мұның фейк екенін айтуға асықпаңыз. бірінші шын деректен бастаңыз, өйткені алғаш айтылған ақпарат басымдыққа ие. содан кейін фейк туралы айтыңыз, тым кәсіби сөздер қолданбаңыз. Сосын шын деректі тағы қайталаңыз. өтірікті емес, ақиқатты көбірек айтыңыз.

  1. Адамдардың бастан өткізген оқиғасын, өмірінде көргенін қалай баяндауға боларын ойланыңыз. Журналистер оқиғаға эмоция қосу үшін адамдардан нақты оқиға қалай әсер еткенін сұрайды. Өткен тәжірибе деректерді тексеру тәсілі бола алады. Сарапшылар айтатын мәселелерді түсіндіру үшін адамдармен әңгімелесіңіз. Бұл туралы не ойлайтынын, нені қалайтынын, қалай көмектесуге боларын сұрау – ынтымақтаса әрекет етудің бір формасы.

Журналистикадағы ынтымақтаса әрекет ету – журналист кейіпкерінің жан жарасын ғана көрсетіп қоймай, оның ой-пікірін, неге мұқтаж екенін сұрап, неліктен бұлай болғанын талқылайды. Мысалы, үй-күйсіздер туралы материалда екінші тарап жоқ, сондықтан дәстүрлі форматтарға келмейді. Мұнда сарапшыларға жүгінеміз, алайда сол кейіпкердің өзі де сарапшы ретінде пікірін айта алады.

  1. Журналист жалған ақпаратты анықтауы үшін сауаттылықтың бірнеше түрін меңгеруі қажет:
  • Әлеуметтік медиасауат. Жалған ақпарат таратушылар толық ақпаратты алуға тырыспайды, олар оңай әсер етер эмоцияны айтады. Бұл ойланып шешім қабылдаудан бас тартқызар қару.
  • Ғылыми сауат. Егер ғылыми мақаладан дәйексөз келтірмек болсаңыз, онда бұл препринт, яғни баспаға дейінгі мақала емесіне көз жеткізіңіз. Препринт – ғылымның және ғылыми мәлімдеменің бастапқы сатысы. Мұндай мақаладағы тезистер тексеруден өтпеген. Егер жарияланым тексерілсе де осы тақырыпта басқа да зерттеулер болған/болмағанын анықтаңыз, сіз айтқалы отырған нәтижелер расталған не расталмағанын біліңіз.
  • Интеллектуалды сауат. Бұл қандай да бір контентті тұтынғанымызда санамыздың манипуляциядан сақтануы, алаяқ қақпанына түсіп қалуға қарсылығы.

Кристина Тардагила, Poynter ақпаратты тексеру халықаралық желісі директорының орынбасары

Кристина Тардагила сөзін «Панелді дискуссияның басты сұрағы: фактчекингтен басқа не істей аламыз?» болып отыр. Жауабым – фактчекингті көбейту керек» деп бастады.

Пандемия басталғанда Пойнтер базасында әлемнің барлық фактчекинг редакцияларын біріктірген #CoronaVirusFacts Alliance бірлестігі пайда болды. Бұл 24 қаңтарда Тайвань редакциясындағы әріптестердің бірі хабарласып, басқа елдерде де коронавирус туралы фейктер көп таралып жатқанын не жатпағаны жөнінде сұрау салуды өтінгенінен кейін құрылыпты. Шақыртуға 30-ға жуық редакция үн қатқан.

Мұндай мысалдар бұған дейін де болған. Түрлі елдердің фактчекерлері бірігіп, сайлауға, саяси отырыстарға және тағы басқа маңызды оқиғаларға байланысты қауесеттерді терістеу үшін күш біріктірген. Бұл жолы жағдай қиын болды, өйткені бұрын фактчекерлер мұның уақытша екенін түсінетін, сайлау өтеді, жиын аяқталады. Қауесет те тоқтайды. Ал мына пандемия қашан аяқталарын ешкім білмейді.

Қазір альянста 99 ұйым бар, олар 40 тілде 8000 фактчек жасады. Демек, тағы да фактчекерлер керек. Олар мейлінше тезірек күш біріктіруі қажет, өйткені көп фактчек жасауға аз адамның шамасы келе бермейді. Қазір фактчекерлер қатарына зерттеушілерді қосу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

— CongoCheck редакциясын мысалға алайық. Фактчекерлер көше-көшені аралап, тұрғындардың телефон нөмірін жинақтайды және оларға зерттеулерін SMS арқылы жібереді. Конгода интернет өте қымбат, тұрғындардың көбі интернетке қосылмаған. Адамдар өліп жатқанда біз жаңа амал-тәсілдер іздеп, күш біріктіріп, тез әрекет етуіміз керек,-дейді Кристина Тардагила.

Фактчекинг тәсілдерін өзгерту мәселелері талқыланған сессия ISOJ2020 конференциясы шеңберінде өтті. Сессияның ағылшын тіліндегі жазбасын мына видеодан көре аласыз.

Жәнібек Нұрыш

Мультимедиалы тренингке арналған 10 сервис

Мультимедиа тренді жалғасып жатыр: жақсы инфографика мәтінді мәнді етеді, ал интерактив құралдар онлайн-тренингтің сәнін кіргізеді.

e-Learning студиясының жетекшісі, онлайн оқытуды енгізу бойынша маман Светлана Пономаренко офлайннан онлайнға көшуді үйретер тренинг өткізді. Онлайн оқытатын әрбір адам білуі керек мультимедиалық құралдар туралы айтып берді.

Сервистерді қолдану бойынша және тағы басқа тақырыптас оқу курстарын, лекция жазбалары мен онлайн-сабақтарды посттренинг бетінен табасыз.

Виртуал тақталар:

  • Google Jamboard — жазуға, стикер жіберіп, сурет қоюға арналған ең қарапайым тақта. Толтырылған тақтаны png және pdf форматтарында жүктеп алуға болады.
  • Padlet — алдыңғы тақтамен салыстырғанда функциясы көбірек сервис. Нақты бір макетті таңдай аласыз. Енгізілген ақпаратты өзі жинайды. Тренинг қатысушыларымен танысуға, хабарландыру жасауға оңтайлы тақта.
  • Miro— мультимедианы жетік білетін қолданушыларға арналған тақта. Шағын топтармен жұмыс істеуге ыңғайлы үлкен жазық тақтасы бар. Ақылы нұсқасының функциясы көп (тарифі бір адамға айына 8$-дан басталады. ). Тақтаны редакциялау үшін тіркелу қажет.

Тестілеу

  • Pruffme — жұртшылық бұл платформаны вебинар өткізуге арналған сервис ретінде біледі. Алайда осы платформада тест жасауға да болады. Интерфейсі түсінікті, нәтижесі де жақсы.
  • Kahoot — жеке және топтық тест жасауға арналған ең танымал сервис. Kahoot базасындағы ашық та қанық түстері бар жылдам тестілеу үлгілерін тренингтердегі интерактив үзілісте жиі қолданады.
  • Quizizz — алдыңғы сервиске ұқсайды. Бір айырмашылығы: тіркелу барысында оқытушы екеніңізді көрсетсеңіз, онда кеңейтілген функционалын пайдалануға рұқсат аласыз.

Интерактивтер:

  • Quizlet — терминдерді есте сақтауға арналған карточкалар жасауға болады. Карточка мысалдарын көріп, өзіңіз де карточкалар жасау үшін тіркелу қажет. Дайын карточкаларды сайтқа қоюға болады.
  • Branchtrack — әдемі диалог тренажерлерін жасайды. Тегін нұсқасында бір ойын құрастыруға болады. Базалық кейіпкерлер мен локациялар бар. Ақылы нұсқасында алуан түрлі тренажерлер жасауға, фон және кейіпкерлер қосуға болады.
  • Online test pad— тест, сауалнама, курс жасауға арналған абсолют тегін сервис. Көптеген сұрақ типтері бар.
  • H5p — интерактив видео жасауға, орнынан жылжыту форматындағы (drag’n’drop) тапсырмалар орындауға және тағы басқа түрлі әрекеттер істеуге арналған сервис. Дайын нәтижені сайттағы материал ішіне қосуға болады.

Светлана Пономаренконың офлайннан онлайға көшу тренингі — Internews ұйымдастыратын «COVID-19 кезеңінде онлайн оқуды үйренеміз» циклді тренингтерінің бір бөлігі.

Бұл жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асты.

Жәнібек Нұрыш

Атауы — өткір, айтары — жалпақ. “Неге?” ток-шоуына не жетіспейді?

Қазақстан медиасында, соның ішінде телевизияда өткір саяси-ток шоулар азайып кеткен еді. Сондықтан болар, 31 арнада жарқ етіп шыққан «Неге?» әлеуметтік-саяси ток-шоуы бірден назар аудартты. Бүгінгі дейін ток-шоудың алты шығарылымы эфирден көрсетілді. Медиасыншымыз Бэлла Орынбетова соның барлығын көріп, тақырыпты ашу, мықты спикерлер шақыру, өткір сюжеттер беру тұрғысынан бағамдады.

«Неге?» ток-шоуы — 31 телеарнаның жаңа жобасы. Синопсисінде айтылғандай, бағдарламада елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелері талқыланады. Ток-шоу қатысушылары — республиканың танымал азаматтары, өз саласының мамандары және қарапайым қазақстандықтар. Мақсаты — билік пен халық арасында диалог орнату.

Талқылау емес, мақұлдау көбейді

Әуелі спикерлеріне тоқталайық. Гендерлік теңсіздік бірден көзге ұрады. Бағдарламаның алты шығарылымына бас-аяғы 24 спикер шақырылса, олардың тек 4-і әйел. Әлеуметтік-саяси мәселелер еркектердің еншісінде ме әлде әлеуметтік-саяси жағдайдан хабардар әйелдер аз болғаны ма, деген сауал туындауы заңды.

Бастапқыда бағдарламаның жүгін көтерген, нық позициясы бар спикерлер: Дина Елгезек, Рысбек Сәрсенбай, Қасым Аманжол шықты. Кейінгі шығарылымдарда спикерлер сұйылды. Бағдарлама Алматыда түсірілетіні себепті шақырылатын қонақтар аясы да тар. Айтар ойын қазақша жатық жеткізер спикерлер тапшылығы да байқалады.

Өз саласында эксперт ретінде мойындала қоймаған мамандарды шақыру бағдарлама салмағын төмендетпей ме? Әлде ток-шоуға саясаттанушы ретінде шақырылған Расул Жұмалы, Әзімбай Ғали сияқты тұлғалар көрермендерге эксперт ретінде әдейі таңылып жатыр ма?

Ток-шоудың «Үкімет пен әкімдер президенттің айтқанын орындай алды ма?» деп аталатын алтыншы шығарылымында басты оппонент тек жүргізуші-журналистің өзі болғандай әсер қалдырды. 

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар ҚР Денсаулық министрі А. Цойдың “Әлеуметтік желідегі негатив 10 пайыз аспасын” деген нұсқауына қатысты пікір білдірді. Оған саясаттанушы Әзімбай Ғали: 

– Сынамаңдар әкімшілік жүйені. Біз демократияға қадам басып жатырмыз бірақ. Әр әкім, қызметтегі адам сынағанда жақсы көрмейді. Сынамаса жұмыс көрінбейді,–

деп жауап берді (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Барлық спикер осы ойды бірауыздан қолдады. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Барыс Жаппаров бас шұлғыды. Дәрігер Қайырғали Көнеев те “Цойдың айтқаны дұрыс” деді. Заңгер Орынбасар Тілепберген:

“Бұл Авиценнанның айтқаны ғой. Тіпті пандемия кезінде рақмет айтатын екі орган бар, ол – денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер органдары,–

деп қостады (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Дәрігер Көнеев: 

– Келісемін. Ішкі істер министрлігі эпидемия кезінде ең төмен көрсеткіш. Басқа ведомстволарға қарағанда ең жақсы дайындалған. Сіз сұрадыңыз денсаулық сақтау министрлігіне кімді тағайындау керек деп. Ішкі істер министрін тағайындасақ коррупция да бітеді, профессионалдар да өседі

,-деп қосыла кетеді (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Эфирдегі пікірталастың бар мазмұны бір пікірге тоғысты. Бұдан гөрі әлеуметтік желідегі жазбаларды оқу қызығырақ болар еді. 

Youtube каналындағы осы шығарылым видеосына Рауан Әлімбай атты көрермен: “Өңкеи түе құстар мыңғырлап қуды бәрі құмға басын тығып алып» деген коммент қалдырыпты. Ал Бекболат Паруов деген қолданушы: «Ерқанат Көпжасар кімдерді шақырып алғаңсыз бірыңғай жағымпаздар бір дұрыс жауап бере алмады неден қорқады бəрі ауыссын” деп пікір жазған (қолданушылардың жазған комментарийі қаз-қалпында берілді — авт.).

Сюжеттер мақтауға лайық

Бағдарламаны өткір етіп, тұздық ретінде қолданылатын сюжеттер туралы айталық.

Ток-шоу командасындағы журналистер біліктілігі бірден байқалады. Қажет кадрды таба білу, шебер монтаждау, ойын батыл жеткізуі көрермен ғана емес, қонақтардың да көңілінен шығып жатады.

Бағдарламаның ең алғашқы эфирі “Парламентке оппозициялық партия неге керек?”  тақырыбына арналды. Парламент депутаттарының қызметін сынға алған сюжет көрсетілді.

Журналист: «Шетелдік  парламенттерде оппоненттермен келіспесе, жұдырық жұмсауға, өз мандатын қайтарып беруден тайынбайды. Ал қазақстандық парламент депутаттары «өте ұстамды, аса сабырлы» — дей келе ұйықтап отыратын депутаттарды сынға алады. Сюжет соңында Сенат отырысынан үзінді көрсетті: Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев  дауыс беруді қорытындылайды:

«Қатысып отырғандар — 46, жақтағандар — 46, шешім қабылданды».

Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев сюжетті көріп тұрып, жымияды.

— Осының бәрін теріп, құрастырған үлкен еңбек, соған риза болып тұрмын. Қанша дегенмен журналистердің еңбегі ғой,-

дейді.

Ток-шоуда көрсетілетін видеосюжеттер сапалы, діттеген жеріне дөп тиеді. Өкініштісі — соңғы шығарылымдарда видеосюжет мүлдем жоғалып кетті. Әлеуметтік желідегі жазбаларды көрсетіп қана шектеліп жүр.   

Осы айтылған «Парламентке оппозициялық партия неге керек?» шығарылымында сайлаудан соң наразы болған, митингке шыққан адамдарға, оларға күш көрсеткен полиция қызметкерлерінің әрекетіне ауысады.

Кадрда: бес-алты полиция қызметкері бір ер адамды өңгеріп алып, әкетіп барады, еңіреп полиция қызметкерінің аяғына жығылған әйел. Осы сәтте төрт спикер де экранға қарайды. Билік әрекетін жақтап тұрған спикер Арман Қырықбайдың реакциясы көрерменге қызық болар еді. Оның реакциясы мен эмоциясын ірі планда көрсетуге техникалық мүмкіндік болмаған сияқты. Әйтсе де режиссерлер сол мезетте биліктегі қос партия өкілдерін назардан тыс қалдырмады.

Парламенттегідей пікірталас және биязы жүргізуші

Ток-шоу жүргізушісі Ерқанат Көпжасар — әлеуметтік желіде өткір жазбалар жазып, көзге түсіп жүрген журналист. Алайда бағдарлама жүргізушісі ретінде әлі де ұяң. Сұрақтарын өктем қоя біледі, бірақ ренжіген спикерге комплимент айтып, жұмсарып қалады.

“Қазақ телевизициясы қазақ көрерменіне не ұсынып отыр” деген шығарылымында қазақ журналистикасын талқылады. Студияда журналист Қасым Аманжол енді бір журналист Нұртілеу Иманғалиұлына қатысты өткір сын айтады. Оған ренжіген Нұртілеу Иманғали: “сондай нашар болсам, пікір білдірмей-ақ қояйын” деп қитығады.

Осы сәтте жүргізуші Ерқанат Көпжасар: «Нұреке, біз үшін мықты журналиссіз, біз сізді мойындаймыз» деп көпшігін қоя қойды. Ток-шоу жүргізушісі ғана емес, жалпы журналист жұмыс барысында жеке көзқарастарын ысырып, объективті болуы — журналистиканың негізгі қағидасы емес пе? Ал ток-шоудың ерекшелігі де сол: мұнда экспрессия, қызу пікірталастың, шымбайға батар сөздердің болуы заңды. Жүргізуші қайта мұндай тартысты қыздыра түскені жөн.

Ток-шоудың осы шығарылымында тым батыл пікірлер айтылып қойды ма, кенет титрдан: «Редакция мен спикерлер пікірі сәйкеспеуі мүмкін» деген дисклеймер шығады.

Түрлі тарап өкілдері қатысатын, әртүрлі ой-пікір айтылатын ток-шоуда мұндай ескерту жазып, ат-тонын ала қашудың не қажеті бар еді? Қоғамда болып жатқан күрделі мәселелердің түбіне жетуді көздеп: «Неге?» деген сауал қоятын бағдарламаға мұндай ескертудің де, спикерлер айтқанының тігісін жатқызып маймөңкелеудің де қажеті жоқ. 

Журналист Ерқанат Көпжасардың биязылығын спикерлер де пайдаланып кетеді.

Бұған бір мысал. Бағдарламаның «Үкімет пен әкімдер президенттің айтқанын орындай алды ма?» шығарылымында бірінші сөз алған студия қонағы — дәрігер Қайырғали Көнеев 6 минут 50 секунд сөйледі.

Спикердің қазақшасы жатық болғанда бәлкім ұйып тыңдай берер ме еді, бірақ бірнеше минуттан соң көрермен тұрмақ, студия қонақтары да тыпырши бастады. Қонақ қазақша сөз таппағанда орысша сөз, тіпті сөйлемдер араластырады.

Тізгінді заңгер Орынбасар Тілепберген алып, сөз тартысты бастады. Мұны көрген спикерлер бір-біріне сөз бермей, жағаласып сөйлейді. Бірнеше адамның қатар сөйлегенін түсіну қабілетін дамытқыңыз келсе, отызыншы минуттан бастап көруді ұсынамын.

Журналист эфирде бетегеден биік, жусаннан аласа көрінуіне сырт келбеті де әсер ететінін режиссер қаперіне қаперіне алса екен. Үнемі қара түсті костюм киіп шығатын  Ерқанат Көпжасар студияның қап-қара фонында көрінбей қалады. Бәлкім, пікірталасқа түсетін қонақтар басты назарда болсын, дегені ме? 

Әйтсе де журналистің сенімсіздігін, қорғаныс позициясын оның сүйікті позасы — кеудесіне айқастырған қолы аңғартады.

Елдегі карантин эфирде елеусіз қалды

“Сырт келбеті” демекші, тағы бір мәселеге назар аударайық. Шағын студия. Түсірілімге қатысатын оператор, координатор, режиссерді қоспағанда, аядай ғана студияда 5 адам тұрады.

Талқыланатын тақырыптар да карантин, пандемияға қатысты. Алайда 6 шығарылымның екеуінде ғана медициналық бетперде таққан адам көрдік. 

Қазақ телевизиясына арналған эфирде журналист Қасым Аманжол ғана бетперде тағыпты. Ал журналист Нұртілеу Иманғали жас ерекшелігіне байланысты қатерді қаперіне алмай, тек резеңке қолғап киген.

Ал “COVID-ке тегін тест пен тегін дәріні кімдер ала алады?» деген шығарылымда жүргізуші мен қонақтың барлығы бетперде тағыпты.

“Митинг ел мәселесін шеше ала ма” деген тақырыпқа қатысқан спикерлердің бірі саясаттанушы Расул Жұмалы бетпердесін тағуға батпады ма, әйтеуір қолында шиыршықтап тұрды.

Тіпті жердегі тас та: “қауіпсіздік шараларын күшейтіңдер, бетперде тағыңдар” деп хабарлап жатқанда редакторлар эфир жүргізушісі мен студия қонақтарының қауіпсіздігіне салғырт қарағаны қалай? 

Ақиқат па, көзбояу ма?

Қазір саяси контентке сұраныс өте жоғары. Мұны билік етуге мүдделі топтар да жақсы пайдаланып жүр. Атқарушы билік өкілдерін, шенеунік, министрлерді сынға алып, «құпия» ақпаратты ағызып отыратын түрлі ресурстар, телеграм каналдар, парақшалар көптеп ашылып, кеңінен жарнамаланып жатыр. Арғы жағында биліктің де құлағы көрініп қалады. Билік етуші тұлғалар «конструктивті оппозициялық пікір» айтатын диалог алаңдарын құруға дайын екенін білдіреді.

Тәуелсіз журналистиканың дамуына тосқауыл қойып, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс арқылы аузын буып отырған билікке мұндай қадамдар неліктен керек болғанын ойлап, мынадай пайымға келдім:

  1. Өз адамдарын оппозиционер тұлға ретінде көрсетіп, олардан тәуелсіз пікір айтатын сарапшы имиджін қалыптастыру. Қажет сәтте олардан «медиакиллер» жасап, қысылтаяң шақта пайдалану. Осылайша жұрт қолдамайтын пікірлерді көпшілікке «өткізу».
  2. Сөз бостандығын бағамдайтын халықаралық рейтингтерде Қазақстан позициясын көтеру. “Қазақстандық телевизияда барлық мәселе талқыланады, сөз бостандығы бар” деген көрініс жасау. Ерқанат Көпжасар ток-шоу аңдатпасында: «Парламент, үкімет, оппозиция, жемқорлық, митинг сияқты ең өткір тақырыптарды ашық талқыға саламыз. Қазақстанда сөз бостандығы. Кейбір жерде аттап бастырмайтын тұлғаларды ойларын ашық айтуы үшін біз эфирге шақырмақпыз” деді. «Шекарасыз репортерлер» халықаралық үкіметтік емес ұйымының баспасөз бостандығын бағамдайтын рейтингінде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінен 157-орында тұр. Рейтингтегі орнымыз өткен жылмен салыстырғанда 1 позицияға көтерілді. Бірақ елімізде журналистерге қуғын-сүргін, қоқан-лоққы азайды ма, ақпарат алу жеңілдеп, сөз бостандығы дамыды ма? Меніңше, жоқ. Керісінше 1 жыл ішінде тәуелсіз медиа өкілдерін брифинг залынан күштеп шығару, аппаратурасын сындыру оқиғаларын көбірек естідік. Сондықтан “Қазақстанда сөз бостандығы бар” деп сенімді айта алмас едік. 
  1. Қоғамда көп талқыланып, бұрқ-сарқ қайнаған протест көңіл-күйді сыздықтата шығарып отыру. Электр зарядтары жиналып ток соқпауы, тұтанып, от шықпауы үшін жерге тұйықтайды ғой. Дәл сондай эффекті. Жұқалап айтқан сайы кісі де үйрене береді.  

Сонымен “Неге?” ток-шоуы көрермен сұранысын өтей ме әлде тапсырыс орындай ма? Аңдатпада айтқанына лайық бола ма әлде “сөз бостандығының” алдамшы боямасына айнала ма?

Жалпы қазақ көрермені «ащы шындық» айтылғанын жақсы көреді. Айтыста ақындар сөзбен түйреп, мәселені шымбайына батыра айтқанда делебеміз қозады. Міне, сондықтан да саяси ток-шоуда жұртшылық тілі өткір, шешен спикерлерді, көкейіндегі “Неге” сұрағына тайсалмай жауап іздейтін, ток-шоу алаңын нағыз пікірталас майданына айналдыра алатын жүргізушіні көріп, цензурасы жоқ саяси әңгіме естіп, сөз еркіндігін сезінгісі келеді.

Келер күндерде “Неге?” эфирінен саяси ток-шоу элементтерін емес, нағыз саяси ток-шоу көруді жазсын. 

Локдаун, Елбасы және Елорда күні. 29 маусым – 5 шілде апталық бағдарламаларға шолу

Апталық қорытынды бағдарламалардың негізгі тақырыбы — коронавирус пандемиясы. Apta бағдарламасы күшейтілген карантиннен басталса, «7 күн» авторлары Елбасының коронавирустан жазылғанын хабарлады. Basty bagdarlama-ның басты тақырыбы жаңа министр Алексей Цойдың коронавируспен қалай күресеріне арналды.

Дәстүрлі мониторингімізде QAZAQSTAN, «Хабар» және “Еуразия бірінші арнасы” телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі бірінші тақырыбында карантин режимі күшейтіліп, қандай шектеулер мен тыйымдар енгізілгенін айтып, елдегі коронавирус статистикасын баяндады. Президент Тоқаевтың

«Азаматтарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады»

деген твитін де ұмытпады.


Сюжет президенттің індетке қарсы күрес шараларына арналған кеңесте айтқанынан басталды. Дәріханалардағы кезек, карантин режимін сақтамау, өкпе қабынуынан қайтыс болғандар туралы көрсетіп, экономиканы қолдау шараларын да көрсетті.

Тақырыпты медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлымен сұхбат жалғастырды. Танымдық ақпараты мол сұхбатта: антибиотик зияны, өз бетінше емделу, иммунитетті көтеру үшін қалай дұрыс тамақтану керек екені туралы көп мағлұмат берді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар қаржылық қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналасу барысында көптеген кедергіге кезігеді. Осы тақырыпты көтерген сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Жайна Сламбек: «Елімізде бірінші және екінші топтағы мүгедек жандардың көбі зейнетақы аударымдарының болмауына байланысты банктен несие ала алмайды» деді. Журналистика стандарттарына сәйкес, «мүгедектігі бар адамдар» деп айтқан жөн.

Сюжетте кейіпкерлер хикаясы, министрлік пен банк жауабы бар. Жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алғысы келмейді екен. Осы орайда жұмыс берушілер немесе Жұмыспен қамту орталығынан комментарий болмады.

Тележүргізуші шет мемлекет басшыларының қайсысы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен қалай құттықтағанын хабарлаған соң, шетелдік жаңалықтарға біраз уақыт арнады: Украина, Беларусь және Түркіменстан жаңалықтарын берді. РФ президенті Владимир Путиннің Назарбаевты видеоқұттықтауын да көрсетті.

Түркіменстан президенті 63 жасқа толғанын тойлады. Сол туралы көбірек көрсетті. Елбасының туған күні қарсаңында өте қызық шықты.

Бағдарламашы жігіт Алматыдағы өте табысты қызметін тастап, Батыс Қазақстан облысындағы ауылына оралыпты. Туған жерінде шаруа қожалығын құрып, мал өсіреді. Түрлі IT-қызметтерді пайдаланып, шаруашылығына жаңа форматтар енгізген. Бұл туралы қызық әрі танымдық сюжет болды.

5 шілде – Ұлттық домбыра күні. Бағдарлама соңында «Салтанат» күйінің жан тебірентерлік тарихын айтып, күйден қысқа үзінді берді.

Осылайша Apta бағдарламасы маусымдық демалысқа кетті.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбінің кешінде эфирге шығатын «7 күн» бағдарламасы үйден хабар таратуын жалғастырды. Жүргізуші Ринат Думанұлы Елбасының коронавирустан жазылғанын хабарлады. Тұңғыш президент Қазақстан халқына Үндеу жариялағанын айтып, соған тоқталды. Назарбаевтың дәрігерлерге айтқан алғысы, Ұлттық қор құру идеясы және «Қазақстан — әлемдегі сыртқы қарызы аз мемлекеттердің бірі» деген сөздері эфирде сөзбе-сөз оқылды.

Сосын елдегі эпидемологиялық жағдай қиынға айналғанына айтар тақырыпқа ойысты. Сюжет президент өткізген кеңесте айтылған мәселелер туралы екен. Президент тапсырмалары халықтың сырқатын жеңілдетіп, індеттің бетін қайтаруға септігін тигізді ме, жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды дер кезінде қабылдады ма? Сюжетте осы сұрақтарға көбірек мән берсе жөн еді. Өкінішке қарай, сюжет кеңесте айтылған проблемаларды шолып шығудан әрі аспады.

Қазақстанда 14 күндік локдаун енгізілді. Күшейтілген карантин шектеулерін тізіп, қандай нысандардың жұмысы тоқтайтынын да айтты.

Қазіргі жағдайда қаржы жүйесін де қалжыратып алмау маңызды. Тележүргізуші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық банк басшылығымен кездескенін осылай жеткізді.

“Астана” халықаралық қаржы орталығы басқару кеңесінің кеңейтілген отырысына президент қатысқанына тағы бір сюжет арнады. Ерболат Досаев өткен жылы төл теңгеміздің бағамы тұрақты болғанын айтыпты. Ұлттық банк төл теңгемізді нығайту мен іскерлік белсенділікті ынталандыруға ден қойыпты. Сюжетте аталған міндеттерді атқару жолдары айтылмады. Сондықтан да “Досаев айтты” деген мәлімдеменің салмағы аз болып тұр.

Президент Тоқаев “Астана” ХҚО-ның кеңесіне онлайн қатысып, 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданыпты. Тілшінің сөзінше, енді орталық өрісі кеңейіп, жаңа сипатта дамиды. Президенттің пікірінше, халықаралық қаржы орталығының бұған әлеуеті жетеді екен.

Тілші стратегия нендей міндеттерді қарастырып, қаржы орталығының әлеуетіне терең тоқталып, қалай қарыштап дамитынына назар аударса, көрерменге ұғынықты болар еді.

«7 күн» де Астана күні және Елбасының мерейтойына орай шет мемлекет басшылары, көрнекті саясаткерлерден келіп жатқан құттықтау хаттарға назар аударды. РФ президенті Владимир Путин бейнеқұттықтау жолдапты. Путиннің құттықтауынан үзінді берді.

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық Қорғаныс Университеті алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент ашылды. Авторлар мұны да ұмыт қалдырмады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» деген тақырыппен Н.Назарбаев туралы мақала жариялапты. Бұл мақалаға арнайы сюжет дайындапты.

Хабар соңын жүргізуші Ринат Думанұлы көрермендерді алдағы жалпыұлттық мереке «Елорда күні»-не құттықтаумен аяқтады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Basty bagdarlama «аптаның айшықты ақпараттарымен бірге көптің көкейіндегі түйткілдерді» сараптауды жөн көріпті.

ҚР Денсаулық сақтау саласының жаңа министрі Алексей Цой індетпен күресудің жаңа сценарийін ғана емес, «локдаун» атты жаңа термин ұсынған еді. Тілші: «Локдаун нокдаунға жібермей ме?» сұрақты алға тартып, Халық пен COVID-19 арасындағы «бокста» «халық» ойсырай жеңілгенін көрсетіпті.

Локдаун талаптары, дәрі іздеп сеңдей соғылған жұрт, дәрігерге мұқтаж науқастар, ақылы жедел жәрдем. Сюжетте бүгінгі ахуалды көрсетер жағдаяттың бәрі баяндалады. Дәріхана алдында кезекте тұрып, «дәрі алайық” деп жанталасқан жұртшылықты сөйлетті.

Локдаун төтенше жағдай емес. Келер сюжетте пандемия тудырған тығырықтан шығу жолдарын іздейді. Сарапшының айтуынша, пандемия салдарынан ел бюджеті 500 млрд теңгеден қағылды. Жалпы ішкі өнім 40 пайызға құлдырады. Бейресми ақпараттарға сенсек, елдегі жұмыссыздық деңгейі — 15 пайызға, яғни жұмыссыздар саны саны 1,5-2 млн-ға жетіпті.

Тілші сюжетінде экономикалық қиын кезеңде де мүмкін болатын жағдайларды қарастыруды ескерткісі келгендей.

2015 жылы 12 қарашада «Nature» басылымында «Ғалымдар аса қауіпті тұмаудың түрін ойлап тапты» деген мақала жарияланыпты. 10 ғалым Қытайда өмір сүретін жарқанаттың коронавирусынан гибрид жасау үшін түрлі тәжірибелер өткізіп, SHCO 14 бетінен алынған ақуыздарды жарқанаттың өкпесінен алынған SARS вирусымен шағылыстырып, нәтижесінде мутант вирус пайда болғанын анықтапты. Осыны айтқан Basty bagdarlama коронавирустың шығу тегі туралы конспирологиялық теорияларға тоқталды.

Cоңғы сюжет Елорда күніне арналды. Жүргізуші қала тарихын баяндап, дәл осы қаланың астана болуға лайық екенін Алаш арыстары да айтып кеткенін жеткізді. Сюжет авторлары қала күніне байланысты материалды жан-жақты мазмұнда жасауға талпынған. Талпыныс текке кетпепті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Бірнеше қорытынды бағдарлама маусымдық демалысқа шығуына байланысты біздің мониторингіміз де жаңа телемаусымда қайта оралады. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Медиа тарихи-мәдени жараларды қалай емдейді?

Ұлттық мәдени жарамызға айналып кеткен тарихи оқиғаларға бүгінгі медиа не үшін ерекше назар аударуы тиіс? Медиасыншы Мерей Қосын бұл сұраққа «31-мамыр саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күні еліміздің ең басты телеарналары QAZAQSTAN және «Хабарда» көрсетілген бағдарламалардың мазмұнын талдай келе жауап берді. 

Эфирде: концерт, телехикая, айтыс…

Ұлттық тарихи жара — сол мемлекеттің өзін алаңдатуы керек мәселе. Осы тұрғыдан келгенде біз үшін мемлекеттің тікелей бақылауындағы телеарналар көп нәрседен хабар бере алады. Бұл тақырыпты біз Ницшенің «белсенді түрде ұмыту» (active forgetting) теориясы арқылы талдауды жөн көріп отырмыз. Әңгіме тарихи травма жайлы бола тұра неге психоанализ әдісіне емес, Ницшенің тұжырымдамасына сүйеніп отырғанымызды кейінірек түсіндіреміз.

Сонымен, басты арналардағы бағдарламалар тізіміне шолу жасасақ:
Жексенбі күнге тура келген 31-мамыр күні QAZAQSTAN ұлттық арнасы эфирін «Саяси қуғын –сүргін құрбандарын еске алу» атты арнайы жобадан (сағат 06:05) бастады. Таңғы сағат 08:00-де «Қармен жуылған қан» атты көркем фильмге жалғасты.

Сонымен бұл тақырып бітті. Ары қарай әдеттегі концерт, телехикая, айтыс…

Кешкі уақытта «Беймәлім Алаш» атты тарихи тұлғалар өміріне арналған тұрақты бағдарлама көрсетілді. Түнгі сағат 01:30-да «Қармен жуылған қан» фильмін қайталады. Осылай демалыс күні көрермен оянғанша және қайта ұйқыға кеткеннен кейін бұл тақырыпқа қатысты әбден сүзгіден өткен бірер фильм көрсетіп, бұл күн аяқталды.

Ал «Хабар» арнасының бағдарламалық кестесінде тіпті мұндай да талпыныс болған жоқ. «Алаштың ақырғы ақиығы. Әлімхан Ермеков», «Тайны. Судьбы. Имена» сияқты деректі фильмдер мен «Мұстафа Шоқай» көркем фильмін көрсетумен шектелді. «Ең сұлу қыз», «16 қыз», ән кештері… сол сияқты әдеттегі демалыс болды да өтті.

Халықтың мәдени жараларын емдеуі — даму баспалдағы

Арналарда бір ерекше байқалатыны- аштық тақырыбы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мәселесінің көлеңкесінде қалып қоятын сияқты көрінді.
Мамыр айының 1-інен бастап ортасына дейін жалғасатын бірлікті, тұтастықты, ұлы жеңісті ұлықтайтын телеарналар әдетте еуразияшыл идеяны барынша жеткізуге тырысатын. Әлі де батыс елдеріне кеңестік көзқараспен қарауға тәрбелейтін мұндай мерекелер туралы әңгіме – өз алдына үлкен мәселе.

Әрине, бұл тақырып саяси тұрғыдан өте нәзік, егер дұрыс интерпретацияланбаған жағдайда арты үлкен ұлтарлық қақтығысқа апарардай қауіпті күшке ие болғаны себепті де мемлекет бұл мәселеге қарым- қатынаста өте сезімтал, тым жабық.

Дегенмен бізге жаңа бір теориялар ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемдік тарихи тәжірибеде холокост, фашизм, геноцид, ашаршылық, түрлі әділетсіз соғыстар да аз болмаған және солардың бүгінгі ұрпағы сол күндерден қалған мәдени жараларымен бетпе-бет келе отырып, бұл тақырыптарға бүгіннің мүдделері тұрғысынан қарау арқылы қазір мәдени жарадан құтылудың түрлі жолдарын қолданып жатыр. Әрине, ара-арасында әсіре ұлтшылдық пен кекшілдікке ұрынып, арты саяси жанжалға алып келген тәжірибелер де бар.

Яғни тарихи, ғылыми тұрғыдан бір халықтың өз мәдени жараларымен күресуі, емделуі толық дәлелденіп, тәжірибеден өткен әдіс. Ұлттың тарихи санасы жаңа сатыға көтеріліп, өркендеуі үшін бұл табиғи түрде қажет етілетін дамудың кезекті баспалдағы ғана. Бірақ, неге екенін, бұл жол бізге бір аса ауыр сияқты көрінеді.

Мәдени жаралар постсанада (тарихи оқиғаның тікелей емес куәгері) негізінен медианың интерпретациясы арқылы пайда болады және қазір көптеген ел тарихи жараларды емдеуде дәл осы медианың өзін құрал ретінде пайдаланып отыр.

Сондықтан бұл күндері «мәдени жара» ұғымы медиа теориясында өзіндік жеке концепция ретінде қарастырылады. Медиадағы осы концепцияны талдауда психоанализ тәсіліне емес, оған дейін пайда болып, Фрейдтің теориясына арқау болған Ницшенің «белсенді түрде ұмыту» тұжырымдамасын алуды жөн көріп отырмыз. Себебі психоанализ негізінен жеке тұлғаның бойындағы жараларға үңілсе, ал Ницшенің теориясы мәдени, коллективтік жараларға көңіл бөледі. Біздің талдауымыз осы екіншісіне келіп отыр.

Тарихи деректі пайдаланып тарихты бұрмалау — үлкен қылмыс

Талдауға көшпес бұрын біздің экранда көрсетілген фильмдерді еске түсіріп алсақ. Мысалы, QAZAQSTAN ұлттық арнасы ұсынған «Қармен жуылған қан» көркем фильмінің негізгі мазмұны бойынша саяси қуғынға ұшыраған орыс зиялысы әйелінің АЛЖИР лагерінде өткізген ауыр тағдыры және оның мейірімді қазақ солдатының арқасында аман қалғаны туралы баяндалады. «Қуғын-сүргін тек қазақ зиялыларының басына төнген жеке қауіп емес еді, мұндай қанды оқиғалар сол ұлттың өз ішінде де орын алған» деген идеяға жетелейді. Әрине, сөз жоқ, бұл лагерлерде басқа да ұлттардың, соның ішінде орыс ұлтының да қуғынға ұшыраған зиялыларының отбасы болды. Ашаршылық жылдары алашордашылармен бірге шырылдаған Сергей Швецов сияқты орыс оқығандары да ажалын айдаудан тапты. Мұның барлығы тарихи факт, ешкім жоққа шығара алмайды. Ал мұндай деректерді тарихи шындықты жасыруға немесе бұрмалауға, жеңілдетуге пайдалану —  өте үлкен қылмыс.

Әрине «Стивен Спилбергтың «Шиндлердің тізімі» (Schindler’s List) сияқты фильмдер көрсеткендей барлық немістер фашист емес еді, арасында еврей халқын сақтап қалуға тырысқандар да аз болмады» деген идеяларға бүгінгі ұрпақ мұқтаж және солай болғаны себепті де тарихтағы әділетсіз оқиғалар туралы жазылған барлық ұлы туындылардың негізінде үнемі осы идея жатады. Сол тарихты жасаушылардың барлығы ең алдымен адам болды ғой.

Дегенмен мұндай идеялар тарихи шындықтың мойындалуы, әділ бағасының берілуі кезеңінде бірге жүруі керек, ал өзінің әлі анық сипатын ала алмаған тарих үшін мұндай үрдістің басталып кетуі және оның кең етек алуы — тарихи шындықтың бұрмалануына әкелуі әбден мүмкін. Демек мемлекеттің ең маңызды телеарналарында осындай мағынадағы медиа өнімнің көрсетілетіні — осы тақырыпқа қатысты қазіргі бағытымыз қалай кетіп бара жатқанын байқатады.

«Белсенді түрде ұмыту» дегеніміз не?

Ал енді талдауымызға оралсақ, Фрейд пен Ницше тұжырымдамаларының түпкі мақсаты – тұлғаның немесе коллективтің белгілі бір қоғамдық билеуші көзқарастар мен түсініктер тарапынан жаншылып, ойлауға, еске алуға тыйым салынған естеліктерінің сана астына барып жинала беруінен, жадтың репрессияға ұшырауынан барып пайда болған ауыруларды емдеу еді.

Сонымен, «белсенді түрде ұмыту» дегеніміз не? Батыс медиасында тарихи жараларды емдеуде қандай тәжірибелер бар? Енді осы сұрақтарға тоқталсақ.

Ницшенің «белсенді түрде ұмытуының» негізгі мәнісі де дәл Фрейдтің психоанализі сияқты алдымен сананы бір сәт тыныштандыра отырып, бейсанадағы естеліктерді еске түсіру. Тарихи ауыр оқиғаны қайта еске түсіру, онымен бетпе-бет ұшырасып, келісімге келу арқылы ұмыту, содан біржолата құтылу.

Бұл емдеудің өзіндік үш сатысы бар: біріншісі – тану, мойындау (recognition). Ницшенің ойынша, тарихи озбырлықты жасаушы, оның құрбандары және әрине, халықаралық ұйымдар, ғалымдар бұл тарихи әрекетке әділ баға беруі, бұл оқиғаның тарихи тұрғыдан қайтадан реконструкциялануы қажет деп есептейді. Дәл осылай өзінің толықтай тарихи бағасын алған оқиға медиа арқылы жаппай халықтық деңгейде мойындалуы – ең алғашқы қадам. Егер біздегі медианың қазіргі бет алысына қарасақ, бұл алғашқы қадамның өзі әлі толықтай басталмаған сияқты.

Медианың екінші қадамы – символдық ритуалдардың (symbolic processing) орындалуы. Бұл жерде әрекетті әр мәдениет өзіндік ерекше жоралғысымен жасайды. Мысалы, қазақ үшін ол — жоқтау мен аза тұту, құран оқу сияқты ритуалдар арқылы жүзеге асырылады. Сол сияқты тағы біреулер үшін литургиялық әрекеттер. Бұл енді катарсистің бір түрі яғни адамның жан дүниесімен әсерленуі арқылы тазаруы.

Ал ең соңғы саты – sublimation деп аталады. Тарихи жара кесірінен қалған негативті эмоциялар мен инстинктерді позитивті әрекеттерге айналдыру немесе өнер арқылы емделу. Бұл жерде медиа өте көп мүмкіндікке ие. Бұл тарихи оқиғаға арнап жазылған әндерді, салынған суреттерді, түсірілген фильмдерді, жазылған кітаптарды мүмкіндігінше кеңірек көрсету, талдау. Медиа арқылы жеткен осыншама ақпарат арқылы қоғам өзінің бұл тарихи жарасын қайта еске түсіруі және оның маңыздылығын толықтай тануы арқылы оны өзінің мәдени болмысының бір бөлшегіне айналдырып алады. Бұл процесс қоғамның өз қайғысын саналы түрде тарихи тәжірибеге айналдыруына жол ашады.

Тарихи жарадан үрейлену де, кектену де қоғамға қауіпті

Бүгінгі жағдайымызда медианың тарихи жараларымызбен қарым-қатынасынан көріп тұрғанымыздай мемлекеттің ұстанымы бұл тақырыпқа келгенде өте бірбеткей. Осы мәселеге соншалықты үреймен қарайды. Кейде қоғам арасында бұл тақырыпқа келгенде өте ұлтшыл, кекшіл, агрессивті дауыстар естіліп жатады. Өз кезегінде бұл екеуі де қоғам үшін өте қауіпті.

Тарихтың қараңғы тұсымен бетпе-бет келіп, жарасымен ортақ келісімге келе алмау, мәселеге қайта қарамаудың ақыры қоғамның негізгі қазығы болып табылатын ресми емес институттар қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Қоғамның мәдени болмысын сақтай отырып, адамдарға өмірлік ориентация беріп отыратын мұндай институттардың үйлесімді жұмысының бұзылуы қоғамдық берекетсіздікке, адасуға әкелуі мүмкін. Ал бірақ Ницшенің ойынша, мәдениеттің өзі динамикалық сипатқа ие. Қайта қалпына келе алуға, өзгеруге қабілетті. Сондықтан басқалардың тәжірибесіндегідей, медианы дұрыс пайдалану арқылы тарихи жараларды емдеуге және сол арқылы оны біздің қоғам тұтастығының бір бөлшегіне айналдырып алуға әбден мүмкіндігіміз бар.

Мадияр Саудбаев: Университеттің көбі журналистиканы байырғы тәсілмен оқытады

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында “Журналистика” мамандығын қалай оқыту керек? Кәсіби журналистика стандарттарына сай мамандар дайындауға не кедергі? Болашақ журналистердің оқу жоспарын кім дайындайды? Журналистиканы көркем әдебиетпен шатастырудың себебі неде?

Журналист Әбдіманап Кеңес Қазақстандағы Internews өкілдігі ұйымдастырған «Сұхбат» тренингіне қатысып, тренинг аясында PhD, Сүлеймен Демирел университетінің ассист. профессоры Мадияр Саудбаевпен сұхбаттасты. Кәсіби журналистің журналистика оқытушысымен сұхбатын ұсынамыз.

— Мадияр мырза, журналист дипломы бар журналистер “Журналистиканы университетте оқу керек” деп айтады. Ал журналистикаға эстрададан, асаба кәсібінен келгендердің пікірі “Арнайы білімнің қажеті жоқ” дегенге саяды. Сіздің ойыңыз қандай?

— Технология дамыған заманда кез келген нәрсені оқып, зерттеу керек. Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда журналистиканың дамыған кезі емес. Сондықтан көп кісі видеоға түсу мен түсіруді, жазуды өз бетінше үйреніп «журналистика» деген осы» деп жүрген болуы мүмкін. Мұндай пікірлердің қалыптасуына әсер етер өте маңызды факторлар бар. Солардың бірді-екілісіне қысқаша тоқталайын. Өткенде YouTube-тағы Nursultan Qurman арнасында журналистер Дархан Өмірбек, Мақсат Толықбай және арна иесі Нұрсұлтан Құрман үшеуінің журналистика және оны оқыту жайында әңгімесін көрдім. Сонда Мақсат Толықбай журналистиканы оқытудағы кейбір пән атаулары, оның мазмұны, техникалық базасы және дәріс оқитын оқытушылардың біліктілігін айтып, қынжылады. “Журналистиканы оқымай-ақ маман бола аласың, бастысы практика болса жетеді” дейді. Дәл осы тұста Мақсаттың сөзіне келісуге де, келіспеуге де болады. Осы айтылған ойдың астарына үңіліп көрейік. Пән атауы мен мазмұны дұрыс болмауына екі үлкен қателік себеп: біріншіден, министрлік бекіткен жалпыға ортақ стандарт бар. Бұл стандартты дайындаушылар да, бекітушілер де бүгінгі журналистиканың қыр-сырын толық біліп, тамырын дөп баса алмайды. Стандарт, лицензия дегеніміз де цензураның көрінісі ғой. Екіншіден, сол маман даярлайтын жоғары оқу орны мен сабақ беретін оқытушының студент алдындағы жауапкершілігі. Келіспейтінім, журналистиканы нарықтық бәсеке стандарттарына сәйкес оқыту керек. Журналистика тек Прохоровтың кітабынан ғана тұрмайды. Қазір журналистиканың түрлі салалары қалыптасты. Елімізде журналистиканың «Тергеу журналистикасы», «Дата журналистика» сияқты салалары дамымаған. Бұдан бөлек түрлі жанрлар да пайда болды. Әлеуметтік теңдік теорияларына негізделген журналистік этиканы оқыту да бүгінгі маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

— Қазақстанда жалпы журналистика дамымағанын айтасыз. Мұның себебі неде?

— Қазақстанда журналистика дамымауына екі негізгі себеп бар: Біріншісі, елдегі саяси ахуал. Өкінішке қарай, Қазақстан сөз бостандығы, демократия деген түсініктерден алыс. Сондықтан журналистика 100 пайыз қарқында жұмыс істеуі мүмкін емес. Екінші себеп, журналистер дайындайтын жоғарғы оқу орындарының заман көшіне ілесе алмауы. Барлығы болмаса да, журналистер дайындайтын негізгі оқу орындарында Кеңес одағы қалыптастырған үрдіс әлі де жалғасып келеді.

— Мектепте, отбасында оқушы бала өлең шығарып, жақсы шығарма жазса, «мына баладан бірдеңе шығады, өскенде журналист болады» деп ой тастайды. Журналист мамандығын таңдағанда баланың бұл қабілеттеріне мән беру қаншалық дұрыс? “Журналистика” дегеніміз әдемі сөздің орнына фактіге сүйенген шынайы әрі объектив ақпарат тарату емес пе?

— Бұл сұраққа жауапты сәл әріден бастағанды жөн көріп отырмын. Жалпы қазақ даласына жазба журналистикасы өте кеш келді. Қазір қазақ журналистикасының дамуындағы маңызды деген бірнеше кезеңді атап өтейін: Бірінші кезең — қазақ баспасөзінің қарлығаштары саналатын «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттері кезеңі. Екі газет журналистика өнімі болып саналса да қазақ тіліндегі ақпараттың басым бөлігін басқа тілден аударып берді. Таза қазақ тіліндегі мәліметтің көбін ауыз әдебиеті, фольклор мен сол кездегі ақындардың өлең жазбалары құрады. “Бүгінгі тәржімандық журналистиканың іргетасын осы екі басылым қалыптастырды” деп айта аламыз. Елдегі көптеген уеб-сайттар мен ресми ақпарат құралдарындағы мәліметтер орыс тілінен аударылады. Таза қазақ тілінде жазылған, сапалы журналистік материалдар аз. Екінші кезең және өте маңызды дәуір — «Айқап» пен «Қазақ» газеттері және сол кездегі тағы басқа басылымдар қалыптасқан уақыт. 17-18 ғасырлардағы бүкіл Еуропаның даму бағыты мен мәдени-интеллектуалды ауанын өзгерткен журналистика бізге осы 20 ғасырдың басында ғана жетті. Сол кездегі кез келген газет-журналды алып қарасаңыз, журналистік материалдар мен журналистиканы көре аласыз. Әрине, әдебиет нышандары да кездеседі, десе де журналистика — бірінші орында. Үшіншісі — Қызыл империя, яғни журналистика жойылып, пропаганданың туған кезеңі. Орталық Компартияны мақтап-мадақтау, коммунизмді насихаттау. Төртінші кезеңді “қазақ журналистикасындағы жаңа кезең” деп айтсақ та болады. Бұл жаңа кезеңді екіге бөліп қарастыра аламыз: 1991-2002 жылдардағы журналистика және 2002 жылдан бүгінге дейінгі журналистика.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін алғашқы 10 жылдағы экономикалық ахуал қиын болса да журналистикада, жалпы мемлекеттің ішкі саясатында демократиялық қозғалыстарды, соның нышандарын көреміз. Ал содан кейінгі екінші онжылдық, өкінішке қарай, демократияның дамуы емес, керісінше демократияның күйреуі болды.
Кез келген ақпарат құралы тендер тетіктеріне тәуелді, яғни, министрліктен бастап жергілікті әкімдіктерге дейін ақпарат құралдарын бақылап отыр. Бұрынғы пропаганда мен тәржімандық журналистика қайта гүлденді. «Елбасының» не мемлекет басшысының қайда барып, кімді қабылдағанын халыққа жариялау — журналистика емес, пропаганда. Міне, осы тұста сұрағыңызға жауап беруге болады. Ақындығы бар баланы көргенде “болашақ журналист болады” деген ой — осы тарихи және бүгінгі эфирден беріліп жатқан түрлі шоуларды көргеннен қалыптасса керек. Әрине, сөз байлығы, дұрыс сөйлеу және креатив — бүгінгі журналистің негізгі компоненттерінің бірі. Дегенмен сыни ойлау, аналитикалы пайымдау, өзіңіз айтқандай, дереккөздерді тексере білу, салыстыра алу қабілеттерін де ұмытпаған дұрыс.

— Білім және ғылым министрлігі педагог мәртебесін көтеру үшін мұғалім мамандығына тапсыратын мектеп түлектерінің ҰБТ-дағы шекті балын 70-ке дейін көтерді. Ал журналистикаға тапсыру үшін қазақ тілі мен тарих пәні және шығармашылық емтиханда жинаған ұпайы жеткілікті. Бұл мамандық сапасына қаншалықты әсер етіп жатыр?

— Басқа университеттерді білмеймін, бірақ Сүлеймен Демирел университетінің Журналистика мектебіне биылдан бастап талапкерлерді жаңа форматта қабылдаймыз. Биыл бізде қабылдау емтиханы онлайн форматта өтеді. Бұрынғыдай эссе жазбайды. Соның орнына екі бөлімнен тұратын жаңа формат енгіздік. Бірінші бөлімінде әр талапкерге арнайы видео көрсетіліп, сол видеоға қатысты үш сұрақ қойылады. Болашақ студент видеодан не түсінгенін, астарын және өзі не ұсынарын жазуы керек. Студент өзінің аналитикалы пайымдау қабілеті мен қарымына қарай жауап береді. Бұрынғыдай сөз байлығы, әдеби көрсеткіштерінен бұрын талапкердің сыни ойлау дағдысына мән береміз. Екінші бөлімде бір проблеманы жазбаша түрде суреттеп береміз. Сол мәселе бойынша талапкер бір редакцияға хат жазады. Хатта аргументтерін, сөз дәйектерін келтіре алуы қажет. Мұнда граматикалық сауаттылығына мән берсек те сыни ойлау және оны деректеуіне қараймыз. Бұл тәсілді Қазақстанда Назарбаев университеті пайдаланады. Аталған әдісті биылдан бастап біздің кафедра да енгізіп жатыр.

— Ал университеттерде оқытылатын журналистика мамандығының оқу жоспарын, пәндерін кім дайындайды?

— 2-3 жыл бұрын министрлік бекіткен бір стандарт болатын. Оны республикалық оқу-әдістемелік кеңес бекітеді. Оқу бағдарламасының үлгісін 2000 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дайындап келді. Кейінгі екі жылда бағдарламаны ЕҰУ университеті дайындады. Өкінішке қарай, біздің санамызда әлі де “барлық нәрсені стандарттау” деген түсінік бар. Бұл — Кеңес үкіметінен қалған «барлығы бірдей болуы керек» деген түсінік. Нарық экономикасы заманында неге стандарт болуы керек? Министрлік неліктен қадағалайтынын түсіну қиын. Бәлкім, барлығының бір жүйеде болуы — министрліктің қадағалауына тиімді болатын шығар. Егер солай болса, бұл да цензураның бір формасы ғой. Алайда Ерлан Сағадиев министр болғаннан кейін университеттерге автономия берілді. Қазір тек белгілі бір пәндер ғана міндеттеледі. Мамандыққа тікелей қатысы бар бағдарламаны әр жоғары оқу орны өзі қалыптастырады.

— Сіз қызмет ететін университетте оқу жұмысының жоспары қалай жасалады?

— Біз соңғы 2-3 жылда сабақтарды түбегейлі өзгерттік. Сабақ кестесінде тележурналистика, радиожурналистика пәндері мүлдем жоқ. Оның орнын видео және аудиожурналистика пәндері алмастырды. Бұл тәжірибені АҚШ-тың Stanford және Missouri университеттерінен алып, бейімдедік. Ақылдастар алқасымен виртуалды түрде кеңесу үрдісін қалыптастырдық. Биыл бізде магистратура ашылғалы жатыр. Магистратура бағдарламасын дайындағанда Колумбия журналистика мектебінің түлегі Дархан Өмірбек, Азаттық радиосының журналисі Руслан Меделбек, СДУ профессорлары Мұхтар Сеңгірбай, Молдияр Ергебеков және Қазақстандағы танымал журналистермен ақылдастық. Барлық ұсынысты қарап, үш бағытта журналистика мамандығы магистратурасын аштық. Біздегі бағдарламаның барлығы ақылдасу негізінде құрылады.

— Журналистикада ақпараттың шындық немесе жалған екенін анықтау (Fact-checking) маңызды. Қазіргі пандемия кезінде мұның маңыздылығы арта түсті. Осы пәнге қаншалық мән бересіздер?

— Бізде Factcheck және Media literacy деген сабақ болған. Кейін бұл сабақ News literacy деп өзгертілді. Ақпарат сауаттылығы сабағында Factchecking детальдары қамтылады. Аты дәл осылай аталмаса да 1-2 курс студенттеріне «Ақпарат сауаттылығы» деген сабақ өтеді. Сабақта «ақпарат қалай тексеріледі», «оны кім таратып жатыр», «жарнамалық мақсаты бар ма», «рас-өтірігі қай деңгейде» деген секілді бүкіл тетіктерін үйретеді.

— Кей журналистер мықты практик болса да сабақ бергенде педагогикалық тұрғыда әлсіз болуы мүмкін. Бұған не айтасыз?

— Көп журналист: «университетте журналистиканы дұрыс оқытпайды» деп сынап жатады. Солай айтатын журналистердің өзін аудиторияға әкелгенде бар айтары 2-3 сабақтан кейін таусылып қалады. Біріншіден, оқытқан жоғары оқу орындары о кісіге дұрыс теориялық білім базасын бере алмаған. Екіншіден, педагогикалық қабілеттері жоқ. Біз бұл мәселені қалай шешеміз? Тікелей практикада жүрген мамандарды жұмысқа алмаймыз. Практикада жүрсе де шетелде магистратура оқып келген кісілерді алуға тырысамыз. СДУ-да Журналистика мамандығын оқытатын мұғалімдері қатарында Елнұр Алимова, Асхат Еркімбай, Мұхтар Сеңгірбай сияқты шетелде оқып келген, қазір практикада жүрген мамандар бар. Барлығы педагогикалық білімді, жаңа трендтерді меңгерген. Дегенмен олар жаңадан келгенде қазақстандық жүйеге сіңісе алмауы мүмкін. Сол үшін былтырдан бастап университетте “reflective teaching observation” (оқытуды рефлексиялық бақылау — автор) деген бағдарлама қабылданды. Сол бағдарлама аясында кафедра меңгерушісі мен декан жаңадан келген мамандардың сабағын жоспарлы түрде, алдын ала хабарласып, силлабусы бойынша дәрісін талқылайды. Сосын мұғалімнің сабағына кафедра меңгерушісі қатысады. Оқытушының айтқанына өтіп жатқан сабақтары сәйкес келе ме, жоқ па, соны анықтайды. Сабақ біткен соң оқытушы мен бақылаушы қорытынды жасап, қайта талқылайды. Сол қорытынды нәтижесінде келісіледі немесе ұсыныстар айтылады. Оқытушылардың педагогикалық қабілеттерін қалыптастыру үшін осылай жұмыс істейміз.

— Қазақстанда «Дата журналистика» қай уақытта жан-жақты қолданысқа енеді?

— Пандемия кезінде бірен-саран журналист мемлекеттік сатып алу сайтынан деректерді алып, биліктің насихатын жүргізуге бөлінген қаржыны зерттеп жазса да датамен жұмыс істеу бүкіл редакцияның негізгі бағыты емес. Мәселен, Egemen Qazaqstan газетін алайық. Бұл газет еліміздің бас газеті аталса да бюллетен қызметін атқарып отыр. Президенттің қайда болғанын, не істегенін, кіммен кездескенін насихаттап отырады. Байқасаңыздар, газет ішінде оқиғалық сурет те жоқ. Мысалы, «Алтын Ордада кептеліс, құрылыс болып жатыр, адам көп. Жедел жәрдем жүр. Коронавирус өршіген тұста бұл қалай болғаны?» туралы немесе митинг, бейбіт жиындар өткені жайында газет бетінен ешқандай көрініс таппайсыз. Тек мемлекет басшысы, министрлер есебі және «Рухани жаңғыру». Газеттік емес, бюлетендік сипат басым болып кетті. Ал «Жас Алаш», жақында ашылған Malim.kz, шетелдік болса да Азаттық радиосынан Қазақстандағы журналистика көрінісін байқауға болады. Орыс тіліндегі басылымдар қатарынан Vlast.kz айта аламын. «Тергеу журналистикасы» мысалдарын осы сайттан көруге болады. Ал Қазақстандағы жалпы журналистикаға келер болсақ, «дата журналистика» әлі қолға алынбай жатыр. Оның маңызынң редакциялар әлі түсінбеді. Журналистердің көбі бұрынғы классикалық бағыттағы журналистиканы оқып, тендерге байлаулы болғандықтан сын айту, оқиғаны дата күйінде суреттеп беру жоқтың қасы. Ал батыста: бұл — журналистиканың негізгі бағыты.

— Университетті жаңадан бітірген журналист мемлекеттік БАҚ-та қызмет еткісі келмесе, жеке тәуелсіз медиа ашуы үшін қаржы жолдарын қалай қарастырғаны дұрыс?

— Ең алдымен жас журналистке жігер керек. Ақша екінші орында тұрады. Адам ең бірінші өзін жеңуі керек. Содан кейін ғана қаржыны ойлаған дұрыс. Негізінен, Қазақстанның медиа саласында қаржы көп. Егер сіз “мемлекет тендеріне қатысып, биліктің саясатын дәріптеймін” десеңіз заңды тұлға ретінде тіркеліп, кез келген министрліктің насихатын жасасаңыз болады. Бұдан бөлек, қазір Қазақстанда көптеген халықаралық ұйымдар тағайындаған гранттар бар. Соған қатысуға болады. Осындай гранттарды жеңіп алып, өзінің тәуелсіз жобаларын жасап жатқан студенттеріміз бар.

— Жауабыңызға көп рахмет!

Жеңіс парады, журналистер мерекесі және коронавирус. 22-28 маусым апталық бағдарламаларға шолу

Кешегі аптада коронавируc не ЖРВИ жұқтырып, өкпесі қабынып ауырғандар саны күрт өсті. Ауруханалар науқасқа толып, өкпе қабынуынан көз жұмғандар көбейді. Дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды.

Ел басына түскен қиын жағдай журналистер қауымының кәсіби мерекесі — 28 маусым — БАҚ қызметкерлері күніне тұспа-тұс келді.

Жыл ортасынан бастап қазақ тіліндегі апталық ақпараттық-сараптамалық телебағдарламаларға бөлек шолу жасаймыз. Бұл шолуымызда Apta және “7 күн” қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

Apta бағдарламасы ДДСҰ мәліметі мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың твитінен, ал “7 күн” эфирі коронавирус жұқтырған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпараттан басталды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta авторлары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанды індет тез таралып жатқан мемлекеттер қатарына қосқанын айтып, президент Тоқаевтың твитін көрсетті. Мемлекет басшысы коронавирус жағдайын тұрақтандыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғанын хабарлайды.

Коронавирус тақырыбына жеке сюжет болмады. Тележүргізуші Жайна Сламбек жағдайды студиядан баяндап, аурудан айыққан адамдар мен дәрігерлер синхронын қосты. Интернетте таралып жатқан видеолардан үзінді көрсетіп, ауруханада орын тапшы екенін, адамдар өз бетінше үйде емделіп жатқанын да айтып, тақырыпқа 7 минут арнады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты. Жүргізушінің сөзінше, жұртшылық Тоқаевтың георгий лентасын тақпағанын, Қазақстан жауынгерлері алаңда сап түзеп жүріп өткенде орнынан тұрып құрмет көрсеткенін талқылапты. Жұртшылық парадта президенттер бетперде тақпай, ара қашықтық сақтамай отырғанын да талқылаған, бірақ эфирде бұл айтылмады.

Жайна Сламбек парад туралы:

«Мәскеудің бұл парадты өткізуде мақсатын тарқатып жатқымыз жоқ. Оның саяси астарлары түсінікті»

деді.

Осы тұста жұмбақтамай, қандай саяси астарлары бар екенін тарқатып айтқанда не сарапшылардан сұрағанда болар еді. Тележүргізушіге түсінікті саяси астарды бәрі бірдей білмейтіні де, түсінбейтіні де анық.

Қазақстандықтардың коммуналды қызмет қарызы 13 млрд теңгеден асыпты. Бағдарламаның бірінші сюжеті пандемия кезінде табысынын айырылып, коммуналды қызмет ақысын төлей алмай, берешегі көбейген тұрғындар мәселесіне арналды. Сюжетте бірнеше отбасының хикаясы, әлеуметтанушы мен экономист комментарийі бар.
Толымды әрі жан-жақты әзірленген сюжеттің айтары көп. Тілші қазір қалың бұқара қалай қиналып өмір сүріп жатқанын көрсете алды.
Бір ғана кемшілік: Әлеуметтанушы коммуналды қызмет жүйесін “әлсіз” деп бағалап, бұл сала бақыланбайтынын айтты. Сарапшының салмақты сынына салалық министрлік не комитет тарапынан жауап болмады.

БҰҰ мәліметінше, пандемия кезеңінде жұмыссыздар саны өсіп, экономиканың түрлі саласы дағдарысқа ұшырап жатыр. Мұның соңы еңбек құлдығының көбеюіне әкеп соғады.

Еңбек құлдығына арналған сюжет жақсы жасалған. Өзекті тақырыпты көтерген салмақты сюжетте ондаған жыл ақысыз еңбек етіп, жұмысқа жегіліп, әупірімдеп құлдықтан босаған адамдар хикаясы, оларға көмектесетін қор өкілдерінің комментарийі бар.

Полицейлер не сарапшылар сөзі аз. Еңбек құлдығына ұшырағандар туралы айтқан соң, құлдыққа түсуден сақтану, мұның алдын алу бойынша ақпарат қосып, көмек беретін ұйымдардың байланыс мәліметін көрсетсе, сюжеттің пайдалы мазмұны артар еді.

Ел ішін індет жайлап, үрей билеген тұста көпшілік жақсы жаңалыққа зәру. Apta тілшілері сондай бір позитив жаңалыққа сюжет арнады.

Алматыда нағашы ағасы жиен қарындасына (бауыр церрозымен ауырады) донор болып, өз бауырын беріп, өмір сыйлады. Жиен қарындасы екінші сәбиін босаныпты.
Сюжетте донор нағашысы да, жиен қарындасы да сөйлейді. Аман алып қалған дәрігерлерге алғыс айтады. Көрерменін қуантар хикаяны баяндайтын жағымды да жұғымды позитив сюжет.

ANA TILI республикалық газетінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Apta жүргізушісі сұхбаттан ұзақ үзінділер оқыды. Жазушы, ақын, депутаттар сұхбат туралы пікір айтты. Тіпті сұхбат алған журналисті де сөйлетті.

Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Жүргізуші құттықтау мәтінін оқып, QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының екі тілшісі марапатталып, жүлде алғанын хабарлады.

Мерекелік түйін АҚШ жаңалықтарына жалғасты. Қарашада АҚШ президентін сайлау өтеді. Қазір АҚШ-та сайлауалды кампания басталыпты.

Журналистерді құттықтап, соңынан АҚШ саяси жаңалықтарына ұласқан бағдарлама телеарнаның эфир сыртындағы қарбалас жұмысын көрсетер видеомен аяқталды.

 

«7 күн», «Хабар»

Әлқиссасын «Үйден сөйлеп отырмыз» деп бастаған жүргізуші Ринат Думанұлы бірінші тақырыпты Елбасы денсаулығына арнады. Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының денсаулығы бірқалыпты екенін хабарлаған.

«Қазақстанда 100 мың азаматқа шаққанда ауырғандардың саны 80-нен сәл ғана асады. Бұл әлемдік статистикаға сәйкес, орташа көрсеткіш саналады». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «BIZ BIRGEMIZ» онлайн форумында осылай айтты. «7 күн» жүргізушісінің сөзінше, «Мұның артында уақытында қабылданған мемлекеттік шаралардан бөлек, алдыңғы шептегі мамандардың жанкешті еңбегі тұр». Алты минуттық сюжет онлайн-форумда марапатталғандар хикаясын баяндады.

Күніне мыңдаған адам коронавирус жұқтырып, аурухана науқасқа толып, ел іші абыр-сабыр болған тұста «7 күн»авторлары онлайн-форумда марапатталғандар туралы сюжет жасады.

Денсаулық сақтау министрі ауысып, Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары тағайындалғанын оларға «қандай жауапкершілік артылып отырғаны айтпай-ақ мәлім» деп, бір ауыз сөзбен түйіндеген жүргізуші АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатына да тоқталды.

Содан кейін Президент Тоқаев үкімет пен әкімдер есебін тыңдап, оларға қандай пәрмен бергенін тізіп шықты. Мемлекет басшысының төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы шетелдік сапары – Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуынан басталғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық сарбаздар жүріп өткенде орнынан тұрып, құрмет көрсеткенін тележүргізуші де, журналист те баса айтты. Тілшінің сөзінше, бұл парадқа қатысу қазақстандық сарбаздар үшін «ең алдымен ерлікке тағзым». Осылайша Тоқаевтың бұл сапарына ерекше леп бергісі келгені байқалды.

ANA TILI газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты шықты. Сұхбат туралы сюжетте тілші сұхбатты «сөйлетіп», президент жауабынан қысқа үзінділер келтірді.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал нашарлауына байланысты кейбір өңірлерде карантин күшейтілді. Тележүргізуші алғысөзінде: “мұндай шектеулер «халықтың температурасына қалай әсер ететінін» тілші тарқатып айтады” деді.

Алайда сюжетте карантин қарапайым халыққа, тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығына қалай әсер етіп жатқаны туралы нақты ақпарат айтылмады. Тілші Шығыс Қазақстандағы карантин талаптарын баяндап, Жамбылда үй ауласында беташар өткізген жігіттің ісі сотқа жіберілгенін айтты. Осылайша «7 күн» авторлары аптаның басты тақырыбын бағдарламаның ортасына ысырды.

Журналистердің кәсіби мерекесіне арналған сюжет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерді құттықтаған, бірқатар журналиске президенттің арнайы гранты берілген ақпараттан басталды. Жүлде иегерлерін тізіп шықты. Олардың арасында «7 күн» журналистері де бар.

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын басқа арнаның тілшілерімен қатар “Хабар” агенттігінің журналисі де алыпты. Осы “Жігер” сыйлығын алған тілшінің байқауға қандай материал ұсынғаны, о материалда қандай мәселе көтерілгенін де айтса, құба-құп еді. Айтылмады.

Жүргізуші эфирді «жағымды жаңалықтардың жаршысы болуға жазсын» деп аяқтайды. Расында да «7 күн» бағдарламасын ақпараттық-сараптамалық емес, президент апталығы ретінде тануға болады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты

Коронавирус күшейді, Назарбаев вирус жұқтырды, ауруханаларда орын тапшы. 15-21 маусым қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус күшейді, «бостандыққа шыққан» адамдар індеттен сақтануды ұмытты, вирус жұқтырғандар сағат санап өсіп жатыр, пневмония диагнозы қойылған адамдар легі күрт көбейіп, ауруханалар науқасқа толып қалды. Нұрсұлтан Назарбаев та коронавирус жұқтырды. Кешегі аптаның басты жаңалықтары осы.

Әйтсе де коронавирустан басқа тақырыптарға да орын табылыпты. Мысалы, «Большие новости» бағдарламасы жазғы демалыста қайда және қалай ұшып баруға болатынын айтса (бағдарлама ұжымы да еңбек демалысына кетті), «7 күн» авторлары ескі, бірақ тарихи маңызға ие үйдегі тұрғындарының проблемасын көтерді. «Аналитика» бағдарламасы қуыршақ және көрпемен үйленетін адамдарды көрсетті. Ал Apta болса, ….

«Большие новости», КТК

«Большие новости» бағдарламасының атауының фон видеосы да өзгеріпті. Әдетте түнгі Алматының видеосын көрсететін. Соны арнайы киім киген дезинфектордың жаяулар жолы мен орындықтарды залалсыздандырып жатқан видеосына ауыстырыпты. «Карантиндегі демалыс күндері» деген жазу жазылған.

Бағдарлама коронавирус жаңалықтарынан басталды: жағдай қиындады, сенбі-жексенбі күндері карантин режимін қатаңдатты. Елбасы, тағы бірқатар жоғары лауазымдағы шенеуніктер коронавирус жұқтырды. Қалада ауқымды санитария жасалып жатыр. КТК телеарнасының қорытынды бағдарламасының эфирі президенттен (бұрынғы президент болса да) басталуын сирек көретін едік. «Коронавирус жеңісінің себебі неде» деген сауалға жауап беретін сюжет толымды әрі жан-жақты жасалыпты. Ақпараты көп. Не боп жатқанын, басты мәселе неде екенін, неліктен бұлай болғанын баяндады. Әрі шынайы әрі қорқынышты жағдай.

https://youtu.be/TBf2pnMsBhw

Осы аптада Таразда жасөспірімді жерледі. Оны жаппай төбелесте пышақтап өлтірген. Тележүргізушінің айтуынша, карантиннен кейін Қазақстанда қылмыс жиілеген. Ресми деректер бойынша, тек тұрмыстық кикілжің оқиғалары көбейіпті. Сюжетте Жамбыл облысындағы қанды оқиғаны және соған ұқсас тағы бірнеше жағдайды тыңғылықты сараптап, «Мұндай жауыздық қайдан шығып жатыр» деген сауалға миллионыншы рет жауап беруге тырысады. Тақырыпқа қатысты ешқандай тың ақпарат, жаңа ой айтылмады. Полицейлердің сөзінше «мұнда ерекше ештеңе жоқ, барлығы әдепкідей, жасөспірімдер ерегіседі, сосын төбелеседі, ешкім ешкімді әдейі өлтіргісі келмейді».

Парламент атышулы «Халық денсаулығы» кодексін үшінші ретте қабылдады. Сюжет «кодекстің кемшілігі неде» деген сауалға жауап береді. Тепе-теңдік сақталған (өткір сұрақтар бойынша барлық тараптың пікірін алған) сюжет мазмұнды ақпаратқа толы жасалыпты.

https://youtu.be/BXSAzSZVey4

Бағдарлама қай ел қандай шарттарда туристер қабылдай бастағанын, ал Қазақстан қай елдің азаматтарына елге кіруге рұқсат бергенін жинақтаған қысқаша шолумен аяқталды.

Тележүргізуші Алексей Рыблов «Большие новости» бағдарламасы қыркүйекке дейін эфирге шықпайтынын, редакция еңбек демалысына кететінін хабарлады.

«7 күн», «Хабар»

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар көбейіп, жағдай қиындап барады. Қазақстандықтар қауіпсіздік шарттарын орындап, бетперде тағып, қолын жиі сабындап жуып, «7 күн» бағдарламасының командасы сияқты оқшаулану режимін орындаса», мұның алдын алуға болар еді. Кешегі «7 күн» бағдарламасы тағы да жүргізушінің үйінен хабар таратты.

Коронавирус жанымызда жүр. Бұған дейін коронавирус жұқтырғандар санын ғана естіп келсек, енді айналамыздағы адамдардан да табылып жатыр. Бағдарламаның басты жаңалығы – Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19 сынамасы оң нәтиже көрсетті.
Жүргізуші бұл тақырыпқа қайта ораларын айтып, бірінші сюжетті басқа тақырыптан – елдің түкпір-түкпіріндегі жаңадан енгізілген шектеу шараларына арнады. Үкімет отырысын көрсетіп, премьер-министр Асқар Мамин сөзінен үзінді берді. Үкімет басшысы не істеуге, қайда баруға болмайтынын тізіп шықты.

CTS компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов автобустарға дезинфекция жүргізу шараларын айтты. Сарапшының аты-жөні мен қызметі ештеңе білдірмейді: бұл адам автобустарға қатысты жағдай бойынша БАҚ бетінде жиі комментарий береді, бірақ CTS деген не мағына білдіретінін, не іспен айналысатынын еш түсіндірмеді. Көрермен өзі біліп алуы міндетті ме? Интернетте тыңғылықты іздеуден кейін ғана CTS сөзі не мағына білдіретінін анықтадық: бұл осы жылдың ақпанында ребрендинг жасалған «Астана LRT» компаниясының жаңа атауы екен. City Transportation Systems деп аталады және Нұр-Сұлтан қаласының көлік жүйесін ұйымдастырады.

Коронавирус жұқтырған Нұрсұлтан Назарбаев тақырыбына қайта оралды. Жүргізуші тұңғыш президентке тезірек сауығып кетуді тілеген шетелдік мемлекет басшыларының телефон қоңыраулары мен жеделхатының барлығын айтып шықты.

Қазақстандықтар коронавирус бар екеніне сенбейді, денсаулығына салғырт қарайды. Індеттен көз жұмғандар, вирус барына сенбей, қайтыс болғандар туралы айтып, мүрделерін бұлыңғырлатып көрсетті. Жұқпалы аурулар дәрігері, аймақтық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, дәрігерлер, жедел жәрдем қызметі диспетчерлерінің айтары біреу – ахуал қиындап барады. Адамдар тест пен ауруханада орын жетіспейтінін айтып, шағымданады. Жүйенің шамасы келмей, Италия мен Иран сценарийі қайталануынан қауіптенеді.

«Хабар» телеарнасы медицина тақырыбынан алшақтамай, екпеге қарсы адамдар туралы сюжет дайындапты. Баланс сақтауға тырысқан материалда «екпеге қарсы» бір дәйекке екпені жақтайтын үш аргумент айтылды. Сюжетте сарапшылар пікірі, түрлі көзқарас, көп ақпарат бар.

Бағдарламаның қорытынды сюжеті ескі үйде тұратын тұрғындар мәселесіне арналды. Үкімет бұл үйлерді тарихи нысандар деп танып, тұрғындарын басқа жаққа қоныстандырғысы келмейді. Түркістанда осындай құрылыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделіпті. Адамдар пәтеріне жөндеу жасаған. Алайда мемлекет тарапынан жасалған жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіні көктемде мәлім болыпты. Шатырдан су өтіп, пәтерлерді бүлдірген. Жаңа жөндеу жұмыстарының ақысын тұрғындарға шашыпты. Енді олар 15 жыл бойына сол ақыны өтейді.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Коронавирус пандемиясының жаңа да қауіпті кезеңі басталды. Қазақстанда Елбасы коронавирус жұқтырды. Бағдарламаның бірінші сюжеті осы тақырыптан басталды. Авторлар көшеде адамдардан сұхбат алыпты. Олар тұңғыш президенттің тезірек сауығып кетуін тілейді. Ары қарай ауруханаларда орын таусылуға айналғанын, жедел жәрдем қызметкерлері шама-шарқынша сүрлігіп жұмыс істеп жүргенін, індет жұқтырған қазақстандықтар саны тоқтаусыз өсіп жатқанын айтты.

Балаларға жасалатын зорлық-зомбылық оқиғалары мен балалар арасындағы зорлық-зомбылық көбейіп барады. Бұл да пандемия салдарының бірі. Осы тақырыпты көтерген сюжет төбелеске қатысқан бала сұхбатынан басталады. Баланың бетін жаппаған.

2019 жылы 24 маусымда Қазақстанды дүр сілкінткен төтенше жағдай болды: Арыста оқ-дәрі қоймасы жарылды. Бір жыл өте оқиғаға кінәлілерді анықтайтын сот процессі басталды. Материал авторы барлығын (не болды, қалай болды, қаланы қалай қалпына келтірді, үйлерді қалай жөндеді, қанша адам зардап шекті, Арыс тұрғындарының естелігі, олардың жертөлеге жасырынып, снарядтардан тығылуы, қорғаныс күштеріндегі жемқорлық фактілерін анықтау, Тоқаевтың сол кезде Түркістан облысына келуі және тағы басқа) бір сюжетке топтастыруға тырысыпты.

Материал құрылымы түсініксіз, тілші тақырыптан тақырыпқа еш түсіндірмесіз секіреді. Мәселен, бір жыл бұрын Арыста не болғанынан хабарсыз көрермен сюжетті түсінбей, теледидар алдында аң-таң болып отырады. Журналист біраз дерек айтып, естеліктер қосады, бірақ шын мәнінде не болғанын айтпайды. Оқиғаның салдарына 7 минут арнайды. Снарядтар неліктен жарылды? Жыл өтті. Адамдарды соттап жатыр, демек содан бері қандай да бір ресми нұсқалар бар шығар?! Алайда кімдер айыпталып жатқанын, қанша адам екенін, оларға қандай айып тағылғанын айтпады. Сотқа қатыспақ болып, бірақ қатыса алмаған Арыс тұрғындарының ашу-ызаға толы комментарийін ғана берді.

Биыл қазақстандық дәрігерлердің Медицина қызметкерлері күнін тойлатуына уақыты жоқ. Тілші кәсіби мерекеге арналған сюжетті осылай бастады. 12 минут видеода дайын сөз орамдары да, таптаурын видеолар да, клише де толып жүр. «Гиппократ анты» сөзі өте жиі қайталанды.

Сюжеттің айтпақ ойы – жақсы, дәрігерлерді қорғауымыз керек, қазір олар өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр, бірақ әсіре пафос сөздер сюжетті дәмсіз етті. Тілші сюжет соңында «Кейде оларға әділетсіз сын айтылады» деп түйін жасады. Оғаш әрі әрі үзілді-кесілді ескертпе. Дәрігерлердің кәсіби мерекесінде сын-пікір туралы айтпауға да болар еді. Ал сюжетте айтылған сөзге салсақ, бізде дәрігерлерді бекер сынайды екен.

Бағдарламаны «олар осындай» сериясындағы қызық сюжет қорытындылады. Сюжет шетелдік объектофилдерге арналған. Бір қыз ұшақпен некелесуді армандайды, тағы бір қыз қуыршақ-зомбимен некелесіпті, әйелдерге ренжулі жігіт поп-жұлдыздың голограммасымен махаббат құрып жүр. Қазақстанда бір еркек резеңке қуыршақпен бірге тұрады. Ол осылайша әйелдердің еркектерді пайдаланып кетуіне наразылығын білдірмекші екен. Нейропсихологтың айтуынша, «барлық мәселе балалық шақтан және ата-анадан басталады» екен.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының сөзінен басталды. Әлемде коронавирус пандемиясының жаңа қауіпті кезеңі басталды. Мамандарымыздың сөзінше, Қазақстанда да індет қауіп күшейді. Бағдарламаның бірінші топтамасы коронавирус жаңалықтарына арналды. Басқа апталық бағдарламалардан айырмасы: QAZAQSTAN телеарнасының Apta қорытынды бағдарламасы Елбасы да вирус жұқтырғаны туралы ештеңе айтпады!

Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған твитін ұмыт қалдырмады.

21 маусымда Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. ҰБТ туралы қысқаша айтып, оқушыларды, ата-аналар мен ұйымдастырушыларды сөйлетті.

Бағдарламаның бірінші сюжеті онлайн сот процесстеріне арналды. Пандемия кезінде күніне 4000 онлайн-сот өтеді екен (офлайн күніне 100 соттан аспайтын). Көрермендерге онлайн сот процесінің кемшіліктерін (мысалы, нашар байланыс) айтып, мұндай сот процестеріне наразы кейіпкерлер хикаясын қосты. Судьялар, қорғаушылар сөйледі. Түрлі көзқарас айтылды. Сюжет өткір, мәнді жасалып, тепе-теңдік сақталыпты.

Қазақстандықтар сапалы ауыз суға қол жеткізуі үшін алдағы үш жылға 250 млрд теңге қаржы бөлінеді. Сапалы ауыз су проблемасын көтерген сюжет Солтүстік Қазақстан облысында түсірілген. Стендап қызық жасалған: тілші құдықтан шелекпен су тартады. Сюжетте баланс бар.

Мемлекет қазынасынан кәсіби футбол клубтарына миллиардтаған қаржы бөлінеді. Алайда нәтижелері көңіл көншітпейді. Сюжетте спорт журналистері, депутаттар, футболшылар сөйледі. Спикерлер футбол клубтарын кінәлады, бірақ Қазақстан футбол федерациясынан да, футбол клубтарынан да комментарий болмады.

Бағдарлама соңына Шығыс Қазақстан облысындағы марал шаруашылығы туралы сюжет шықты. Пайдалы ақпараты көп, кадрлары көз сүйсінтер сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жасайды, апта сайын шолу жариялайды.

Жәнібек Нұрыш

Сторителлинг мектебі жұмысын үйлестіретін маманға байқау жарияланды

Қазақстандағы Internews өкілдігі Сторителлинг мектебінің жұмысын үйлестіретін мамандар іздеп отырғанын хабарлайды.

Қазақстандағы Internews өкілдігі қазақ тілінде өтетін Сторителлинг мектебінің бағдарлама-координатор және логист-координатор позицияларына байқау жариялайды.

Онлайн мектеп 2020 жылдың тамыз айында өтеді. Мамандар бір айлық келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Жұмыс уақыты алдын ала келісіліп, айлық төленеді. 

МАМАНҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР:

Бағдарлама координаторы: Онлайн-мектеп бағдарламасын жетілдіру 

  • Дайын видео сабақтың үй тапсырмаларын, кейстерін, сынақтарын дайындау;
  • 25 видео сабақты қосымша өңдеу үшін жоспар жасау;
  • Сабақ видеоларының монтажын және жаңартылғанын қадағалау;
  • Жаңартылған бағдарламаның мәтін нұсқасын дайындау;

Логист-координатор: Онлайн-мектепті ұйымдастыру. 

  • Онлайн мектепке қатысушыларды қабылдау және іріктеу үшін байқау ұйымдастыру;
  • Бір апталық курс сабақтарын ұйымдастыру;
  • Қатысушыларды және олардың менторлармен байланысын қадағалау;
  • Курстың өтуін (ZOOM) ұйымдастыру және қатысушылардың қатысуын қадағалау;
  • Қатысушылардың пікірін жинап, шара жайлы есеп дайындау;

ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР: 

  • Журналистика немесе гуманитарлық бағытта жоғарғы білім дипломы, сонымен қатар медиа білім беру саласында, тренерлік және менторлық тәжірибесі болуы шарт; 
  • Медиа білім беру саласы бойынша тәжірибесі кемінде 5 жыл болу керек; 
  • Мультимедиа және жұмысты жоспарлайтын сервистермен жұмыс істей алу; 
  • Қазақша және орысша білу;

Түйіндемеңізді «Сторителлинг мектебіне үйлестіруші» деген тақырыппен kz-info@internews.org  э-поштасына 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін жіберуіңізді сұраймыз.

Жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады. Ұйым жайлы толығырақ: Қазақстандағы Internews өкілдігі. 

АҚШ-тағы наразылық, балалар, жануарлар және Байқоңырға 65 жыл. 1-7 маусым қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Қазақстанның кешегі аптадағы басты жаңалығы – Қазақстанға қатыссыз жаңалық боп шықты. АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімі митингілерге, жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Телеарналар бұл оқиғаны қалай көрсеткенін бақылау да қызық. Мәселен, КТК телеарнасы «АҚШ-та жүрген қазақстандықтардың жағдайы қалай» деген сұраққа жауап іздесе, «Хабар» телеарнасы «сұмдық жайттарды» жинапты: о жақтағы жағдай өте нашар, бізде де мұндай болғанын қаламаймыз, деген ойды емеурінмен жеткізді. «Еуразия бірінші арнасы» демократиялық БАҚ қалай жұмыс істеу керек екенін әдейі не кездейсоқ көрсетті.

Бұл аптадағы қорытынды бағдарламалардың эксклюзив тақырыптарын да атап өткен жөн: «Большие новости» бағдарламасының жануарларды азаптау туралы сюжетін жүйкесі әлсіз адамдар көруге болмайды. «Аналитика» бағдарламасы балаларға зорлық-зомбылық жасау тақырыбына сюжет арнады. Ал «7 күн» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газ жылытарына қуанды. Apta бағдарламасы мемлекеттік сатып алулар саласындағы жемқорлық, «откат» тақырыбы мен Байқоңыр ғарыш айлағының 65 жылдығына сюжет арнады.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама Алматы мен Нұр-Сұлтанда тез таратылған рұқсат етілмеген митингке шығу әрекеттері туралы қысқа видеохабарламадан басталды.

Ары қарай коронавирус туралы блокқа жалғасты. Мәселен, Қазақстанда 700-ден астам симптомсыз COVID-19 жұқтырғандар анықталыпты. Қалай анықтады? Айтпады. Есесіне республикамызда коронавирустан қаза тапқандар көрсеткіші әлемдегі ең төмені екенін білдік (бізде 0,4%, ал Ұлыбританияда – 14%-дан асады екен).

Интернетте петицияға қол жинау жүріп жатыр: қазақстандықтар жан-жануарды азаптайтындарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр. Осы тақырыптағы арнайы репортажда адам шошытар, сюжет аяқталғанша көзді жұмып отыруға әсер етер кадрлар бар. Жүргізуші Алексей Рыблов ата-аналарға баланы теледидар экранынан аулақ әкетуді дұрыс ескертеді.

АҚШ-тағы тәртіпсіздіктер мен сондағы қазақстандықтар туралы сюжет. Қазір АҚШ-та жүрген отандастарымыз меншікті тілшілер сияқты сөйледі: өзін камераға түсірді, достарынан өтінді, қай қалада не боп жатқанын баяндады. Кейбіреулері тек тілші ғана емес, сарапшы ретінде де сөйлеп, наразылыққа қатысып жатқандардың бәрі бірдей нәсілдік кемсітушілікке қарсы емес екенін, кейбірі жеке пайдасы үшін «дүкендерді тонап» жатқанын айтты.

Эмигранттардың бірі бұрынғы қазақстандықтардың митингілерге қатысуын «Полицияның бассыздығы барлығына қатысты» деп түсіндірді. Сюжеті қанық, егжей-тегжейлі сюжет.

https://youtu.be/157FQyViJGI

Жаздың алғашқы аптасында «Большие новости» бағдарламасы Қазақстан билігінің ішкі туризмге қалай қолдау көрсетеріне сюжет арнады. Материал авторлары проблеманы жан-жақты айтып, шенеуніктер мен кәсіпкерлерді сөйлетті. Алайда туристерге сөз бермеді. Шекараның жабылуы мен коронавирус пандемиясы – отандық курорттарға қолдау бола алмайды екен. Әзірге жағдай солай боп тұр.

https://youtu.be/P8E7Jzyr6mM

«7 күн», «Хабар»

Осы аптаның бағдарламасы әзірге белгісіз жайттан басталды. Мұның алдын келер аптадан бастап бағдарлама студиядан эфирге шығатынын айтып еді. Әзірге үйден хабар таратып жатыр.

Жүргізуші жеке хикаясы арқылы блокбекеттерді алып тастағанын айтты. Ол ең алдымен ауылдағы енесіне барып, үй тағамдарын – сүт, қаймақ және тағы басқасын әкеліпті.

Бірінші сюжет «Ложка к обеду» деп аталады. Бұл сюжет «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмыс қорытындысына арналыпты. Қор құрылуының бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс нәтижесін тексерді. Материал тұңғыш президент пен қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов синхрондарынан құралған. Сюжетте айтылғандай, қордың жағдайы жақсы, табысы артып келеді екен. Менеджерлер жарап тұр, президент жасалатын іс-әрекетті қолдайды. Дағдарыс бәрінен бұрын «Қазмұнайгаз» компаниясына қиын тигенін (осыған дейін бұл туралы КТК телеарнасында жарнамалық стилде сюжет көрсеткен) айтты. Компания қиындықты еңсеріп, жаппай қысқартуға бармай, өзгерістерге дайындалып жатыр екен.

«Сарыарқа» газ құбыры пайдалануға берілмек. Алғысөзінде жүргізуші үйіндегі пешіне қатты отын салып жатыр. Сюжет Иса есімді кейіпкер хикаясынан басталады. Ол Тараздан Нұр-Сұлтанға көшіп келгенде туған қаласында газ бар, ал астанада газ жоқ, адамдар үйін көмір жағып жылытып жатқанын көріп таңданыпты.

Жоба жетекшісінен комментарий алды. Оның айтуынша, жұмыс мерзімінен бұрын жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеменің жетекшісі биыл газ беріле бастайтынын айтады. Минустарды да айтып өтті: енді табиғи газға тек жеке сектор ғана емес, Жылу электр стансасы да көшеді екен. Демек, жылу тарифі өседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да сұхбат берді. Бұл жолы «Комсомольская правда» басылымы сұрақ қойыпты. Бұған да бөлек сюжет арнады. Сұхбатта айтылғанды қысқа қайырсақ: Қазақстанда «Донбасс» болмайды, қос билік жоқ, Қытай экспансиясы да жоқ, «орыс диаспорасы», «ұлттық азшылық» ұғымы да жоқ.

«Хабар» телеарнасы да АҚШ-тағы жағдайға назар аударды (шын мәнінде, бұл таңғалар жайт емес: сонау кеңес заманынан бері ресми БАҚ-тар о жақтағы жағдай қандай қиын, «іріп-шіріген Батыс», бізде бәрі керемет екенін айтып келеді). Сюжет атауы да айтарынан хабар береді.

АҚШ-тағы тәртіпсіздіктер туралы материал қорқынышты. Кадрларда полицияның кәрі адамды итеріп жіберіп, о адам құлап, басын соғып алғанын, полицей Флойдтың мойнына тізесін батырып жатқанын көрсетті. Ал 6 маусым – сенбі күні Қазақстанда адамдар митингке шыққаны туралы ләм-мим демеді.

Карантин жағдайында мектеп бітіру кештері туралы екі минуттық материалда түрлі түлектерді көрсетті. Біреулері оқу аяқталғанына қуанып, алғыс айтып жатса, екіншілері осынау ерекше күнді тағатсыздана күткенін, бірақ мереке еш сезілмейтінін, фотода бетперде тағып, қолғап киіп жүргеніне қапалы. Айтпақшы, осы аптада бірнеше түлек кортеж жасап, жол қозғалысы ережелерін бұзды. Алайда «7 күн» эфирінде мұны айтпады.

Бағдарлама соңында жүргізушінің Марс ныспылы итімен бірге серуенін көрсетті. Бұл ит эфир жұлдызына айналды. Көрермендер келесі шығарылымда итті көрмесе, алаңдай бастады. Александр Трухачев Марстың жағдайы жақсы екенін, ит ыстықтап жүргенін айтып, «суға жүз» деген бұйрық берді. Ит қуанып, суға жүгіреді. Бағдарлама аяқталды.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасының бірінші материалы «Балаларды қорғау күніне» арналды. Қазақстанда ең алдымен жақындарынан не олардың өмірі үшін жауапты адамдардан балаларды қорғау керек. Материалда Аягөз, Павлодар, Тасарықтағы интернат тәрбиеленушілерінің проблемасын егжей-тегжейлі айтты. Балалардың бетін бұлыңғырлап жапқан. Сюжетте полицейлер, құқық қорғаушылар мен қоғам қайраткерлерінің комментарийлері бар. Журналистер жауапты тұлғалардан комментарий алуға тырысыпты. Алайда бір ретте оларды кіргізбепті. Білім басқармасының басшысы журналистер сұрағына тікелей емес, тек Instagram аккаунтында жауап беріпті. Толымды да баланс сақталған материал.

«Еуразия бірінші арнасы» #явмаске челленджін бастады. Қазақстандықтарға әлеуметтік желіде фотосуретін жариялап, өзін және достарын тегтеуді ұсынады. Блокбекеттерді алып тастап, төтенше жағдай режимін тоқтатқаннан кейін Қазақстанда көптеген адам қауіпсіздік шараларын ұмытты не коронавирус барына сенбеді. Коронавирусты астыртын әрекет деп есептейтін Өскемен тұрғынын, бұған жауап ретінде дәрігерлердің ауруханадағы жағдайды түсірген видеоларын көрсетті. Материалда қандай кәсіп нысандары карантиннен шыққанын (мысалы, фитнес-орталықтар), ал қандай нысандар әлі карантинде екенін (балабақшалар, үйірмелер, секциялар, банкет залдары) айтты. Карантин кезінде митинг өткізу қауіпті екенін де хабарлады. 6 маусымда Қазақстанда өткен наразылық акцияларын көрсетпеді.

АҚШ-та Джордж Флойд өліміне байланысты наразылықтарға «Аналитика» авторлары 10 минуттық материал арнады. Полицейлердің наразылық танытушыларға назданып тұрмайтынын (кешірім сұрағанын материал соңына таяп айтты) атап өтті. Ақпарат агенттіктерінің кадрларынан басқа оқиға куәгерлерінен арнайы алынған сұхбатты, отандық сарапшылар комментарийін қолданды. Журналистер полицей қолынан қаза тапқан афроамерикалықтар туралы тағы басқа оқиғаларды еске түсірді. «Вашингтон пост» басылымы тәртіп сақшылары тарапынан болған кісі өлімі бойынша өз статистикасын жүргізіп жатқанын айтты. Әдейі не абайсызда ма екені белгісіз, осы сәт елдегі жағдайды бүкпесіз айтатын демократиялық басылымның артықшылықтарын көрсетеді.

Бағдарлама орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемінің инспекторы Леонид Сидоренко туралы материалмен аяқталды. Портрет-сюжет– видеоны тыңғылықты түсіріп, монтаждап, сұхбатты әбден ойластыра, динамика сақтауды талап етер күрделі жанр. Журналист Илья Самохвалов кейіпкер өмірінен көптеген хикая мен қызық видеолар жинаса да материал бірсыдырғы шықты. «Қапшағайлық Рембо» образы ашылмады. Бұл материалда драматургияның жоқтығына байланысты болды.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Тоқаев твитінен басталды. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ, бағдарлама авторлары мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли COVID-19 жұқтырғанын хабарлады.
Келесі сюжет пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге арналыпты. Мәселен, өзі індет жұқтырған инфекционист дәрігерді көрсетті. Үстемақы алмайтын санитар, жедел жәрдем көлігі жүргізушілерін айтты. Тілшінің айтуынша, жауаптылар мұндай жұмысшылар үстемақы алатын санатқа енбесе де оларға екі еселенген айлық төлеген. Жауаптылар кім екенін сюжет авторы түсіндірмеді.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры туралы сюжет Елбасының синхрондарынан құралған. Мән-мазмұны да, кадрлары да өте-мөте хаттамалық сюжет.

Apta авторлары Алматыдағы блокбекетте болған жол-көлік апатында қаза тапқан екі полицей оқиғасы туралы екі аптадан кейін айтты. Мұндағы «басты» ақпарат: қалалық полиция департаменті бастығының апатқа кінәлінің жұмыстан шығарылған полицей не жұмыс істеп жүрген полицей екені маңызды емес, деп айтқаны болды. Алматыдағы жол-көлік оқиғасы тек хабарлама түрінде берілді. АҚШ-тағы оқиғаларға тұтас толыққанды материал арнады.

Мемлекеттік тендерлердегі «откат» мәселесіне арналған сюжет – эксклюзив болды. Шығыс Қазақстан облысының бизнесмендері тендер алғанда «откат» беруге тура келетінін айтып, шағымданды. Толымды да баланс сақталған сюжет.

Тағы бір эксклюзив әрі толымды да қызық сюжет Байқоңыр ғарыш айлағының 65 жылдығына арналады. Сюжетке америкалық Crew Dragon ғарыш кемесінің ұшырылуы түрткі болыпты. Материалда бұл оқиға Байқоңыр ғарыш айлағының жұмысына қалай әсер етері, ғарыш айлағы маңындағы қала тұрғындары қалай өмір сүріп жатқанына жауап іздейді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламасына тұрақты мониторинг жүргізеді, апта сайын жариялайды.

Жәнібек Нұрыш