Домой Блог Страница 51

Орталық Азия медиасы Украинадағы сайлау науқанын қалай баяндады?

Бүгін, яғни 31 наурыз күні Украинада президент сайлауы өтеді. Сайлауалды кампания 2018 жылдың 30 желтоқсанында басталды. 39 үміткер тіркелді. «Жаңа репортер» кәсіби ресурсы Орталық Азия медиасының Украинадағы сайлауалды кампанияны қалай баяндағанын шолып шықты.

Қазақстан

Наурыз айында Қазақстан БАҚ-тары Украинадағы сайлау тақырыбына 300-ден астам материал жариялапты. Басым бөлігі ресейлік медиадан көшірілген. Көбіне-көп Lenta.ru және ТАСС, РИА Новости агенттіктерінің материалдарын жариялаған. Шынына келгенде, қазақстандық медиа көшіріп басқан материалдарының тақырыбын өзгертіп, «скандал» сөзін алып тастапты. Көшірілген материалдардың дені, үміткерлердің өмірбаяны және рейтингі, сайлауалды кампаниясын жүргізуі, Украина және Ресей қарым-қатынасы төңірегінде екен. Қазақ тіліндегі медиада шетелдік дереккөздерге, дәлірегі BBC, Евроньюс, «Азаттық радиосы» сынды медиалардың ақпаратына сүйену басым. Айта кетерлігі, қазақстандық БАҚ-тардың дені үміткерлердің санынан жаңылысқан.

Tengrinews.kz порталында, 24.kz телеарнасы, «Азаттық» радиосында авторлық материалдар жарық көріпті. Мысалы, Tengrinews.kz порталында Жанна Нұрланова президенттіктен үміткерлердің бірінен оның Қазақстанға көзқарасы туралы эксклюзив сұқбат алыпты. Ал 24.kz телеарнасы Украинадағы сайлауды тұрақтылық туралы әңгімелеуге негіз етіпті. Онда Киев жұртының «Біз тұрақтылықты қалаймыз» деген жауаптарымен блиц-сауалнамалар шыққан. Сондай-ақ, сарапшылардың сайлаудан кейін болуы мүмкін наразылық акциялары туралы пікірлері де бар. Телеарнаның Украинадағы меншікті тілшісі Аида Қыдырбай бірқатар сюжеттер әзірлеген. Бірдей сюжет мәтіні телеарна сайтында екі түрлі тақырыппен шығыпты. 29 наурызда «Украинада президенттік сайлаудан соң халықтық толқулар мен көтеріліс болуы мүмкін» деген тақырыппен жарияланған мәтін сол күні кешкісін «Украиналық журналистер: Елдегі президенттік сайлау саяси шиеленісті арттыруы мүмкін» тақырыбымен қайта салыныпты.

Ал Айқын газеті үміткер Владимир Зеленскийдің ТСН телеарнасына сұқбатында айтқан ойларын қысқа да нұсқа аударып берген.

Түркістан халықаралық газеті президенттіктен үміткерлердің бірнешеуіне, атап айтқанда, ең белсенді бесеуіне шолу арнаған.

QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы Украинадағы сайлау тақырыбына «Apta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында қысқа ақпарат көрсетіпті. Оның бірі «Петр Порошенко президенттік сайлаудың еркін әрі әділ өтетініне уәде берді» видеоақпараты болса, екіншісі «Украинада комедиялық актер президент болудан үмітті» деп аталады.

Қазақстандық БАҚ-тарда Украинадағы сайлау туралы сараптама материалдары мейлінше аз. «Курсив» газеті Украинадағы процестерді талқылауға журналистерді сарапшы еткен. Саясаттанушылар Досмұхамед (Дос) Көшім, Расул Жұмалы және Дәурен Бабамұратовтың «Эксклюзив» интернет-ресурсындағы әңгімесінде Украинадағы сайлау тақырыбы да қозғалған. Қызығы сол, мұндағы әңгіме Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілеттігін тоқтату жөніндегі мәлімдемесінен бірнеше күн алдын жарияланған. Онда Украинаның президент сайлауы Қазақстан және Украинадағы демократиялық құқықтары туралы айтуға негіз болған.

Egemen Qazaqstan газетінде үміткерлер мен сайлауалды кампания туралы газет бас редакторының орынбасары Нұрмұхамед Байғара және колумнисті Жолдыбай Базар да жазады.

Нұрмұхамед Байғараның 2019 жылы 15 ақпанда жарық көрген «Украинада сайлауалды науқан қызып тұр» сараптамалық шолу мақаласында үміткерлердің құрамын қысқаша айтып өтіп, бұл сайлаудың халықаралық маңызына сөз арнаған. Порошенконың президент болғалы не бітіргенін санамалай келе, оның алдын ала сауалнама рейтингінде көш бастаған үш үміткер, В. Зеленский, Ю. Тимошенко және П. Порошенконың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. «В. Зеленский саяси жоба емес пе?» сауал тастап, өзі жауап береді.

Көшіріп жарияланған материалдардың арасында Николай Воробьевтің РБК-да шыққан «Майдан и мир» мақаласы көш бастайды. Онда сайлаудан кейін Украинада не болатынын болжайды. Қазақстандық сайттар көбіне дереккөзге сілтеме бермейді. Сондықтан да жарияланған материалдар қазақстандық БАҚ-тың өз сараптамасы сияқты әсер қалдырады.

Анализ жасауға Alem Media Monitoring мониторинг жүйесі қолданылды.

Өзбекстан

Өзбекстан БАҚ-тары Украинадағы сайлау туралы аз жазған. Елдің ең танымал интернет-порталдары, атап айтқанда Gazeta.uz, Kun.uz және Daryo.uz сайттары Юлия Тимошенконың сайлауға қатысатыны, Порошенконың жеңіске жеткеннен кейін Қырымды қайтаруға уәде еткені туралы бірнеше ақпарат жариялапты. Өзбекстандық медианың дені РИА Новости және РБК сайттарына сілтеме беріпті.

Өзбекстан медиакеңістігіндегі Ресей Федерациясына ерекше назарымен белгілі медиаларға қатысты қызық жағдай туындаған. Мәселен, Nuz.uz желілік басылымы Украинадағы неонацистер туралы бірнеше материал және сарапшы Андрей Головачевтің  қазіргі президентке импичмент жариялауды ұсынған колонкасын жариялапты. Бұл материалдар Украинаның президент сайлауына тікелей қатысы болмағанымен де кейбір сарапшылардың көзқарасын білдіреді.

Тәжікстан

Тәжікстан медиасында Украинадағы сайлау туралы ақпарат жоқтың қасы. Сайлау учаскелері болмайды, Украина азаматтары тек Өзбекстанға барып қана дауыс бере алады. Тәжікстаннан қатысатын бақылаушылар да жоқ. Азия+, Радио Озоди ғана сайлауалды кампания және үміткерлер туралы бірнеше материал жариялапты. Қызығы сол, 2014 жылғы сайлау туралы хабар таратқан Avesta агенттігі биылғы сайлауды елеусіз қалдырыпты.

«Спутник» агенттігінің түрлі елдердегі сайттарында «Украинадағы президент сайлауы» («Выборы президента Украины») атты арнайы айдар ашылған. Мұнда көбіне колумнистердің: дауыстарды санаудағы украинша тәсіл, шетелдік БАҚ-қа шолу, Украина және Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың ақыры, Майданнан кейінгі Украинадағы жағдайға анализ жасау сынды пікірлері жарияланыпты. Материалдардың дені бірдей болғанымен, тақырыптары әрқалай қойылған. Қазақстан мен Еуропадағы сайттарында бейтарап тақырып қойылса, Тәжікстан және Өзбекстанда «әшкерелейтін» тақырыптармен шығыпты.

Материал Дарина Солодовникованың (Өзбекстан) қатысуымен әзірленген.

Жәнібек Нұрыш

Шымкентте дау-жанжалға сезімтал журналистика тренингі өтеді

Қазақстан Баспасөз клубы БАҚ өкілдерін Шымкент қаласында өтетін дау-жанжалға сезімтал журналистика тренингіне шақырады. 

Тренинг Интерньюстың Еуропалық одақтың қаржыландыруымен жүзеге асырып отырған «Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікке жәрдемдесу» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Тренинг мақсаты – журналистердің сапалы медиа-контентті (соның ішінде әлеуметтік желілердегі) өндірумен байланысты әлеуетін көтеру, медиа мамандары, мемлекеттік органдар мен азаматтық белсенділер арасындағы ынтымақтастықты жақсарту үшін дау-жанжалға сезімтал ақпаратты жеткізу кезінде делдал ретіндегі БАҚ-тың рөлін күшейту, Орталық Азияда радикалдануды алдын алуға көмектесетін ақиқат ақпараттың сапасы мен санын арттыру.

Негізгі тақырыптар:

Тренинг бағдарламасы үш күндік екі интенсивті оқу курсынан тұрады. Оның нәтижесінде қатысушылар өз кәсіби дағдыларын жетілдіріп, келесі модульдер бойынша өз білімдерін тереңдетеді: әлеуметтік дау-жанжалдарды түсіну; әлеуметтік дау-жанжалдардың себебі және қарқыны; дау-жанжалға сезімтал ақпаратты жариялау: журналистер жағдайды қалай өзгерте алады; зорлық-зомбылыққа әкелетін радикализмді алдын алудағы журналистердің рөлі; цифрлік стратегияларды, контентті және тактиканы дайындап шығару; әлеуметтік желілерде радикализмді алдын алуға арналған стратегияларды дайындап шығару.

Әрбір үш күндік интенсивті оқу курсынан кейін қатысушылар 3 аптаға созылатын тәлімгерліктен өтіп, толық оқу курсы ішінде барлығы 2 жарияланымды дайындауы тиіс.

Тренингтің өтетін күндері:

10.04.2019-12.04.2019  — тренингтің бірінші үш күндік модулі

24.04.2019-26.04.2019 — тренингтің екінші үш күндік модулі

Тренингтің өтетін орны: Шымкент қаласы, Республика даңғылы 6А, «Гранд Шымкент» қонақ үйі.

Жоба жаттықтырушылары:

Дина Төлепберген, журналист, жүргізуші, Utir.kz медиа мектебінің негізін салушы;

Айнұр Коскина, ТВ-да, баспа және онлайн БАҚ-та жұмыс тәжірибесі мол журналист.

Тренингті сәтті тәмамдаған қатысушылар сертификатқа ие болады.

Тренингке қатысу үшін келесі құжаттар тізімі қажет:

  • Толтырылған өтінім үлгісі (аты-жөні, туылған күні, жұмыс орны, жұмыс тәжірибесі, байланыс деректері)
  • Өтінім берілген уақытқа дейін жарияланып үлгерген жарияланым (кемінде біреу) немесе эфирге шыққан бір бейне-сюжет. Талапкерлер өз материалдарына сілтемені көрсетсе жеткілікті немесе өтініммен бірге Word форматындағы жарияланымын қоса жіберсін.
  • Өтінім берушінің кәсіби тәжірибесін бағалап, қатысушының тренинг қорытындысы бойынша дайындаған материалдарын жариялайтынын растай алатын жұмыс берушіден мінездеме хат болғаны дұрыс.

Өтінімдер 2019 жылдың  9 сәүіріне  дейін (осы күнді қоса санағанда) қабылданады.

Барлық сұрақтарыңыз бойынша келесі тұлғамен хабарласыңыздар: Әсел Берімжарова, press@pressclub.kz 8701 749 02 00, 264 71 13.

Internews қолдауымен жастар медиасын жаса

Internews Орталық Азияға арналған MediaCAMP медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстанда жастар аудиториясына бағытталатын медиастартапқа конкурс негізінде грант бөледі.

Интернетсіз өмірін елестете алмайтын жастар да ақпаратқа сыни пайыммен қарау идеясын қолдап, оны дамытатын қоғамның бір бөлшегіне айнала алатынына сенімдіміз. Интернеттегі мұндай аудиторияға арналған медианы жастар жасап, құрбы-құрдастарын идея ойлап тауып және оны танытуға қызықтырып, өздеріне тартуы қажет.

Соңғы бірнеше жылда жасаған жобасы, яғни медиастартапы бар 30 жасқа дейінгі жастарды байқауға қатысуға шақырамыз. Медиастартап форматы: уеб-сайт, Telegram не Youtubeтағы канал, Facebookтағы топ, парақша, Instagramдағы аккаунт болуы да мүмкін. Ең бастысы жобаңыз жастарға бағытталып, бизнес-идеясы түсінікті әрі соны жүзеге асыратын команда болуы қажет. Мақсатты аудиториясы — әйелдер, түрлі осал топтардың өкілдері болатын медиастартап өтінімдері жақсы қабылданады.

Байқау іріктеуі екі кезеңнен тұрады. 2019 жылдың 31 наурызына дейін онлайн-форманы толтырып, жіберіңіз. Онда мына сауалдардың жауабын көрсетуіңіз міндетті.

  • Жобаңызға сілтеме беріңіз;
  • Идеяңызды баяндаңыз;
  • Бизнес-жоспар құрыңыз;
  • Таныту стратегиясын баяндаңыз;

Өміршең әрі аудиторияны қызықтырып, тарта алатын медиастартаптардың авторлары екінші турға өтеді. Екінші тур 2019 жылдың сәуірдің ортасына дейін болады.

Әділқазылар байқау жеңімпазын питчинг (идеяны таныстыру) қорытындысында таңдайды. Іріктеу кезінде жобаның өзектілігі, өміршеңдігі және бизнес-идеясының тұрақтылығы, командасы және тәжірибесінің болуы, мақсатты аудиториясының байқау шарттарына сәйкесуі, презентациясының сапасы сынды критерийлеріне мән береді.

Internews жеңімпазға грант береді. Журналистика, мультимедиа, бизнес саласынан менторлар ұсынады.

Назар аударыңыз: грант алу үшін ресми тіркелген ЖК, ЖШС, Қоғамдық қор не басқалай заңды тұлға болуы міндетті.

Internews өтінімдерді рецензияламайды. Қажет болса қосымша ақпарат сұратамыз. Барлық сұрақ бойынша kz-info@internews.org электронды поштасына хат жазыңыз. Гранттар жөніндегі сұрақтардың жауабын мына сілтемеден табасыз.

Жоба АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қолдауымен CAMP Орталық Азияға рналған бағдарламасы шеңберіндежүзеге асады. Бағдарлама туралы толығырақ білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз. Қазақстандағы Internews ұйымы туралы толығырақ мұнда жазулы.

Жәнібек Нұрыш

Қазақстандық жұлдыздардың «қазасын естіртетін» және «масқаралайтын» сайт

Күн сайын қазақша сайттардың бірінде Қазақстандағы танымал жұлдыздардың көз жұмғанын хабарлап не масқаралап жатады. «Жаңа репортер» бұл ресурстың қандай сайт екенін анықтап көрді.

«Көз жұмды», «өмірден озды», «ұят-ай» сөздерімен басталатын айқайлаған тақырыптағы сілтемелер Facebookтегі танымал группаларда тұрақты жарияланады. Аудиторияның назарын аударып, қызықтырады. Сілтемесінде janalikhtar сайты көрсетіледі. Осынау фейк ресурс – фактчекиң жасауға таптырмас тәжірибе.

Мұндай ресурсқа сену не сенбеуді тез шешетін бес қағида бар.

  1. Сайттың байланыс деректері бар ма? Жауап – жоқ.
  2. Автордың есімі көрсетілген бе? Жоқ
  3. Дүрліктіретін, сенсация тақырыптар бар ма? Иә
  4. Басқа ресурстар таралып жатқан ақпаратты растай ма? Жоқ

Жарияланған ақпараттың растығын тексеретін тағы бір ереже –ақпараттың дереккөздері сенімді ме? Сайттағы адамдар расымен де өмірде бар, бірақ олар ешқашан мұндай мәлімдеме жасамаған.

Бұрынғы танымал журналист, бүгінде Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Берік Уәли аз уақыт алдын ыңғайсыз жағдайда қалды. Тіпті фейк сайтта жарияланған ақпаратқа қатысты кешірім сұрауына тура келді.

Күмәнді сайт туралы толығырақ білу үшін whois.domaintools.com сервисіне жүгіндік. Бұл сервистен сайт домені тіркелген мемлекет, IP мекенжайы, порталдың қашан тіркелгені және тағы басқа көптеген деректері жөнінде ресми мәлімет алуға болады. Сайттың Моңғолия астанасы – Ұланбатыр қаласында тіркелгені анықталды.

— Егер портал біздің аймақта, яғни Қазақстанда тіркелсе, онда сол мезетте сот шешімімен кем дегенде сайттың доменін жауап тастайды. Тіпті сот алдында жауапкершілікке тартатын еді. Сондықтан да сайтты халықаралық зонаға шығарып отыр. Өйткені, сайт тіркелген юрисдикцияда Қазақстан заңдарының ісі жоқ,-дейді Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров.

Сарапшының пікірінде, мұндайда ең дұрысы – игнор жасау.

— Олардың ісімен айналысуға бұған құзіреті жететін құқыққорғау органдары ғана кірісіп, шара қолдана алады. Кез келген жарияланған пост, кез келген сілтемені бөліссеңіз, онда соны танытып, таралуына жәрдем етесіз. Олардың да көздегені осы. Адамдар көбірек оқып, индекстеліп, талқылай бастағанын қалап отыр. Бұл – вирусты маркетинг. Сайтқа келушілер санын осындай тәсілмен арттырады. Сондықтан да жай ғана игнор жасауды ұсынамын,-деді Шавкат Сабиров.

Егер сіз сонда да айқайлаған тақырыпқа елітіп, сілтемеге өтсеңіз, онда ақпаратты тексерудің 5 ережесін ұмытпаңыз.

Жәнібек Нұрыш

Сәтті питчинг ережесі

Internews Kazakhstan ұйымдастырған контент өндірісіне идеялар байқауының екінші турына 33 жоба іріктеліп, өтті. Байқау қатысушыларының ендігі тапсырмасы – идеяларын питчингте таныстыру.

Жобаларын осы не басқа да байқауларда таныстыратын қатысушыларға арнап Internews Kazakhstan арнайы вебинар өткізді. Вебинарда медиасарапшы, медиатренер, Internewsтің PR жөніндегі кеңесшісі Ольга Каплина питчингте сәтті шығудың құпиясын айтып берді.

Вебинарда айтылған кеңестерінің бір парасы мынадай:

  • Презентациясының ең басында жобаңыздың идеясын нақты көрсетіңіз. Идеялар презентациясына бар-жоғы 5 минут уақыт беріледі. Сол уақытты тиімді пайдалануды ойланыңыз.
  • Бизнес-тренерлердің өз идеясын таныстыратын адамға айтатын ең маңызды кеңесі: осы идеяңыздың сіз үшін неліктен маңызды екенін сондай бір жанып тұрған көздеріңізбен, құштарлықпен түсіндіре алмасаңыз, онда жақсы бизнес-өнім шықпайды. Медиаидеядағы жағдай да сондай. Бұл идея сізді неліктен толғандыратынын түсіндіре алмасаңыз, онда еш маңызы болмайды.
  • Спикердің ең көп қателесетіні: «Менің жобам бәріне қызық» деп айтуында. Бұлай айтуға болмайды. Өз аудиторияңызды нақтылаңыз. Олар кімдер? Қайда тұрады? Немен айналысады? Осы сұрақтардың жауабын біліңіз.
  • Команданы жасақтауға баса назар аударыңыз. Көптеген жобаны жалғыз өзіңіз атқара алмайсыз. Кімдермен және қай бағытта қызмет ететініңізді айтыңыз. Командаңызда белгілі кәсіби мамандар болса, оны да ерекшелеп өтіңіз.
  • Питчинг – шығармашылық мәнге ие. Айтуға міндетті тұстары болғанымен де жобаңыздың адамдарға неліктен қажет екенін көрсете білу маңызды. Хикаяңызды содан бастап айтыңыз.

Қалған кеңестерді вебинардың толық видеожазбасынан көріңіз:

Бұған дейін Internews Kazakhstan жетекшісі Ержан Сүлейменов және MediaCAMP жобасының аймақтың медиакеңесшісі Александр Журавлев қатысушылардың сұрақтарына чат-консультация барысында жауап берді. Internews халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің бағдарламалар жөніндегі аймақтық менеджері Дина Жансағымова қазақ тілінде чат-консультация өткізді

Бұл жоба Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық-Азиялық медиа бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Жәнібек Нұрыш

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан медиасындағы 8 наурыз

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан медиасында қалай көрініс тапты? «Жаңа репортер» оқып, салыстырды.

Қазақстан

Қазақстан президентінің қыз-келіншектермен кездесуі, облыс-қала әкімдерінің құттықтаулары және 8 наурызда қандай сыйлық таңдау керегі жөнінде пайдалы кеңестер. Қазақстан медиасында 8 наурыз қарсаңында жарияланған ақпараттардың дені осы тақырыптарға арналыпты.
8 наурыз – гүл сыйлау емес, әйел құқықтарына арналған күн тек бірнеше медиа ескеріпті. Бұған Алматыда өткен FemAgora әйел құқықтары және гендерлік теңдік фестивалі себеп болса керек-ті. Фестивальге өнер, кино және медиа саласының сарапшылары көп жиналды. Әйел құқығының қорғалуы, гендерлік теңдік мәселесіне арналған фестивал туралы Baribar.kz сайты «FemAgora: Қазақстан медиасы гендер теңдігіне қаншалықты көңіл бөліп отыр?» тақырыбымен қазақ тілінде көлемді мақала жариялады. Azattyq.org сайты да осы тақырып турасында сауалнама жүргізіпті.

Baribar.kz 8 наурызға арналған түрлі мақалалар жариялап, жұртшылық арасында «Мына жұрт Клара Цеткинді біле ме екен?» деген сауалнама жасапты. Сауалнама жауаптарына спойлер жасасақ — студенттер білмейді екен.

8 наурыз күніне отбасындағы зорлық-зомбылық, әйел құқығы, гендер мәселесі турасында The-village.kz, Караван және «Гендер, сексизм, саясат». 8 наурыз қандай мереке?» тақырыбымен BAQ.KZ сайттары да жазды.

Мерекеге «қуанышты» әрі «көктемгі» көңіл-күйді Президенттің әр жылдары қыз-келіншектерді мерекемен құттықтайтын кездесуінде айтатын гендерлік әзілдерімен, соның ізінше шығатын әкімдердің және түрлі сала жетекшілерінің құттықтауларымен көмкерді.

Оңтүстіктің өртке қарсы қызметінің жетекшісі әйелдерді құлақ, қол және жүрегіне теңеуімен ерекшеленді. Әлеуметтік желілерде анасына жан тебірентер хат жазған әскерилердің акциясы мен қызғалдақ бейнесінде сап түзеген полицейлердің фотовидеосы көп талқыланып, назар аударды.

https://www.instagram.com/p/BuoaMuYh-4t/

https://www.instagram.com/p/BuvBLkZAscs/

Осынау қуанышты мерекелік жаңалықтар лентасында БҰҰ өкілдігінің мәлімдемесі елеусіз қалды.

«Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына қарамастан, елде әйелдердің құқықтары мен бостандығын сақтау жолында едәуір кедергілер әлі де сақталып отыр.

ҚОҒАМДА ОРНАҒАН БІРЖАҚТЫ ҚАСАҢ ҚАТЫНАС, ПАТРИАРХАЛДЫ НОРМАЛАР ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК СТЕРЕОТИПТЕРДІҢ ТАМЫРЛАНУЫНА БАҚ ТА үлесін қосып жатыр

Өзбекстан

Өзбекстан медиасында 8 наурыз мерекесі туралы жұтаң жазды. Президенттің құттықтауынан және мерекелік іс-шаралардан репортаждар берумен шектелді. Десе де екі материалды атап өтуге болады. Cabar.asia сайтында «Узбекистан: женщины меньше получают, менее образованны, менее равны» («Өзбекстан: әйелдер аз жалақы алады, білімі төмен, теңдігі аз») тақырыбымен үлкен мақала жарияланып, тыңғылықты деректемелер келтірген. Ал «Культура» сайты гендерлік теңдік тақырыбына мақала арнады.

Тәжікстан

Тәжікстанда 8 наурыз – Аналар күні. Сондықтан да барлық назарды аналар қауымын құттықтауға аударады. Әйел құқығы мәселелері жөнінде жазғысы келетін журналистер айтарын сарапшылардың пікірімен беріп, жол табады. Мысалы, Asia-Plus сайты БҰҰ-ына сілтеме жасай отырып, «БҰҰ құқық қорғаушылары 8 наурыз қарсаңында етеккірдің келуіне қатысты қасаң түсініктер мен табу тақырыпта бұзуға шақырады» тақырыбымен мақала жариялады. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Тәжікстандағы үйлестірушісіне сілтеме жасап, дүниежүзіндегі барлық қыздың жетістіктеріне қуанып, зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен ада болашақтың негізін бірге қалауға шақырды.

Мереке күндері гендерлік теңдік туралы материалдардың көбі Қырғызстан медиасынан көрініс тапты. Бұл тақырыпқа Бішкекте төртінші рет өткен феминистер шеруі басты себеп болды. Ел билігі әуелде шеруге тыйым салуға тырысқанымен де кейіннен рұқсат етті. Қырғызстан медиасы акцияға қатысқан адамдардың шеру ұрандарын баяндады. «Нет насилию и неравенству» («Зорлық-зомбылыққа және теңсіздікке жол жоқ»), «Виноват насильник, а не жертва» («Зорлаушы – кінәлі, жәбірленуші емес»), «Бьет — значит сядет»  («Төмпештесе, демек түрмеге жабылады»), «Патриархат кетсін» («Патриархат, проваливай»), «Келинизация — это рабство» («Келінизация – құлдық») ұрандарымен шерулетті. Ал Алматыда белсенді қыз-келіншектердің мұндай шеру өткізуіне тыйым салды.

Таң-тамаша еткені, 8 наурыз күні Қазақстанда, әсіресе телеарналар мен аймақтық медиалар ендігі келмеске кеткендей көрінген тақырыптар: «әйелге тән емес кәсіпті» игерген әйелдер туралы көптеген материал көрсетті. Мерген, шахтер, автомобилист, полицей, көп балалы аналар, кәсіпкер-әйелдер және тағы басқа кәсіптегі қыз-келіншектерге арналған материалдаын ұсынып, 8 наурыздың түпкі мән-мағынасын жеткізетін тақырыпты аз қозғады.

Жәнібек Нұрыш

Газеттердің бас бетіндегі 10 years challenge

Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстандағы және Тәжікстандағы газеттердің бас беті қалай өзгерді? Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар аккаунтына 10 жылда қалай өзгергендерін көрсететін фотосуреттерін жариялап жатыр. Біреулері арықтаса, енді біреулері салмақ қосқан. Ендібірі имиджін өзгертсе, тағы біреулері көп балалы ата-ана атанған. «Жаңа репортер» Қазақстандағы және Тәжікстандағы бірнеше газеттің 10 жыл бұрынғы және қазіргі фотосуреттерін жинады. Сосын жыл сайын берілетін European Newspaper Award сыйлығының ұйымдастырушысы Норберт Купперге көрсетіп, газет дизайнындағы трендтер туралы әңгімелеп беруін сұрады.

Қазақстандық газеттердің бас бетінің суретін табу оңайға соқпады. Мәселен, Алматыдағы аудандық кітапхананың барлығынан бірдей газет тігінділері табылмады. Тек Ұлттық кітапханада ғана барлық газеттердің тігінділері бар екен. Газеттерді папкадан шығаруға және оны кәсіби құрылғымен фотоға түсіруге де болмайды. Міне, осы себепті де барлық фотосуреттер бірдей сапалы шықпады. Қазақстан және Тәжікстандағы газеттердің фотосуреттерін дейін/кейін форматында жинадық. Газеттеріміздің біразы «жақсы сақталғанын», яғни 10 жылда айтарлықтай өзгермегенін түсіндік.

Әйткенмен, күллі әлемде бұлай емес шығар?! Басылымдардың дизайны қалай өзгергені туралы сұрақтың жауабын шетелдік сарапшыдан білдік. Еуропада 1999 жылдан бері Норберт Куппердің бастамасымен газет конкурсы өтеді. Соңғы конкурсқа 25 елден 200-ден астам газет қатысты. Сарапшы Еуропадағы газеттер мән беріп жатқан негізгі стандарттарды санамалап шықты.

  • Үлкен форматтан таблоид форматына өтті. Газеттің көлемі 50%-ке кішірейді. Бет саны да азайды.
  • Ұзақ хикаялар көбейіп, қысқасы азайды. Шағын әңгімелерді жариялауға онлайн-ресурстар не әлеуметтік желілер жетіп жатыр.
  • Түсі. Еуропадағы газеттер тек түрлі-түсті нұсқада басылады. Ақ-қара түсті болмайды.

Норберт Куппер газет дизайны алдағы уақытта да өзгеретініне сенімді. Еуропада осы бағытта бірқатар тенденциялар қалыптасыпты.

Сенбілік газеттер демалыс күндерінің газетіне айналды

Бұл трендтің ең көрнекі мысалы – серіктес жобаларын ашқан Allgemeine Zeitung Mainz газеті. Олар басылым көлемін кеңейтіп, жаңа айдарлар қосыпты. Осылайша, оқырман бос уақытын жайлы да жағымды оқуға арнай алады. Сенбілік нөмірдің жергілікті қосымшаларының бірінші беті толықтай бір сұраққа арналады.

Плакат түріндегі мұқабалар

Көптеген газеттер үлкен кіріспе тақырыпты қолдануға өтіп жатыр. Бұған Люксембургте шығатын Tageblatt газеті мысал болады. Грацта шығатын Kleine Zeitung немесе «Деловой Петербург» сияқты газеттер таблоид форматын қолданады. Бұл олардың плакат түріндегі мұқабалар жасауына мүмкіндік ашады.

«Жаңа репортердің» байқағанындай: Орталық Азияда мұндай прогресс Asia-Plus (Тәжікстан) и «Время» (Қазақстан) газеттерінен анық байқалады.

Кәсіби Snow Fall-жобалар

Соңғы жылдары газеттер сториттелинг жанрында мультимедиа форматтарымен көп тәжірибе жасады. Осынау журналистік құрал алдағы уақытта да қолданылуы мүмкін.

Газеттердің мобиль қосымшалары

European Newspaper Award конкурсының соңғысында интуитивті навигациясы бар жаңалықтар қосымшасы марапатталды. F.A.Z. Der Tag — Nachrichten және app12 — Tages-Anzeiger. Аталған сервистер ұзақ мәтіндерді смартфонда оқуға бейімдеп, ұсынады. Қосымшаны орнатқан қолданушылардың көптігі де оның сәтті шыққанын растайды.

Визуал журналистика сәнге айналды

Хикаяны баяндаудың басқа да форматтары, визуал сторителлинг, фоторепортаждар – журналистиканың осы жанрларының барлығы да баспа БАҚ үшін өзекті болып отыр.  Контентті визуал тұрғыдан елестетуді күшейту тенденциясы бұрын да бар еді, қазір де бар.

Дата—журналистика

Berliner Morgenpost и Tages-Anzeiger газеттері басқаларынан дата-журналистикаға сүйенген жобаларының көптігімен ерекшеленеді. Бірақ, үлкен деректер көлемін сапалы да түсінікті етіп жеткізе алатын мамандары азға ұқсайды.

Мейлінше көп инфографика

Кезінде Пиреней түбегі және Грекия мемлекеті екі бетке инфографика жариялаудың алғашқы қарлығаштары болатын. Бүгінде журналисткиканың осы функциясы Данияға, Ұлыбританияға, Бенилюкс одағы және немістілді елдерге таралды.

Норберт Куппер «Жаңа репортердің» оқырмандарына газеттерінің бірінші бетін pdf-нұсқада жіберуін өтінді. Соған қарап кәсіби пікірін айтады. Пікірге сарапшының көмегіне жүгіну себебіңізді және неліктен газет дизайнын өзгерткіңіз келетін жазыңыз. Алғашқы бес өтінімді Норберт Купперге жібереміз.

Жәнібек Нұрыш

Контент өндірісіне идеялар байқауының екінші туры

Контент өндірісіне идеялар байқауының екінші тур қатысушылары іріктелді. Internws ұйымының Қазақстандағы өкілдігіне барлығы 268 медиапроект идеясы, яғни рекордты көрсетіште өтінім келіп түсті. Соның арасынан 33 өтінім екінші турға өтті.

Іріктелген қатысушылар тізімі:

  1. «За нами уже выехали» Youtube каналы. Қазастан қалалары туралы видеорепортаждар сериясы.

  2. Soda Media. Гендер тақырыбына арналған деректі қысқаметражды фильмдер және лонгридтер сериясы.

  3. «Аспандау» ғылыми-танымдық қоры. Қазақстандық сарапшылардың видеолекциялары, онлайн-дискуссиялары.

  4. Еділ Нүсіпов. «Foresight ТВ» видеожобасы

  5. Әсем Жәпішева. «Рүстемге арналған гүлдер» («Цветы для Рустема») деректі репортаждар сериясы

  6. «Отырар» медиахолдингі. «Сен жалғыз емессің» («Ты не один») тележобасы
  7. Студия TV Key. « Flashback» тележобасы
  8. Даша Бублик. «Не естисің» («Что ты слышишь») лонгриді
  9. Айнур Коскина. Qos life видеожобасы
  10. Оксана Макушина. «Самоцензура» мультимедиа жобасы
  11. ADC Production. Даун синдромы туралы анимациялық, деректі контент
  12. Select Communication Group. «Инфоповод» тейбл-ток
  13. Ерлан Дүйсенбаев. Ақпараттық қауіпсіздік тақырыбында журналистік зерттеу.
  14. Тұмар фильм студиясы. Самат Рамазановпен бірге видеожоба.
  15. Студия TV Key. «Мамы в эфире» ток-шоуы
  16. ЛИВЕНЬ. Living Asia. Түтіннің басынан кешкендері туралы анимациялық контент. (Анимационный контент о приключениях смогликов)
  17. The Steppe интернет-журналы. Қала өміріндегі қазақ тілі (Казахский язык в городской среде) видеожобасы.
  18. Қуаныш Саханов. Ұлы Дала әйелі («Женщина Великой степи») видеоциклі
  19. «Точка» креатив шешімдер агенттігі. Әлеуметтік эксперимент
  20. informburo.kz. «Қанеки, түсінелік» видеожобасы. («Давайте разберемся»)
  21. Аршат Ораз, Бэлла Орынбетова. Жынысты сауаттылық туралы жоба
  22. Jetigen Project жеке қоры. QYZ PWR мультимедиа жобасы
  23. Әнуар Әбдірахманов. Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастығы туралы деректі фильм
  24. Катерина Суворова / Тихий свет деректі фильмдер студиясы. «Бір жылдың хроникасы» («Хроники одного года») деректі фильмі
  25. «Центр социальных инклюзивных программ» қоғамдық қоры. «Отбасылық инклюзия» («Семейная Инклюзия») тақырыбында деректі сериал
  26. Максим Рожин. «Тарихымыздың 7 қыры» («7 граней нашей истории») мультимедиа жобасы
  27. Илья Бароховский. «Ақпарат көздері» («Источники информации») анимациялық жобасы
  28. Петропавловск.news сайты. «Әлемнен қол үзгендер» («Отрезаны от мира») циклі
  29. Салтанат Әскербекқызы. Психология тақырыбына мультимедиалық жоба
  30. HOLA News : Айсара Бисенова, Айжан Қалиева. Қыздардың білім алуына арналған мультимедиалық жоба
  31. Әйгерім Бегімбет. Түркістан облысы ауылдарының тыныс-тіршілігі туралы мультимедиалық жоба
  32. Жаслан Сүлейменов. Мүгедек адамдардың инклюзивтігін қамтамасыз ету проблемалары туралы видеожоба
  33. Tarlan Intellectual Club. «Сол жағалай» тейбл-ток

Екінші тур 11 наурызда басталады. Питчинг форматында өтеді. Әрбір конкурсант қазылар алқасына жобасының бес минуттық презентациясын таныстырады. Дәлірегі, идеясының тұжырымдамасын баяндап, оның өзектілігін негіздеп, идеяның контентке айналатынына сендіре білуі керек.

Жоба презентациясында білікті қазылар алқасының алдында идеяңызды жүзеге асыру үшін

  • кіммен және неме, қашан және қалай жұмыс істейтініңізді;
  • егжей-тегжейін, контент жасау барысында қандай қиындықтары болатынын;
  • жобаның бюджеті неден құралғанын;
  • дайын контент қандай болатынын;
  • дайын контентті жариялайтын ресурсты;
  • жобаны танытатын құралдар, тәсілдер, жоспарларыңызды

көрсетесіз.

Презентациядан кейін комиссия мүшелері өтінім берушіге нақтылайтын сұрақтар қоя алады, идея жобасын жақсартуға қатысты нақты кеңес береді. Қосымша мәліметтер қатысушылардың электронды поштасына жолданады.

Егер жария презентация жасаудың қыр-сырын білгіңіз келсе, онда Internews медиатренері Ольга Каплина «Медиажобаңызды қалай тиімді қорғап таныстыру керек?» туралы вебинар өткізеді. Вебинар бейсенбі, 28 ақпан күні Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.

Вебинарға қатысу үшін мына сілтемеге өтіп, тіркелесіз.

Еске салайық, байқаудың мақсаты – сапалы телевизиялық бағдарламаларды, арнайы репортаждарды, дерек фильмдерді, лонгридтерді, әлеуметтік желілердегі жобаларды, мультимедиалық мақалаларды және журналистік зерттеулерді қолдау.

Грант бөлу және нақты жобаларды қаржыландыру бойынша ақырғы шешімді Internewsтің байқау комиссиясы қабылдайды. Олар шешім қабылдауда идеяның бірегейлігі, мультимедиалық тәсілдер мен құралдарды пайдалану, мақсатты аудиторияны тарту және кері эффект, контентті жасаудың қарапайымдылығы мен ақылға қонымды бюджет тұрғысынан бағамдайды.

Бұдан бөлек, Internews қызметкерлері потенциалды грант алушылардан жобаға қатысты, өтінім беруші тұлға не компанияға қатысты қосымша ақпарат сұратуы мүмкін.

Барлық сұрақтар бойынша kz-info@internews.orgэлектронды поштасына жазыңыз.

Продакшн гранттарды бөлу бойынша жоба Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық Азиялық медиабағдарламасы шеңберінде өткізіледі.

Жәнібек Нұрыш

Internews Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда медиасыншылар дайындайды

Internews 2019 жылдың 25-27 наурызы аралығында Алматыда Медиакритика мектебін өткізеді. Оған кәсіби журналистер де медиаконтентті талдаудан тәжірибесі бар азаматтар да қатыса алады. Қатысушылар өздері толтырған анкетадағы авторлық материалдарына қарай конкурстық негізде іріктеледі.

Медиакритика – бүгінгі журналистиканың қарқынды дамып келе жатқан саласы. Ол ақпараттық өнімді әлеуметтік, этикалық, құқықтық және тағы басқа көптеген қырларына қарай бағамдаумен айналысады.

Internews Орталық Азия елдеріндегі «Медиакритика» бағытын «Жаңа репортер» сайтында дамытуды көздейді.

Біз жай ғана Медиакритика мектебінде оқып қоятындарды емес, керісінше «Медиакритика» бөлімінің редакторына және авторына айналатын пікірлес азаматтарды іздейміз. Олар қаламақы негізінде ұдайы материалдар дайындайды.

Сабақты ЖЭМ медиасауаттылық және цифрлы мәдениет Орталығының директоры Анна Качкаева (Мәскеу) және телерадиожүргізуші, журналист, телесыншы Ирина Петровская жүргізеді.

Оқу форматы лекциялардан және шығармашылық тапсырмалардан тұрады.

Басқа қалалардан келетін қатысушылардың барлық шығыны Internews есебінен өтеледі.

Медиакритика мектебіне қатысуды қаласаңыз және алдағы уақытта Internewsпен қаламақы негізінде бірге қызмет еткіңіз келсе, онда мына онлайн-өтінімді 2019 жылдың 7 наурызына дейін толтырыңыз.
Барлық сұрақ бойынша kz-info@internews.org электронды поштасына хат жазыңыз.

Келіп түскен сұрақтардың жауабы Internews.kz және newreporter.org сайттарының хабарландыру бетінде комментарий түрінде жарияланады.

Бұл жоба Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық-Азиялық медиа бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Жәнібек Нұрыш

«Нұр Отан» съезі және сол күнгі қазақстандық тележаңалықтар

Астанада «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған XVIII съезі өтті. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев съезде жаңа әлеуметтік бастамалар: көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны көтеру, баспананы несиеге алудағы жеңілдіктер және бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы тапсырмаларын жариялады.

Съез күні Қазақстанда тағы басқа оқиғалар болып жатты. «Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың кешкі қорытынды жаңалықтарда съез өткен күннің оқиғаларын қалай көрсеткенін сараптады. 31 арна, Еуразия бірінші арнасы, «Астана», КТК, «Хабар», Qazaqstan, “Алматы” және Atameken business channel телеарналарының қазақ және орыс тілдеріндегі кешкі жаңалықтарын көріп шықтық.

Үш редакция жаңалықтарын партия съезінен емес, Тараздағы қайғылы оқиға – көпқабатты тұрғын үйдегі газ жарылысынан бастады. Үшеуі де қазақ тілінде. Еуразия бірінші арнасы, КТК және Atameken business channel.

Еуразия бірінші арнасының съез туралы сюжеті эфирдегі жаңалықтар лентасында жетінші болып шықты. Оның алдын балабақшада жарақат алған бүлдіршін оқиғасы, Ақтөбеде зейнеткерлерді тонау, Алматы облысындағы жігіт өлімі, дәрігер қателігінен көз жұмған әйел, Үндістаннан Алматыға ұшатын әуе рейстерінің кейінгі шегерілуі, Астанада бөтелкедегі су сататын компаниялардың су құрамынан зиянды заттардың табылуы, қайтыс болған қазақстандықтың қалған несиесін кім өтейтіні және Атырау маңында балалар мінген автобустың апатқа ұшырауы туралы сюжеттер көрсетілді.

Еуразия бірінші арнасының жаңалықтары қалған телеарналардың қорытынды жаңалықтарынан бұрын басталды. Бәлкім, сондықтан да редакция съез туралы материалын уақытында дайындап үлгірмеген де болуы мүмкін. Съез туралы сюжетте көпбалалы отбасының балаларына әлеуметті жәрдемақы, мүгедек бала асыраушыларына берілетін жәрдемақыны өсіру, аз пайызбен несиеге тұрғын үй алу, бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру, әкімдердің халықпен жақын болуы туралы көрсетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерімен берілді.

Еуразия бірінші арнасының орыс тіліндегі қорытынды жаңалықтарындағы съез туралы сюжетте көп балалы отбасына берілетін жәрдемақының өсетіні туралы жаңалыққа мән берген. Жеке блокта президенттің бизнеске қатысты бастамасына қосалқы жүргізуші әрі блогер Денис Кривошеев пікір айтты. Телеарнаның басқа да тақырыптарына Астанадағы су құрамынан табылған лямблии, Екібастұздағы төбелес, су тасқынына дайындық, қайтыс болғандардың несиесін кім төлейтіні және Қостанай облысындағы пантеон құрылысы туралы сюжеттер енген.

Барлық телеарналар Тараздағы газ жарылысынан кейін сонда үкіметтік комиссия және премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек келгенін айтып өткен. Еуразия бірінші арнасы сюжетінде кінәлілер (егер олар анықталса) жазаланатыны туралы цитатаны да берді. Ал басқа телеарналар мемлекет жапа шеккендерге көмектесетіні туралы шенеуніктің айтқанын көрсетті.

«Информбюро» (31 арна) «Нұр Отан» партиясының съезін Оскар жүлдесін тапсыру салтанатымын салыстырды: қызыл кілем де фотосессиялар да болғанын көрсетті. Орыс тіліндегі жаңалықтарында әлеуметтік көмекті ұлғайтумен қатар президенттің кеден жұмысын жақсарту жөніндегі тапсырмасына мән берді. Бұл бастамаға қатысты салалық қауымдастықтың төрағасы – сарапшы пікір айтты.

Қазақша жаңалықтарында Президент съезде көп балалы отбасылардың мәселелеріне назар аударғанын айта келе Астанада өрт шыққан үйде қаза тапқан бес баланың оқиғасынан кейін болған аналар митингісіне де егжей-тегжейлі тоқталды. Бұдан бөлек, Тараздағы жарылыс, Атыраудағы жол көлік апаты, ЖОО-ын сату, Шығыс Қазақстан облысындағы ауа сапасы, Атырауда зейнеткерлердің үйіне ұрлыққа түсіп, ұрып-соғу, Шығыс Қазақстандағы жаңадан салынған үйлердің жарты жыл өтпей сылағы түсіп, қабырғасы көгеріп кеткені, академик Әбдуәлі Хайдардың қайтыс болғаны туралы сюжеттер көрсетілді.

«Информбюро» концепциясы — «тұтынушылық» жаңалықтар. Осы жанрда қазақстандықтардың нені және қалай декларациялайтыны туралы егжей-тегжейлі сюжет шықты. Сюжетте (саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірімен) биліктің халықтан есеп талап ететіні, бірақ өзі есеп бермейтіні айтылған. Журналистер пантеон құрылысы туралы сюжетке интервьюді сыртта жазған. Пікір қарама-қайшылығы сақталған. Қаржыны мұндай құрылысқа текке жұмсауды түсінбейтінін айтатындармен қоса пантеонның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екеніне сенімді азаматтардың да пікірлері бар.

КТК телеарнасының орысша жаңалықтары Тараздағы жарылыспен басталып, содан кейінгі алғашқы жеті минут съезге арналды. Партияның презенттері, съезд делегациясының фотосуреттері, жаңа логотип пен партиядағы ауысулар туралы айта келе бюджет қызметкерлері мен көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік бастамалар кеңінен көрсетілді. Телеарна президенттің жол жөндеу және кеден жұмысын реттеуге қатысты тапсырмаларына жеке сюжеттер арнады. Жаңалықтарға Атырау облысындағы апат, Ақтөбеде зейнеткерлерге шабуыл, Алматыдағы кісі өлімі, мемлекеттік ЖОО-ын сатылымға шығару (Қаржы министрлігі өкілінің пікірімен) туралы сюжеттер де алыныпты.

КТК-ның қазақша жаңалықтарында Тараздағы жарылыс туралы көрсетіп, екінші блоктағы жеті минутты съезге арнады. Ақтаудағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне тұрғындарды шақырып, бірақ жәрмеңкені өткізбей қойғаны туралы да айтты. Бұған қоса су тасқыны, Көкшетаудағы қылмыстық оқиға және Алматының клиникалық ауруханаларының бірінде бір күн тегін қызмет көрсету туралы материалдар кірді.

«Хабар» агенттігінің қорытынды жаңалықтары «Нұр Отан» партиясының съезіне және президенттің тапсырмаларына арналды. Депутаттар, партия мүшелері, көп балалы аналар пікір айтты. Сосын президенттің Таразда газ жарылысынан қайтыс болған адамдардың отбасына көңіл айтуы және жарылыс туралы шағын сюжетпен аяқталды. Жаңалықтардан кейін съездің видеожазбасын көрсетуді бастады.

Qazaqstan телеарнасы жаңалықтар эфирінің алғашқы жеті минутын съез залынан әзірленген сюжетпен ашты. Содан кейінгі 15 минутты съезде Назарбаев айтқан тапсырмалар турасындағы сюжеттермен толтырды. Мұнда Қазақстанның әр аймақтарынан көп балалы отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, бюджет қызметкерлерін сөйлетіп, олар нашар тұрмысын баяндай келе съезде Назарбаев айтқан әлеуметтік бастамалар осы мәселелерді қалай шешетінін сол кейіпкерлердің және президенттің сөзімен берді. Осылайша сюжеттердің барлығы да сол отбасылардың бұған дейінгі тұрмысы қандай нашар болып келсе енді қалай жақсаратынына арналды. Бірақ, көп балалы аналардың әкімдіктерге жиналып, талаптарын қоюы туралы ештеңе айтылмады.

Содан кейінгі 16 минутта «Нұр Отан» партиясының қалыптасуы, дамуы, бүгіні және келешегі туралы сюжеттер сериясын көрсетіп, партияның хатшысын студияға шақырып, тікелей эфирде сұхбаттасты.

Съез тақырыбынан кейін Тараздағы газ жарылысы, Назарбаевтың қаза болғандар отбасына көңіл айтуы, Қазақстан мен Вьетнам арасында құқықтық көмекті парламент ратификациялағаны, академик Әбдуәлі Хайдардың өмірден озғаны, Алматы облысында 6 мыңнан астам жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқаны жөнінде сюжеттер көрсетті. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс, Вьетнамдағы саммитте АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның кездесуіне де қысқа видео арнады.

«Астана» және «Алматы» телеарналары съез туралы сюжеттерінен басқа телекомпанияға не соның құрылтайшыларына қатысты сюжеттер әзірлепті. «Нұр Медиа» холдингіне кіретін «Астана» телеарнасы ең алдымен Президентке, сосын телекөрермендерге холдингтің жобалары туралы айтып берді.

Ал «Алматы» телеарнасы Алматы қаласы әкімдігінің көп балалы отбасыларды қолдауға арналған бағдарламаларын көрсетті.

«Астана» телеарнасы бұдан бөлек Тараздағы жарылыс, Астанадағы бөтелкедегі судан табылған лямблиилар, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара құқықтық көмек келісімі, Солтүстік Қазақстанда бала өлімінің артуы және су тасқынына дайындық туралы сюжеттер көрсетті.

Ал «Алматы» телеарнасы су тасқынына дайындық, полицейлердің ұрланған зат сатып алатындарды анықтауға арналған рейдтері, жоғалып кеткен жігіттің өлімі тақырыбына эфир арнады.

Екі телеарна акцияларын сатып алуды талап етіп жатқан «Қазақтелеком» миноритарийлерінің сот ісіне назар аударыпты. 31 арна телекоммуникациялық компанияның осы сот процесін БАҚ үшін жабық өткізуге тырысып жатқанына басымдық берсе, «Астана» телеарнасы сот ісінің бейбіт жолмен шешілуі мүмкін екенін айтады (мұнда «Қазақтелекомның» пікіріне сілтейді).

Atameken business channel съез туралы материалдарында бизнесті және ауылдарды дамытуға арналған шараларға көңіл бөлген. Бұл бастамаға қатысты сарапшылар пікір айтты. Телеарна «21 мың теңге бір балаға жете ме» деген сауал төңірегінде жұртшылық арасында сауалнама жүргізген. Жауап бергендердің көбі мұның аз екенін, бірақ бұған дейінгі жәрдемақымен салыстырғанда жоғары екенін айтқан. Ал ендібіреулері сол 21 мың теңгені беретініне сенбейді екен.

Atameken business channel эфирінде және «Информбюро» бағдарламасының қазақшасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың журналистерден қашқан видеосы да көрсетілді. Онда журналистер жаңа министрден 21 мың теңге жәрдемақы қандай отбасыларға берілетінін сұрайды. Министр тұщымды жауап бере алмайды.

Еске салсақ, мұның алдын интернет-сайттарына Бердібек Сапарбаевты Ақтөбе облысынан шығарып салып жатқан видео таралған болатын. Бердібек Сапарбаев бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі болған.

Ал енді осы күні қазақстандықтар қандай жаңалықтарды жиі бөлісіпті. Mediametrics сервисі ұсынған деректерге қарасақ, ең танымал 10 материалдың жартысы Президенттің бастамаларына арналған. Бірінші орынға көпбалалы отбасының әр баласына 21 мың теңгеден жәрдемақы берілетіні туралы жаңалық шығыпты. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы өсетіні, Президент тапсырмаларының толық тізімі және Нұрсұлтан Назарбаевтың кеденге қатысты «Әлдебір бастықтар кеденді «ұстап отыр» екен. Ол қандай бастықтар?» деген сөзі бар жаңалықтар танымал болған.

ТОП-10-дықтағы үш тақырып: «Жаңаөзендегі оқиғалардан ақпарат таратпақ болған журналистерді «әлдекімнің» арызы бойынша тұтқындады», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасарына қол астындағы қызметкерін балағаттағаны үшін айыппұл салынды» және «Таксист жолаушы қызды 23 мың теңгеге Алматы әуежайынан жеткізді» қазақстандық телеарналардың эфиріне шықпады.

Жәнібек Нұрыш