Домой Блог Страница 5

Блинкен сапары, банкроттық, сайлауалды дебат: 27 ақпан – 5 наурыздағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптаның жаңалығы – АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары болды: тілшілер екі елдің серіктестігіне, мемлекеттер арасындағы келіссөздерге, бұл оқиғаның қазіргі геосаяси ахуалға қатысына, шетелдік БАҚ-тың не жазғанына тоқталды. Апталық бағдарламалар жеке тұлғалардың банкроттығына өтінім қабылдау басталғанына да жеке-жеке сюжет арнады: кейіпкерлердің оқиғасы мен сарапшылар пікірі біраз жайттан хабар береді.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасын бұл жолы Айбек Қосан жүргізді. Басты тақырып АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары болды. Оның Тоқаевпен, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескені, Орта Азия елдері сыртқы істер министрлерімен C5+1 форматында өткен жиынға қатысқаны туралы жүргізуші студияда баяндады. Блинкен кетерінде твиттерде «Қазақ елі» деп басталатын жазба қалдырғанына дейін айтты, тек осыдан кейін сюжетке кезек берді. Материал берілетін болса, алғысөзде мұнша ақпарат баяндаудың не қажеті бар?

Қорған Қонысбайұлы сюжетін Блинкен сапары Ресейдегі геосаяси ахуалға байланысты емес, екі ел бұрыннан маңызды серіктес екенін айтумен бастады. Бірнеше сарапшы бұл сапардың маңызына тоқталды. АҚШ-тың Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан секілді мемлекеттерге назары ерекше екенін айтып өтті. Сарапшылардың бірі осыған дейін елімізге әр жылдары АҚШ мемлекеттік хатшыларынан кімдердің келгенін тізіп берді. Тоқаевтың сөзінен үзінді бар. Сонымен қатар, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға салдары, АҚШ-тың Орта Азияға 25 млн доллар бөлетіні туралы Блинкеннің сөзі келтірілді. Сонымен қатар, АҚШ хатшысы Астанадағы Өнер университетіне барып, «Хабар» тілшісіне сұхбат берген, содан үзінді беріліп, сюжет аяқталды.

Өткен аптада Үкіметте көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі пысықталды. Келесі сюжет осы мәселеге арналды. Жергілікті сала маманы Сырдария өзеніндегі мұз көшкіні мен көктемгі жауын-шашын кезінде су көбейсе, оны бұратын арналар дайын екенін айтты. Үкімет отырысында Экология министрі қиындық жоқ десе, Төтенше жағдайлар министрі жергілікті әкімдер министрлік нұсқауын орындамай, көктемгі су тасқынына дайын болмай шығатынын жеткізді.

Сайлауалды үгіт-насихат барысына сюжет арналды. Әр партияның апта бойы қандай шара өткізгенін айтты, партия төрағаларының пікірі бар. Барлық жеті партия толық қамтылды.

Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Алғашқы күні екі мыңнан астам адам өтініш беріпті, несиені өтеп беруді уәде ететін алаяқтар көбейген. Сюжетте елімізде пайда болған алаяқтық түрлері, елімізде одан сақтанудың проблемалары туралы айтылды. Шетелде алаяққа алданғанның шығыны сақтандыру есебінен қайтарылады, елімізде мұндай мүмкіндік жоқ. Әрі қаржылық сауаты төмен халықты алдау оңай. Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мектепке қаржы сауаты бойынша факультатив енгізу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Сарапшылар, Ішкі істер органдары, банк саласының мамандары пікір білдірді. Тілші алаяққа алданбау үшін қаржы сауатына қоса медиасауаттың маңызды екенін алға тартып, сыни пайымдау жөнінде медиамаманнан сұхбат алғаны дұрыс еді. Өйткені алаяққа алдану қаржы сауатының аздығынан екені жаңалық емес. Бұл мәселенің түп-тамыры сыни пайымның төмендігінде де жатыр.

«Отандық автоөндірістің ахуалы» сюжетінің атауына қарасаң, еліміздегі автоөнеркәсіп саласына толық талдау жасауы тиіс еді. Іс жүзінде олай болмай шықты. Қостанайдағы Allur group компаниясының пиар сюжетіне айналды.

8 наурыз мерекесі қарсыңында «Жеті күн» еліміздегі гүл бизнесіне қатысты талдамалы сюжет әзірледі. Елімізге шетелден жылына 4 млрд теңгеден астам сомаға гүл импортталады екен. Алғысөзде Қазақстанға қай елдер қанша тонна гүл әкелетіні  монитордан көрсетілді. Сюжетте гүл бизнесінің қазіргі жағдайы туралы кәсіпкерлер пікір айтты. Сондай-ақ, кейіпкер оқиғасы бар: жылыжайда гүл өсірген кәсіпкер пандемия кезінде қызанақ егуге мәжбүр болған, енді бұрынғы кәсібін қайта қолға алған екен. Тұщымды мәліметке толы, тиянақты сюжет.

Sarap Тimes, Astana TV

Sarap Тimes бағдарламасының бас тақырыбы ит етінен ас әзірленген мейрамхана оқиғасына арналды. Ақмолалық азамат қаңғыбас иттерді ұстап, етін елордадағы бірқатар дәмханаға арзан бағаға өткізіп келген. Ішкі істер органдары бұл жағдайға қатысты шара қабылдады. Тілші дүңшіргектерде сатылатын тағам еті халал стандартына сай ма деген сауалнама жүргізген. Дәрігерден ит етінің адам денсаулығына зияны бар-жоғын, шариғатқа сәйкестігін сұрапты.

Пойыз ішінде санитарлық талап сақталмайтыны туралы сюжет берілді. Оған редакцияға келіп түскен көрермендердің шағымы түрткі болған. Жолаушылар вагон ішінен тарақан көріп, оны видеоға түсіріп, редакцияға жолдаған. Тілші вагондарды аралап, 30 жыл бойы елде пойыздардың азы жаңарғанын айтты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы өкілінің түсініктемесі және ИИДМ маманының уәжі бар. Мәселе көтерген сюжет.

Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары тек үшінші сюжетте берілді. Блинкеннің Астанадағы кездесулері айтылды, Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Блинкеннің сөзінен үзінді бар. Сарапшы АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарын Ресей-Украина қақтығысымен байланыстырып, Қазақстанға бұл геосаяси мәселеде таңдау жасауы қажет екенін айтты. Тілші бұл сапарға батыс басылымдарының ерекше назар аударғанын айтып, бір-екі мысал келтірді.

Саясаттанушы Мақсат Жақау еліміздегі Мәжіліс пен мәслихат сайлауы алдындағы үгіт-насихат барысы туралы Саят Жөкенге сұхбат берді. Бағдарлама ортасында болатын әңгімені жүргізуші тұтқиылдан бастады, амандасу және қонағын таныстыру деген қарапайым эфир тәртібі сақталмайды. Көрермен сарапшының кім екенін титрдан ғана біледі. Сұхбаттың эфирдегі уақыты – 15 минут, бір бағдарламаның эфирлік уақытына пара-пар, қарапайым эфир этикасы сақталуы тиіс.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгені, алғашқы күні қанша адам соттан тыс банкроттық рәсімдеуге өтінім бергені туралы қысқа ақпарат болды.

10 ақпан күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктердің бірінде өтінім қабылдауға ашылған лимит аз уақытта таусылып, кезекте тұрғандар наразы болғаны еді. Sarap Тimes осы бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі, өтінімі мақұлданғандар туралы сюжет ұсынды. Банк және бағдарлама операторы өкілінің пікірі бар. Кезекте тұрып, өтінім бере алмаған тұрғындардың да ренішін көрсетті. Ал сарапшы бұл бағдарламаның нарықтағы тұрғын үй бағасына ықпал еткенін айтты.

Бағдарламаның соңғы сюжеті коммуналдық қызметте жұмыс істейтін мамандар туралы болды. Ол – қар тазалайтын көлік жүргізушісі. Сюжетте оның әріптестері пікір білдіріп, жұмыс жайы туралы әңгімелеп берді.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» бағдарламасын бұл жолы Гүлнәзия Жалғасқызы жүргізді. Алғашқы сюжет алғыс айту күніне арналды. Бағдарлама авторлары құтқару қызметінде жүрген мамандарға алғыс айту керек деген пікірде. Сюжетте жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметі өкілдерімен бірге жұмысқа шыққан Ақбөпе Тәңірберген бұл саланың қиындығын айтты.

«Қазақстан халқына» қорының көмегі туралы Әсем Изатқызының сюжетінде әлеуметтік жауапкершілік сақталмады. Мүмкіндігі шектеулі әрі сырқат балалар туралы материал дайындаған ол арнайы орталықта түсірілім жасап, бүлдіршіндердің бетін ашық көрсетеді. 13 жасар баланың тағдырын баяндап, одан сұхбат алған. Қордың балаларға қамқорлығы туралы айтқысы келген.

Соңғы кезде «Айна» бағдарламасы медицина тақырыбында жиі сюжет әзірлеп жүр. Бұл жолы сүт безі обыры туралы материал әзірленді. Мамандар бұл дерттің жасарып бара жатқанын айтады. Оның алдын алу үшін скринингтің маңызына тоқталды. Қатерлі ісіктен емделген жаннан сұхбат алған. Онколог-маман аты жаман аурудан айыққаннан кейін қалай бала көтеруге болатыны туралы айтты. Сондай-ақ, сырқаттың алғашқы белгілері туралы дәрігердің маңызды нұсқауы бар.

«eGov куәгерінде» 50 жастан асқандарға арналған «Күміс жас» жобасы және оған қатысу шарттары туралы айтылды. Еліміздің бірқатар өңірінде арнайы санаттағы қыз-келіншектерге 8 наурызға сыйлық ақы беріледі екен.

Сайлауалды науқан туралы ақпарат берілді. Редакция барлық 7 партияны қамтыды.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

Әлемдік БАҚ АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Бликеннің Қазақстанға сапары мен оның президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерін ерекше назар салды. Apta бұл оқиға туралы жазған шетелдік басылымдардың бірнешеуін мысалға келтірді:  «Блинкен Қазақстанның егемендігін қолдайды» деп жазды FrancePress24. Сюжетте екі елдің серіктестігі мен қазіргі геосаяси ахуал жайлы айтылды. Тоқаевтың, Блинкеннің синхроны және бірнеше сарапшының пікірі бар.

Шымкентте мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті, екі ел басшылары мемлекеттердің қазіргі серіктестігі мен оны нығайту жайын талқылады.

Қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы – 20 мың тоннасы «Достық» мұнай құбыры арқылы Германияға жөнелтілді. Бұл – еліміз үшін аса маңызды оқиға болғанымен, сюжет арналмады. Сарапшы Рашид Жақсылықов осы жағдайдың саяси-экономикалық тиімділігі туралы айтып берді.

Украинадағы соңғы жаңалықтар мен арнайы операциялар туралы сюжет ұсынылды: әскери сарапшылардың болжамынша, күн жылыған уақытта қақтығыстағы екі тарап та шабуылды күшейтпек.

Сайлауалды дебат және партия өкілдері нені даулады, 7 партияның үгіт-насихат шаралары туралы шолу-сюжет әзірленді.

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығына өтінім қабылдау басталды. Келесі танымдық сюжет осы жайттың қазіргі ахуалы жайында болды. Кейіпкерлердің оқиғасы мен сарапшылардың пікірі бар. Өзекті тақырып.

Елімізде онкологиялық аурулардың статистикасы өсіп барады. Сюжетте қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің проблемалары көтерілді: өңірлердегі жағдай тіптен мүшкіл.

Келесі танымдық сюжет креативті индустрия мен оның елімізде неліктен дамымай отырғаны туралы болды. Идея көп. Сарапшылар бұл саланы реттеудің кешенді жоспары жоғын алға тартады.

Qazaqstan арнасы 65 жылдығын тойлады. Астанада «Қарашаңырақ. Қазақ телевизиясына 65 жыл!» атты мерекелік шара өтті. Соңғы сюжет осыған арналды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Ит сойып жеген әнші немесе «Уақыт көрсетеді» көрерменге не ұсынады?

YouTube платформасындағы қазақтілді кеңістік аясы кеңейе түсуде. Жаңа арналар ашылып, бұрынғы тележүргізушілер мен басқа да тұлғалар өз жобасын ұсынып, жұлдызға айналуда. Бұл қуантарлық жағдай, әрине.

Десек те, жарқырағанның бәрі алтын емес, мыңдаған жазылушысы бар, яки көрілімі көп болғанның бәрін сапалы деуге келмес. Бұл шолуда осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын ашылған, бүгінде 450 мыңнан астам жазылушысы бар және осы уақыт ішінде 200 сұхбат өткізген Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» арнасына назар аударғымыз келеді.

Әлбетте автор сұхбатқа келген қонағының айтар сөздеріне жауапты емес. Мәселе жүргізушінің спикер жауабына қандай реакция танытқанында. Студия қонағы жануарды аса жауыздықпен өлтіргені туралы ашық айтқанда журналистің бұған ішегі қатып күліп отырғаны қаншалықты этикаға жатады? Медиасыншы Назира Даримбет бұл сауалдың жауабын оқырманның өзіне қалдырды.

Өз-өзіңді «жер қылу»

Арнадағы сұхбаттың бірі – былтыр қарашада президент сайлауының алдында «абыройынан айырылған» саясаткер Әміржан Қосановпен жасалған. Бастапқыда жүргізуші сұхбаттың тақырыбын алдағы президент сайлауы деп атап өткендей болғанымен, әңгімені «жай-күйіңіз қалай?» деген мағынасыз сұрақтан бастау арқылы сұхбаттың саяси сарында болмайтынын аңдата қояды.

Интервьюердің бұдан кейінгі «шашыңызды неге бояп алмайсыз, басыңыз ағарып кетіпті» дегені тіптен қайран қалдырды. Этиканың қағидатына жүгінсек, мұны сұхбаттасушының қадір-қасиетін, ар намысын қорлайтын сұраққа жатқызуға болады. Мысалы, журналист сұхбат кезінде әйел адамға «Тым толып кетіпсіз,сізге арықтау керек сияқты» деген сұрақ қойғанын елестетіп көріңізші.

Осы орайда жүргізушінің бұдан басқа да сұхбаттарына қарасақ, оның этика ауылынан алыстығын байқаймыз. Бұл жөнінде кейінірек айтатын боламыз.

Одан әрі Нұрсейіт «қуыршақ» үміткерлер туралы қарқынды сұхбаттың орнына осыдан үш жыл бұрынғы, студия қонағының өзі президенттіктен үміткер кезінде болған оқиға жөнінде әңгіме өрбітеді. Бұдан кейін әңгіме үстірт Қаңтар тақырыбына ауысады да, «қазақ қазаққа қарсы тұрады деп кім ойлаған» секілді жауыр болған сөздер естиміз.

Мысалы «Қосановтың өзі қатысқан үш жыл бұрынғы сайлаудан қазіргі сайлаудың айырмашылығы не?» деген сынды сауал тастап, сұхбат тақырыбын алдағы сайлау туралы өрбітудің орнына, жүргізуші қонаққа бұған дейін де жұрт талай сұраған «Неге халықты сатып кеттіңіз, сізге сенді ғой?» деген сұрақ қояды. Әрине, спикер түрлі алаңдарда талай рет айтқан жауабын қайталайды. Осы ретте жүргізуші: «Бұл туралы сіз екеуіміз осыдан үш жыл бұрын айттық» деп өзі еске салады. Ендеше, қайталаудың мәні не? Бұл тақырыпқа қызығатын көрермен оны жақсы біледі.

Ал негізгі тақырып – сайлау және президенттіктен үміткерлер туралы әрең басталған әңгіме сұхбаттың бел ортасына таман бар-жоғы бірер минутқа созылады. Бірақ бірден 2022 жылғы қаңтар оқиғалары туралы сұрақ қайта қойылады да, қонақтың жауабынан жаңа ештеңе ести алмаймыз. Бұл жерде жүргізушінің сұхбат тақырыбы мүлдем басқаша бола тұра, неге бұл сұрақты қойғанын ұқпайсың.

Сосын жүргізуші күтпеген жерден: «Өзіңізді бақытты адаммын деп сезінесіз бе?», «Сіз ұялатын нәрсе бар ма?» деген секілді блиц-сұрақтарға ден қояды. Мұндай тәсіл әуел бастан қалыптасқан дәстүр болса, әдетте сұхбаттың соңында қойылғаны орынды.

Әрі қарай әңгіменің беталысы жапан түзде адасып қалған жаяудың жүрісіне ұқсап кетеді. Жүргізуші біресе: «Егер тірі болса, Сәрсенбаев пен Нұрқаділов қазіргі саясатта қандай рөл атқарар еді?» деп сұрайды, біресе әңгімені Қонавтың дәуіріне қарай бұрып жібереді, ал сұхбатты «Жаратқаннан не үшін кешірім сұрар едіңіз?» деген философиялық сұрақпен аяқтайды.

Миллионер өмірінің бір күні…

Медиаменеджер Арманжан Байтасовпен болған сұхбатта әңгімені әдеттегідей студияда емес, тыста жасап түрлендіруге талпыныс бар. Жүргізуші таңертең сұхбаттасушының үйіне келіп, «өмірде жолы болған адамның әдемі тіршілігін» көрсеткісі келген.

Форматы өзгеше, студиядағы әңгімеден гөрі қызықтырақ, оған тағар кінә жоқ. Алайда сұхбаттың мән-мазмұны тағы да сын көтермейді. Егер кейіпкердің көпке беймәлім қыры ашылып, оның ғұмырбаяны, жеке өмірі және т.б. туралы хабардар ететін толыққанды портреттік сұхбат болса, онда артық сұрағымыз болмас еді.

Жүргізуші серуен кезінде Байтасовтың табысқа жетуіне себеп болған жайт – «студенттік шақта достарымен бірге телеарна ашу туралы шешімі» болғанын біледі, бәрі дұрыс басталған секілді еді. Бірақ келесі сұрақтар топтамасы кенеттен кейбір қазақстандық кәсіпкерлер жайына ауысып, әңгіме автокөлікте жалғасады. Жүргізуші «ана олигарх пен мына олигарх Forbes тізімінен қалай табылды?» деп спикерді «қинайды», ал Байтасов ешкімнің шамына тимеуге әрі шынайы болуға тырысады.

Әңгіме желісі тағы басқа арнаға ауып кетеді, саябаққа жеткен сұхбаттасушылар кейіпкердің «табысты адам болуының тарихына» қайта келіп тіреледі. Ал журналист, медиаменеджер әрі кәсіпкер, Форбс тізіміндегі миллионер өз жобасы – «31 арнаны» 65 млн долларға сатқанын есіне түсіреді. Нұрсейіт Жылқышыбай «Бұл деген аса қомақты ақша ғой, оны қайда жұмсадыңыз?!» деп сұрайды. Сәл жымиыспен Байтасов «Айтарлықтай көп ақша емес қой» дейді.

Келесі кадрде олар кейіпкердің үйінде таңғы ас ішіп отырады. Көрерменді үстел басында отырған Байтасовтың отбасымен таныстыру жүргізушінің ойына келмеген. Таңғы астың орта тұсында жүргізуші кейіпкермен бірге селфиге түседі, әңгіме үзіліп, ар жағында музыка үні естіліп тұр…

Сұхбаттың соңына таман Байтасовтың өзі жұртпен сұхбаттасатын танымал кафеге келеді. Сұхбат кенеттен марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің төңірегінде өрбиді: «Оның өзін-өзі үш рет атқанына сенесіз бе?» деген сұрақ қояды. Әрине, қандай жауап болатыны белгілі еді.

Егер Нұрсейіттің жобасы «пәленмен өткізген бір күн» деп аталса, онда бәрі орынды болар еді. Автор «Уақыт көрсетеді» бағдарламасын «кәсіпқой сұхбат», «адал әңгіме», «эксклюзивті пікір», «өткір сұрақтар» деп суреттейді, арнасы сондай позицияда екенін айтады. Осы орайда, өткір сұрақтарға келсек, автор өзінің Қосановқа «Сіз плинтустан да төмен құладыңыз» дегенін, енді бір сұхбаттасына «Өзіңнің д…б екеніңді мойындасаңшы» дейтінін мүмкін өткір сұрақ деп ойлайтын шығар. Ал мұнысы «дөрекі, арсыз және көргенсіз» сұраққа жақын келеді.

Байғұс итті жауыздықпен өлтіру күлетін нәрсе ме?

Жылқышыбай бұдан өзге сұхбаттарында кейіпкердің басқа ортада, мәселен, шоу-бизнестегі танымалдығына үміт артып, сол арқылы өзіне аудитория жинауға тырысқанға ұқсайды. Мұндай сұхбаттарда көбінесе тақырып болмайды, бұл тек «жұлдызбен» сұхбат. Салдарынан әңгімеден ештеңеден шықпай, кейіпкер жаңа қырынан ашылмай, тың ештеңе айтылмайды. Мысалы, «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдіраймовпен сұхбаты.

1,5 сағатқа жуық әңгіме әншінің өмірбаянындағы 20 жыл бұрынғы оқиғалар туралы естелікке құрылған. Дегенмен онысы музыкалық топтың құрылуы, әншінің шығармашылық жолы, бала кезіндегі арманы немесе ерекше отбасылық құндылықтары секілді мәнді естелік болса, мәселе басқа…

Жүргізуші қонақтың бір кездері Қайрат Нұртасты «ұрып-соққанын» еске салып, концертте бір әріптесімен неліктен төбелескенін, тойдан қалай ақшадан қағылғанын немесе достарының біріне неге ақша бермей кеткені секілді кәкір-шүкірді сұрайды. Мұның бәрі әртістің шығармашылығы туралы емес, қылмыскердің өткен дәуірдегі «ерліктері» туралы естелікке ұқсайды.

Салдарынан әңгіменің жартысына жуығы ешкімге қажеті жоқ, қызықсыз мән-жайды анықтауға жұмсалды. Жүргізуші әр деректі жайып салғаннан кейін қонақтан «Осы рас па?» деп қабағын түксите, екпін сала сұрайды. Ал қонақ оған күле қарап «Мұны қайдан таптың? Нағыз журналист осындай болуы керек» деп қайта-қайта мақтау айтады.

Әңгіменің шарықтау шегінде бағдарлама қонағы өткен ғасырдың қиын-қыстау 90-жылдары иттің етін жегені туралы естеліктерге келіп тіреледі. Бірақ ол мұны жейтін ештеңе болмағандықтан емес, ұзаққа созылған жөтелден айығу үшін істегенін айтады.

«Жарты жылдай ауырған деседі, қалай жазылдың, иттің етін жедің бе?» деп сұрайды жүргізуші. Қонақ мұны растап, мәселенің егжей-тегжейін айта бастайды.

«Иә, иттің еті шипалы, пайдалы дегенді естіп, досыммен бірге ауылға баруды жөн көрдік. Ауылға келдік, ит жоқ. Оны да әрең тапқынымыз есімде. Бір досымыздың апайында ит бар екен, соны ұрладық. Кешке қайнатып, сорпасын іштік. Таңертең Макстің тәтесі келіп тұр, че то итім жоқ деп. Оның итін түнде біз жеп қойғанбыз ғой», – дейді күліп Бағлан Әбдірайымов.

Алайда әнші емделу үшін көршісінің ғана итін жемеген екен. Бұл туралы «бәрін білгіш» жүргізуші еске салады.

«Бірақ бұл сіз жеген жалғыз ит емес екен иә? Айдар деген досыңыздың итінің басына қап кигізіп, балтамен 40 рет ұрып, бас сүйегін талқандапсыз, ал әлгі өлмей қойыпты. Осы рас па?», – деп сұрайды Нұрсейіт Жылқышыбай күліп.

Қонақ мұның бәрін растап, одан да қорқынышты мәліметтермен толықтырады: «Бұл Айдар досымыздың иті еді. Оны әрең дегенде өлтіріп, содан бауыздадық, басын кесіп, етін Шымкентке әкеліп, тоңазытқышқа салдық. Бірақ мұның бәрі балалық қой, небәрі 19-20 жаста едік», – деп күледі Бағлан Әбдірайымов.

Жүргізуші мұнымен шектеліп қалмайды. Барынша қатыгездікпен өлтірілген бейшара итке қатысты тақырыпқа тіпті рахат таба қайта оралады. «Оны балтамен қатты ұрғаныңыз соншалық, жағын сындырып тастапсыз, бас сүйегінің күлпаршасын шығарғанда ұсақ сүйектер жан-жаққа шашылды деседі ғой… Ал сіз оны сойғаннан кейін не байқадыңыз, есіңізде ме? Ол ұрғашы ит болған екен, ішінен күшігі шығыпты ғой…», – дейді жүргізуші күлкісін тыймай.

Қонақ тағы да егжей-тегжейін айта бастайды: «Итті қалай өлтіріп, қалай сою керегін білмедік. Білетіндер былай істейсің деп, қолыма балта беріп қойды. Оны ұрғанда, қолың қалт кетеді, ит те қимылдай береді, соққы қаптың қай жерінен тиіп жатқанын біле алмайсың, сонымен оған кішкене зәбір көрсетіп, қатыгездік танытып жібердік», – деп күледі.

Осы сөздер айтылғанда жүргізуші тіпті өзін ұстай алмай, ішек сілесі қатып күледі.

Бұл ретте әңгімеге моральдық тұрғыдан баға берудің қажеті бар ма? Жүргізуші жануарға жасалған осыншама қатыгездікті қонағымен бірге бес минуттан аса күліп талқылайды. Арна авторы әншінің бұл әрекетін сөгу үшін емес, жәй қызық болсын деп еске алады.

Содан кейін түк болмағандай өнегелі сұрақтарға көшеді: «Өміріңізде не үшін ұяласыз?» Ал қонағы бұған мұңды кейіппен: «Осы күнге дейін әкеме көлік алып бермегенім ұят па? Ұят. Әке-шешемді бір шетелге апармағаным ұят па, ұят…» деп жауап береді.

Кейіпкер өзі алып шыққан сұхбат

Келесі сұхбаттасушы – әлеуметтік желіде тиктокер-имам аталып кеткен дінтанушы Нұрлан Байжігітов. Айта кету керек, әріптестерінің әзіліне қарамастан молда TikTokта өз саласында әжептәуір сауатты түсіндірмелер мен кеңестер береді.

1 сағат 20 минуттық сұхбатта халықтың діни біліміндегі олқылықтың орнын толтыру үшін осындай шағын бейнероликтердің тақырыбын дамытып, кәсіби сұхбат құруға болар еді.

Әңгіменің басында жүргізуші неге екені белгісіз, арна құрылғаннан бері алғаш рет өзінің жерлесімен сұхбат құрып отырғанын баса айтады. Содан кейін ол қонаққа өзі шығарған өнімдерді, атап айтқанда, ерлерге күш беретін дәрумен, көпшік сыйлайды.

Кезінде бір облыстың бас имамы болған адамның шағын ауылдың кішкентай мешітінде қызмет етуге қалай келіскенін сұрайды. Онысына: «Алла үйінің кішісі, үлкені болмайды, бастысы қайда қызмет ету емес, қалай қызмет етуде» деген жауап алады.

Жалпы, сұхбаттасушының деңгейіне лайықты әңгіме шықпады. Бұл сұхбатта қазақ қоғамына әрқашан өзекті дін тақырыбы аясында кәсіби сұрақтар таба алмайсыз. Оның орнына «Адам ата мен Хауа ана ақ нәсілді болған дейді, сонда қара адамдар қайда шыққан?», «Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған болса, неге оның қабырғалар саны тең?», «Құдайдың бейнесін қалай елестетесіз?», «Жұмаққа өзіңізбен бірге кімді алып кетер едіңіз?» деген кейіптегі сауалдар естисіз.

Оның үстіне жүргізуші тағы «ел жанашыры» кейпін танытып, хайпқа айналған тақырыпты қозғайды: «Қазір біздің қыздарымыз, қарындастарымыз ғой енді, негрге де, қытайға да, үндістерге де, басқаларына да кетіп жатыр. Мұны жүрегім ауырғандықтан айтып отырмын. Осының бәрін тоқтату үшін неге арнайы пәтуа шығармасқа? Өйткені қыздарымыз жолда жатқан жоқ қой».

Бұл сұрақ этика тұрғысынан да, адам құқығы тұрғысынан да сауатсыз екенін айтып жату артық шығар. Мұны «ұлт тазалығы үшін» күресіп жүрген көптеген белсенді де, журналист-жүргізуші де түсінбейтін секілді.

Ал «негр» дегеннің орнына «қара нәсілділер» сөзін қолданған имамның «барлық адамдар, соның ішінде біздің әйелдер де бақытты болуға құқылы», сондай-ақ «атыраулық қызды семіз деп қазақтар алмағандықтан «қара нәсілдіге» үйленді» деп айтып жүрген біздің жігіттер ғой», «біреуді кемсітуге ешкімнің хақысы жоқ», «әйелді кінәламас бұрын, қазақ жігіттері алдымен өзіне қарап алсын, алдымен жауапкершілікке үйренсін, әйелді тек сыртқы келбетіне қарап бағаламауды үйренсін» деген сауатты жауаптары бұл сұрақты алып шыққанын айта кету керек.

Қорытындылай келе, жоба авторының сұхбаттарында нақты тақырыптың, әңгіме қисыны мен әдемі астарының жоқтығын тілге тиек етсек болар еді. Нұрсейіт өз арнасында бір тақырыптан екіншісіне секіріп, жәй ғана «сыр-сұхбат» жасайды, ал бұған еш қисын керек те емес шығар. Шынтуайтында, оған құқы бар. Тек қонағымен бірге жауыздықпен өлтірілген ит туралы күліп айтқан әңгімесін ұмыта алсақ. Ал бұған хақы бар ма, қалай ойлайсыз?

Еңбек дауы, жәдіргер жайы, ғылым мен өндіріс: 20-26 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасы сайлауға түсіп жатқан партиялардың үгіт-насихат шараларын шолумен басталды. Жігер Сәрсен барлық 7 партияға қатысты ақпарат берді.

Елімізде еңбек дауын реттеу туралы жаңа заң қабылданды. Сюжетте екі кейіпкердің оқиғасы бар. Біріншісі қызмет барысында қайтыс болған, екіншісі жарақат алған және компаниядан өтемақысын ала алмай жүр. Бұлардың оқиғасы мысал ретінде айтылғаны болмаса, мәселені шешуге нақты нұсқау жоқ. Сюжет соңында еңбек келісімшартын жасамай, жұмысқа кірісетіндердің өзі де кінәлі болатыны айтылған. Алғысөзде айтылған «Жаңа заңның еңбек дауын шешудегі маңызы қандай?» деген сұрақ жауапсыз қалды. Сарапшылар пікірі салада шешілмеген түйткілдің көптігін аңғартты.

Алдағы үш жылда ғылымға миллиардтаған қаражат бөлінеді. Еліміздегі ғылым саласын қаржыландыру туралы сюжетте де кейіпкер оқиғасы бар. Электр үнемдейтін құрылғы ойлап тапқан ғалым отандық өндірісте онысын қолдана алмай отыр. Сұраныс жоқ, бірақ шетелден ұсыныс түскен. Сюжетте ғылымда маманның азайғаны, мықты жобаларға қаржы жетіспейтіні, ғылым мен өндірістің байланысы, Ғылым туралы заңдағы кемшіліктер туралы айтылды, сарапшылар пікірі бар. Тілші Индира Жылқайдарова сюжетін 2025 жылға дейін ғылымға ЖІӨ 1 пайызын бөлу жоспарланғанын, үміт барын айтып аяқтады. Талдау барысында артық ақпарат көп болғандықтан, материалдың мазмұны шашыраңқы. Сюжеттің негізгі ойына қатысты тұсын ғана қалдырып, қалғанын қысқартуға болар еді.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен сұхбат берілді.

Жаһанда көлік өндірісінде дағдарыс, Қазақстан көрші мемлекеттермен салыстырғанда «көш ілгері» екен. Алматыдағы «Хюндай транс Қазақстан» зауытының жұмысы туралы сюжет берілді.

Астанадағы қоғамдық көлік проблемасы туралы сюжетте бірнеше мәселе көтерілді. Сала мамандары, автобус жүргізушілері, тұрғындар сөйледі. LRT жобасының 2030 жылға қарай аса қажеттігі, құрылыс жалғасатыны тілге тиек болды. Бұл жобаны аяқтау үшін қала әкімдігі республикалық бюджеттен 50 млрд теңге алатыны айтылмады.

Sarap Тimes, Astana TV

«Қазавиақұтқару» тікұшағы апатқа ұшырап, төрт адам қайтыс болды. Бағдарлама осы хабардан басталды. Тілші Еркін Қарин оқиғаның қалай болғаны туралы жан-жақты ақпарат беріп, сюжет әзірледі. Куәгерлерден, дәрігерлерден сұхбат алынған. ТЖМ өкілінің де түсініктемесі бар. Толымды сюжет.

Үндістан халқы ең көп мемлекет болып танылды. Қытайдан компаниялар соның әсерінен кете бастаған жоқ па?  Бұл жағдайдың Қазақстанға экономикалық ықпалы қандай? Осы сауалға сарапшы Сапарбай Жұбаев жауап берді.

Алматыда сейсмикалық аудит жүргізілетіні туралы қысқа айтылды.

«Тырысқақ ауруы өршіді» сюжеті Түркиядағы зілзаладан кейінгі жағдай туралы болды. Жер дүмпуі болған аймақтарда антисанитариядан тырысқақ ауыруы тарауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да дабыл қақты.

«Қара археологтар» тарихи жәдігерлерді шекарадан алып өтіп, қымбатқа сатады екен. Сюжетте құнды жәдігерлердің қорғалуы, оның құқықтық негіздемесі талданды. Сарапшылар пікірі бар. Тиянақты сюжет.

Түрмеге тоғытылғандардың күнделікті тыныс-тіршілігі, оларды қамтуға бөлінетін қаражат, бостандыққа шыққаннан кейін еңбекпен қамтылуы – сараптамалық бағдарламалар үшін тың тақырып. Бұл сюжетті ерекше атап өту керек: жинақы, нақты проблеманы көтерген.

Студиядағы сұхбатқа саясаттанушы Ермек Тоқтаров шақырылды. Ол сайлаудың ұйымдастырылуы жайлы айтты. Саяси коммуникацияның жаңа мүмкіндіктері де талқыланды.

Балабақшаға қатысты жаңа талаптар енгізілді, олар енді лицензияланады. Бұдан жекеменшік балабақшалар жабылуы мүмкін. Мемлекеттік тапсырыс беру талаптары да күшеймек. Бақша иелері тамақ, жалақы төлеу шығынын, білікті маман табудың қиындығын алға тартыпты. Құзырлы орган өкілдері талаптың күшейгені кәсіпті тұншықтырмайтынын айтады. Сюжетте ас ішіп отырған балалардың фонында ата-аналардан сұхбат алған. Бұл санитарлық талаптарға қайшы емес пе?

Бағдарлама Астанадағы мектептердің бірінің мұғалімі туралы ауқымды сюжетпен аяқталды. Ұстаздың былтырғы түлектерінің барлығы грант иегері атанған.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген алғашқы сюжет Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының зиратқа қатысты ұсынған ережелері туралы болды. Ысырап жасамау, зиратқа сурет қоймау және тағы басқа бірнеше ұсыныс жасаған. Сараптамалық сюжеттен гөрі, ақпараттық маңызы басым. Діни басқарма маманын сөйлетіпті.

Зират тақырыбы екінші сюжетте де жалғасты. Онда қабірге қойылатын көктас құны сөз болды. Кәсіпкердің, дінтанушының және мүфтият өкілінің пікірі бар. Діни басқарма өкілі құлпытас қойғанша, мұқтаж жанға көмектесу әлдеқайда сауапты іс деген ой айтты.

«Күн керек» сюжетінде D дәруменінің адам ағзасына пайдасы айтылды. Кейіпкер оқиғасы бар. Диетолог, вирусолог мамандар сөйлеген. Танымдық сюжет.

eGov куәгері әлеуметтік әмиян мен кейбір бүлдіршіндердің балабақшаға тегін бару мүмкіндігін талдап, Оқу-ағарту министрлігінің қаулысын түіндірді.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа  бұйырмаңыз» аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқарудың» Ми-8 тікұшағы құлап, 4 адам қаза тапты, екі азамат ауруханада жатыр. Apta журналисі оқиға орнына барған. Төтенше жағдай себебі әлі анықталуда. Ми-8 – 2021 жылы құрастырылған жап-жаңа тікұшақ. Бұл күні ауа райы да жақсы болған. Ендеше апаттың себебі неде? Ардақ Мұратқызы ауруханада жатқан 62 жастағы аға инженер Сергей Щегловтың жайын сұрап, жағдайды білуге тырысқан. Министрлік өкілдерінің пікірі бар.

Бұдан әрі Альбина Әшім инфографика және мұрағат видеолардың көмегімен апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшақтарының хроникасын баяндады.

Apta шаруалар мәселесін жиі көтереді. Үкімет уәде еткен төмен пайызды несие, субсидия, жанар-жағармай – бір сөзбен айтқанда, еліміздегі шаруаларға қолдау-көмек жоқ. Айнұр Әбілқасымқызы түркістандық фермерлермен тілдесіпті, көп кейіпкердің оқиғасы бар.

Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 50 шақты үй мен бірнеше көшені су басқан. Тұрғындар үй-жайын ағын судан өздері қорғауға мәжбүр болған, жеке қаражатына техника жалдаған. Жергілікті билік шығынның көлемін есептеп әлекке түсіп жатқанда, халық тасқынның қайталануынан қауіптеніп отыр. Жүргізуші еліміздің су басу қатері төніп тұрған өңірлері туралы айтты.

Бағдарламаның екінші бөлігі халықаралық жаңалықтарға арналды. Өткен аптада Түркия мен Сирияда жер сілкінісі қайталанды, қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар. Apta тілшісі Анадолы елінен арнайы репортаж ұсынды.

«Бұл аптада саяси сюрприздер көп болды». Джо Байден Киевке ұшып келді, бұл туралы БАҚ-та алдын ала хабарланған жоқ. АҚШ президентінің сапары Путиннің федералды үндеуімен тұспа-тұс келді. Қытай екі мемлекетті әскери шабуылды тоқтатып, қақтығысты келіссөздер арқылы шешуге шақырды.

Қазақстанда жиһаз компаниялары жабылуда. Оңгар Алпысбайұлы осы саланың проблемасын көтерген: мараторий, бәсекеге қабілеттілік, шикізат импортына тәуелділік және тағы басқа. Сарапшылардың пікірі бар.

Сайлауға түсіп жатқан 7 партияның өңірлердегі үгіт-насихат жұмысына қысқаша шолу болды.

Амангелді Сейітхан жасанды интеллект турасында танымдық сюжет ұсынды. ЖИ-дің жетістігі мен қауіп-қатері жайында сарапшылар сөйлеген.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Балта ұстаған бала, «сандық аутизм», сайлау: 13-19 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада қорытынды сараптамалық бағдарламаларға ортақ тақырып – Петропавлда орын алған оқыс жағдай: 9-сынып оқушысы мектепке балта әкеліп, өзге балаларға шабуыл жасаған. «Жеті күн» мен Apta мектептегі қауіпсіздік мәселесін қозғап, бірқатар білім ошақтарын тексеріп көрсе, Sarap Тimes оқушының психиятриялық тіркеуде тұрғанына және оған жалпы білім беретін мектепте оқуға рұқсат берілгеніне мән берген. Ал «Айна» балта сілтеген бала мен оның ата-анасына жаза қолданылатыны туралы айтты.

«Жеті күн», Хабар

18 ақпан кешкі сағат 18:00-де Мәжіліс және барлық деңгейдегі маслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны басталды. «Жеті күн» Орталық сайлау комиссиясы өткізген отырыс негізінде сюжет әзірледі. Қанша партия қатысады, үгіт-насихат барысының негізгі шарттары қандай деген сауалға жауап берілген. ОСК төрағасының сөзінен үзінді бар.

Түркиядағы зілзала туралы сюжет көлемді болды. Материал апат бола қалса деп, дорбасын дайындап қойған кейіпкердің оқиғасынан басталды. Еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймақтар туралы пікір білдірген сарапшы – Сейсмикалық институт директорының орынбасары өткен бағдарламада тікелей эфирде сұхбат берген болатын. Осыдан соң Түркиядағы жағдайға ойысқан тілші осы елге қазақстандық құтқаршыларды бастап барған ТЖ вице-министрінің сөзін берді. Сюжеттің алғысөзінде айтылған елімізден жеткен гуманитарлық көмек туралы ақпарат тағы қайталанды. Түркияда құрылыс сапасына жауапты шенеуніктер қамауға алынғаны туралы да айтып өтті. Сараптама емес, шолу сюжет.

Президенттің Ақмола облысына сапары туралы сюжеттің алғысөзінде Жігер Сәрсен  Тоқаевтың Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы құтқарушылар даярлайтын академияға барғаны туралы ақпарат берді. Ал материал Көкшетау қаласы туралы мәлімет беруде басталды. Тілші Көкшені «еліміздегі ЖЭО жоқ жалғыз қала» деп, тұрғындардың көмір жағып отырғанын, су жылыту құрылғысын пайдаланатынын айтты. 60 жылдары салынған екі қазандық қаланы жылытып тұр. Тілшінің нені меңзегені түсініксіз. Президенттің Степногорскке, Бестөбе ауылына барып, ондағы алтын кендерінде заңсыз өндірушілер проблемасы бар екені айтылды. Экономист сарапшының ұсынысы бар, президенттің сөзінен үзінді келтірілді. Бұл сюжет те президент сапарлаған өңірлердің ахуалына жасалған шолу болды.

Қарағанды облысындағы Саран қаласында орналасқан QazTehno зауыты туралы сюжет берілді. PR материал деп тұспалдадық.

Петропавлда балтамен қаруланған жасөспірім мектепке барып, үш баланы жаралады. Екеуінің жағдайы ауыр. Осы мәселе туралы Индира Жылқайдарова әзірлеген сюжет сараптамалық деп бағалауға лайық. Оқиғаның себебіне үңіліп, мектепке кіретін жандардың сөмкесі тексерілмейтінін айтты, өзі де пышақ алып кіріп, суық қаруды камераға көрсетіп, стендап жасады. Бұл тәжірибеі мектепке суық қару әкелуге болады деген ой тастамай ма? Психолог мамандар, күзет мекемесінің өкілі, балалар құқын қорғау комитетінің, қоғамдық ұйымның өкілдері пікір білдіріп,  түсініктеме берді. Елімізде психиятриялық есепте тұрған балалардың статистикасы бар.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша бір айға бөлінген лимит тауысылды. Кезек күткен көп адам ипотека рәсімдеуге үлгере алмады. Бұл бағларлама енді қалай жалғасады? Сала мамандары, құрылыс компаниясының өкілдері не дейді? Баспана мәселесін шешудің жолы қандай? Тақырыпты жан-жақты талдаған сюжет бағдарлама соңында берілді.

Sarap Тimes, Astana TV

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Белорусь президенті Александр Лукошенкомен кездесті. Онда Лукошенко ұйымға мүше елдер Ресей мен Украина қақтығысында Ресейге болысуы керек деген пікір білдірген. «Sarap times» осы мәселені басты тақырып етіп алыпты. Жүргізуші Дастан Сейілханұлы бұл мәселеге қатысты Қазақстан ресми мәлімдеме жасамағанын, еліміздің позициясы айқын екенін айтып, ұйым жарғысына сүйеніп, ҰҚШҰ қандай жағдайда басқа елдерге бітімгершілік миссия жіберетіні туралы тарқатты. Сюжетте Қазақстан ұйым мүшелігінен шыға ма деген сауалды талдапты. Бірнеше сарапшы тартқан. Сыртқы істер министрлігінің еліміз бұл ұйымнан шықпайтыны туралы ресми жауабы берілді. Алайда, сюжеттің алғысөзінде СІМ ешбір мәлімдеме жасамағаны туралы айтылды емес пе? Көрерменді шатастырмас үшін СІМ-нің ресми жауабы нақты қай уақытта берілгенін білдіретін титр қойылуы керек еді. Ал сарапшылар Қазақстан геосаяси жағдайға байланысты қазір бұл ұйымнан шықпайды деген тоқтамға келген.

Түркиядағы жағдайға қатысты қысқа қайырды. Елімізден киіз үйлер жеткізілгені, апат аймағында жағдай қиын екені айтылды.

Петропавлдағы мектепке балтамен қаруланып кіріп, үш баланы жаралаған баланың оқиғасы туралы сюжет берілді. Оқушының психиятриялық тіркеуде тұратыны, алайда оған жалпыға білім беретін мектепте оқуға рұқсат берілгені туралы ақпарат бар. Бұл мәселеге Үкімет басшысы пікір білдіріп, мектептегі қауіпсіздік мәселесіне назар аудару керегін тапсырған болатын. Сюжетте Үкімет басшысының сөзінен үзінді берілді. Тілші Астанадағы бірнеше мектепке барып, қауіпсіздік шаралары қандай, күзетшілер немен қаруланған деген сауалға жауап іздеген.

Қаржы вице-министрі «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тетіктері туралы хабарлады. Сюжетте жоба операторы кім, балаға берілетін сома қанша, өзге елдерде мұндай бастама қалай жүзеге асады, балалардың шотына қанша ақша салынады деген сауалдар талданды. Сондай-ақ, ата-ана баланың біліміне банкте қаражат жинай алатыны туралы ақпарат беріп, банк өкілін сөйлетті. Ұлттық қор туралы сюжетке банк туралы ақпарат қосу артық болған.

«Сайлау қалай өтеді?» Сюжеттің басты ерекшелігі 19 наурызда сайлаушының қолына қанша бюллетень берілетінін тарқатып айтты. Қалаларда 4 және ауыл аймақтарда 5 бюллетень берілуінің себебін түсіндірді. Сонымен қатар, бір мандатты округтен түскен депутат сайлаушылар көңілінен шықпаса, оның мандаты кері шақырылатыны туралы ақпарат берді. Бірнеше саясаттанушының пікірі, ОСК мүшелерінің түсіндірмесі бар сюжет.

Саят Жөкенұлы студияда саясаттанушы Ерлан Ахмедимен халықтың үгіт-насихат кезіндегі көңіл-күйі туралы сұхбат жасады.

Мемлекет басшысының Көкшетаудағы құтқарушылар академиясы студенттерінің алдында сөйлеген сөзінен үзінді берілді. Осыдан кейін, еліміздегі құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы материал берілді. Министрлік өкілі, қоғам белсендісін сөйлеткен тілші, өрт сөндірушінің киімін киіп көріп, стэндап жасады.

Айта кету керек, бағдарлама эфирге шыққан уақытта, 18 ақпан, кешкі сағат 18.00-де елде сайлау алды үгіт-насихат науқаны басталған болатын. Amanat партиясына қарасты медиа болса да, Sarap times бағдарламасы ол күні партияға қатысты бір де бір сюжет ұсынған жоқ.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Бағдарламаның алғашқы сюжетін әдеттегідей Ақбөпе Тәңірберген әзірледі. Пияз бағасын тұрақтандыру қалай жүргізілетініне талдау жасаған. Ең арзан пияз Астанада қай сауда орнында сатылатыны, басқа дүкендерде қандай бағада екені айтылады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қоймалармен қандай шарт жасасқаны және өз кезегінде қоймалар алып-сатарлармен қандай мәміле жасағаны туралы ақпарат берілген. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға қатысты қолға алған шараларын пияз бағасының айналасындағы жағдаймен түсіндіріп берді.

Елімізде тұрғын үй кооперативтері жұмыс істейді. Олардың жұмысы заңмен реттеледі. Қойылатын белгілі бір талаптар бар. Тек олардың ақша жинау стилі пирамидаға ұқсайды. Осындай кооперативтердің бірі салымшылар алдындағы міндеттемесін орындай алмаған. Махамбет Бейбітшілік осы жағдайды талдап, кооператив басшысынан сұхбат алды. Мұндай кооперативтердің жұмыс тәсілін түсіндіріпті, құзырлы министрлік өкілінің пікірі бар.

Гүлнәзия Жалғасқызы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеудің ерекшеліктері мен тісті тегін емдету мүмкіндіктері туралы баяндады.

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Қанша партия, партиялық тізіммен қанша кандидат ұсынылғаны туралы шағын ақпарат бар.

«Тартыл фест» турнирі президент жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қорының мұрындық болуымен өтіпті. Бұл туралы қысқа синхрондар берілді.

«Сандық аутизм». Баланың дамуына смартфонның кері әсері бар ма? Осы сауалды сандық аутизм арқылы талдаған сюжетте пікір екіге жарылды. Бір сарапшы әсері бар екенін, екіншісі олай болуы мүмкін еместігін айтады. Екі жағдайда да кейіпкерді сөйлеткен. Алайда, тілші сюжет соңын телефон көріп жүріп ағылшын тілінде сөйлеп кеткен бала мен оңалту орталығында ем алып жүрген бүлдіршінді салыстырғандай етіп аяқтапты. Бұл этикаға қайшы емес пе?

Петропавлдағы мектептегі оқиға туралы сюжет бағдарлама соңына таман берілді. Ішкі істер органдары балта сілтеген бала мен оның ата-анасына жаза қолданылатынын айтты. Тілші инклюзив балалардың жалпы білім беру мектептерінде оқыту кезінде ескерілуі тиіс дүниелерге мән беріпті. Сонымен қатар, оқыс жағдай бола қалса, жауапкершіліктен қашу үшін кінәні басқаға аудару жолы ізделетіні де астарлай жеткізіліпті.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.

Apta, QAZAQSTAN

Екібастұз жұртының халі қарашада ЖЭС-те орын алған апатты жағдайдан соң оңала қоймады, қыс бойы жылусыз отыр. Apta бұл мәселе туралы бірнеше бағдарлама бойы айтып келеді, бұл жолы да негізгі тақырып етіп алыпты. Қаладағы тұрғын үйлердің бірінде батарея жарылып, үй ішін су басқан, салдарынан жылытқыштың тоғы ұрып, ерлі-зайыпты екі азамат көз жұмды. Сюжетте тұрғындардың жанайқайы көрсетілген, мамандардың пікірі бар.

Өткен аптада президент Ақмола облысына жұмыс сапарымен бар. «Көкшетау – облыс орталығы, халық саны 190 мыңнан асады. Алайда қалада ЖЭС жоқ, ыстық су жоқ». Сюжеттің негізгі ойы – қалаға ЖЭС салу, өйткені қазір жұмыс істеп тұрған 6 қазандық әбден ескірген және жыл сайын жөндеуден өтеді. Тоқаев Роман Склярға жергілікті әкімдермен бірлесіп, осы мәселені шешуді тапсырды. Әсия Нұрбайқызы мемлекет басшысының сапары туралы айтып қана қоймай, аймақтың түйткілді проблемаларын көтерген.

Алматы облысындағы Үлкен ауылына салынатын АЭС құрылысына қандай реакторлар қолданылмақ? Данияр Қайыртай бірнеше инфографиканың көмегімен осы сауалға жауап беретін танымдық сюжет ұсынды. Шорт-тізімде 4 елдің компаниясы бар: Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және Ресей. Бірнеше сарапшы мен министрлік өкілдерінің пікірі бар.

Үкімет өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың санын 1613 адамға көбейту шешім қабылдады. Бұл орайда Ақтөбеде ТЖМ жаңа әскери бөлімі құрылды (штат саны – 880 адам). Альбина Әшім осы жаңалықпен бөлісіп, Түркия мен Сириядағы соңғы жағдайларға ойысты. 13 күннен кейін құтқарылып жатқан адамдар туралы айтып өтті. Сюжет болған жоқ.

Құтқарушылар тақырыбы келесі сюжетте жалғасын тапты. Қуан Нұрақын Түркияға елімізден аттанған құтқарушылар туралы материал әзірледі. Олардың алғашқылар Қазақстанға қайтып үлгерді. Сол азаматтар мен олардың туыстарының пікірі бар.

Бағдарлама барысында Альбина Әшім халықаралық сарапшы Әлкей Марғұланұлынан алды, онда Түркиядағы зілзаланың экономикалық зардабы мен оның Қазақстанға ықпалы туралы айтылды. Bloomberg-тің алдын ала есебінше, табиғи апаттың экономикаға келтірген шығыны 84 млрд долларға жуықтаған.

Бұдан соң Apta әдеттегідей Украинадағы жағдайға тоқталды. Мюньхенде өтіп жатқан Қауіпсіздік конференциясында батыс елдері Украинаға қару беруді жылдамдатуға келісті, осылайша Киев көктемде қарымта шабуыл жасай алады. 24 ақпан Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 1 жыл толады. Халықаралық БАҚ осы датаға орай Ресей ірі шабуыл жасауы ықтимал екенін жазуда.

Бағдарламаның екінші бөлімі Петропавлда орын алған оқыс жағдайды баяндаудан басталды: 9-сынып оқушысы мектепке балта әкеліп, өзге балаларға шабуыл жасаған. Сюжетте мектептегі қауіпсіздік жайын айтты. Эльмира Каленова бірқатар мектепте тексеріп көрген және білім ошақтарына еш кедергісіз кіре алған, өйткені көп ғимаратта не күзетші, не бейнебақылау, не турникет болмай шықты. Ал Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі 7 мың мектептің 85 пайызы кәсіби күзет қызметімен, ал тең жартысы бейнебақылау жүйесімен қамтылғанын алға тартып отыр. Аса өзекті мәселе.

4% автонесие еліміздегі ескірген автопарктердің жаңаруына ықпал ете ала ма? Оңғар Алпысбайұлы Қазақстандағы автонарық проблемалары, параллелді импорт, көліктердің қымбаттау себебі туралы материал ұсынды. Бірқатар сарапшының пікірі бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

ChatGPT ботының даңқы мен дақпырты

2000 жылдардың бас кезінде газет-журналдарда «компьютер деген не?», «компьютер не істей алады?» деген мақалалар көбейіп кеткен. Сол кездің журналистері оқырманға таныс нәрсеге сүйену үшін компьютерді машинкамен салыстыратын. «Машинкада бір жерден қате кетсе, бәрін қайтадан теруге мәжбүрсіз, – деуші еді авторлар – ал компьютерде мәтінді әбден тексеріп, принтер деген жабдықпен басып шығару мүмкіндігі бар». Әйтсе де, халық бәрібір компьютерді машинка ретінде сатып алса да, осы күнге жеттік. Қазақша айтқанда, жұрт қалғанын өзі түсініп алды. Ендеше, ғылыми-техникалық журналистиканың маңызы бар ма? Оқырман заттың қадір-қасиетіне бәрібір тәжірибе жүзінде көз жеткізетін болса, журналистің серігі – дәлдіктің мағынасы не? ChatGPT туралы жазбалар осындай ой салды.

«Судья әлемде алғаш рет жасанды сананы пайдаланып үкім шығарды» деген жазба тақырыбынан бастап күмән ұялатады. Автор сілтеме бермегендіктен, түпнұсқаның сапасы туралы айту қиын, бірақ, дәл осы оқиғаны сипаттаған басылымдарда «әлемде алғаш рет» екені туралы тұжырым кездеспеді. Оның үстіне, бұл мәселе кәсіби заңгерлер қауымдастығында бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді (мысалы 2012 жылы монография шыққан). Әрі қисын тұрғысынан да бұл – әлемде кімнің алғаш рет қолданғанын анықтау мүмкін емес оқиға. Мүмкін автор «мен мұндайды алғаш рет көріп тұрмын – ендеше алғаш рет» деген классикалық қатеге ұрынған шығар. Жазба мазмұнының түпнұсқаға сәйкестігіне күмән тудыратын жері жалғыз бұл емес. Себебі мұнда ең басты нәрсе – осы оқиғаның даулы дискуссияға ұласқаны туралы ақпар жоқ. Әйтпесе, картахеналық судьяның атағы әлемдік басылымдарға шыға қоюы неғайбыл. Мысалы судьяның отандас әріптестері оның әрекетінің дұрыстығына күмән білдірген. Айталық, Колумбия Жоғары сотының судьясы Октавио Техейро чат-ботты қолдануда сақтыққа шақырған. Осы жазба фактіні жеткізудегі жиі кездесетін ауытқуларға көрнекі мысал ретінде таңдалып отыр. Аталған қателерді қазнетке ортақ деуге болады.

«Маған түсінікті, ендеше қалған жұрт та топас емес» деген ұстаным да ғылыми технологиялық жазбаларда жиі кездеседі. «Қытайлық Baidu іздеу алыбы ChatGPT стиліндегі ботты іске қосады»  деген жазбада былайғы оқырман түігілі, кәсіби маманның түсінуі екіталай жолдар бар. Мысалы «Компания оның ЖИ-де толық орналасуы бар ChatGPT жобасымен байланысты барлық қажетті технологиялар бар екенін атап өтті, онда framework, соның ішінде чиптер, терең оқыту шеңберлері, үлкен үлгілер және іздеу қолданбалары» деген сөйлемді интернеттегі анықтамалар мен энциклопедиялар алдымда тұрса да түсіне алмадым. Сосын мұны тіпті адам жазған ба деген күпір ой келді. Мүмкін, редакцияның SEO саясаты трафик үшін Google Translate арқылы аударылған жазбаларды күземей сала беруге рұқсат беретін шығар? Онда әңгіме басқа, бірақ өкінішті.

«Әлемді шулатқан ChatGPT туралы не білуіміз керек?» деген жазбада боттың ерекшеліктері тізілген. Оның алғашқысы – «Қызметтің өзінің «жады» бар – ол әңгімені егжей-тегжейге дейін есте сақтайды». Мұндай қарапайым «ерекшеліктің» Whatsapp сияқты кәдімгі мессенджерде бары қаперге кірмеген. Жазбада бұдан әрі қарай да күмәнді ерекшеліктер мен қасиеттер тізіп берілген.

Ал «Бәрінен ақылды болуы мүмкін»: ChatGPT нейрожелісі деген не?» жазбаның лидінде: «Көп ұзамай нейрожелі Орта Азия елдерінде де сұранысқа ие болуы мүмкін» делінгенімен, мазмұнында оған негіздеме жоқ.

Енді медиасыншылар дайындау бағдарламасы бойынша шолулардан аңғарғанымды айтсам. Қазір редакциялардағы билік бас редакторда емес, SEO-мамандарда сияқты. Сайтқа келушілердің санын өзекті тақырып бойынша зерттеулер, сараптамалық мақалалар, басқа да дәстүрлі әдістермен емес, қарабайыр іздеу трафигін қалыптастыру арқылы арттыру әрекеті жаппай сипатта тәрізді. Егер шынымен осылай болса, өкінішті. Қазнетті әлі де ашылмаған тақырыптардың орасан зор массиві күтіп тұр еді. Ақыр аяғында, тап осы ChatGPT ботының өзі генерацияланған мәтіндермен емес, салмақты мақалалармен оқытылған. ЖИ-ді қазақша оқыту керек болған күні қайдан мақала аламыз?

 

 

Зілзала, сейсмикалық ахуал, болжам: 6-12 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Түркия мен Сириядағы зілзала туралы болды: құтқару жұмыстары, қаза тапқандар, Қазақстанның гуманитарлық көмегі және тағы басқа. Сондай-ақ, еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын өңірлер, Алматыдағы ескі ғимараттар туралы сюжеттер ұсынылып, сарапшылар сөйледі.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы – Түркия мен Сириядағы зілзала, оның ауқымы мен алапат зардабы. Тірі қалған шақалақ. Табиғи апат салдарынан көз жұмған қазақстандықтар. Елімізден аттанған құтқарушылар және Түркия мен Сирияға жіберілген көмек. Мемлекет басшысының Түркия президентімен телефон арқылы сөйлесуі, елшілікке баруы және қазақстандық құтқарушыларға алғыс айтқан жергілікті тұрғындар. Ұзақ сюжет болды. Дегенмен, жағдайды барынша толық қамтуға ұмтылған. Сюжетте әлеуметтік желіде кеңінен таралған әуесқой түсірілім видеолары көп қолданылды.

Жалпы, бағдарламаның бұл шығарылымы күнделікті жаңалықтар топтамасына келіңкіреді. Өйткені зілзала туралы ауқымды сюжеттен соң, арнаның Түркиядағы меншікті тілшісі тікелей байланысқа шығып, соңғы ақпараттарды, қазақстандық құтқарушылардың жұмыс тәртібін баяндап берді. Бұл мәліметтерді негізгі сюжетте айтуға да болар еді.

Бұдан соң тағы тікелей байланыс жасалды. Бұл жолы Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков қосылды. Тікелей сұхбат та ұзақ болды. Сарапшы Түркиядағы жағдаймен қоса Қазақстанның сейсмикалық ахуалы туралы ақпарат берді. Алматы қаласының жағдайына тоқталды. Сарапшының мәліметтерін инфографикамен толықтырып, ақпараты мол, қабылдауға ыңғайлы сюжет жасауға да болар еді.

Осыдан соң Түркия президентінің сайлауға түсу жоспары туралы қысқа қайырған Жігер Сәрсен еліміздің саяси өміріне ойысты.  Amanat партиясының партиялық тізіміне қысқаша шолу жасап өтті.

Түркістанда өткен Орталық Азия парламентаралық форумынан сюжет ұсынылды. Хаттама материал, бірнеше синхрон беріп, жиында көтерілген негізгі мәселелерге шолу жасалды. Түркістан декларациясы қабылданғаны айтылды.

Үкімет соңғы аптада инфляциямен күрес шараларын қолға алды. Тұрақтандыру қорларындағы көкеніс саудаға шығарыла бастады. Шарықтаған пияз бағасын тұрақтандыруға қатысты пәрмен берілді. Осы шараның тиімділігі туралы Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжетте сөз болды. Азық-түлік қоймаларына барып, базардағы халықтың көңіл-күйін бақылап, сюжет әзірленіпті. Құзырлы орган өкілдері мен экономист сарапшылардың пікірі бар.

«Жеті күн» автонесиелеуге қатысты мемлекеттік бағдарлама туралы сюжетпен  тәмамдалды. Сарапшылар, бағдарлама операторының өкілдері, тұрғындар пікір білдірді. Арнайы сайтта өтініш қабылдау 18 секундта аяқталған, сюжет алдағы айда тағы квота ашылатынын айтып, жұбата аяқталды.

Sarap Тimes, Astana TV

Бағдарлама Түркия мен Сирияға елімізден көрсетіліп жатқан көмек туралы сюжеттен басталды. Жер-жерде ұйымдастырылған еріктілердің көмек жинау штабтары, кәсіпкерлердің қолдауы, жеке бастамалар, Түркиядағы студенттердің белсенділігі, елшіліктің мәліметі, құтқарушылардың атсалысуы туралы ақпараттар қамтылды. Ақпараты да, синхрондары да мол толыққанды сюжет.

Алматы жойқын жер сілкінісіне дайын ба? Келесі сюжетте еліміздің қай өңірлері сейсмоқауіпті аймаққа кіретіні туралы ақпарат бар. Алматы әкімінің синхроны берілді. Құзырлы мекеме өкілдері пікірі бар. Құрылыс компанияларының өкілінен де пікір қосуға болар еді.

Amanat партиясының кезектен тыс ХХV съезі туралы көлемді сюжет әзірленді. Осыдан кейінгі студия сұхбатында партияның тізімі туралы тақылау болды.

Ақмола облысындағы Р.Қошқарбаев ауылындағы зиратты өзен шайып, сүйектер Нұра өзенінен табылған. Оқиға былтыр болды. Жергілікті әкімдік сүйектерді қайта көмген. Алайда биыл көктем шықса, осы проблема қайта туындауы мүмкін. Тілші осы туралы айтып, жергілікті тұрғыннан, ауыл әкімінен, Экология министрлігі өкілінен пікір алған.

Автонесие туралы сюжетте өтінім беріп үлгерген жаннан сұхбат алыпты, бағдарлама операторы өкілдерінің түсініктемесі бар. Сарапшылар да пікір білдірген.

Өткен аптада Сенатта зейнетақы активтерін жеке компаниялардың басқаруына беру туралы отырыс болған еді. Sarap times бұл мәселені сарапшының пікірімен қысқа қайырды. Өкінішті ақ, зейнетақы активтерін жеке басқаруға ғана емес, Шағын және орта бизнеске несие ретінде беру мәселесі де қаралып жатқандықтан, тілшілер  тақырыпты терең зерттегені жөн еді.

Соңғы сюжет қарттар үйіндегі жандар туралы болды. Жаңалығы жоққа тән материалда  психологтың, қарапайым тұрғындардың пікірі бар. Тілші әке-шешесін тастап кететін жастарға қатысты жалпылама айыптау сипатындағы сөздер айтты. Нақты статистикаға негізделген немесе ғылыми тұрғыда анықталған мәліметке сүйенбей, жалпылама айыптау бағытында журналистің пікір айтуы кәсібилікке жат. Оның орнына тілші қарт адамның құқығы, олардың баласынан алимент талап ету құқы туралы заңгерлерден пікір алса, баланың ата-анасының алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат берсе анағұрлым ұтымды болар еді.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Түркиядағы зілзала, құтқару шаралары, еліміз тарапынан жіберілген көмек пен аттанған құтқарушылар, қайтыс болған қазақстандықтар мен еріктілердің көмегі, осының барлығы алғашқы сюжетке арқау болды. Жоғарыдағы екі бағдарламамен салыстырғанда қысқа сюжет болғанымен, жан-жақты ақпараттың барлығын топтастырған.

Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген онлайн сауда туралы сюжет әдеттегідей жеке журналистік зерттеуге құрылған. Тапсырыс беріп, не тауар, не ақша жоқ, сан соғып қалған екі кейіпкердің жағдайын баяндайды. Оған қатысты ІІМ өкілінің пікірі бар. Онлайн алаяқтарға алданып қалғандардың ақысын алып беретін адаммен тілдесіпті. Алайда бұл кісінің кәсібі қаншалықты заңды? Ол туралы түсінік берілмеді.

Балаларға паспорт жасату құнын арзандату ұсынылды, сондай-ақ, кейбір азаматтардың жалдап отырған пәтерінің жарты ақшасы субсидияланатын болады. «eGov  куәгері» дерегінше, төлқұжат жасатуда кейбір азаматтар баж салығын төлемейді. Гүлнәзия Жалғасқызы осы мәселе туралы ақпарат берді.

Сайлау науқанын қадағалау мақсатында «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы құрылды. Бұл туралы синхрон бар.

Түркістанда өткен Орталық Азия парламентаралық жиыны туралы да қысқа ақпарат берілді.

«Ананың безі – обырдың көзі». Бір материалда екі түрлі ұстаным айтылған сюжет. Сұхбат алған дәрігерлердің бірі жақын арада бала көтеруді жоспарламайтын әйелдер аналық безін алдырып тастағаны дұрыс, өйткені одан обыр пайда болуы мүмкін екенін айтады. Тағы бір онколог дәрігер мұндай істің де қатері барын алға тартады. Проблемалық, әлде танымдық материал екенін түсініксіздеу.

Apta, QAZAQSTAN

Түркия мен Сириядағы жер сілкісінің болғаны жеті күн өтті. Apta Хатай провинциясында зілзала кезінде қаза тапқан Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековке көңіл айтудан басталды. Екі отандасымыздың денесі елге жеткізілді. Бағдарлама жүргізушісі құтқарылған адамдар туралы айтты, интернетте кеңінен тараған фото-видеолар көрсетілді. Apta-ның арнайы корреспонденті Айдос Әшімұлы Нұрда қаласынан сюжет жасады, айта кетейік, мұнда біздің 35 құтқарушы жұмыс істеп жатыр.

Бұдан соң «Біз біргеміз!» сюжетінде Данияр Қайыртай Қазақстанның Түркия мен Сирияға жіберген шұғыл гуманитарлық көмегі туралы ақпарат берді. Тоқаевтың тапсырма бергенін айтып өтті, құтқарушылар, еріктілер, кәсіпкерлер мен тұрғындардың пікірі бар.

Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірі сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін алматылықтар өз қауіпсіздігіне алаңдай бастады, өйткені сарапшылар Алматыда апатты жағдайдың орын алуы қаупі туралы жиі болжам жасайды. 2018 жылы мамандар 11 ғимаратқа аудит жүргізіп, оның 35 пайызы сейсмикалық тұрақсыз деген шешімге келген. Оңтүстік шаһардағы ескі ғимараттардың проблемасы туралы жақсы материал ұсынған. Сейсмологтардың пікірі бар. Халықаралық сарапшылар Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі туралы түрлі пікірлер айтуда. Альбина Әшім: «Соңғы 10 жылда әлем бойынша мұндай магнитудалық екі-ақ жер сілкінісі болған» деді.

Айта кету керек, осы тұста біздің медиасыншымыз Айдана Нұрмұхан мен Apta жүргізушісі Альбина Әшімнің пікірі екіге жарылды. Медиасыншы жоғарыдағы сөйлемде «-ақ» шектеулік шылауы орынсыз қолданылған деп санайды. «Сан есімге «-ақ» шылауын жалғау арқылы «аз», «кем» деген ұғым береміз. «Соңғы 10 жылда әлем бойынша мұндай магнитудалық екі-ақ жер сілкінісі болған» деу арқылы бағдарлама жүргізушісі зілзаланың ауқымын «құнсыздандырып» тұрғандай», – дейді Айдана Нұрмұхан.

Алайда Apta жүргізушісі бұл пікірмен келіспейді:«Соңғы 10 жылда әлем бойынша мұндай магнитудалық екі-ақ жер сілкінісі болған. Мұнымен дүмпүлердің қуатты болғаны соншалық, мұндай зілзала жиі бола бермейтінін айтқым келген. Сондықтан да салдары ауыр», – дейді Альбина Әшім.

Apta-ның екінші бөлігі инфляция тақырыбынан басталды. Ел тұрғындары азық-түліктің қымбаттауына қапалы. Ал жергілікті билік бағаны тұрақтандыра алмай жатқанын мойындап отыр. Амангелді Сейітхан өзекті тақырып көтеріп, талдамалық сюжет ұсынған. Азық-түліктің қымбаттау себептерін анықтауға тырысқан: делдалдар, субсидия, жылыжай проблемасы. Бірқатар сарапшының, министрлік өкілінің пікірі бар.

Өткен аптада Қостанай облысында техногенді ТЖ жариялады. Сюжетте Рудный қаласындағы жылу электр стансасының өзекті мәселелерін көрсетті. Статистика, салаға бөлінген бюджет туралы ақпарат бар, эксперттер мен шенеуніктер пікір білдірген. Сарапшылар бірінен соң бірі ЖЭС проблемасы туралы айтып жатты, алайда шешімін ұсына алған жоқ. Биыл жылуэнергетикасы туралы заң қабылданатынын атап өтті.

Өткен аптада «Теңізшевройлда» вакуум цистернасы жарылып, 37 жастағы азамат көз жұмды. Сюжетте Оңғар Алпысбайұлы жұмысшылардың қауіпсіздігі туралы ғана емес, жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаратыны жайында мәселе көтерді. Қызмет барысында қаза тапқандардың туыстары кінәліні жазалай алмай жатады. Бұл тұста қызметкердің өзі де кінәлі болып жатады, себебі келісімшартқа қол қоюды құнттамайды. Жақсы материал дайындалған.

Apta мемлекеттік іс-шара туралы тек соңғы сюжеттердің бірінде айтты – Түркістанда бес елдің сенаторлары кездесіп, «Түркістан» декларациясын қабылдады.

Әрі қарай Альбина Әшім Мәжіліс кандидат ұсыну аяқталғанынан хабардар етті барлығы 7 партия өтті. Ең көп үміткер ұсынған Аmanat партияс: Мәжіліске – 119, маслихатқа – 3821.

Өткен аптада Массмедиа туралы заң қызу талқыланды. Apta жүргізушісі «Бас тақырып» бағдарламасына сілтеді, онда Ақпарат және даму министрі Дархан Қыдырәлі осы тақырып төңірегінде сұхбат берген.

Apta бұл аптада Украинадағы ахуал жайында сюжет ұсынбады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Түркістандағы су тасқыны: жалаңаяқ тілші және 4 позитив материалмен шектелген аймақтық басылым

2 ақпан күні сағат 08:00-ден бастап, Түркістан облысының таулы аудандарда қар еріп, толассыз жаңбыр жауғаннан су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Кентау және Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында аулалар мен көшелер су астында қалды. Осы оқиға кезінде өңірлік, яғни Түркістан облысының тілшілері қалай ақпарат таратты? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр шолып шықты.

Қанша жауыр болса да, қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Әсіресе, су тасқыны секілді жағдайларда бұдан артық сөз табылмайтын да секілді. Түркістандық журналистер мақалаларында да, сюжеттерінде де жиі қолданып, тікелей айтпаса да, сондай месседж жолдағанын байқадық. Әрине, мемлекетке қарасты БАҚ-тың бұлай ететініне таң қалмаймыз. Ендеше, бірнеше ауданды су алған кезде тілшілердің сол аймақтарда жүріп таратқан ақпараттарына тоқталайық.

Облыстық Turkistan TV арнасы 1 ақпан күні «Шардара» су қоймасынан келер қауіп бар ма?» деген сюжет дайындаған. Жаңалық жүргізушісі «еш қауіп жоқ» деп Су ресурстары комитеті басшылығының сөзіне сілтеме беріп, өте позитив бастайды. Су тасқыны болған аймақ басқа болса да, арна ұжымы болуы мүмкін қауіп жайлы алдын ала ойланып, сауал жолдап ізденген. Инженер-гидротехник маманнан пікір алып, кем-кетік тұстар жайлы сұрастырған.

Ал «Халық сөзі» бағдарламасы 45 минуттық хабарда осы тақырыпты кеңінен қозғаған. Мұнда да басты екпін Шардара су қоймасынан келер қауіп жайлы болғанымен, сөз арасында «ауа-райына байланысты су тасқыны болуы мүмкін бе?» деген сұрақтың төңірегінде талқы жасайды. Өңірлік БАҚ-тың аймақтағы өзекті тақырыптарды алдын-ала талдағаны қуантарлық. Өйткені әркімнің өз жайы өзіне мәлім. Бағдарлама су тасқынынан бұрын жасалған. Халықтың бойындағы алаң мен үрейді басатындай-ақ шығарылым болды. Себебі студияға келген спикерлер сақадай сай дайындық жайлы көп айтты. Әйтсе де, басында айтқандай, «апат айтып келмейді» деп бірер күннен соң жалаңаяқ су кешіп, түркістандық тілшілер айтпақшы, «табиғаттың тосын сыйы» туралы сюжет жасауға тура келді.

Облыстық арна су тасқынына байланысты «Ақпандағы нөсер» атты арнайы шығарылым ұсынды. Жедел арада бұлай ұйымдасқанына бес қоюға болады. Бірақ толассыз жауған жаңбырдан аулаларды су басып жатқанда тырнақшаның ішінде болса да, жағдайды «тосын сый» деп сипаттау орынсыз. Тікелей эфирге қосылған тілші ауыл тұрғынынан сұхбат алып, мән-жайды сұрайды. «Төтеншеліктер келді ме?» деген сауалға тұрғын «тым-тырыс» деп жауап береді. Бір қызығы, тілші бірден «жоғары жақтағылар аудан әкімі келді деп жатыр» деді. Әрине, мемлекеттік арнаның жергілікті биліктің жұмыс істеп жатқанын айтуы түсінікті жағдай. Жалпы алғанда арна журналистерін асыра билікшіл деуге келмейді. Өйткені оқиға орнына барып, шынайы кадрлар көрсеткенін атап өтпей кетуге болмас.

«Жалаңаяқ су кешіп» тіркесін бекер қолданбадық. Арна журналисінің жалаңаяқ тұрып сұхбат алғаны жайлы жаңалық тарады. Тілшінің сөзінше, Түркістан облысына қарасты «Бабай-Қорған ауылын су алып жатыр» дегенді ести сала, оператор екеуі резеңке етік киетін уақыт таппай сол күйі жолға шыға салған. Киген етігіне су болып, ақыры шешіп тастауға мәжбүр болған. Осы ретте редакциялардағы әзірлік жайлы айтқымыз келіп отыр. Негізі үлкен ұжымда төтенше жағдайларда әрекет етуге қатысты жоспар болғаны дұрыс. Ол стендап гид, эфир кестесінен қандай жағдайда жарнаманы алып тастау керек, штаттан тыс тілшілер мен аймақтық тілшілердің байланыс нөмірлерімен ғана шектелмейді. Кадр бөлімі тілшілердің жағдайын жасап, маусымдық апатты жағдайларды түсіруге арналған жиынтық әзірлесе дұрыс болар еді. Айталық, өрт бола қалса, қандай киіммен барғаны жөн? Бұл – бірінші кезекте қауіпсіздік пен қызметкерге деген қамқорлық. Мына жағдайда да тілшінің суық күнде жалаңаяқ стендап түсіргені кәсібилігін көрсеткенімен, редакция тарапынан төтенше жағдайдағы қызметке дайындық жоғын білдіріп қойды. Кемінде жаңбыр кезінде су өткізбейтін киіммен қамтамасыз еткені абзал. «Бәрі аяқ-асты болды. Жұмысқа барып, киініп келетін уақыт болмады» деген де сылтау болмауға тиіс. Себебі мұндайда оқиға ошағына артынып-тартынып барудан бұрын, ұжым тарапынан жасалған жоспарға сай әрекет ету керек. Егер әр редакцияда нұсқаулық жазылып қойса, салқынқанды әрі кәсіби қызмет ету жеңілдейді.

2 ақпаннан бастап 6 ақпанға дейін Turkistan TV Youtube арнасына су тасқыны тақырыбына қатысты алпысқа тарта видео жүктелген. Алғашқы күндері сюжеттің басым бөлігі ахуалдың қалай екеніне көбірек назар аударса, келесі күні қауіп сейілгені жайлы бағытқа ауысқан. Тілшілер қолданған сөздерге тоқтала кетсек: «абырой болғанда адам аман», «облыс әкімінің тапсырмасын жағдай бақылауға алынды», «Дархан Сатыбалдыұлы бірнеше рет салаға жауапты басшылардың басын қосып, мәселені егжей-тегжей талқылаған еді. Соның арқасында қарғын су лезде ауыздықталды», «әкім жағдайды өз көзімен көріп қайтты». Кадрда тұрғындардың әкімге алғыс айтқан сәттері де іліккен. Мұны билік пен халық арасындағы байланыстың нығаюына жасалған қадам деп ойлап көруге тырыстық. Тағы бір жаңалықта ауыл әкімінің екі адамды құтқарып қалғаны жайлы айтылады. Сөз жүзінде ғана «біз халықпен біргеміз» деп айтылатын, шырттай киініп, бірнеше фотограф пен мобилографты жинап алып, оқиға орнына баратын шенеуніктерден ел шаршады. Шын мәнінде жанашырлық болса, мақтауға тұрарлық іс дейміз.

okg.kz сайтынан скриншот

Облыстық Ontustik Qazaqstan газетінің сайтын да шолып шықтық. Өкінішке қарай, сайтқа кірген бетте құдды Ақорданың парағына тап болғандай әсер алдық. Басты бетті 6 ақпан таңертең ашқанда бес жаңалыққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреті қойылған. «Редакция таңдауында» да төрт материалдың үшеуінде – президенттің бейнесі. Сонда аймақтық басылым апат жайлы не жазды? Газет аптасына үш рет шығады. Бәлкім су тасқыны ол күндерге сәйкес келмей қалған болар. Ал сайттың ақпарат таратуына қандай кедергі болуы мүмкін? 3 ақпанда Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі деген материал шыққан. Ол жерде әкімнің аэровизуал шолу жасап, жағдайды бақылауда ұстайтыны туралы ғана баяндалады. Келесі материалдың тақырыбы – «Ақпанның алғашқы күндері осылай басталды». Қойылған суретіне қарап су тасқыны туралы екенін білуге болады демесек, тақырыбына қарап тану қиынға түседі. Тақырыпшалары мынадай: «Сауран: тиісті жұмыстар жүргізілуде», «Ордабасыда жағдай тұрақты». Келесі материалдар сипатына келсек: «Министр жедел жиналыс өткізді», «Су тасқыны: нәтижелі жұмыстар үлкен апаттың алдын алды». Облыстық газеттің сайты телеарнадағы әріптестеріндей белсенді бола алмады. Оған себеп бірнеше болуы мүмкін. Бәлкім, кадр жетіспейді. Болмаса, төтенше жағдайда ақпарат тарату машығы жетілмеген.

Қалай десек те, өңірдегі оқиғаларды сол жақтағы журналистерден артық білетін һәм сипаттай алатын ешкім жоқ. Оңтүстік аймақтағы су тасқынынан түркістандық тілшілер осылай ақпарат таратты.

«Массмедиа туралы» заң жобасының қабылдануына қарсы қол жинау және Үндеуге қосылу

Журналистер мен медиасарапшылар «Массмедиа туралы» заң жобасының қазіргі мәтініне қарсы шығып, сынға алды. Бұған дейін журналистер, медиасарапшылар мен заңгерлерден құралған жұмыс тобы заң жобасының даулы тұстарын бірнеше ай талқылап, прогрессив нормалар ұсынған екен. Алайда ведомствоаралық комиссия мүшелері басқа бір заң жобасын мақұлдап, Парламентке жолдапты. Осылайша құжатты жұмыс тобымен талқылау талпынысы сәтсіз аяқталды.

Енді журналистер мен медиасарапшылар осы заң жобасын қабылдамауға шақырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жариялады. Үндеу мәтінін жарияладық. Сізде де заң жобасына келіспесеңіз, Үндеуге қосылып, заң жобасына қарсы қол қоя аласыз. Бұл үшін сілтемені ашыңыз. «Массмедиа туралы» заң жобасының мәтінін «Ашық НҚА» порталынан оқуға болады.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазақстандағы журналистер мен БАҚ сарапшылары массмедиа туралы заң жобасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға наразы. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен, журналистер, сарапшылар мен заңгерлерден құрылған жұмыс тобы бірнеше ай бойы ұсынылған заң жобасының даулы тұстарын талқылап, прогрессивті нормаларға бастамашы болды. Алайда күтпеген жерден ведомствоаралық комиссия мүшелері басқа бір заң жобасын мақұлдап, парламентке жолдады. Бұл – жұмыс тобының келісімінсіз, тіпті бұл туралы хабарламай болған жағдай.

Заң жобасының ең маңызды тармақтары барлық интернет-ресурстарды заң аясында қамту, жала жабу ісі бойынша ескіру мерзімінің болмауы, құқық қорғау органдарының «ерекше жағдайларда» БАҚ пен журналистерге қатысты шектен тыс өкілеттіктерінің болуы, материал мәтінін жарияламас бұрын лауазымды тұлғалармен келісу талабы, БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде өзгерістердің жоқтығы, журналистерді баспасөз картасын беру сылтауымен «тіркеуді» енгізуге қатысты болып отыр.

Бұл әрекет массмедиа саласының дамуына үлес қосатын жаңа, озық заң жобасын жасауға талпынған қоғамдастықтың еңбегін жоққа шығарады. Жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше БАҚ саласына мемлекеттік бақылауды күшейтеді, бұл халықаралық стандарттарға қайшы және Қазақстандағы медиасаланың дамуын тежейді.

Сіз 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген едіңіз.

Сондықтан сіздің осы идеяңыздың беделіне нұқсан келтіретін және қоғам мүддесіне жауап бере алмайтын, демократиялық принциптерді қорғамайтын, маңызды өзгерістер енгізілмеген, екі ескі құжаттың жиынтығынан ғана тұратын заң қабылдағалы тұрған үкіметтің әрекетін ерекше бақылауға алуыңызды сұраймыз.

Су тасқыны, сайлау науқаны, шаруалар мәселесі: 30 қаңтар – 5 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқынына арналды: құтқару жұмысы, жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, биліктің белсенділігі сөз болды.  Сондай-ақ, апталық бағдарламалар шаруалардың проблемасы, қажылыққа апаратын ұйымдардың алаяқтығын, қаңғыбас иттердің мәселесін қозғады. Тоқаевтың Жамбыл облысына сапары, сайлау науқаныны партиялардың қызу дайындығы да назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Түркістан облысындағы су тасқыны туралы болды. Тілші Шардара қоймасына құйылған су Солтүстік Арал теңізінің көлемін артырып жатқанына тоқталған. Сала мамандарының, құзырлы орган өкілдерінің пікірлері бар. «Жеті күн» алғашқы сюжетін жақсы көңіл-күймен аяқтауға тырысқан. Әйтсе де, қызыл су Аралды аман алып қалуы мүмкін деген тілші болжамы тым асыра айтылды.

Президенттің Жамбыл облысына сапарына кең тоқталып, ауқымды сюжет әзірленді. Әдеттегідей ұзақ, Тоқаевтың айтқандарына басты назарға алынған, хаттамалық сюжет.

Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжет мәслихат сайлауы туралы болды. Жергілікті сайланбалы органнның қызметіне баға беріле ме, оларды көпшілік тани ма, халықтың мәселесін шешуге қаншалықты араласады деген мәселе көтерді. Сарапшылардың, экс-депутаттардың, қарапайым тұрғындардың пікірі бар. Толымды сюжет.

Өткен аптада президент Астананың дамуына қатысты да отырыс өткізгені белгілі. Сюжет тағы да Тоқаевтың жиындағы сөздерін тәпсірлеуге арналды. Елорда әкімінің және урбанистика бөлімі қызметкерінің пікірі бар. Осы тұрғыдан тым қасаң.

Еліміздегі ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, әлеуметтік үйлердегі аналар, патронаттық тәрбие, асырап алынған балалардың интернатқа қайтуы секілді бірнеше проблеманы көтерген сюжет көрсетілді. Статистика айтылды, мамандар сөйледі. Аналар үйіндегі кейіпкердің оқиғасы бар. Парламент қарауында асырап алған балаларды қайтаруға қатысты заң қаралып жатыр. Балалар омбудсмені Аружан Саин сол туралы айтып берді. Дегенмен, сюжет авторлары балалардың алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінбеген. Кейіпкердің бетін жапқанымен, шамасы патронат отбасы не балалар үйінде түсірілген болуы керек, кадрдағы балалардың жүзі анық көрініп тұрды.

Бағдарламаның соңғы сюжеті Әнес Сарайдың шығармашылығы мен өміріне арналды.

Sarap Тimes, Astana TV

Бұл бағдарламаның да басты тақырыбы Түркістандағы су тасқынына арналды. Тілші жергілікті халықтың жағдайын, су тасқынына дайындық пен алдын алу шараларының барысы туралы кеңінен ақпарат беріп, жағдайды нақты баяндаған.

Елорданы дамыту туралы сюжетте әдеттегідей Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне басымдық берілген, дегенмен, қала тұрғындарының да проблема туралы пікірі ескерілді. «Жеті күннің» сюжетінен ерекшелеп тұрған тұсы да осы.

Amanat партиясының сайлау алды дайындығы туралы айтып өтіп, өзге партиялар туралы қысқа ақпарат берілді.

Бұдан бөлек, елдегі салынған жол, берілген ауыз су, жалақының көтерілуі, Болат Назарбаевқа тиесілі жерлердің мемлекетке қайтарылуы туралы істер партия жұмысының жемісі ретінде айтылып өтті. Осыдан соң, тағы да партияның жетістіктері мен жұмысын баяндайтын көлемді сюжет берілді. Бұдан әрі, Саят Жөкен студияда сұхбат берушіні таныстырмастан, партияның жұмысына қатысты сұрағын қоя бастады. Әрине, қонақтың аты-жөні титрде берілетіні рас. Алайда, сұхбатты тұтқиылдан сұрақ қоюдан емес, көрерменмен амандасып, қонақты таныстырған соң бастау қарапайым эфир этикасы.

Автокөлікті тіркеуге қою туралы қысқа ақпараттан соң, қажылыққа барамын деп алаяққа алданғандар туралы сюжет берілді. Қажылыққа бару діни басқарма тарапынан реттелмейтінін айтып, бұл сапардың маңызын кетіріп алған жоқпыз ба деген сауалды алға тартады. Орынды мәселе көтерген сюжет.

Sarap Тimes әзірлеген соңғы сюжетті ерекше атап өту керек. Ең беделді ғалымдар қатарына кірген қазақ маманының өнертабысы туралы айтылды. Отандық ғалымдар ойлап тапқан құрылыс материалдары, оларды жасауға қолданылатын шикізат қайдан алынатыны туралы маңызды материал әзірленіпті.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

Экология министрлігі ғылыми мақсатта екі мыңға тарта киік аулауға рұқсат берген. «Айна» басты тақырып ретінде осы мәселені көтеріпті. Сала мамандарын, шаруаларды, министрлік өкілдерін сөйлетіп, киік популяциясына қатысты ақпарат берді. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет әдеттегідей тиянақты, толымды. Тілшінің киіктердің табиғи мекеніне барып, тіршілігін таспалап, стэндап жазған еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Ақбөпе Тәңірберген қаңғыбас иттердің мәселесін көтерді. Былтырдан бері елімізде қабылданған заңға сәйкес, оларды қасақана өлтіруге болмайды. Сондықтан, қаңғыбас иттер арнайы орталықтарда ұсталады. Тіпті биылдан бастап ит пен мысықтың санағы жүргізілмек. Құзырлы орган өкілінің сөзін астарлай сынап өткен тілші қаңғыбас иттерді аулауға қатысты бөлінген қаражат туралы мәлімет келтірілген. Ақбөпе Тәңірберген, өз сюжеттерінде көрерменге ұнамды әсер қалдыруға тырысады, бұл жолы да белгілі бір деңгейде сәтті шыққан.

4 пайыздық несиеге көлік алудың шарттары туралы «eGov куәгері» айдарында айтылды.

Түркістандағы су тасқыны туралы кадрдан тыс мәтін және синхрон форматында ақпарат берілді. Құтқару жұмысы айтылды, тұрғындардың пікірі бар.

Мемлекет басшысының Жамбыл облысына сапары туралы жеке сюжет берілген жоқ. Президент сапарындағы ерекше сәттерді көрсетіп, кадр сыртынан баяндады. Жамбыл облысы әкімінің Тоқаевқа ең жақсы мектеп, ең жақсы медицина мекемесін, шаруасы өрге басқан кәсіпорындарын көрсеткенін айтып аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN

Apta өткен аптада көрерменін таң қалдырды, президент туралы сюжет (Тоқаев Жамбыл облысына ресми сапармен барды) көрсетпей тұрып, аймақтың проблемасын көтерді – Түркістан облысында су тасқыны болып, бірқатар елдімекендер зардап шекті. Жергілікті халық мұндай жағдаяттың бірінші жыл қайталанып тұрмағанын, ал аймақтағы әкімдік шарасыз күйде отырғанын айтып, мұң шақты. Төтенше жағдай министрінің, әкімдердің пікірі бар. Олар қанша жерден дайын болсаң да, табиғи апаттың ауқымын болжай алмайсың деген пікірі айтты. Оның үстіне, Шардара қоймасына Өзбекстаннан келетін су көлемі артқан, сәйкесінше, аталмыш аймақта су басу қаупі әлі де бар.

Келесі сюжет елорданың проблемаларына арналды. Өткен аптада Ақордада қаланың бас жоспарын талқылады. Астана халқы көбейіп жатыр, сәйкесінше әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым дамуы қажет. Үлескерлер мәселесі, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, кептеліс және тағы басқа жалпы таныс проблемалар айтылды.

Apta тек үшінші сюжеттін Тоқаевтың Жамбыл облысына барған сапарына арнады. Президент аурухана, мектеп, университет проблемаларымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесіп қайтты. Мемлекет басшысының сөзінен үзінділер бар, хаттамалық сюжет.

Қазақстан мен Ресей газ саласындағы серіктестік жөнінде жол картасына қол қойды. Данияр Қайыртай аталмыш құжаттың неліктен жалпыға ұсынылмағанын зерттеп көрген. Энергетика министрі бұл картада қарапайым жұмыс алгоритмдері жазылғанын айтып, онымен көпшіліктің танысуы міндетті емес депті. Ал сарапшылар мұнымен келіспейді. Сюжетте мұнай және газ саласының бірқатар маманы пікір білдірген, олар аталмыш саланың проблемалары мен қауіп-қатері туралы сөз етті. Жақсы талдамалық материал.

«Қазақстан-Еуроодақ 30 жыл» аталатын сюжетте ЕО – еліміздің тауар және инвестиция саласындағы ірі серіктесі екені айтылды. 30 жылда ел экономикасына Еуропадан 160 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Бағдарламаның арнайы тілшісі екіжақты қарым-қатынас, бүгінгі серіктестік, жарқын болашақ туралы баяндады, шетелдік сарапшылардың пікірі бар.

Apta Украинадағы жағдай туралы апта сайын айтып жүр, бұл жолы да дәстүрінен таймады. Украинадағы қарулы қақтығысқа (Apta осылай атады) 347 күн болды. Зеленский Бахмуттағы жағдай қиын, Ресейде басымдық барын және батыс елдерінің көмегінен үмітті екенін мәлімдеді.

 

5 партия съезд өткізіп, Мәжіліске үміткерлерін бекітті. Амангелді Сейітхан барлық съезге қатысып, партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Кандидаттардың пікірі бар.

Альбина Әшім студияда Аmanat партиясының жаңалықтарымен бөлісті – Болат Назарбаевқа тиесілі болған 300 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сюжет болған жоқ.

Соңғы сюжет ауыл тұрғындарының проблемасына арналды, ал елімізде 7 млн ауыл азаматы бар. Шалғайдағы жұрт малын жая алмай отыр. Мәселен, Ақсу ауылында қарапайым шаруалар үшін жайылым жер жоқ, себебі жергілікті әкімдік сүт өнімін шығарамын деген инвесторға жерді сатып жіберген. Одан бері 7 жыл өткен, сүт фермасы жоқ, ал оған бөлінген жер қоршаулы тұр. Жер кодексіне сәйкес, ауылдан 15 га қашық орналасқан жер мал жаюға арналған. Ауыл тұрғындарының, шаруалардың түрлі оқиғасы баяндалды, сарапшылар пікірі бар – өзекті тақырып көтерген сюжет.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

 

Сайлау науқаны, су тапшылығы, жүргізушілер проблемасы: 23-29 қаңтардағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы наурызда өтетін Мәжіліс сайлауы туралы болды: науқанға дайындық, сайлаудың жаңа ережелері мен тәртібі, тіркелген партиялар және тағы басқа. Сондай-ақ, апталық бағдарламалар жүргізушілердің проблемасын көтеруге тырысқан: шетелдік номерлі көлігін тіркей алмай жүргендер, 4% несиемен темір тұлпар мінгісі келетіндер, қоғамдық көлік шопырларының жанайқайы бар.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күн» бағдарламасының басты тақырыбы алдағы Мәжіліс сайлауы болды. Тілші Мәжіліс қандай болуы керек деген сауалға жауап іздейді. Сарапшылардың бірі Ассамблея тізімімен сайлануда ашықтық болмайтынын атап өтті. «Хабар» арнасына жиі сұхбат беретін Қазбек Майгелдинов депутаттардың біліктілігіне қойылуы тиіс талаптар туралы айтты. Көптің пікірі де бар. Әйтседе де, бұл сюжет көрерменге Парламент депутаттарына қойылатын талапқа қатысты ой сала алды ма, тілші тақырыпқа неге тереңдей түспеді деген сауалға жетелейді.

«Жеті күн» тілшілерінің дерегінше, Қазақстандағы ауылды елді мекендердің шамамен 20 пайызында ауыз су тапшы. Ауыл проблемасын көтере басталған сюжет құзырлы министрліктің мәселені шешуге қатысты жоспарын айтуға жалғасты. Тұрғындардың арызына жергілікті әкімдік өкілдерінің өз уәжі бар.

Елімізде трансполонтология тегін. Науқастың ағзасына жасалатын мұндай отаны мемлекет қаржыландырады және ол науқастың дәрі-дәрмегі де мемлекет есебінен беріледі. Келесі сюжеттің басты айтар ойы осы. Дегенмен, елімізде донор банкі жоқ. Оны жасау үшін Заңға өзгеріс керек. Адам өмірден өткен соң ағзасын басқа жанға беруге келісуі керек. Ол үшін түрлі наным-сенімдерден арылу маңызды. Бұл сюжетте дәл осы «керек» сөзі көп айтылды және оны негізінен тілші айтты. Тек нұсқауға құрылған мұндай материал көрерменге қаншалықты қызық? Дегенмен, елімізде дәл қандай ағзаға мұқтаж жандар көп? Нақты статистика берілмеді.

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді заңдастыру жүріп жатыр. Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжет осы рәсім қалай іске асып жатқаны, көлік иелері нені ескеруі тиіс екенінен толыққанды ақпарат берді. Заңға бағынып, кезінде шетелдік нөмірлі көлік алмаған қазақстандықтардың реніші де берілді. Қазақстанда көлік қымбат екені сюжетте бірнеше рет айтылды. Не себепті қымбат? Бұл сұраққа мардымды жауап жоқ. Еуразиялық экономикалық аймақтағы елдер арасында неге Қазақстанда көлік ерекше қымбат екеніне қатысты ақпарат берілмеді.

Соңғы сюжет еліміздегі қысқы спорт түрлерінің қазіргі жағдайы туралы болды. Толымды ақпарат берілген тұщымды сюжет әзірленіпті.

Sarap Тimes, Astana TV

Бағдарламаның алғашқы 7 минуты Сенаттың қайта жасақталғаны, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары Палата депутаттарының алдында сөйлеген сөзі, Amanat партиясының парттиялық тізімі туралы баяндауға арналды. Арасында синхрондар берілді демесеңіз, Дастан Сейілханұлы бір сюжеттің уақытынан артық сөйледі.

Мәжіліс депутаты қандай болуы керек? Алғашқы сюжетке осы сұрақ арқау болды. Тақырыптық тұрғыдан «Жеті күн» бағдарламасымен ұқсас, әйтсе де, анағұрлым тиянақты. Дос Көшім, Сұлтанхан Аққұлұлы секілді тәуелсіз сарапшылардың пікірі бар. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының да ойын келтірген. Тек тілші кадр сыртындағы мәтінде долбарға ұқсас пікір келтіріп, «сайланған депутаттардың көпшілігін халық танымайды да, себебі, арада байланыс жоқ. Уәдені жаудырып, сенімге әбден кіріп алады да, сайлаушыларын ұмытып кетеді, қызметін бір дәреже көріп, атақ-мансап қуады, екі ортада бос сценарийді жаттап алған, уәде мен сылтауға тойып алған халық сорлап қалады» дейді. Бұл нақты қай депутатқа қатысты айтылды, көпшілік танымайтын депутаттардың аты аталса, атақ-мансап қуған депуттарды да халық нақты білсе… ал, «бос сценарий» деп автор нені меңзеді?

Ал «Жеті күн» сюжетінде сарапшы болған саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов Sarap Тimes студиясында сұхбат берді.

Еліміздегі қорғаныс саласына қашан реформа жасалатынына тоқталған сюжет соңғы кезде әскерде болып жатқан келеңсіздіктер туралы айтты. Материалда көтерілген проблема ауқымды болғандықтан нақтылық жоқ, тек әскери саладағы келеңсіздіктерді санамалаумен шектелген. Таразда өз-өзіне қол салған жауынгер Бекбол Мирашқа қатысты адвокат Пралиевтың мәлімдемесі, марқұм жігіттің әлеуметтік желідегі видеолары да берілді.

Нәрестені сатқан медицина мамандары мен сәбиге хиджама жасалғандар туралы ақпарат беріліп, соңғысына қатысты «Хиджама» орталығы мен Денсаулық министрінің пікірі бар.

Астанадағы тарвмотология ауруханасының тозығы жетіп тұр. Осы проблеманы көтерумен басталған сюжет, қалада емхана тапшы екенін атап өтіп, дәрігерлерге көңілі толмайтынын айтқан тұрғындардың пікірімен толықты. Алматы облыстық ауруханасында 200 дәрігердің жұмыстан шыққанына, СҚО-да дәрігерлер жетіспейтініне тоқталды. Денсаулық вице-министрінің пікірі бар. Оның айтуынша, дәрігерлерге жағдай жасалып, жалақы көтеріліп жатыр. Еліміздің медицина саласындағы ахуал болғанымен, әр мәселе жеке тақырыптық зерттеуге сұранып тұр.

Дастан Сейілханұлы алғысөзде «Қазақстан көктемгі су тасқынына дайын ба?» деген сауал қояды, ал сюжет тақырыбы көрсетілген титр «Су тасқынына дайын емес» деп жүргізушінің сауалына жауап беріп тұр. Бұдан әрі сюжетті көрудің қажеті де жоқ секілді. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин еліміз көктемгі су тасқынына дайын емес екені, қауіпті аймаққа қай облыстар жататыны туралы мәлімдеді. Соның негізінде материал әзірлеген тілші Қостанай қаласы мен СҚО-дағы ахуалға ерекше тоқталды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Көр қазу қымбат» атты Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген сюжет Астанадағы жерлеу қызметі, соның ішінде қабір қазуға қанша ақша жұмсалатыны туралы болды. Тілші жүргізген зерттеуден байқағанымыз, арнайы қызмет түрлері де қымбаттапты.

«Айна» қабір тақырыбын одан әрі дамытып, Ұлттық пантеон мәселесін көтерді. Онда кімдер жерленетіні арнайы Үкіметтің Қаулысында көрсетілген. Ал «Айна» авторларының пікірінше, бұл құжаттың шикі тұсы көп. Атап айтқанда, жақында Елбасы туралы Заңның күші жойылды. Бұл да Ұлттық Пантеонға қатысты қаулыға ықпал етуі тиіс емес пе? Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы да осы пікірді құптап отыр. Алайда автор Үкімет мүшелерінен бұл мәселеге қатысты пікір сұрамаған. Пантеон тиесілі Есіл ауданы әкімдігінің ғана оның аудан балансына өткені туралы ақпараты бар.

Мүгедектігі бар азаматтарға қарайласып жүрген жақындары енді ресми әлеуметтік қызметкер болып танылуы мүмкін. «EGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалқасқызы әдеттегідей әлеуметтік саладағы жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.  Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасы талқыланып жатқаны, онда қандай өзгерістер болатыны айтылды.

«Күлімдеші» айдары бір жыл бойы орнынан тұра алмай қалған келіншек туралы болды, «Айна» ұжымы оған остеопат маманның емін тегін алуға ықпал еткен.

Бағдарлама әдеттегідей хайпқа бұйырмаңыз айдарымен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta өткен аптаның және алдағы екі айдың басты жаңалығы деп Мәжіліс пен маслихат депутаттарының сайлауын атады да, түсіндірме ақпарат берумен шектелді: сайлау науқаны, жаңа ереже мен тәртіп, жарна мәселесі, тағысын тағылар.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізден $140 млрд актив шетел асқан. Үкіметте заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы қаралып жатыр. Ол қаншалық тиімді болмақ? Былтырдан бері айтылып келе жатқан тақырып, десек те Оңғар Алпысбайұлы жаңа заң жобасы туралы пайдалы түсіндірме материал әзірлеген. Сарапшылар пікірі, шетелдік тәжірибеден бірнеше мысал бар.

Бағдарлама жүргізушісі Албина Әшім елімізде көкеністердің қымбаттағаны туралы инфографика ұсынып, сарапшы – Ауыл шаруашылығы компаниясының жетекшісі Жанболат Тәуелдің сұхбатына кезек берді. Маман қазіргі қымбатшылықтың себебін түсіндіруге тырысқан: үкімет көкеністерді көптеп егуге аса мән беріп, субсидия бөледі, ал елімізде сақтау қоймалары жоқ, қолда бары тиісті жабдықталмаған.

Келесі сюжет құрылыс аяқталмаған нысандардың (былтыр елімізде осындай 154 нысан тіркелген) проблемасына арналды. Еш жаңалығы жоқ: сюжеттің өзі мұрағаттағы видеолардан құралған, ал сарапшылар онсыз айқын дүниелер туралы айтқан.

Өткен аптада Apta Украинадағы жағдай туралы қайтадан айта бастады. Батыс елдері Украинаға танкілер беруге келісті, ал Ресей АҚШ пен Еуропаны кінәлап, мәлімдеме жасады. Сюжетте Зеленскийдің Вашингтонмен келіссөз жүргізіп, олардан ракета сұрап жатқаны айтылды, шетелдік сарапшылардың пікірі бар.

Apta халықаралық жаңалықтарды жалғап, Таяу Шығыстағы жағдайға да тоқталды – Иерусалимде палестиналық азамат 7 адамды атып өлтірді.

Оңғар Алпысбайұлы ұсынған тағы бір аналитикалық материал еліміздегі шетелдік номерлі көліктерді тіркеу ісі турасында болды. Сюжетте жүргізушілердің оқиғасы мен олардың проблемасы айтылды (кейбірінің көлігі шет мемлекеттегі тіркеуден алынбаған). Кейіпкері де, сарапшы пікірі де, талдауы да үйлескен сараптамалық материал.

Жүргізушілер мәселесі келесі сюжетте де көрініс тапты. Елімізде қоғамдық көлік шопыры жетіспейді. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, 3000 жүргізуші керек. Данияр Қайыртай олардың әртүрлі оқиғасын тыңдап: бірі 13 жыл осы салада қызмет етіп, таксист болуға ауысқан, енді бірінің зейнетке дейін жұмыс істемек ойы бар, ал кейбірі шетелге көлік жүргізуге кеткен, олардың проблемасын көрсетуге тырысқан – жалақы төмен. Сарапшылардың, шенеуніктердің пікірі бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.