Домой Блог Страница 50

Жеңіс, соғыс және президенттер. Мамырдың екінші аптасына твшолу

Мамырдың екінші жетісі мерекесі көп, жұмысы аз апта болды. Әйтсе де елді елеңдетер оқиғаларға толы аптаға айналды. Бірақ, бар оқиғаны барлық қазақстандық телеарналар бірдей көрсете қоймады. Кейбір телеарнада апталық қорытынды бағдарлама мүлдем шықпаса, ендібіреуі әдеттегіден қысқа бағдарлама жасады. Сәйкесінше, біздің шолуымыздың мәтіні де әдепкіден қысқа жазылды. Айта кетер бір жайт, біз шолу жасаған телеарналардың барлығында дерлік салыстыра қарағанда президенттерді салыстыра қарағанда аз көрсетіп, басқа тақырыптарға көбірек уақыт берді. «Жаңа репортер» редакциясы «Бірінші арна Еуразия», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын шолып шықты.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

Бағдарлама авторы алыстан орағытпастан, бағдарламаны екі мерекеден және екі президенттен бастады. 7 мамыр және 9 мамыр құрметіне Қасым-Жомарт Тоқаев медалдар мен ордендер табыстап, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойса, Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі мерекелік әскери шеруге қатысты. Елбасы мен РФ президенті В. Путин екеуі соғыс ардагерлерімен әңгімелесті.

Өткен соғыстан қазіргі соғысқа, дәлірегі Сирия жерінен қазақстандықтарды елге қайтару операциясының екінші кезеңі, яғни «Жусан-2» операциясына ойысты. Барлығы 232 адам құтқарылыпты. «Жусан-2» операциясы туралы сюжетте құтқарылған әйелдің сұқбаты бар. Ол әйелдің үш баласы болған. Соның тек кенжесі, жаңа туған сәбиі ғана аман қалыпты. Екеуі жарылыста қаза тапқан. Журналистердің сюжетте балалардың бетін бұлыңғыр етіп, жасырып жабуды ұмытпағаны қуантты. Бұл норманы бәрі бірдей сақтай бермейтіні бар. Осы сюжетке президент те еніпті. Материал авторлары Тоқаевтың қазақстандықтар Сирияға неліктен кететіні, оларды неліктен елге қайтарып жатқаны туралы айтқанынан мәтін үзінді қосыпты.

Содан кейін көршілес Ресей еліндегі басты оқиғалардың бірі – Шереметьево әуежайындағы ұшақ апатына тақырып арнайды. Бағдарлама жүргізушісі «қазақстандық компаниялар штаттан тыс жағдайларға дайын ба?» деген сауал тастайды.

Бұл сұрақтың жауабын сюжетте беруге тырысады. Сюжет авторы Қазақстанда болған әуе апаттарын мұқият талдап, сараптайды. Соңғы рет қашан әуе апаты болғанын еске түсіреді (мұнда алты жыл бұрын болғанын айтады, яғни көп жолаушы мінген ұшақ апаттарына қатысты алса керек, өйткені шағын авиацияға қатысты төтенше жағдайлар елімізде жиі-жиі тіркеледі). 40 жылдық жұмыс тәжірибесі бар ұшқыш Шмидт Сабиров Шереметьево әуежайындағы апатты сараптайды. Оны ұшқыштардың жанармай толы бакпен қонуға шешім қабылдағаны таңғалдырды. Әйткенмен, ол ұшқыштардың да адам екенін, абдырап қалатынын айтады.

Әуедегі төтенше жағдайдан жердегі жағдайға оралайық. «Осторожно, взрослые!» атауымен шыққан сюжетте ересектер мұқият әрі жауапты болғанда алдын алуға болатын балаларға қатысты қайғылы оқиғалар туралы көрсетеді. Сюжет авторы жеті минутта барлық мүмкін қауіптер, яғни істемейтін әткеншектен бала қолы жететін тұстағы таблеткаларға дейін тізіп шығады. Стендапында балаларды қауіпсіздік ережелеріне қалай дұрыс үйрету керегін айтады.

Адамдарға өтетін екі тақырып болса, бұл – ауа райы мен денсаулық. «Аналитика» авторлары денсаулық туралы жоғарыда айтқандықтан, келесіде ауа райына тақырып арнапты. Жеті минуттық сюжетте мамырдың күн райын Петропавловсктен Бангладешке дейін тізбелейді.

«Мелочей не бывает» айдарында көрермен бағдарлама авторларының тағы не көрсететінін, қандай принципке сүйенетінін түсіне алмайды. Бұл жолы аталған айдарға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жол қозғалысы апаттары, өрттер, тонаулар еніпті. Қисынға келеді. Бірақ, сосын көпбалалы отбасыларды қандай себеппен баспанасынан айыратынын, Түркиядағы демалыс құны (биыл тур бағасы 10-15 пайызға қымбаттайды), Конор Макгрегордың жүрісін қайталаған қазақстандық бала туралы көрсетіп, қойыртпақ жасайды.

Бағдарламаны Жеңіс күніне арналған сюжетпен жапты. Мұнда соғыстағы бақытты махаббат оқиғаларын көрсетті. Жан тебірентер сюжет болыпты. Эмоция сыйлап, тіпті көзді жасқа шылайды. Бұл «Аналитика» редакциясының бағдарламаны аяқтайтын сюжеттерді жасауға келгенде мықты екенін тағы дәлелдейді.

Basty bagdarlama, «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразияның» қазақша қорытынды бағдарламасы жып-жинақы шығып, небәрі 30 минуттан асты. Есесіне осы шығарылымның басында президенттердің 7 және 9 мамырды қалай тойлағанын емес, «Мәңгілік даңқ» шеруінің қалай өткенін көрсетті. Сюжетте шеруге қатысушылардың арасында кімнің портретін ұстап келе жатқандарын білмейтіндер де барына назар аударды.

Тілші сюжетте Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын айтарлықтай атап өтпейтінін айтады. Есесіне, соңғы кездері дауы молайған Жеңіс күнін дүрілдетіп мерекелейді.

Әрмен қарай бағдарламада мерекеге еш қатыссыз тақырыптар көтерілді. Ішімдікке салынған әйелдер туралы сюжетінде тілші бейтаныс ішкіштер клубына барыпты.

Ал педофилдер туралы сюжетте абайлау керегін, көктемде осы бір психикалық ауруға шалдыққан адамдардың қозатынын ескертеді.

Әлеуметтік желілердегі Ораза туралы сюжет ұғынықсыз жасалған. Біріншіден, бұл тақырыптың неден пайда болғанын түсіну қиын. Тіпті сюжет авторы да оразаға қатысты посттар жариялау керек пе, жоқ па, бұл сауалға соңына дейін жауап таппайды. Егер жариялауға болмаса, неліктен екенін де жете түсіндірмейді. Әйткенмен, бізде батысқа еліктеу басым, деген қорытындыға келеді.

Бағдарлама сайлау кампаниясы туралы сюжетпен аяқталды. Сайлаудың ең шулы тұсы — «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған кандидат Жұматай Әлиевтің тіл емтиханынан құлауы болғанын айтады. Ол 19 қате жіберіп, тіркеуден өтпей, тіл комиссиясының шешіміне қатысты аппеляцияға шағым түсірді.

«7 күн», «Хабар»

Мерекелік апта орыс тіліндегі «7 күн» бағдарламасының контентіне айтарлықтай ықпал етіпті. Әдетте бұл бағдарлама бастан аяқ президенттердің қызметіне арналатын. Бірақ, бұл аптада Тұңғыш және Екінші президенттердің қызметі қауырт болмады.

Міне, осы себепті де

а) бағдарламада мемлекет басшыларының жұмысын көрсету бұрынғыларынан аз болды,

б) кенеттен журналистерде басқа да тақырыптар төңірегінде айтуға мүмкіндік болса да, бағдарлама уақыты әдепкіден 5 минутқа қысқарыпты.

«Президенттердің қызметі» бағдарламаның 17-минутында аяқталды. Осы аралықта:

  • Назарбаевтың Мәскеудегі мерекелік шерудің құрметті қонағы болғанын, Путинмен бірге соғыс ардагерлерімен сәлемдескенін;
  • Назарбаевтың Путинге Шереметьево әуежайындағы апатқа қатысты телеграмма жолдағанын;
  • Тоқаевтың да көңіл айтқанын;
  • Назарбаевтың Алишер Усмановты Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттағанын;
  • қос президенттің тағы кімдерді марапаттағанын;
  • Тоқаевтың Сириядан қайтарылған қазақстандықтар туралы айтқанын;
  • Тоқаевтың қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен және Жеңіс күнімен құттықтағанын

көрдік.

Жеңіс күніне бөлек көлемді сюжет әзірлепті. Мұнда да президент бар. Әйтсе де басты назар соғыс ардагерлеріне арналыпты.

9 мамыр туралы тағы бір сюжет – тарихшылар және дерек іздеушілер туралы екен. Тілші мұндағы стендапында креативке барыпты. Мәтін соңында атылған мылтық дауысы естіледі, журналист құлайды.

Сайлауалды кампанияның басталғаны туралы материал тоғыз минутқа созылды. «Хабар» журналистерінің заңды сақтап, барлық кандидатқа бірдей эфир уақытын бөлуге тырысатыны байқалды. Заңды аттамады. Бес кандидат туралы да бірдей көрсетті.

  • Тоқаев өз сайлау штабының белсенділерімен кездесті;
  • Түгел ар-ождан полициясын құрып, түнгі клубтарды жабуды ұсынды;
  • Таспиховты мәдениет және спорт саласындағы жұмысшылардың, әсіресе ауылда қызмет ететіндердің айлық жалақысы толғандырады екен;
  • Еспаева өндірушілерге салынатын қосымша құн салығын төмендетуді және несие құнын арзандатуды ұсынады;
  • Рахымбеков әлеуметтік желілерден келіп жатқан хабарламалар негізінде бағдарламасын құрып жатыр;
  • Ахметбеков батыс стандарттарына және жалған құндылықтарға қарсы күрескісі келеді;
  • Қосановтың бағдарламасы Қазақстанның барлық аймақтарын тең дәрежеде дамытуға арналған;

«Хабардың» қорытынды бағдарламасының соңғы екі материалы

а) Тұңғыш президенттің жаңа әлеуметтік саясатының жемісті нәтижесіне; б) қазақстан экономикасының табысына арналыпты.

Сандар мен деректерге қарасақ, елдегі жағдай өте жақсы сияқты. Таяуда тіпті жақсара түседі екен.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасын көріп бастағаннан-ақ бұл жолы студияға тағы не кіріп келетінін тағатсыздана күттік. Кішігірім спойлер: барлығы біздің күткенімізден де асып түсті.

Бағдарлама 30 жылдардағы аштықта 4 млн қазақтың қырылғанынан, 1,5 млн қазақ шетел асқанынан басталып, қалған 2,5 млн қазақтың соғыспен тұспа-тұс келгенін, президенттің бірқатар азаматты марапаттағанын баяндаумен өрбіді.

«Хабар» сияқты QAZAQSTAN сайлауалды додаға 10 минут эфир бөліпті. Студияға ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин келіп, сұхбат берді. Ол Жамбыл Ахметбековтен басқа үміткерлердің бәрі де алғаш рет президент сайлауына түсіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жаңа саяси класстың, жаңа тұлғалардың шығуын білдіреді. Демек, сайлаушыларда таңдау болады.

Ерлан Қаринмен сұқбаттан алдын сол үміткерлер туралы үлкен сюжет шығуы тиіс еді. Бірақ, сол сәтке сюжет дайын болмағандықтан да оны кейін, бағдарлама соңына таман көрсетті. «Хабар» сияқты мұнда да барлық үміткерлерге бірдей уақыт бөліпті.

Жеңіс күні туралы сюжеттің кіріспесінде бәріміз әуел бастан күткен элемент қосылды. Студияға бомбалаушы ұшақтар «кіріп келіп», снаряд тастады.

Ал сюжетте тілші Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстан облысының қай бөлігі бомбаланғанын көрсетті. Содан кейін Бауыржан Момышұлының өз дауысы жазылған жазбасын естіртті. Ол жазба 1965 жылы жазылған екен. Батыр соғыс туралы әңгімелейді.

Айтпақшы, мұндай шолулар сайтымызда тұрақты шығады. Міне, осы себепті де әр апта соңындағы қорытынды жаңалықтар бағдарламасын асыға күтеміз.

Жәнібек Нұрыш

Бейбіт өмір, мамыр, бірлік және митингтер. 29 сәуір – 5 мамыр аптасына твшолу

Қазақстандағы республикалық телеарналардың 29 сәуір — 5 мамыр аралығына қорытынды ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары аптаның басты «жаңалығына» жаңалық болудан қалған тақырыпты: Қазақстанда соғыс жоқ, барлық ұлттың өкілдері бейбіт әрі достықта өмір сүріп жатқанын алыпты. Бағдарлама жүргізушілерінің бірі «бізде» бәрі қандай жақсы екенін, «ал оларда» қандай жаман екенін сондай бір құштарлықпен айтты. Әйткенмен, «эксклюзив» материалдардың алуандығы және соның барлығы бағдарламада болуы таңғалдырды.
Өткен аптадағы оқиғалардың қайсысы қорытынды бағдарлама журналистерін қызықтырды екен? «Жаңа репортер» редакциясы КТК, «Хабар», QAZAQSTAN және «Бірінші арна Еуразия» телеарналарын көріп, шолып шықты.

«Большие новости», КТК

Мұның өзі жаңалық. Қорытынды жаңалықтарда Қазақстандағы рұқсат етілмеген митингтер туралы көрсетті. 1 мамырда Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірнеше облыс орталықтарында рұқсат етілмеген митинг өтті. КТК телеарнасы митингке шыққандардың талаптарын таңдап, талғап эфирге шығарып, министр Абаевтың «Хабар» телеарнасының студиясынан: митингке рұқсат етілмесе де адамдардың өз қоғамдық ұстанымдарын білдіруіне рұқсат етілгені жөнінде айтқанынан үзінді берді. Жүргізушілер биліктің диалогқа дайын екенін, бірақ сол диалогты көрмегенімізді айтты.

Қаратаудағы 8 жасар қыздың өліміне үлкен репортаж арнапты. КТК арнасы бұл тақырыпты апта бойына жаңалықтарынан көрсетті. Міне, сондықтан да қорытынды жаңалықтарды сол күнделікті жаңалықтарда шыққанды қайталаса керек-ті. Репортажды бейнебақылау камерасындағы видео, журналист стендаптары және үрейле музыкамен толықтырыпты. Сюжетке «Большие новости» экспериментін қосыпты. Актер саябақтағы балаларға жақындап, өзімен бірге жүруді ұсынды. Балалардың көбі бейтаныс ағаға ермегенімен, материалдың эмоциясы ұрып тұрды: балалармен қауіпсіздік туралы әңгімелесуге үндейді.

Тағы бір материал балаларға арналыпты. Мұнда Алматыдағы балабақшада сәбилерді ұрып-соғу туралы көрсетеді. Оларды тәрбиешесі солай жазалаған. Қызығы сол, ешбір материалда, жатақханалардың мүшкіл ахуалы туралы сюжетте «екінші» тараптың пікірлері жоқ. Сюжеттерді кейіпкерлердің талап-тілектеріне ешкім жауап бермейді. Бәлкім, шенеуніктер жауаптан жалтарған шығар. Бұл туралы сюжетте айтпады. Сәйкесінше, проблемалы материалдарда тепе-теңдік сақталмағандай көрінді.

Бағдарлама соңында тілшілер «Қазақстан жұлдыздар неліктен шетелге ұмтылады?» сұрағына жауап іздепті. Кадрлары әдемі әрі кейіпкерлерге бай сюжет. Қазақстандықтардың әлемдік шоуларда өнер көрсетуі, жас таланттар және олардың ата-аналарымен, шетелде өнер көрсететін танымал жұлдыздармен сұхбаттар (айтпақшы, скайп арқылы сұқбаттарды белгілеп көрсетуі керек еді, видео сапасы көзге ұрып тұр). Расында жоғарыда сауалдың «өйткені, шетелде мүмкіндік көп» деген жауабы сұхбатқа дейін-ақ мәлім болды. Таланттарға өз отанында көп мүмкіндік ашылуы үшін Қазақстанда не өзгеруі тиіс, деген сауалға жауап тапқанда қызық болар еді.

Бағдарламада Қарағанды облысында полицейлердің ақша жинайтыны туралы жасырын хат, депутаттардың БЖЗҚ қаржысын қазақстандықтардың баспана мәселесі шешуге жұмсау ұсынысы, президентке үміткерлерді тіркеу және Тоқаевтың сайлауалды штабындағы жұлдыздар тақырыбы да қамтылыпты.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» журналистері «екі президенттің өмірі» стиліндегі марафонын жалғастырудан және мұны бірінші нөмірлі президенттен бастауынан әсте танар емес. «7 күн» эфирінде тұңғыш президенттің ең маңызды іс-шарасына ҚХА 27-сессиясына қатысуын шығарыпты. Назарбаев сессияда өзінің президент лауазымынан бас тартуын еске түсіріп, халыққа және серіктестеріне алғыс айтады. Сюжеттің мәні: әлемнің бар түкпірінде соғыс жүріп жатыр, ал Қазақстанда 130 этнос бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр, деген тақырып төңірегінде өрбиді. Сондай-ақ, Қазақстан – мемлекет-бітімгер екенін айта келе, мұның барлығын Назарбаевқа алғыс айтқан адамдардың синхрондарымен растай түседі. Осылайша 14 минутқа жалғасады. Содан кейін тағы 7 минут тұңғыш президенттің 1 мамыр – Бірлік күні мерекесін қалай тойлатқанын: лезгинка билегендерді тамашалауы, собалақ (кулич), құймақ және бауырсақ жегені,  халықтың әндеткенін тыңдағанын көрсетеді.

Осымен лирика тәмам болып, Назарбаевтың ресми кездесулерін хабарлайды. Тоқаевтың Алматыға сапарына 10 минуттық сюжет береді. Материалда тек президентті ғана емес, қаланың қалай өркендеп, дамып жатқанын да көрсеткенін де айтып өткен жөн. Тілші веложолақта велосипедпен жүріп бара жатып стендап жасайды.

Қалған материалдар да жоғарыда айтқанымыздай, президенттерге арналыпты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу жерін аралауы, «Айбалта-2019» оқу-жаттығу жиыны (Тоқаев танкіге мінбесе де оның сөзі сюжетке еніпті) , ресми кездесулері және құттықтаулар. Тек бағдарлама соңында (бұл да дәстүрге айналды) – сайлау туралы аз-маз айта келіп, басқа кандидаттарды да қысқа көрсетеді.

Қызығы сол, заңға сәйкес, сайлауалды кампания басталғанда қазақстандық телеарналар әрбір кандидатқа бірдей уақыт бөлуге міндеттеледі. «Хабарлықтардың» қалыптасқан «сараптамасын» ескерсек, бағдарлама авторлары бұл заңды қалай айналып өтетінін елестету қиын. Жалпы айналып өтер ме екен?! Ал әзірге «Хабар» эфирінен тепе-теңдік туралы айтудың өзі қиын. Көрелік.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

Бұл жолы «Аналитика» авторлары тосын эфирімен таңғалдырды. Ең басында бес минут ішінде Қазақстан Халықтарының бірлігі күні туралы тез-тез көрсетіп (митингтерді де кірістіріпті, Абаевтың сөзін де беріпті), алтыншы минуттан бастап Венесуэлада не болып жатқаны жөнінде егжей-тегжейлі үлкен сюжетпен жалғастырды. Тұнған «фарш»: наразылыққа қатысушылардың, туристердің сұхбаттары, халықаралық бөлініс те бар. Материалдың ортасына қарай Париж бен Шри-Ланкадағы жағдай туралы баяндап, қайтадан Венесуэлаға өтіп, сонымен аяқтайды. Әлемдегі ахуал өршіп тұрған жерлеріне халықаралық шолудың дәл Қазақстан Халықтарының бірлігі күні туралы сюжеттен кейін басталуы – бізде қалай, оларда қалай дегенді емеурінмен жеткізуге құралса керек.


Кейін сайлау туралы қысқа айтып, кімнің шығып қалғаны, кімнің емтиханнан өтпегені, кімнің қол жинап жатқанын және үгіт-насихат жұмыстарының қашан басталатынын (11 мамыр) көрсетеді.
Журналистер Тоқаевтың Алматыға сапары туралы да егжей-тегжейлі әңгімелейді. Президент отандық аяқ киімді киіп, еріктілермен кездесіп, бюрократтардың арыз-шағымын тыңдап, Талдықорғанға және Үштөбеге барып, әскери жаттығуға қатысады.

«Аналитика» бағдарламасы саяси-президенттік блоктан жарнама арқылы «арылып», әрмен қарай қалған жайттарды сөз етеді. Мысалы, қазақстандық отбасылардағы зорлық-зомбылық туралы үлкен сюжет берді. Өгей шешенің қыздарын ұрып-соғуы: журналистер әпкелі-сіңлілі үшеуден сұқбат алады, әрқайсысынан өзін қалай ұрып-соққанын сұрайды. Сосын бірнеше жауыз күйеулердің оқиғасын беріп, психологтармен және дағдарыс орталықтарының жетекшілерімен сұхбаттасады. Ортасына қарай тілші стендапында әйелді құшақтап, нәзік жандылармен «міне осылай қарым-қатынас жасау керегін» түсіндіреді.

«Аналитика» бағдарламасының қылмыстық-әлеуметтік хроникасы ала-құла, ешбір қисынға бағынбайтын дайджесттен құралыпты. Өткен аптада бұған Жамбыл облысындағы қыз өлімі, Шымкентте  жасар сәбидің автокөлік соғып, көз жұмуы, Ақтауда қандаламен күресте үш адамның уланғаны (оның екеуі бала), қазақстандық жатақханаларда орын жетіспейтіні, «Қаламқас» мұнай кені орнындағы өрттен болған шығып, Аблязовты ақша жымқыру қылмысы үшін Ресейде сотталатыны кіріпті.

Бағдарлама соңында көпке қызық Ержан Максим, Бірінші арнада шығатын «Голос. Дети» бағдарламасының сенсациясына айналған бала туралы сюжет шықты. Нагиев Ержанды ғұламаға теңейді. Галкин-Пугачева отбасы да оған қолдау көрсетеді. Бірақ, ақырында неліктен екені белгісіз, Алсу мен миллионер Ян Абрамовтың қызы Микелла жеңіске жетті. «Аналитика» бағдарламасы әдеттегідей «бантик» сюжетімен қуантады.

APTA, QAZAQSTAN

APTA бағдарламасын көріп бастағаннан-ақ, студияға қандай көлік келетінін табуға тырысасың. Жеңіл автокөлік пе, су таситын көлік пе? Спойлер: бұл жолы машина болмады, бірақ компьютерлік графиканы да айналып өтпеді.

Бағдарлама дәстүрінен таймай: 1 мамыр – Бірлік күні және Қазақстандағы тұрақтылық, тіпті оны ЮНЕСКО да мойындайтынын көрсетуден басталды. Бізде бәрі жақсы, сыртта бәрі жаман екенін салыстыра жеткізу үшін, басқа телеарналардағы әріптестері сияқты, Ливан, Ливия, Ирак және Сириядағы ахуалды көрсетті.

Қазақстан халқы ассамблеясының 27-сессиясы туралы тоғыз минуттық сюжетке еліміздегі бейбітшілік пен достықты дәріптеуді айта келе, толықтыру түсу үшін кейіпкерлерге: Германияға кеткен неміс, қазақ тілін үйренген кәріс қызы, соғыстан қашып, Қазақстанға қоныс аударған Шешенстан тұрғынына сөз берді. Әрине, Назарбаевтың да сөйлегенін молынан қосты.

«Президент» блогы Тоқаевтың Алматы және Алматы облысына сапары, оның қатысуымен өткен 1 мамыр туралы тақырыппен жалғасты. Сюжет 7 минутқа созылды. Бірақ, келесі сайлау туралы сюжет – 5,5 минут қана болды. Сайлау сюжетінде тоғыз кандидаттың нешеуі тізіме қалғанын, Тоқаевтың алғаш болып қажет қол жинағанын, кімнің екінші, үшінші, төртінші (Түгел, Таспихо, Еспаева) болғанын кірістіріп үлгеріпті. Тіпті Nur Otanның сайлауалды штабы және партиядағы екінші адам Мәулен Әшімбаевтың пікірін де беріпті.

Өткір әлеуметтік тақырыптағы сюжеттерге: Қазақстанда тегін дәрі беру мәселесі, жүргізуші куәліктерін ХҚКО-да беретіні (бұрын полицейлер беріп келген), отандық қой шаруашылығының қиындықтары, қазақстандық киімдердің қымбат болуы себебі де еніпті. «Өйткені, киімге қажетті барлық шикізат, тіпті киім тігетін ине де шетелден әкелінеді» деп түсіндіреді дизайнерлер. Студияда манекенге киілген киімдер пайда болады.

ONLINE OISALAR тұрақты айдарында әлеуметтік желілерге шолу жасайды: FlyArystan лоукостерінің алғашқы рейсі, интернеттегілер бағаға көңілі толмайды. Адамдар тым ысырапшыл тойларға наразылығын, биылғы пітір-садақа – 300 теңгенің көптігіне разы еместерін айтады.

Бағдарлама ақын Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойымен аяқталады.

«Аптап», КТК

КТК телеарнасындағы «Аптап» бағдарламасының «фишкасы» — студиядағы көрнекілік. Атақты парфенов тәсілі «Аптап» бағдарламасының әрбір шығарылымында қайталанады. Бұлай болуы да қызықты. Өйткені, жүргізуші әрбір сюжетке кіріспесінде қандай затты көрсететінін күтесіз. Жүргізуші Серік Жанболат бұл жолы не көрсететінін табу көрерменді де елітеді.

Бағдарламаның бұл аптадағы шығарылымы Қазақстандағы жатақхана жетіспеушілігі туралы сюжеттен (1 мамыр да Тоқаевтың Алматыға сапары да айтылмады. Тіпті сайлау туралы да президент туралы да ештеңе көрсетпеді. Айтпақшы, митингтер де туралы да ләм-мим демеді) басталды. Жүргізуші кереуетте отырады. Сюжетте жатақхана салудың қымбат екені, бір жатақханаға 1 млрд теңге қажет екені айтылады.

Жатақхана туралы сюжеттен кейін «Көлеңкедегі кісі» айдарының жүргізушісі де осы тақырыпты қозғайды: ол миллиард теңгеге бір емес, бірнеше жатақхана соғуға болатынына сенімді. Оның сөзінше, ақшаның көп бөлігі кісі қалтасына кетеді.

Әрмен қарай жүргізуші бөтелке, киім жанында қолына мал таңбалайтын құрылғыны ұстап тұрады. Бұл тауар белгілері мен логотиптерді заңсыз қолдануға қатысты сюжеттің кіріспесі. Материалда брендтерді жиі ұрлайтын мемлекеттер рейтингі де берілген.

Келесі сюжеттің кіріспесінде жүргізуші қоқыс жәшігінің жанында тұрады. Қаңғыбастар туралы сюжет. Үйсіз-күйсіз адамдармен әңгімелесіп, дағдарыс орталығына барып, сондағы бір қаңғыбасқа неше теңге жұмсалатынын көрсетеді.

Электр сымы ұзартқышы жанындағы жүргізуші. Бұл әлеуметтік желілерге шолу айдарының кіріспесі. Ұзартқыш – бәріміз де әлеуметтік желілерге байланғанымыздың белгісі. Шолуға «Бірінші арнадағы» «Голос. Дети» бағдарламасының қорытынды нәтижесіне наразылық, Қуат Найманның ережесіз төбелесте жеңіліс табуы, «Мисс Қазақстан» жеңімпазын талқылау еніпті.

Бағдарлама тым қысқа, небәрі 30 минутқа созылды.

Бәлкім, Шымкенттегі стадионды қайта құру туралы сюжеттің «жоғалып кетуінен» де осылай қысқа болған шығар. Әйтпесе, сол стадион тақырыбы бағдарламаның сайттағы аңдатпасында көрсетілген-ді.

Жәнібек Нұрыш

Тоқаевқа қуырылған балық. Сәуірдің төртінші аптасына твшолу

Қазақстанда ҚР президентін кезектен тыс сайлауға үміткерлерді ұсыну кезеңі ресми аяқталды. Тізімде тоғыз адам бар. Әйткенмен, бүгін дүйсенбіде олардың саны сегіз боп қалды. Сараптамалық бағдарламалар бұл туралы алдағы сенбі-жексенбіде айтса керек. Ал кешегі қорытынды бағдардамаларында мемлекеттік телеарналар президенттердің қызметін бар сән-салтанатымен көрсетті. Кейбір жекеменшік телеарналар апта көлемінде тағы басқа қандай оқиғалар болғанына уақыт тауыпты. «Жаңа репортер» редакциясы «Бірінші арна Еуразия», КТК, «Хабар», QAZAQSTAN және ASTANA TV телеарналарының апталық қорытынды сараптама бағдарламаларын көріп шықты.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының «Аналитика» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының төрттен үші саяси жаңалықтарға, дәлірегі екі президентке арналыпты. Бағдарлама эфирге шығатын күні (жексенбі) президент сайлауына қатысуға үміткерлер ұсыну мерзімі аяқталды. Тележүргізуші тоғыз үміткердің арасында «хайпқуған» адамдардың (резонанс тудыру үшін сайлауға баратындар) жоқ екенін атап өтті. Мұның себебі сайлауға қатысу шарттарының өзгеруімен, яғни үміткерлерді тек партия және қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алатынымен түсіндірді.

Тоқаев туралы егжей-тегжейлі: оны қалай ұсынғанын, Nur Otan партиясының съезінде тұңғыш президенттің көзіне жас алғанын (сол сәтін эфирден көрсетті), екінші президент Конституциялық кеңестен бірнеше жыл шетелде жұмыс істегені сайлауға қатысуына кедергі келтіре ме, жоқ па, соны нақтылап сұрауын әңгімеледі. Конституциялық кеңес: еш кедергі келтірмейді, бұл командировка болатын, бәрі дұрыс, деп жауап беріпті.

Басқа кандидаттар туралы аз-кем ақпарат бар. Тек тұңғыш әйел-кандидат, «Ақжол» партиясы ұсынған Дания Еспаева туралы көбірек көрсетті. Оның съезде айтқан: еркектер «әйел орнын білуі тиіс» дейді, бірақ жемқорлардың дені – еркектер, деген сөзін келтірді. Ду қол шапалақ.

«Ауыл» партиясы ұсынған Төлеутай Рахымбековтан оптимизм еседі. «Сайлауға Елбасы қатысқан кезде онымен бәсекеге түсу – ауланың футбол командасы Бразилия құрамасына қарсы ойнағандай көрінетін еді. Ал енді Елбасы сайлауға қатыспайды, бәрінің де мүмкіндігі жоғарылады!» деп айтып салды.
Тұңғыш президентте не жаңалық екеніне арналған дәстүрлі сюжет те болды. Тілші өз сюжетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға, яғни Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумына сапары туралы егжей-тегжейлі айтты.

Сюжет тақырыбы «Подпоясать материки» деп аталыпты. Журналист Бейжіңде 37 мемлекеттен 360 министр жиналғанын санап шығып, Қытайда ауа райының қолайсыздығына қарсы қандай шара жасағанын да көрсетті. Назарбаев форумда РФ президенті Владимир Путинмен қол ұстасып шықты. Форумның негізгі айтар ойы: қане, бәріміз дос болайық, бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді екені төңірегінде өрбіді.

Содан кейін «Аналитика» екінші президентке қайта оралды. Ақордада Венгия мен Оңтүстік Кореяның әнұраны айтылды. Тоқаев алғаш рет жоғары мәртебелі қонақтарды – Оңтүстік Корея президентін және Венгрия премьер-министрін қабылдады. Әрмен қарай Тоқаевтың Twitter және Instagram аккаунттарына шолу жасады. Кімді құттықтағанын (Зеленский), кімді қабылдағанын, кімге қандай тапсырма бергенін шолып шықты. Қазақстандық ТВ-да президент қызметін оның әлеуметтік желілерде жариялаған посттарына қарап әңгімелеу де трендке айналған сияқты. Назарбаевпен бұлай жасау мүмкін болмаған еді, ал Тоқаевпен заманауи әрі қызу өтіп жатыр. Әсіресе, Ақорда туралы емес, екінші президенттің Қазақстан эстрада жұлдыздарымен алғашқы селфиі қызу талқыланады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірінші арна Еуразия» эфиріне шығуы мұнымен тоқтамайды. Мемлекет басшысының аптасы қалай өткенін Instagram шолуына сыймағандықтан болар, аймақтарға сапарын бөлек үлкен сюжетпен берді. Тоқаев Семейге сапарында өзіне мадақ айтпауын өтініп, Абай Құнанбаевтың мерейтойына дайындалуды тапсырды. Қазақстанда АЭС салуға қатысты жұртшылықтың пікірін ескерілетінін нақтылады.

Президенттерге арналған блоктан тыс тақырыптар қатарына жаяулар мен жүргізушілердің қарама-қайшылығы туралы сюжет пен «Мелочей не бывает» айдары енді. Онда көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы пәтер ақысы туралы ақпарат (шаршы метріне 115 тг), Қазақстандағы ауыз су мәселесі, Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияның азаюы, Батыс Қазақстан облысында оқушылар қызғалдаққа бара жатып жол апатына ұшырағаны, таксистердің клиенттерді қалай тонағаны, браконьерлердің инспекторларға шабуылы жиілегені, иттің шұңқырға құлағаны, енді бір иттің сеңде өліп қала жаздағаны туралы тақырыптар қамтылыпты. «Мелочей не бывает» айдарына жаңалықтардың қандай принциппен таңдап алатындарын түсіну мүмкін емес.

«Аналитика» бағдарламасының «бантик» сюжеті тағы да Тоқаевқа арналады. Олег Журкевич сюжетінде Қазақстанның екінші президенті туралы ең қызық деректерді жинапты. Мысалы, оның әкесі Кемел Тоқаев Қазақстанда детектив жанрына алғаш қалам тербеген жазушы болған. Автор стендаптарында барынша креатив жасайды: мейрамханада отырып, кішкентай Тоқаев сүйсініп жеген қуырылған тауық етіне тапсырыс береді, үстел теннисін ойнайды, базар ішімен жәшік алма алып жүреді. Қазақстандық ТВ дәстүрінде бағдарламаны қызықсыз әрі салмақты тақырыптармен бастау дәстүрге айналғаны өкінішті. Бәлкім, бағдарламаның басына осындай «бантик» сюжеттерді шығарып көрсе қайтер екен?! Бұл да президент туралы сюжет, бірақ зеріктірмейді.

«Большие новости», КТК

КТК телеарнасының «Большие новости» хабарында президенттер айтарлықтай аз, ал Қазақстан мен әлемде не болып жатқанына айтарлықтай көп. Бірақ, мұнда да бағдарламаны мемлекет басшысынан бастады. Тоқаевтың Павлодар облысына сапарын, Назарбаев зияткерлік мектебіне барғанын және жергілікті педагогтан өзіне физика туралы авторлық оқулығын сыйлауды сұрағанын қысқа көрсетті.

Алдағы сайлауды қызық деректермен берді. Қасым-Жомарт Тоқаев үміткерлер арасынан алғаш болып қол қою парағын алғанын, үміткер Дания Еспаеваның синхронда «әйел бар жерде тәртіп барын» айтқанын шығарыпты. ЖСДП партиясының сайлауға қатысудан бас тартқанын да көрсетіп, саясаттанушы Марат Шибутовтың «Бұл сайлауда кандидаттар Тоқаевпен емес, тізімді екінші болуға таласады» деген пікірін беріпті.

Бағдарламада президенттер туралы ендігі бір хабарда – Назарбаевтың Бейжіңге сапарын қысқаша берді. Содан кейін Қазақстандағы басқа да адамдардың өмірінде не болып жатқанына арналды. Ақтөбеде мектептегі жаппай улану, таксистердің клиенттерін тонайтыны, Өскеменде автокөлік шұңқырға құлағаны, елдегі өндірілетін сүттің үштен бірі стандартқа сай келмейтіні (демек, оны импортпен алмастыруға тура келіп, бұдан жергілікті фермерлердің зиян шегетіні), әрбір қазақстандық орта есеппен банкке 900 мың теңге қарыз екені туралы көрсетті. Бағдарлама жасыл экономика туралы көлемді сюжетпен (Қазақстанда АЭС салу жоспарының шегінде) аяқталады. Мұнда біздегі біршама жылу электр станцияларының күн батареяларымен жұмыс істейтінін, су электр станциялары экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді екенін, жас қазақстандықтың дірілден энергия өндіретін құрылғы ойлап тапқанын әңгімелейді.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының тілшілері екі президенттің қызметінде не болып жатқанын көп көрсететіні соншалық, басқа тақырыптарға уақыт қалдырмайды. Бағдарлама 1 сағат 13 минутқа созылды. Осы уақыттың әр минуты не Нұрсұлтан Назарбаевқа не Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған.
Мәселен, «Хабар» телеарнасы Тоқаев ұсынылған
Nur Otan съезі туралы басқа арналармен салыстырғанда егжей-тегжейлі көрсетеді. Назарбаевтың сайлау туралы: «Менің саясатымды қазақстандықтардың көбі қолдайды. Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында және жаңа президентті қолдауда қызмет ете беремін» деген сөзін келтіреді.
Назарбаевтың қатысуымен өткен съез туралы 12 минут көрсетіп, тағы 23 минутты тұңғыш президенттің Бейжіңге сапарына арнайды. Назарбаевтың Қытай туралы: «Қытай бар әлеммен жұмыс істейді, «біз сияқты болыңдар» деген шарт қоймайды, міне сондықтан да Қытайдың саясаты бәріне ұнайды» деген сөзін келтіреді.

Келесі алты минутта Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Корея президентімен (Назарбаев Оңтүстік Корея президентіне «мен сізден алдыңғы басшылардың бәрімен жұмыс істедім» деп айтады) және Венгрия премьер-министрімен (Назарбаев Венгрия премьер-министрінің комплиментіне «Тұрақтылықты сақтау оңайға соқпады, бірақ мен елді ойладым» дейді) кездесуіне ойысады.

Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға сапары туралы егжей-тегжейлі оның Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында айтады. Осылайша екінші президенттің де уақыты кеп жетеді. Дәл осындай тыңғылықты сюжет Венгрия премьер-министрінің сапары және Тоқаевтың онымен кездесуі барысында да көрсетіледі.
Екінші президенттің басқа да қызмет аптасы: Ақордадағы кездесулері (Аружан Саимен кездесу жайында ештеңе жоқ), Пасха мейрамымен құттықтауы, аймақтарға сапары және тағы басқасын көрсетеді. Тек соңында ғана кандидаттарды ұсыну кезеңі ресми аяқталғаны жөнінде ақпар қосты.

APTA, QAZAQSTAN

Ұлттық телеарнаның APTA бағдардамасы Назарбаевтың Қытайға сапарынан басталды. Мұнда да тележүргізуші кіріспе сөзінде Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы туралы ұзағынан әңгімеледі. Содан кейін барып қазіргі жаңғыруына ауысты. Ал сюжетте тілші стендап жасап, өзінің түсірім жасауға тыйым салынған ғимарат ішінде тұрғанын, бірақ сонда да сол тыйымды айналып өтудің жолын тауып, стендаппен шыққанын айтады.

Оңтүстік Корея президентінің сапарын айту барысында да әралуандыққа жүгінеді. Диктор еліміздегі «ақылды үйлерді» корейлердің салып жатқанын айта келе, енді бізде кореялық автокөліктер құрастырылатын хабарлайды. Сол кезде студияға автокөлік кіріп келеді. APTA студиясына автокөлік кіргізу бағдарламаның «фишкасына» айналып барады. Мұның алдыңғысында студияға су тасымалдайтын көлік кіріп кетіп еді.

Президент сайлауы туралы тек 30-шы минуттан кейін айтты. Қызық көрінгені сол, сайлау туралы диктор сөзінде оның фонындағы экраннан Nur Otan логотипі көрініп тұрды. Тағы бір алуандық, бұл материалда ең алдымен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы барлық оқиғаларды еске түсіріп шығып, содан кейін қазіргі оқиғаларға ойысты. Партияның съезі және ұсынған кандидаты туралы 14 минут көрсетті (бұған қоса Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевпен студияда сұқбат қылды). Ал басқа партиялардың съездері мен кандидаттары туралы ақпаратты небәрі 4 минутқа сыйғызды.

ONLINE OISALAR атты тұрақты айдарда (интернетте не болып жатқанына шолу) әлеуметтік желі қолданушыларының полиэтилен пакеттерге тыйым салуға, Алматы-Маңғышлақ пойызындағы бейберекет, Әлидің Мессимен кездесуіне пікірлері жинақталыпты. Бағдарламаны екі әдемі «бантикпен»: қазақ Моцарты және Оралда өткен қызғалдақтар фестивалі туралы сюжетпен аяқтады.

«БІЗДІҢ УАҚЫТ», ASTANA TV

ASTANA TV телеарнасының апталық-сарапталық бағдарламасында «Президентпен бастау» дәстүрі Тоқаевтың атаулы әлеуметтік көмекті уақытылы беру туралы твитімен ашылды. Содан кейін Nur Otan съезіне ойысып, әралуандық үшін Назарбаевтың бұрынғы ұлықтау рәсіміндегі архив кадрларын шығарды. Мұндай кадрлар 30 жылда әжептәуір жиналып қалса керек-ті.

Сюжет соңына қарай әндетті. Партия мүшелері хормен ән шырқайды. Содан кейінгі бөлек блокта президент болудан үміткер басқа кандидаттарды көрсетті.

Кенеттен үш минуттық сюжетті Украина президенті сайлауында жеңіске жеткен Зеленскийге арнады. Басқа бағдарламалар оның жеңісін Тоқаевтың құттықтауымен ғана атап өткен еді.

«БІЗДІҢ УАҚЫТ» бағдарламасы қозғаған тақырыптар қатарына ауыл пошташыларының жұмысы, отандық теңіз флотының тағы бір кемемен толығуы, автокөлік жүргізушілерінің жедел жәрдем жұмысына қалай кедергі келтіретіні, Оспан батырдың 120 жылдығы кіріпті. Диктор сөз соңында Австрияда мигранттарды егеуқұйрыққа теңеген саясаткердің қызметінен кеткені туралы жаңалықпен аяқтады. Неліктен, бұл жаңалықты таңдағаны түсініксіз күйінде қалды. Бәлкім, сондай қызық көрінген болар. Емеурінсіз емеурін болуы да бек мүмкін.

Жәнібек Нұрыш

Талдықорған, Ақтау, Түркістанда мобайл журналистика тренингтері өтеді

«Медиа Стандарттар институты» қоғамдық қоры Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қолдауымен Талдықорған, Ақтау және Түркістан қалаларында журналистерге смартфонмен видеоконтент жасауды үйрететін аймақтық тренинг өткізетінін хабарлайды.

Тренинг түсірілім жасауда кәсіби тәжірибесі жоқ журналистердің смартфонмен түсірілім дағдыларын дамыту және бейнематериалды смартфонда өңдеуді үйренуіне арналған.

Негізгі тренер Джон Смок (John Smock) — Нью-Йорктен келген тәуелсіз фотограф және экспериментатор. Ол — City University of New York Журналистика жоғары мектебінің фотография мектебі жетекшісі әрі оқытушысы. Бұған дейін Джон Смок Associated Press және SIPA Press сынды медиа ұйымдарда жұмыс істеген. Оның фотожұмыстары The New York Times Magazine, Newsweek, Paris Match, Der Spiegel, Washingtonpost.com және өзге де көптеген басылымда жарық көрді.

Тренинг қазақ/орыс/ тілдерінде (аудармашы көмегімен) өтеді.

Қатысушылар төмендегідей теориялық және практикалық дағдыларды меңгереді:

— смартфонға бейнетүсірілім жасаудың негізі;
— түсірілімді жоспарлау және кадрдың ұтымды шығуы үшін айнала ортаға талдау жасау;
— смартфондардың техникалық мүмкіндіктері;
— сапалы түсірілім жасауға қажет қосымша жабдықтар;
— арнайы дайындықты қажет етпейтін бағдарламалар мен мобайл қосымшаларда видеоматериалды жылдам өңдеу;
— және тағы басқалар.

Тренингке қатысқан журналистердің аз шығынмен тез арада сапалы визуалды контент жасауына мүмкіндік ашылады.

Тренингтің өтетін уақыты:

Талдықорған: 18 маусым
Ақтау: 19 маусым
Түркістан: 21 маусым

Тренингке қатысу үшін мына сілтемеге өтіп, https://bit.ly/2UJ8P5L сондағы онлайн-өтінім формасын толтыру қажет.

Өтінімдер 2019 жылдың 31-мамырына дейін қабылданады.

Өтінімді ертерек толтыруызды сұранамыз, өйткені қатысушылар саны шектеулі

Тіркеуден өткен қолданушылар тренингке қатысу, өтетін орны мен уақыты туралы электронды пошта арқылы хабардар етіледі (хаттың «Спам» қапшығына түспеуін қадағалаңыздар).

Тренинг Талдықорған, Ақтау, Түркістан журналистеріне өтеді. Сіздер осы көрсетілген қалаларда болмасаңыз, алайда тренингке қатысқыларыңыз келсе, бұл үшін қажетті шығындарды өз бетіңізше өтеуге келіссеңіздер, тренингке қатысуға өтінім бере аласыз.

Қосымша ақпарат:
Тел.: +7776 260 90 60 (тренинг координаторы)
email: imstandart@gmail.com

Палаумен өрілген келіссөздер, телевизияның ақыры. Сәуірдің үшінші аптасына твшолу

Президент Тоқаевтың Өзбекстанға сапары, полиция жұмысын сынауы – міне мұның барлығы Қазақстанның республикалық телеарналарының 15-21 сәуірдегі апталық қорытынды жаңалықтарына енген тақырыптар болды. «Жаңа репортер» редакциясы «Хабар», КТК, «1 арна Еуразия» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық эфиріне  шолу жасады.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» бағдарламасында бұл жолы екі президенттің қызметіне шолу жасаудан бөлек, басқа да оқиғаларға уақыт тауыпты. Алдыңғы екі аптада қос президентті көрсетуден аспаған еді. Бұл жолғы бағдарламада Елбасының кездесулеріне 5 минут арнапты. Әрмен қарай диктор Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы егжей-тегжейлі айтады. Екінші президенттің алдыңғы Ресейге сапарында  көрсеткендей, енді саяси және экономикалық саладағы ынтымақтастықтан бөлек, міндетті түрде тұңғыш президентке мадақ айту міндетке айналыпты. Өзбекстаннан түсірілген сюжетте Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияев Нұрсұлтан Әбішұлына сәлем жолдап, достық қарым-қатынасты нығайтуына алғысын айтады. Саясаткерлердің сапар барысында қол қойған келісімдеріне қатысты сарапшылар пікір білдірген. Негізгі бастамалар ретінде Қорғас сияқты шекарамаңы сауда орталығын ашу мүмкіндігі және туризм саласына қатысты бірлескен жобаларды қолға алу аталды.

Бағдарламаның 10 минутын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ішкі істер министрлігімен өткен алқа отырысына арнады. Жиын 43 минутқа созылды. Әңгіменің өзегі «Бұл неткен масқара» төңірегінде өрбіді.

Автоұрлық, мал ұрлығы, полицейлердің наркобизнеске қатысы, кісі өлімімен аяқталатын көлік апаттары. Осы мәжілістен сюжетте тек президенттің сөздерін қиып алып қана қоймай, журналист жаяу жүргіншілер өткелінен стендап жасапты.

«7 күн» бағдарламасына тән дәстүр: қайғылы оқиғалар, мәселен Жамбыл облысындағы 11 адамның өмірін алып кеткен көлік апаты туралы хабарды президенттің көңіл айтуымен жеткізеді.

Қазақстанның екінші президенті әлеуметтік желілерде белсенді. Ол 10 сәуір күні Twitter аккаунтынан Ақмола облысының Қосшы ауылындағы су мәселесін шешуге тапсырма берді. Твитіне КТК теленасының сол мәселе туралы сюжетін қосты. Ал осы аптада Тоқаев твит-тапсырмасының қалай орындалып жатқанын тексеру мақсатында сол ауылға келді. Сумен қамтамасыз ету мәселесі бір шешімін тапқанымен, ауылда әлі күнге дейін мектеп тапшы.

Мектеп мәселесі туралы тағы бір үлкен сюжет шықты. Онда Маңғыстау облысының Басқұдық ауылында балалар сыныпқа сыймай, дәлізде оқып жатқанын айтады.

Бағдарламада ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына дайындықтың қалай жүріп жатқанын көрсетеді (өкінішке қарай, бірнеше спикерді титрсіз берді) және мемлекет тегін дәрілерді беру жайын қалай бақылайтынын, бұрын дәрі алуға қаржы тұрақты бөлінгенімен науқастардың 50 проценттен астамы дәрі алмағаны туралы материал әзірлепті.

«Большие новости», КТК

Аптаның көп талқыланған тақырыбы Түркістан облысындағы сұмдық оқиғаны атауға болса керек. Түркістан облысының Жетісай ауылында өгей ана апалы-сіңлілі үш қызын ұрып-соғып, әбден зәбір көрсеткен. «Большие новости» апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасында аталған оқиғаның барлық қатысушыларын сөйлетумен қатар қоғам қайраткері Ләззат Рақышевамен де сұқбаттасады. Сұқбатта балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың шығу себептерін түсінуге тырысады.

Мұнда да дәрі-дәрмектің қымбаттау себебіне зерттеу жүргізіпті. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров дәрі бағасының өсуі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын барлық тауар бағасының өсімінен жоғары екенін мәлімдеді. Мемлекет осы процесті бақылауы қажет-ақ. Таяуда заңнамада бұған мүмкіндік беретін түзетулер де енгізілді. Журналистер өндіруші-компания өкілдерімен сұқбаттасу арқылы дәрілік препараттардың бағасы неден тұратынын түсіндіруге тырысады. Бірақ, қазақстандық медианың тақырыпты ашуына кедергі келтіретін нәрсе: телеарналар әдетте потенциалды жарнама берушісіне айналатын компаниялардың атауын атамайды. Міне, сондықтан да Қазақстанда фармацевтикалық саланың дамуы хақында талайдан бері айтылғанымен де неліктен әлі күнге дейін ел ішін арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қауқары жетпейтінін түсіну қиынға соғады.

Аудитория тарапынан кең талқыланған және бір жаңалық – мектептен қалып қоятын балалардың ата-анасына айыппұл салу жайы. «Большие новости» жауапкершілікке тартылуы мүмкін (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес) үш отбасының оқиғасын әңгімелейді. Бір отбасындағы балалар үйде оқиды, бұл олардың жан-жақты дамуына жол ашады екен. Ендігі екі отбасында ата-аналар балаларын мектепке қуана-қуана жіберер еді, бірақ мектепке жетуі қиын. Жолсызбен бірнеше шақырым жүруге тура келеді не қайықпен жүзіп жетуге мәжбүр.

«Большие новости» басқа апталық қорытынды бағдарламалармен салыстырғанда эфирге сенбі күні шығады. Өткен сенбі, яғни 20 сәуірде ел үшін аса қайғылы оқиға болды. Жамбыл облысында көлік апатынан 10 адам көз жұмды. Бағдарламада оқиға орнынан хабар таратып, дәрігер мен куәгерлердің сөзін береді.

Бағдарлама өнер жұлдыздарының әуе компанияларымен ұрыс-керісі туралы үлкен сюжетпен аяқталады. Өткен аптада мұндай екі оқиға елді шулатты. Біріншісінде, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының солисті Мұрат Құсайыновты «Эйр Астана» қызметкерін ұрып-соқты, деп айыптады. Ал актер әрі продюсер Нұртас Адамбайды бизнес-классқа кіргізбеді. КТК-лықтар тағы басқа да шулы оқиғаларды жинақтапты.

Эфир жүргізушілері өзара диалогтарында аптаның басқа да оқиғаларын сапалы ұсынады. Тоқаевтың полицейлермен алқа отырысы, теңге бағамын тұрақтандыру шаралары сынды тақырыптар бағдарламаға екпін қосып, апта сипатын толықтыра түседі.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының «Аналитика» бағдарламасы әп сәтте елді елең еткізген оқиғадан басталады. Алдымен Түркістан облысында апалы-сіңлілерге зәбір көрсету, Жамбыл облысындағы жол апаты. Ал Қазақстан президентінің жұмыс кестесін оның Instagram және Twitter парақшаларынан көрсетеді: Тоқаевтың Өзбекстанға сапары барысында Димаш Құдайбергенмен түскен фотосуреті ең көп лайк жинағанын айтады.

Қазақстан президентінің Өзбекстанға сапары туралы сюжеті де ресми оқиғаны баяндаудың қалыптасып қалған форматынан тосын басталады: қазан басында палау пісіріп жатқан палаушыны көрсетеді. «Өзбек палауын неліктен ер адамдар дайындайды?»,-деп сұрайды тілші. «Өйткені, жігіттер дәмді пісіреді» деп жауап бергеніннен кейін, президент-жігіттердің кездесуіне ойысады.
Ал палаушыға сюжет барысында ұдайы оралып отырады. Дұрыс келіссөздерді дұрыс палаумен, саясаттың егжей-тегжейін дәмдеуіштермен салыстырады.

«Бірінші арна Еуразия» тілшілері креативтерімен және жақсы анимациялы инфографикаларымен қуантты. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек туралы сюжеттің бір бөлігі инфографикадан тұрады. Журналистер оның қалай есептелетінін, нені назарға алатынын егжей-тегжейлі әңгімелейді. Сюжеттің айтпақ ойы: әлеуметтік көмек – бәрінен құтқаратын ем-дом емес, керісінше қиындықты еңсеріп, қайта жұмыс істеуге берілетін мүмкіндік.

Бағдарлама адамдардың өмірін қалай өзгерткені: бағдарламашының зергерге, сатушының барберге, дәрігердің шиномонтаждаушыға, сәулетшінің музыкантқа, ал даяшының аспаз-суретшіге қалай айналғаны туралы сюжетпен аяқталады. Олардың хикаясы атаулы әлеуметтік көмек туралы сюжеттегі тезистерді толықтырады. Соны бөлек материал қылып жасағаны ұтымды шығыпты. Шабыттандырады. Ал сюжет авторы креативке барып, «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» фильміндегі («Москва слезам не верит») Александрдың кейпінде киінеді (фильмде Гошамен өз жұмысын шексіз сүйетін абсолют бақытты адам диалогы).

Олег Журкевичтің («Аналитика» бағдарламасының шеф-редакторы) «Не до шуток» айдарында кафе-ресторандардағы түнде алкоголь сатуға тыйым салу мүмкін екені туралы әңгімелейді. Бұл тақырып Қазақстанда екінші апта қатарынан талқыланып жатыр. Мұндай тыйымға түбегейлі қарсы бизнесмендер: «Адамдар алкоголды өздерімен бірге әкеліп, ішеді, ал біз оларға рұқсат етеміз» деп айтады.

Бағдарламада тұңғыш және екінші президенттердің кездесуі, сайлауға дайындық және аптаның төтенше оқиғасы: Каспийдегі шаяндардың және Шымкентте балықтардың қырылуы да қамтылыпты.

APTA, QAZAQSTAN

QAZAQSTAN арнасының апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасы Қазақстан және Өзбекстанның екінші президенттерінің бірінші кездесуінен басталады. Диктор сюжетке алғысөзінде марқұм Ислам Каримовты еске алып, оның түрлі достастықтарға салқын қарағанын айта келе, қазір ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын айтып өтеді. Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы бес минуттық сюжетімен басталған бағдарлама президенттің ІІМ қызметкерлерімен алқа отырысындағы сынаған сөздерімен жалғасады.

APTA (бұл сөзлер латын әрпімен жазылған, «апта» деп оқылады) студиядағы графикамен тәжірибесін жалғастырады. Тоқаевтың Қосшы ауылына барғаны туралы сюжеттің хабарламасында студияға су таситын машина кіріп келеді (еске салсақ, мұндай көлік бұған дейін су тасқыны туралы сюжетте де кіріп келген еді). 

Сондай-ақ, студияда «Сергек» камералары пайда болады. Сюжеттен мәлім болғандай, о камералар қажет кезде жұмыс істемейді екен.

APTA бағдарламасының арнайы айдары Онлайн – елдегі оқиғаларға әлеуметтік желі қолданушыларының реакциясына шолу жасайды. Бұл жолы Астанадағы LRT құрылысының тоқтауы, Нотр-Дамды қалпына келтіруге қазақстандықтардың ақша жіберуі, тойға несиелер, әкімдердің әлеуметтік желідегі аккаунттары және Тоқаевтың Facebookтағы аккаунты фейк болып шыққаны жөніндегі хабарға қатысты жазылған пікірлер мен посттарды шолыпты.

QAZAQSTAN телеарнасы осы медиашолуда қамтылған телеарналар ішінде 21 сәуірде Украинада өткен президент сайлауы туралы үлкен сюжет жасаған жалғыз телеарна. Сюжет авторлары елдің қазіргі президенті Порошенконы «комедиялық актер» Зеленский жеңгенін ерекшелейді. Киев тұрғындары телеарнаға сұқбатында бұл сайлаудан ештеңе күтпейтіндерін, Порошенконың жұмысына разы еместерін айтады. Бұл пікірлерге қарсы журналистер қазіргі президенттің Еуроодақпен визасыз режимге қол жеткізгенін, православ шіркеуіне тәуелсіздік әпергенін және украин тілінің беделін көтергенін әңгімелейді. Зеленскийге жүктелген тапсырма – экономиканы көтеріп, соғысты тоқтату екенін қосады.

Бағдарламадағы басқа да тақырыптар қатарында онлайн-сауданың дамуы, мектеп бітіру кештеріне шығындалу және кепілсіз займдар мен соған қатысты мәселелер қамтылыпты.

Basty Bagdarlama, «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразияның» қазақ тілінде шығатын апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасында бірнеше жаңа тақырып бар екен. Журналистер қазақстандық кафелерде ит етін жеуге болатыны рас-өтірігін, бұл еттің қайдан келгенін, расымен де пайдалы ма екеніне зерттеу жүргізеді. Сюжетте сойылған иттің адам шошытарлық кадрлары бар. Бірақ, о бұл кадрлар интернеттен алынған ба әлде түсірілген видео ма, егер түсірілген видео болса, қайда түсірілген, мұның ешқайсысына түсінік бермейді. Ал ит етінің емдік қасиетіне қатысты дәрігер-мамандардың жауабы бар (емдік қасиеті дәлелденбеген). Кафедегі ит етінің қайдан келгеніне сол күйі жауап бермейді.

Бағдарламаның тағы бір үлкен тақырыбы – телевизияның өлуі. Бұл тақырыпты қозғауға қазақстандық журналист Аман Тасығанның Instagram посты себеп түрткі болған. Сюжетте журналист көрнекілік үшін теледидарға қабір қазады. Спикерлер телевизияны цензура өлтіретінін, интернет қарқынды дамып, аудиторияның сонда кетіп жатқанын айтады. Сосын журналист Серік Жанболат бағдарламаның Алматы студиясына сұқбат береді. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамы қандай болса, журналистер де сондай екен. Қоғам топтарға бөлініп кеткен, журналистер де бөлінген. Қызығы сол, «Бірінші арна Еуразияның» апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасынан кейін «телевизияны жерлеген» пост авторы Аман Тасыған жүргізетін «Кешкі кездесу» бағдарламасы шығады.

Жәнібек Нұрыш

Кезектен тыс кезекті сайлау. Сәуірдің екінші аптасына тв-шолу

Кезекті кезектен тыс президент сайлауы және Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі. Қазақстандық телеарналар эфиріндегі 7-14 сәуір күндеріне апталық қорытынды жаңалықтардың басты тақырыптары осы болды. «Жаңа репортер» редакциясы КТК, «Хабар», «Астана» және «Бірінші арна Еуразия» телеарналарының қорытынды жаңалықтарын көріп, сараптап шықты.

«Большие новости», КТК

Соңғы жылдары КТК телеарнасында бірнеше ойын-сауықтық-публицистикалық, соның ішінде «Главная редакция» және «Министерство правды» бағдарламалары жабылды. Бұлардың орнына «Большие новости» қорытынды-сараптамалық бағдарламасы ашылды. Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың «Портрет недели» бағдарламасы оның өз монологына айналып кеткенінен кейін, КТК-дағы орыс тілінде шығатын басты сараптамалық бағдарлама да осы «Большие новости» болып қалды.

Бағдарлама авторлары сөздерді шебер ойнатып, контекстерді көп жаңғыртады. Генерал Ғани Қасымовтың президент сайлауына қалай түскенін, КТК эфирінде вазаны сындырғанын, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің қалай жылағанын, экологтардың көшбасшысы Мэлс Елеусізовтың аз дауыс жинаса да президент сайлауына түсуден танбауын баяндайды. Әйткенмен, Ғани Қасымов биылғы сайлауға қатыспайды. Сайлау бюллетеніне кімдердің аты-жөні түсетіні әзірге көпке қызық құпия болып отыр. Қазіргі саяси жағдайға қатысты саясаттанушы Айдос Сарым да пікір айтады. Оның үні өткен айда көбіне-көп естілмеп еді. Айдос Сарым пікірінше, билік партиясынан кім түссе де бәсекеде бәсі жоғары болады.

Скриншот: Бұған дейінгі президент сайлауларынан естеліктер

Апта көлемінде Қазақстан журналистерінің назарына ілінген бір мекен – Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы болды. Сол ауылда Қазақстан-Ресей бірлескен атом электр станциясы салынуы әбден мүмкін екен. Журналист Анна Яломенко («Большие новости» бағдарламасы жүргізушілерінің бірі, және екінші репортер Алексей Рыблов. КТК телеарнасының бір ерекшелігі – тек студияда сөйлейтін кәсіби дикторлар ғана емес, сонымен қатар нақ майданда жұмыс істейтін корреспонденттер де эфир жүргізеді) Үлкен ауылындағы өмірді көрсетеді. Мұнда жұмыс та жақсы дәрігерлер де жоқ екен. Ауыл тұрғындары осында атом электр станциясының салынуына қарсы емес. Өйткені, бұл олар үшін жаңа өмір бастауына жетелейтін үміт. Бірақ, экологтар АЭС салудың қаупі жөнінде дабыл қаға келе Қазақстанда электр қуаты жеткілікті екенін айтады.

КТК-ның екі материалында да журналистік эксперименттер қолданған. Коммунистердің тәулікпен жалдамалы пәтер беруге тыйым салу туралы бастамасы жөнінде сюжет жасаған корреспонденттер өздері де сондай пәтер жалдап, ылғалданған ішкиім мен тоз-тозы шыққан ваннаны көрсетеді.

Түнгі сағат 23:00-ден кейін кафе-мейрамханаларда алкоголді ішімдік сатуға тыйым салу туралы сюжетте дүкендерден түн ішінде спиртті ішімдік сату алу мүмкін бе, жоқ па екенін тексереді. Мүмкін екен.

Айта кетерлігі, КТК-нің барлық материалдары журналистердің сапалы стендаптарымен шығады. Қимыл-қозғалыс үстінде, кейікерлермен сұхбат барысында, тіпті қажет болса (алкоголь сату туралы экспериментте) смартфонмен стендап жасайды.

«Избранное за неделю», «Астана TV»

«Астана» телеарнасы апталық қорытынды жаңалықтарын алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауынан бастайды. Басты элемент – Орталық сайлау комиссиясының өкілдерімен бұл сайлаудың ерекшеліктері жөнінде тыңғылықты сұқбат жасауында болды. Әсерін күшейту үшін корреспондент сол ақпарды кадр сыртынан да тағы қайталайды.


Телеарнаның журналистері де Үлкен ауылына барыпты. КТК-нің сюжетінде ауыл тұрғындарының бірнешеуі АЭС құрылысына қарсы емесін көрсетсе, «Астана» телеарнасы материалында АЭС салу сондағы тұрғындардың арман-тілегіне айналғаны көрсетеді. Шенеуніктер әлі түпкілікті шешім қабылдамаса да халық АЭС салынуын өте қатты қалайтындай көрінеді. Бұған қарсы пікір ретінде – саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Расул Рысмамбетовтің АЭС салудың қажеті жоғын айтқан сөздерін береді.

Аптаның тағы бір тақырыбы – экологиямен тікелей байланысты. Алматыда Көкжайлау шатқалына салынатын тау шаңғысы курортының құрылысын кейінге шегерді. Мұндай ұсынысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Алматының әкімі Бауыржан Байбек айтты. Содан кейін Қазақстан президенті осы шешімді Байбекке ұсынғаны туралы ақпар мемлекет басшысының твиттер аккаунтынан мәлім болды. Ал Көкжайлауды сақтап қалуды насихаттайтын қоғамдық қозғалыстың белсенділері курорт құрылысын уақытша тоқтатып қоймай, толықтай бас тартуды талап етеді. Сюжетте құрылысты жақтайтын тарап жоқ.
Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяға ағылған заңсыз көші-қон туралы және Қазақстанның ауыл-аймақтарындағы дәрігер тапшылығы жайында сюжет шықты.

Бағдарлама Nur Otan партиясының әлеуметтік бастамаларына арналған көлемді материалмен аяқталады. Онда көпбалалы отбасыларға көмек, жастардың білім алу мүмкіндігі, отбасылардың баспаналы болуы туралы көрсетеді. Материалда әр аймақтағы алғыс айтқан жандар мен қамқор партиялықтар жинақталыпты. Билік партиясына деген мұндай көңіл бөлудің қайдан шығып жатқаны түсінікті. «Астана» телеарнасы Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған Nur Media медиахолдингінің құрамына кіреді. Партия алдағы кезектен тыс президент сайлауына өз үміткерін ұсынбаса да мұндай материалдар сайлауалды науқанға ақпараттық тұрғыдан дайындық сияқты көрінеді.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының басты сараптама бағдарламасы бұрын да президенттің қызметін тізіп шығудан құралатын. Бірақ, соңғы айда Қазақстандағы президент саны екі еселенгендіктен де «7 күннің» эфирінде мемлекет басшыларын көрсетуден басқасына уақыт қалмайтын болыпты.

«Хабар» құрылымын сақтайды. Яғни, алғашқы жарты сағатында көрсететін репортаждарының қаһарманы – Нұрсұлтан Назарбаев. Кейінгі 20 минутта екінші президентті көрсетеді. Сосын барып сарапшылардың түсіндіруі мен халыққа оралады.

Қазақстанның тұңғыш президенті кезектен тыс президент сайлауын өткізуді қолдап, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, биліктің сабақтастығы жалғасатынын, Қазақстан-2050 жоспарының орындалатынын, дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағыт алғанын айтып, Nur Otan партиясына сайлауалды кампанияға дайындалу туралы тапсырма берді. Эфирде Nur Otan партиясының ақпанда өткен съезде бекіткен онжылдыққа арналған 10 мақсаты туралы кеңінен әңгімелейді. Елбасының бастасымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламалар турасында да көрсетеді.

Тұңғыш президенттің жұмыс кездесулерін көрсетіп болғаннан кейін екінші президенттің кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі мәлімдемесіне ойысады. Ақорда сайтындағы скриншоттар негізінде оның да жұмыс кездесулерін көрсетіп, ары қарай Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапары жөнінде көлемді материал береді. Аймақ басшылығы жаңа президентті күтіп алуға дайындық барысында Ақтау көшелерін оның суреттері бейнеленген билбордтармен толтырып тастапты. Мұны көрген Тоқаев билбордтарға өзінің емес, Елбасының суретін ілу керегін ескертіп, мемлекет қаржысының жұмсалуын қадағалау керегін айтты.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі мәлімдемесінде айтқан бір сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.

Мұны естіген қазақстандықтар бір-бірінен «қандай оқиғаларды меңзеп отыр, бізді тұрақтылық екеніне әрдайы сендіріп келіп еді, бұл қалай болғаны» деп сұрап жатты. «Хабар» телеарнасы «7күн» бағдарламасында қазіргі ахуалды: тұрақсыз әлем, терактілер және Ливия деп елестеді. Егер сіз Ливиядағы жағдайдан хабардар болмасаңыз, онда қазір қақтығыс шиеленісіп барады. 2011 жылы Муаммар Каддафиді орнынан алып, өлтіргенннен кейін Ливияда саяси дағдарыс басталды. Қазір Ливияда екі билік бар. Шығысында халық сайлаған парламенті, ал батысында, Триполи астасында Файез Саррадж басшылық ететін ұлттық келісім үкіметі билігін жүргізіп жатыр. Түптеп келгенде, Ливия кадрларын көрсеткеннен кейін Қазақстандағы ахуал бұдан аулақ екенін хабарлайды. Қазақстандық және шетелдік саяси қайраткерлер мықты көшбасшы мен сайлаудың аса қажет екенін түсіндіреді.

Бағдарлама соңы «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамасы туралы сюжетпен бітеді. Бұл бастама туралы эфирдің орта тұсында Нұрсұлтан Назарбаев та айтып өткен болатын. «Хабар» таңдаған қорытынды жаңалықтар құрылымында («Қос президент») барлық оқиғалар туралы бірнеше рет қайталап айтады. Содан көрермен де мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен Nur Otan партиясының жобаларынан шатасады. Бәлкім, әуел баста көздегені де осы болса керек-ті.

Қазақ тіліндегі «7 күн» де құрылымы жағынан орысшасын қайталайды, соңын әлеуметтік бағдарлама туралы сюжетпен жабады.

Basty Bagdarlama, «1 арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының қазақ тіліндегі апталық қорытынды жаңалықтары кезектен тыс президент сайлауына арналыпты.

Бірінші сюжет «Саяси көктем» атауымен лирикалық мәнерде басталады. Тілші кадр сыртынан Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар…» өлеңін «Бір сайлауым болары сөзсіз менің. Бірақ… Дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп оқиды. Осылайша, «бір тойым» сөзін «сайлауым» сөзімен алмастырады. Журналистер халықтың сайлауды сағынып қалғанын айта келе ҚКХП (коммунистер партиясы), «Ауыл» және «Ақ жол» партиялары туралы айтады. Nur Otan және екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы қысқа сөзбен қайырады. Тіпті сюжет соңындағы партия көшбасшыларының атқа мінген сайлауалды бәйгесінде Nur Otan өкілі болмай шығады. Ол партия бәйгеге қатыспаған не оза шауып кетіп қалған.

Бағдарламаның екінші материалы «Үмітін үзбейтін үміткерлер» деп аталып,  тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президент сайлауларының үміткерлеріне шолуға арналыпты. Басқа телеарналар көрсеткен Ғани Қасымов, Мэлс Елеусізов пен Амантай Қажыдан бөлек, Жамбыл Ахметбековты, Тұрғын Сыздықовты, Уәлихан Қайсаровты (оның қазақ тілінен тест тапсыруы) және сондай тесттен өтуден бас тартқан Мұрат Телібековті те көрсетеді.

Келесі материалдың тақырыбы «Биліктің балалары».

«Биліктен әркімнің бар таласы. Тіпті лауазымды тұлға балаларының да. Әсіресе, бізде осы тенденция қатты байқалады». Диктор сөзі. Оның бұлай айтуына, апта көлемінде әлеуметтік желі қолданушылары Жансұлтан Сапарбаевтың (Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың ұлы) Елордадағы аудандардың біріне әкім орынбасары болып тағайындалуын қызу талқылауы себеп болса керек-ті. Журналистер басқа да шенеуніктердің биліктегі балаларын, Сергей Кулагиннің баласы Павел Кулагин, Президент кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Қасымбектің ұлы Жеңіс Қасымбек және тағы басқаларын атап өтеді. Тіпті әке жолымен жүрмей, ауыл шаруашылығы саласында бизнесін дөңгелеткен Максим Божконы да мысалға келтіреді. Материалдың сайлауға қандай да бір қатысы жоқ. Әйткенмен, Қазақстан жұртшылығы Тұңғыш президенттің қызы Дариғаны президенті лауазымына үміткерлердің бірі санайды. Бірақ, журналистер сюжетте оның есімін атамайды.

Телеарнаның Алматыдағы студиясында саясаттанушы Айдос Сарым алдағы кезектен тыс президент сайлауы туралы сұқбат береді. Оның айтуынша, бұл сайлауда кім түссе де оған 95-100 пайыз дауыс жинау қажеті жоқ. Сондықтан да бұл сайлау өзгеше сайлау болғалы тұр.

Партиялар өз кандидаттарын әзірге ұсына қоймаса да астрологтар, нумерологтар мен экстрасенс, бақсы-балгерлер болжам жасап-ақ жатыр. Осы жөнінде «Президент кім болады?» тақырыбымен шыққан сюжет бағдарламаны қорытындылайды. Тіпті сол сюжетті жасаған журналистің эфирдегі фонында Қазақстан саяси қайраткерлерінің, тіпті Дейнерис Таргариен мен Джон Сноудың фотолары көрінеді. Бұл тізімге Айдаһарлардың анасы қалай ілінгені, қай партия атынан сайлауға түсетіні айтылмайды. Бұл шын мәнісінде Қазнеттегі «Президент кім болады?» сауалы төңірегіндегі әзілдерді бейнелейтін жай сурет болатын.

Жәнібек Нұрыш

DataCon Central Asia конференциясына өтінім қабылданады

DataCon Central Asia конференциясына өтінім қабылдау басталды

18-19 мамыр күндері Бішкекте Орталық Азия деректері жөніндегі DataCon Central Asia конференциясы өтеді. Конференция деректер туралы тәжірибе алмасуға, білім алуға арналады. Іс-шарада шенеуніктер, сарапшылар, азаматтық белсенділер, журналистер, зерттеушілер және Орталық Азияның стартаптары қатысады.

DataCon Central Asia – халықаралық және жергілікті спикерлермен бірге өтетін екі күндік панелді дискуссия және воркшоптан тұрады. Қатысушылар деректер негізінде қабылданған шешімдердің өмір сүру сапасын қалай жақсартатынын, Орталық Азияда деректерге қатысты қандай бастамалар және жобалар бар екенін, қоғамды, бизнесті, мемлекетті дамытуға деректерді қалай қолданатынын біледі. Спикерлер пікірталас барысында жергілікті, қалалық және өңірлік деңгейде дамытуға деректерді қалай пайдалануға болатынын талқылайды.

Сіз деректер қорымен жұмыс істейсіз, сондықтан да айтарыңыз, көрсетер тәжірибеңіз де бар?! Деректердің не екенін білгіңіз келе ме? Бәріңізді де DataCon Central Asia-да күтеміз. Өтінімді толтырып, қатысыңыз. Біздің спикеріміз бола аласыз.

Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан облыстарынан қатысушыларға трэвел-гранттар бар. Грант көлемі шектеулі.

Конференцияға қатысты жаңалықтарды сайттан және Школы Данных Кыргызстан парақшасынан білесіз.

Аталған іс-шара «Сорос-Қырғызстан» қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

«Деректер мектебі» Қорының миссиясы  — қолда бар деректерге сүйеге отырып білім беру және зерттеу жобаларымен айналысу, деректерге қызығатын адамдардың қауымдастығын құруға белсене қатысу, ақпаратты сараптау сапасын көтеру;

Іс-шараны ұйымдастырушылар және серіктестеріміз: «Сорос-Қырғызстан» Қоры,  «Школа Данных Кыргызстан» ҚҚ, «Необис», «Ашық қоғам қоры», Ашық қоғам қоры, «Сорос-Қазақстан қоры, «Ашық Қоғам» институты, Тәжікстандағы Серіктестік қоры, Соғыс және бейбітшілік институты, Қырғызстандағы Internews ұйымы.

Контактное лицо: Чолпон Узакбаева , +996500605406, schoolofdatakg@gmail.com.

Байланыс: Чолпон Узакбаева, Тел: 996500605406, schoolofdatakg@gmail.com.

Жәнібек Нұрыш

Қазақстандағы Internews өкілдігіне Гранттар жөніндегі менеджер қажет

Қазақстандағы Internews Network өкілдігі Гранттар жөніндегі менеджер бос орнына конкурс жариялайды.

Негізгі функциялары:

  • Грантты жобаларды Өкілдіктің, донорлық ұйымдардың ұстанған саясаты мен ережелеріне, жергілікті заңнамаларға сәйкес басқару, байқаулар туралы хабарландыруларды дайындау, финалистерді іріктеу, грант келісімдерін жасау және серіктестердің міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу;
  • Барлық рәсімдердің сақталуын қамтамасы ету және жоба жұмысын іштей бақылау;
  • Гранттар жөніндегі құжаттар және сұранымдардың еш кедергісіз жетуі үшін бас кеңсемен тығыз жұмыс істеу;
  • Жобаның орындалуына қатысты грант алушылармен байланыста болу;
  • Грант алушылардың есептерін тексеру;
  • Орындалған жұмыстар және оның нәтижесі туралы жүйелі есепті дайындау және ақпарат жинау;

Үміткерге қойылатын негізгі талаптар:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы, Алматы қаласында тіркеуі болуы және тұрақты тұруы;

  • Жоғары салалық білімі болуы және дербес практикалық жұмыс істегені жөнінде 3-5 жыл еңбек өтілі;

  • Грантты жобалармен жұмыс тәжірибесі, грант-менеджмент талаптарын және процедураларын білуі;

  • Халықаралық ұйымдарды істеген жұмыс тәжірибесі. USAID не тағы басқа донорлардың жобаларын жүзеге асыратын ұйымдарда істесе, артықшылықтарға ие болады;
  • Ағылшын тілін білуі upper-intermediate деңгейінен төмен болмауы міндетті;
  • Берілген тапсырманы тез әрі жылдам орындауы

Коммуникабельді және жоғары деңгейдегі жауапкершілігі іріктеу кезінде негізгі критерийлерге жатады.

Түйіндемені 2019 жылдың 29 сәуіріне дейін kz-info@internews.org электронды поштасына жолдау қажет.

Тақырыбына міндетті түрде «Гранттар жөніндегі менеджер» деп көрсетіңіз.

Internews Network – БАҚ-ты қолдау жөніндегі халықаралық үкіметтік емес ұйым.

Негізгі қызмет түрлері:

  • Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына, ТВ бағдарламаларына, контент жасауына және жаңа медиа технологияларды қолдануына септесу;

  • Шығармашылық және техникалық қызметкерлерді кәсіби оқыту;

  • Заңнама тұрғысынан қолдау;

    Жәнібек Нұрыш

Екі президент және су тасқыны. 2019 жылдың 7 сәуіріндегі апталық сараптама

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кездесулері, Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары, су тасқыны және жаңа әлеуметтік бағдарламалар. Бірінші арна Еуразия, Хабар, QAZAQSTAN және КТК телеарналарының өткен аптадағы қорытынды жаңалықтарында көрсеткені осы тақырыптар төңірегінде болды.

«7 күн» , «ХАБАР»

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің жұмысына 20 минут, ал екінші президент Тоқаевтың сапарына 7 минут артық арнады. Тоқаевтың ант бергенінен кейінгі ресми сапарын «Хабар» мемлекеттік телеарнасының эфиріндегі қорытынды жаңалықтарда тек 21-ші минутта көрсетті. Бағдарламаның бірінші бөлімі Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесіне: кеңсесіндегі қызметкерлерімен кездесуіне, Ұлттық банк төрағасын қабылдауына, Иордания королімен телефон арқылы сөйлесуіне арналды.

Назарбаевтың Алматы облысындағы туған ауылы Шамалғанға сапары лирикалық сюжетке айналыпты. Табиғат, музыка, Алматы және Астананың келбеті. Президент оқыған мектепті музейге айналдырған. Журналист стендапында мұнда Елбасының заттарына қандай ыждағаттылықпен қарайтынына тоқталады. Тұңғыш президентті күтіп алған халық: «Нұрсұлтан – Қазақстан» деп ұрандайды. Нұрсұлтан Назарбаев бала күнгі достарының және сыныптастарының жанында жас әрі тартымды көрінеді.

Назарбаевтың туған ауылына барғаны туралы лирикалық сюжеттен кейін Тоқаевтың Мәскеуге сапарын баяндауға ұласады. Журналистер Тоқаевты әуежайдан күтіп алғаннан кейінгі хаттамалық кездесуді емес, бірден Қазнетте бірнеше күн талқыланған видеоны көрсетті. Видеода ресейліктер Тоқаевтың кортежіне таңданып жатады. Содан кейін Тоқаев сапары медианың баса назарында екенін айтады. «Россия» телеарнасы жүргізушісінің синхронын, содан кейін Тоқаевтың, Путиннің, ресейлік шенеуніктердің сұқбаттарынан ұзынды береді. Тағы да Тоқаев тағы да Путинді көрсете келе ТМД арасындағы ынтымақтастық тақырыбына өтеді.

«Жеті күн» Тоқаевтың Мәскеуге сапарына БАҚ-тың үлкен назар аударғанына сендіруін жалғастырады. Түрлі басылымдарда жарық көрген жеті мақаланы да эфирге шығарады. Содан кейін Тоқаевтың екі сұқбатын жеке сюжетпен көрсетеді.

Бағдарламада содан кейін барып қазіргі Президенттің жұмыс графигі жөнінде дайджест көрсетіледі.

Келесі тақырып – әлеуметтік сала. Қазақстанда мұқтаж отбасының әр баласына 21 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілетіні мәлім болды. Жәрдемақыны көтеруге Астанада бір үйдің бес баласы өртеніп кету оқиғасы себеп болды. Балалар өртеніп кеткенде олардың әке-шешесі жұмыста болған екен. Міне, содан кейін Қазақстанның қалаларында көпбалалы аналар акция ұйымдастырды. Бірақ, сюжетте бұл туралы айтылмайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің айтқанын беріп, көпбалалы отбасылардың алатын жәрдемақы есептелген инфографиканы көрсетіп, Денсаулық сақтау министрінің дәрігерлер қанша жалақы алатыны жөніндегі пікіріне ұласады. Сюжет Премьер-министрдің мемлекет ұсынған әлеуметтік бағдарламалар туралы сөзімен қорытындылады.
Бағдарламаның соңын Қазақстан еріктілерінің қозғалысы туралы сюжетпен аяқтады. Диктор сөзінен сюжеттің не туралы екені аса түсініксіз. Бірақ, сюжет ортасында еліміздегі еріктілер қозғалысының құрылуы Назарбаевтың еңбегі екенін айтып өтеді. Ол ЭКСПО-дан кейін жастарды және соның ішінде еріктілерді қолдау керегін тапсырған.

APTA, QAZAQSTAN

QAZAQSTAN ұлттық арнасының APTA апталық-сараптама қорытынды жаңалықтар бағдарламасы қазақ тілінде шығады. Мұнда да «Хабар» телеарнасының әдіс-тәсілін қолданады. Яғни, Тұңғыш президент аптаны қалай өткізгенін баяндайды. Содан кейін барып екінші президенттің жұмыс сапарына ойысады.

«Онлайн» айдарында да (әлеуметтік желілердегі қызық тақырыптарға шолу) Тоқаевтың Мәскеудег кортеж видеосын көрсетіпті. «Хабардан» айырмашылығы сонда сюжет ішінде емес «Онлайн» айдарында бөлек береді.

Мұнда саясаттанушы Ерлан Қариннің инстаграмға жазған түсініктеме постын да шығарады. Онда ол Тоқаевты аса құрметпен күтіп алудың белгісі мотоциклшілердің көптігінен көрінетінін жазған екен.

«Онлайн» айдарының соңында Алматы облысы аумағында атом электр станциясын салу жоспарына наразы қолданушылардың посттарын беріпті. Энергетика вице-министрінің «АЭС салуға жер дайын» деген пікіріне Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы ешқандай құжаттар келіп түспегені жөніндегі жазған постын қарсы қояды. Мамандар АЭС салудың қауіпті екенін де айтып өтеді.

Әрмен қарай президенттің тікелей өзіне қатысы жоқ тақырыптарға ойысады. Бұл аптада басқа телеарналардың ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларына енбей қалған тақырып – Қазақстандағы ажырасу мәселесі. Мұны тек QAZAQSTAN ұлттық арнасы қозғапты. Онда көптеген отбасының баспана және тағы басқа да жәрдемақы алу үшін заң жүзінде құжаттай ажырасып, шын мәнінде бірге тұратынын айтады. Бұдан бөлек ЖСН-дегі қате тақырыбына да 6 минуттық сюжет арнапты. ЖСН-і қате қазақстандықтардың қандай мәселелерге кезігетінін айтып өтеді. Тағы бір эксклюзив тақырып – Қазақстандағы дәрігерлер тапшылығына арналған. Бағдарламаны аутист-балаларға аз көңіл бөлінетіні туралы және бір медициналық тақырыппен қорытындылайды.

«Портрет недели», КТК

КТК телеарнасындағы қазіргі «Портрет недели» бағдарламасының бұрынғы Платонов, Красиенко және Пономарев жүргізген бағдарламадан көп айырмашылығы бар. Бағдарламада сюжет жоқ. Эфирде бір сағат бойына Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Станиславович Платонов сөйлейді. Ара-арасында бұған дейін жаңалықтарда көрсетілген сұқбаттарды және көшеде жұрттан алынған сауалнамаларды береді.

Бағдарламада барлығы 15-тен көп тақырып, Қазақстандағы су тасқынынан Үндістан-Пәкістан арасындағы қақтығысқа дейін қамтылған. Платонов әр тақырыпқа қатысты риторикалық сауал тастап, Батысқа сілтеп отырады.

«Мәселен, Батыста ауа райы аз-маз бұзылса, оны апатқа санайды, ал бізде не, шенеуніктерімізбен бұ жағынан мақтана алмаймыз» деп су тасқыны тақырыбына өз ойын кірістіріп өтеді.

«Қазақстанда бала туатындарды өз денсаулығына жауапты қарауы үшін ақша берсе, Батысты жауапсыздығы үшін айыппұл салады» деп тағы бір сөйлейді.

Мұнда Батыс жақсы ма, жаман ба екенін түсініксіз қалды. Мысалы, Қазақстанда пневматикалық қарудан көршісін атқан жасөспірім оқиғасын әңгімелей отырып, ақпан айында Флоридада болған атысты айтып өтеді. О жақтағы жағдай бізден әлдеқайда нашар дегенді де меңзейді.

Платоновтың бағдарламасындағы сюжеттерді көшедегі сауалнамамен жабады. Журналистер әдетте әлеуметтік желіде балеттен бастап паркетке дейін талқылайтын «дивандағы сарапшыларды» сынға алса, Платоновтың бағдарламасында бұл ұстанымды шарықтау шегіне жеткізеді. Адамдар мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы, Қазақстандағы кеден қалай жұмыс істейтіні, еліміздегі бейбіт өмір және Тұңғыш президенттің кереметі туралы пікір білдіреді.

Платоновтың тақырыпты қозғаудағы тағы бір тәсілі «Оларда қалай» деген сұрақты қамтып өту. Мысалы, браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев (оқиға қаңтарда болған) браконьерлерге оқ ату құқына ие болғанда тірі қалар ма еді, деген сауал тастайды. Әлде бұған құқықы бар ма еді, егер құқы жоқ болса, онда бұған рұқсат беру керек шығар, деп сұрайды. «Бірақ, біз АҚШ емеспіз», қорғану үшін адамға қарсы оқ ата алмаймыз, міне сондықтан да батырларымыз қаза тауып жатыр, деп айтып өтеді.

«Аптап», КТК

КТК телеарнасының орыс тіліндегі «Портрет недели» сараптамалық бағдарламасы мен қазақ тіліндегі «Аптап» апталық-сараптамалық бағдарламасын салыстырсақ, онда «Портрет неделі» кемшін қалып жатқанын көреміз. Есесіне қазақша сараптама бағдарламасы өрлеп тұр.

Жүргізуші Серік Жанболат эфирде Леонид Парфеновтың сүйікті тәсіліне салады. Өз ойын түрлі заттармен көркемдеп жеткізеді. Мысалы, Атыраудағы Жайық өзенінде балық пен ұлулар қырылуына көрнекілік ретінде термометрді көрсетеді. Термометр ауа температурасын өлшесе, ұлулар судың сапасын тексеретінін, таза суда өмір сүретінін айтады. Ұлулар өлсе, судың нашарлағанын білдіреді, дейді. Қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктерінің тұрып қалуына қатысты сюжетке аңдатпа жасаудан бұрын грек жаңғағын көрсете отырып, соның Қырғызстанда қаншаға, Қазақстанда қаншаға сатылатынын айтып өтеді.

Ал ток көзінің ұзартқышымен бәріміздің де әлеуметтік желілерге тәуелді болып қалғанымызды жеткізеді. Абай шығармаларын қайта басып жариялауды ұсынатын абайтанушы туралы сюжеттен алдын диктор үстелінде Абай Құнанбаевтың бюсті мен «Абай жолы» романы тұрады. 

«Аптап» бағдарламасында «Портрет недели» бағдарламасынан айырмашылығы көп. Журналистердің репортаждары бар. «Көлеңкедегі кісі» атты қызық айдары да бар. Сонда көлеңкеден жүзі анық көрінбейтін, тек сұлбасы көрінетін ер азамат өткір тақырыптарға қатысты ой айтады. Бұл жолы әлеуметтік желілердегі шенеуніктер, олардың бәріне де әлеуметтік желілерге тіркелу туралы тапсырма берілгенін, бірақ министрліктерде смартфон алып кіруге болмайтынын, мұны қалай түсінуге болатыны жөнінде сауал тастайды.

«Аптап» бағдарламасы расында да аптаның ең өзекті тақырыптарын (су тасқыны, балық пен ұлудың қырылуы, Қырғызстанмен шекарада жүк көліктерінің тұрып қалуы, әкімдердің жаппай әлеуметтік желілерге тіркелуі, Қазақстанда тегін таратылатын дәрі-дәрмектің Өзбекстан дәріханаларында сатылуы) қозғайды. Ал Тоқаевтың Мәскеуге сапары жөнінде қысқа ғана, онда да сюжет емес, видео+интервью түрінде айтып өтеді. Соның ішінде тек Ресейдің Қазақстанда АЭС салу жөніндегі ұсынысы мен оған қатысты көзқарастарды ерекшелеп көрсетеді.

«Аналитика», Бірінші арна Еуразия

Бірінші арна Еуразияның апталық-сараптама қорытынды бағдарламасы елдегі су тасқынына арналыпты. Биылғы жағдай былтырға қарағанда едәуір дұрысталғанымен де зардап шеккен отбасылар бар. Сюжет үлкен әрі тыңғылықты, толыққанды жасалған. Оқиғалары көп. Журналист селдің себебіне тоқталып, қызық цифрларды сөйлетеді. Мысалы, қай аумақтан қанша су сорып алынғанын, оның бес олимпиада бассейнін толтыруға жететінін есептейді.

Су тасқыны туралы сюжетке орайластыра Қазақстанның батысындағы балық қырылуы туралы ақпарат кетеді. Балықтың оттегі жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін екенін де келтіреді.

Бағдарламада президенттерге арналған үлкен блок бар. Онда қазіргі Президенттің Мәскеуге сапары, оның Instagramда тіркелгені, интернетте не істейтіні туралы тыңғылықты сюжет шығады. Блок соңында кадр сыртындағы мәтін түрімен Ебасының қалай тұрып жатқанын, туған жеріне сапарын, сыныптастырымен қалай кездескенін көрсетеді.

Хронометражына қарасақ, негізгі сюжеттердің бірі, экологиялық мәселе — пластикалық пакеттердің зиянына арналыпты. Онымен қалай күресуге болатынын, тыйым салына ма, жоқ па екені жөнінде толғанады.

«Аналитика» бағдарламасының ерекшелігі – авторлық айдарлар. Ержан Өтепқалиевпен бірге Төтенше жағдай туралы «Мелочей не бывает» айдарында көрсетеді. Мұнда үш шулы оқиға да, атап айтқанда Шымкентте нәрестенің клизма кезінде қайнаған судан күйіп қалуы, Атырау облысында мүгедек-балаларды ұрып-соғу, Денис Тен қаза тапқан жерде ұрылардың Олимпиада чемпионы Баландиннің көлік әйнегін ұрлап кету жайында да айтады.

Әрмен қарай кенеттен Президент тақырыбына ойысады. Мұны алдын президенттер туралы блокқа қосуға болар еді. Дегенмен, экономикалық сарапшы Денис Кривошеев бұл жолы саясат туралы қаузайды. Оның сөзін студияда емес, алдын жазып алынған видео арқылы берді. Ол мықты көшбасшы Елбасыдан кейінгі Қазақстан қалай болады, деген сауал төңірегінде сөйлейді.

Тағы бір айдар – Олег Журкевичтің «Не до шуток» айдары. Мұнда Қазақстанның ұлан-байтақ жері байлығымыз екенін, бірақ дәрігерлер үшін сынаққа айналғанын айтады. Сондықтан да тек санавиция құтқарады екен. Әрмен қарай санавиация дәрігерлері адамдардың өмірін қалай сақтап қалып жатқаны жөнінде үлкен әрі тыңғылықты сюжет кетеді.

(function(d,s,id){var js,fjs=d.getElementsByTagName(s)[0];if(d.getElementById(id))return;js=d.createElement(s);js.id=id;js.src=’https://embed.playbuzz.com/sdk.js’;fjs.parentNode.insertBefore(js,fjs);}(document,’script’,’playbuzz-sdk’));

Жәнібек Нұрыш

Орталық Азиядағы медианың 1 сәуір қалжыңдары

1 сәуір – Күлкі күнінде Орталық Азия елдерінің медиаредакциялары сайттарында әзіл-қалжыңға құрылған, әйткенмен өзекті жаңалықтарын жариялады. Мысалы, жемқорларды ату, жергілікті әлеуметтік желілер ашу туралы жаңалықтар шықты. Аймақ халқы әбден үйреніп қалған ресми хабарламалар фонында бірінші сәуір жаңалықтары рас көрінгені соншалық, қолданушылардың көбі сеніп қалды. Мұның жалған екенін түсінгенде, журналистерден билікке жаңа идея бермеуді кеңес етті.

Кейбіреулері алдағы уақытта солай болуы да мүмкін екенін болжады.

Шынтуайтына келгенде, Орталық Азия елдерінің редакциялары бұрын да 1 сәуірде газет, телерадио арқылы әзіл жаңалық тарататын. Аудитория бұған сеніп те қалатын.

2010 жылы отандық КТК телеарнасы ел аумағында «құрғақ» заң енгізілетінін, бірақ алкоголь өнімдерін өндірушілердің бірі бұған қарсылық ретінде 1 СӘУІР күні барлығына тегін спирт тарататынын хабарлады. Көрсетілген мекенжайға қолдарына пластмасса бөтелке ұстаған жұртшылық жиналған еді.

Мысалы, Тәжікстанда 2001 жылы 1 сәуір қарсаңында жергілікті газеттердің бірі «Азаматтар ортадан ақша жинаса, сол кездегі ОРТ ресейлік телеарнасының республика аумағында хабар таратуын қайта бастайтыны» туралы ақпарат жариялады. Редакция ғимаратының алдына «инвесторлардың» ұзын-сонар кезегі түзілді.

Мұндай ұқсас оқиғаларды басқа да республикалардың журналистері біледі. Таңданатын дәнеме жоқ, БАҚ-тың айтқанына сенетін қарапайым аудитория. Алайда, Орталық Азия журналистерінің биылғы әзіл жаңалықтарына тіпті медиада бірге жүрген әріптестері де сеніп қалды. Өйткені, жаңалықтар соншалықты шындыққа жақын, көп күткендей болып шықты.

Әзіл-қалжың шындыққа, ал шындық әзілге айналды. Қалайша?

Мәселен,  1  сәуірде Тәжікстанда Asia-Plus редакциясы ғана аудиториясымен қалжыңдасты. Басылым таңертеңнен Душанбе қаласының мэрінің (Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали) қаулысына сәйкес, «маршруткаларда» тұрып баратын жолаушылар жолақысын төлемейтінін хабарлады. Бұл хабарлама жұрт арасында тез таралғаны соншалық, ертеңіне, яғни 2 сәуір күні душанбелік «маршруткалардың» жүргізушілері орын болмай, тұрып баратын жолаушыларды тасымалдауды тоқтатты.

Редакция хабарлама лидінде бас әріптермен БІРІНШІ СӘУІР күні деп жазған. Дегенмен, жұртшылыққа хабар жетіп, көбі дерлік елең еткен сәтте мәтін соңына «Бүгін күллі әлем Күлкі күнін атап өтеді, біз де тыс қалмадық» деп қосты. Әйткенмен, абыр-сабыр басталып кеткен-ді.

Тәжікстанда Душанбенің жас мэрі және оның әкесі туралы әзіл хабар тарата бермейді. Сондықтан да көптеген оқырман бұл хабарды шындық деп қабылдады.

Тек қарапайым оқырмандар ғана емес, мысалы, Тәжік телеграф агенттігі (ТаджикТА) де бұл хабарды шындыққа балап, тіпті Asia-Plus ресурсына сілтемесіз жариялады.

Asia-Plus сайтында тағы басқа әзіл-қалжыңы аралас жаңалықтармен қатар ресми әрі рас хабарламалар да шықты. Мәселен, Ислам орталығы тәжікстандықтардың қайда намаз оқуға болмайтынын түсіндірді. Бұған көбі сенбеді. Бірақ, ақпар рас еді.

Ресми билік әзіл-қалжыңға қатысты қандай түсініктеме берді?

Нұр-Сұлтан қаласына қатысты оқиғадан кейін қазақстандықтар бұрынғыдан да сенгіш бола бастады.

Тіпті ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті желіде автокөлік нөмірлеріне қатысты тараған ақпараттың жалған екенін ресми хабарлауына тура келді. «Интернетте тараған ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген комитеттің фейсбуктегі парақшасында.

Еске салсақ, бұған дейін желіде автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қатысты тарап жатқан ақпарат қазақстандықтарды шулатты. Онда қосымша ақша төлеп, KZ-тің орнына NUR символдары жазылады деген ақпарат тараған болатын.

Zona.kz интернет-газеті 2020 жылдан бастап Қазақстанда автокөлігі жоқтарға салық төлететіні туралы хабар таратты. Көптеген қолданушылар бұған сеніп қалды. 2014 жылы Қазақстанда бойдақтарға расымен де салық төлетуді ұсынғанын ескерсек, бұған да қалайша сенбесін?!

Бірінші сәуірде Lada.kz сайты арнайы комиссия көптеген тұрғынның өтінішімен жемқорларды, парақорлар мен бюджеттен қаржы ұрлайтындарды Каспий жағалауына апарып, зеңбіректен атуды қарастырып жатқанын хабарлады. Мұны ешкім терістемегенімен қолданушылардың көбі арман жетегінде мақұлдап жатты.

Айтпақшы, журналистердің әзіліне әріптестері де сеніп қалды. The-tech  сайты «Yandex» компаниясы Antidolg.kz отандық стартапының 40% үлесін 10 млн долларға сатып алғанын жазды. 7kun.kz сайты сол ақпаратты қазақ тіліне аударып, жариялады.

Sputnik Kazakhstan редакциясы «БАҚ-та жарияланған қалжың жаңалық үшін жазаға тартуы мүмкін бе?» деген сауал төңірегінде ойлана келе, 1  сәуір кешкісін ресми пікірлерді қоса отырып, салмақты материал шығарды.

Ресейлік БАҚ-тың Қазақстандағы өкілдігінің бұл сауал төңірегінде толғануы кездейсоқ емес. Ресейлік редакциялар өз желілік басылымдарында 1 сәуірге қатысты әзіл-қалжың жаңалық жазбады. Өйткені, 29 наурызда Ресейде фейк жаңалықтарға қатысты жауапкершілікке тартатын заң қабылданды.

Қырғызстанда қалжың жаңалыққа сенгендер аз

Қырғызстанда да 1 сәуір күніне көптеген қалжың ақпарат шықты. Kaktus Media сайты қырғызстандық БАҚ-тардағы әзіл жаңалықтар шолуын жасады. Әйткенмен, Қырғызстанда ешбір фейк-ақпарат Тәжікстандағы сияқты кең таралмады. Қазақстандағы сияқты басқа медиалар көшіріп те жарияламады. Пікірлерін оқысақ, қолданушылар мұның қалжың екенін бірден анықтапты.

Әйткенмен, жұртты сендіргендері де бар. Мәселен, Tazabek іскерлік басылымы ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, Нарында жекеменшік ғарыш айлағы салынатынын хабарлады. Саясаткер Эмилбек Каптагаев мұның аудан экологиясына зиянын талқыға салды. Бірақ, кейін сол постын парақшасынан өшірді. Қырғызстанда бірінші сәуір қалжыңдары аса танылмады. Өйткені, ондағы бірінші сәуір қалжыңдары шын өмірдегі жағдайға ұқсай қоймады.

Қазақстан және Тәжікстандағы фейк жаңалықтарға қатысты жазылған ең танымал комментердің бірі «Біздегілерден бәрін күтуге болады» деген пікір. Бұл пікір осы елдердегі аудиторияның сенгіштігін ақтай түссе керек.

1 сәуір — Күлкі күнінде өзбекстандық журналистер мүлдем қалжың ақпар таратпады. Түркіменстандағы ахуал түсінікті де.

Әлеуметтік желілер фейк ақпаратты көп таратады

Енді осы медиадағы бірінші сәуір әзіл-қалжың ақпараттар туралы медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-психотерапевт, Невроз және Альцгеймер ауруларын емдеу Клиникасының (Қазақстан) директоры Жібек Жолдасова не ойлайды екен? Өзінен сұрап-білдік.

«Бүгінде әлеуметтік желілер, соның ішінде мессенджерлер кең қолданыста. WhatsApp-тың арқасында адамдар ақпаратты, тіпті фейк-ақпаратты да өте жылдам таратады. Адамдар мұның өтірік не рас екенін талдамайды. Жазылғанның бәрін шындық деп қабылдайды

Сондықтан да бірінші сәуір қалжыңдары – оның қалжың екенін көрсетпей жариялағанда, адамдар тарапынан мүлдем басқалай қабылдануы кәдік. Адамдар жазылғанның бәріне сенуі әбден мүмкін.

Адам есейген сайын түрлі мерекелерге мейлінше аз назар аударып, елеп-ескереді. 1 сәуір де бұған кіреді. Тіпті, кейбіреулер мұндай күннің барын есіне түсіре алмайды. Өйткені, бұл жұмыс күні. Сондықтан да адамдар жұмысымен әуреленіп, бүгін Күлкі күні екенін білмей де қалады. Жыл өткен сайын 1 сәуірге жұрт назары азая береді».

Жәнібек Нұрыш