«Жетінші арнаның» таңғы ақпараттық ойын-сауық бағдарламасы «Оян, Qazaqstan!» жуырда жүзінші рет эфирге шықты. Жоба жетекшілері бірнеше ай бұрын «қазіргі заман форматына бейімделген жаңа өнім ұсынатынын» мәлімдеген еді. Телебағдарлама нарықтағы балама жобалардан қаншалық ерекшеленді? Медианың бүгінгі талаптарына сай ма? «Жаңа репортер» соны анықтауға тырысты.
Тележоба аптаның 5 жұмыс күнінде сағат 07.00-09.00 аралығында эфирге шығады. Эфир мазмұны спорт, өнер, бизнес, ас әзірлеу, психология, тарих, әдебиет, тұрмыс туралы танымдық әрі көңіл көтеретін айдарлардан, музыкадан, Aibat жаңалық блогынан, студияға келген қонақтың әңгімесінен, қысқа қайырылатын позитив мәлімет-хабардан тұрады. Әдеттегі таңғы телеассорти. Біз қарашаның алғашқы 3 аптасындағы эфирлерге шолу жасадық.
Суицид пен сол бір статистика
Алматыда суицид жасаған оқушының оқиғасынан кейін 1 қарашада таңғы бағдарлама редакциясы осы проблемаға эфир уақытын бөлді. Басында тақырыпқа қатысты сюжет көрсетілді, онда Нұр-Сұлтан полициясының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова өздері жасаған талдауға сүйеніп, «Әйелдер мен жасөспірімдер суицид жасауға бірнеше рет оқталады, ал ерлер суицидті бірден жасайды» деген мәлімет айтты. Инспектор өзін өзі өлтіргендердің дені ер адамдар болса, түрлі себеппен аман қалған я райынан қайтқандардың дені әйелдер мен жасөспірімдер екенін айтамын деген ойын дұрыс жеткізбеді. Мұндай ақпаратты көрермен суицид амалдарын, тіпті сондай әрекет істегендерді өзара салыстыру, бірінен бірінің артықшылығы барын анықтау деп қабылдауы мүмкін. Суицидке қатысты абайсыз айтылған ақпаратты эфирден берерде оның этикаға қайшы келмеуі ескерілуі керек еді.
Бұл сюжетте психолог Жанаргүл Тұрманова көрерменге өте маңызды ой айтты: «Тәніміз ауырса, дәрігерге көрінетіміз сияқты көңіліміз жабырқағанда, бір ой мазалап жүргенде кәсіби көмек алуымыз қажет, ең болмағанда оны жақын адамдарға айтуымыз керек». Психолог бұл мәселенің шешімін іздеу үшін статистикаға үңіле бергеннен гөрі оның әлеуметтік-психологиялық факторларын бөлек қарастыруды да айтты. Бірақ редакция осы проблеманы студияда талқылауға психологты емес, сюжетте сөз сөйлеген полиция өкілін шақырып, қайтадан статистика негізінде әңгіме өрбітеді.
Студияда тұрған екі жүргізуші сюжеттегі мәліметті тыңдамаған я мән бермеген болуы керек, сұхбатқа дұрыс дайындалмағаны бірден білінді. Жүргізуші Салтанат Серкебаева полиция инспекторына «Қазақстан суицид бойынша дүниежүзінде алғашқы үштікке кіреді деген дерек бар, сол қаншалықты рас?» деген сұрақ қояды. Оның ойынша, Нұр-Сұлтан полициясының өкілі дүниежүзі статистикасына жауап беруі керек. Бүгінгі медиада қай дерек рас, қай дерек өтірік екенін журналист өзі анықтайтынын ойламай тұр. Суицид мәселесі дегенде ең әуелі осы деректі айту медиада әмбебаптанып бара жатқаны тағы бар. Инспектордың жауабы орынды: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейінгі мәліметі интернетте бар».
Полиция өкілі болғанымен Гүлмира Шырахметова мәселенің себебіне терең үңіліп, қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқару жолдарын айтты. Соған қарамастан Салтанат Серкебаева «Пандемияға дейін және кейін суицид көрсеткіштері өзгерді ме?» деген сұрақ қойып, әңгімені қайтадан құрғақ цифрларға бұрып жіберді және «Ондықтан шықтық па?» деп, бір күліп алды. Қисынсыз әңгіме эстафетасын екінші жүргізуші Алмас Тоғай да жалғап, «Ел бойынша суицид көрсеткіштері қай аймақта көбірек, қай аймақта аз?» деп сұрады. Ол Нұр-Сұлтан полициясының өкілі еліміздің басқа өңірі туралы жауап бере алмайтынын айтқызбай ұқпағаны қызық. Инспектор әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысады, бірақ жүргізушілер суицид пен абьюз, буллинг арасында байланыс болатынын ескермей, ол жөнінде ештеңе сұрамады.
Телеарна суицидке қатысты материал жасау мен оны болдырмау туралы ақпаратты беру тәсілдеріне көңіл бөлмейтіні байқалды. Осы жерде ұжымға пайдалы бірнеше материалдың сілтемесін бере кетуді жөн көрдік:
«Суицид в НИШ: как медиа «мусолили» юбку и винили родителей»;
«Суицид туралы ақпарат таратудың этикалық тұстары»;
«Суицид тақырыбына жазудың “жазылмаған” қағидасы» («Как писать о самоубийстве»).
Кішкентайлар мен кәсіби этика
9 қарашадағы эфирде Салтанат Серкебаева «Dara көзқарас» айдарында «ең маңызды мәселелерді балалармен бірге талқылайтынын» хабарлады. Балаларға «Ет, картоп, сәбіз қымбаттап кетті, неге қымбаттай береді?» деген сұрақ қояды. Оған бір қыз бала «Қытайлар коронавирусты істеп шығарған соң картоп, пияз қымбаттап жатыр» деп жауап берді. Жүргізуші «Сонда қытайлар кінәлі ме?» деп нақтылай сұрайды да, «Иә» деген жауап алады. Қыз бала «Қазақстанда қытайлар қаптап жүргенін» де айтады. Бұл жерде бағдарлама қызметкерлері журналистика этикасынан бейхабар болып тұр.
Кей мәселеге қатысты балалардың ойын білген қашан да қызық, бірақ бұл – басқа жағдай. Редакция тәжірибесіз ақпарат көздерінің байқамай айтқан, жаңсақ және басқаларға зиян келтіруі мүмкін сөздері мен мәлімдемелерін жарияламауы керек. Балалар осы санатқа жатады. Сонымен бірге журналист белгілі бір этносқа, елге немесе ұлт, нәсіл, дін, тіл, жыныс, география, әлеуметтік жағдай, басқа да ерекшеліктер бойынша біріктіруге болатын адамдар тобына қатысты жеккөрініш пен жалған түсініктерді өршітуге ықпал ететін ақпаратты таратпауы керек. Бұл туралы «Журналистер этикасының жаһандық хартиясында» да, «Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінде» де жазылған.
Коронавирусты «Қытай вирусы» ретінде көрсету – қоғамда ксенофобияны, әсіресе синофобияны, жалған ақпаратты, стереотиптерді өршітудің айқын мысалы. Сауатты медиа мұндайға жол бермейді, сала сарапшылары ол жөнінде талай жазып, мәселеге талай назар аударды. Медианың белгілі бір халыққа, этносқа, дін өкілдеріне, тағы басқа адамдар тобына жеккөрінішті байқататын сөзді әзіл-қалжың формасында да, балалардың тілімен де жариялауына болмайды. Телевизиядағы энтертейнмент өкілдері бұл салада ақпаратты сауатты қолдануға жауапты екенін ұққаны жөн.
Осы айдарында Салтанат Серкебаева тағы бір қыз балаға «Жігітің бар ма? Ғашығың бар ма?» деген сұрақ қойды. Таңғы шоуда гендер стереотиптеріне сүйенген қалжыңдар да айтылып жатады.
Бұл орайда редакцияға пайдасы тиетін материалдардың сілтемесі:
«Ложь, наглая ложь и новости»;
«Как избегать языка вражды в текстах: советы специалистов».
Студия таймингі: қонақ бар, уақыт тапшы
Тікелей эфирлерді шолып шыққанда режиссёрлар пульті мен жүргізушілер сценарийді қалай іске асырып жататыны, бағдарлама уақытын қалай реттеп жататыны дөрекі байқалып тұратынын көрдік. Көрерменге таңғы шоулардың ескірмейтін дәстүрі бойынша сұхбаттан соң видеоматериал тақырыпқа орайласқанынан емес, шақырылған қонақ студиядан шығып кетуі үшін ғана беріліп жатқаны бірден аңғарылады. Әдетте жақсы телебағдарламаның мазмұнынан оның қаңқасы, «тігісі» білінбей қалуы керек.
Эфир сыртындағы шығармашылық ұжым тайминг ретіне ғана көңіл бөлген кезде студиядағы сұхбаттың мазмұн-маңызы регламенттің тасасында қалады. Сол себепті эфир барысы сценарий уақытына сай боп жатса, аса қызық емес әңгіме де 10 минутқа жалғасып, жоспар керісінше болып жатса, студияға келген қонаққа 5 минутқа жетер-жетпес уақыт қана сөз берілуі мүмкін. 10 қарашада бағдарлама эфиріне Семей – Павлодар бағытындағы 330 шақырымды 45 сағатта жүгіріп өткен ультрамарафоншы дәрігер келді. Жүргізушілер онымен 5 минут қана сұхбаттасып, желаяқ жаттығу жасап жатқан жерінде қоштасты. Бұдан олар жаңалық уақытына не тағы басқаға үлгеруге тырысып жатыр десек, жоқ, одан кейін эфир барысында онсыз да қайталанатын сюжеттерді көрсетті.
12 қарашада студияға шақырылған пульмонолог пневмониядан сақтану амалдары туралы бір ғана сауалға жауап беріп үлгерді. Жүргізушілер 4 минуттан соң «Өте бағалы кеңестер екен, алтын уақытыңызды бөліп келгеніңізге көп рақмет» деп, осынша қысқа сұхбатқа аң-таң болған дәрігерді шығарып салды. Мұның себебі көп ұзамай белгілі болды – көрерменге «Дені сау ұлт» жобасын түсіндіру үшін студияға денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният келген екен. Вице-министр ұлттық жобаның бағыттары мен балаларды вакциналау туралы аттай 16 минут сөйлеп, отырып алды. Бұған дейін қатаң таймингшіл болған бағдарлама ұжымы эфир барысын студия қонақтарының лауазымына, әлеуметтік дәрежесіне қарай өзгерте салатынын аңғартты. Дәл осы күні бағдарламаға халықаралық нейл-олимпиададан бас жүлде алған 14 жастағы маникюр шебері Арулат Мұхаметқали келді. Жүргізушілер уақыт тығыз екенін айтып, Екібастұздан арнайы жеткен талантты баламен және оның әкесімен сөйлесуге 4-ақ минут бөлді.
Тікелей эфирге неше түрлі жағдай әсер етуі мүмкін, бірақ көрерменге нәтиже мен эффект қана маңызды әрі эфирдің және студияға шақырылған адамдардың уақытын бірдей бағалаған дұрыс. «Оян, Qazaqstan!» студиясында интерактив, аудиториямен байланыс та жоқ, яғни көрермен қонаққа сұрақ қоя алмайды. Бұдан «Адамдарды тікелей эфирге қатыстыру қаншалық қисынды?» деген де сұрақ туады.
Материалдар мәтінінің мүкісі
Бағдарлама эфиріндегі танымдық айдарларға Назерке Бұрхан, Гоги Дәрібай, Ердана Ержанұлы, Жаңабике Қабылда, Құдайберген Маханбетәлі, Шырақ Байназар сияқты тілшілер тартымды сюжет жасайды. Қай-қайсының да материалынан ізденісі, журналистік потенциалы, дара мінезі, шынайылығы байқалып тұрады. Бірқатары үшін бұл олардың журналистикадағы алғашқы тәжірибесі болуы мүмкін, кәсіби кемелденуі алда.
Осы себепті материалдар мәтініндегі олқылыққа қатысты сынды редакторлардың жұмысына бағыттаған орынды. Материалда автор «Ата өнерді жалғап жүрген ұлтжанды азаматтардың қатары арта берсін» деген сияқты тілек айтса, редактор журналистиканың негізгі талабын – журналист бейтарап дауыс екенін білмегені. Эфирдің басынан аяғына дейін «жаңалықпен бөлісеміз», «құпиясын бөлісеміз», «ақпаратпен бөлісеміз», «видеомен бөлісеміз» деген бітпейтін «бөлісулер» редакторлар кейінгі кездері калькасыз, сауатты жазу-сөйлеуге қатысты қандай талап айтылатынынан хабарсыз дегенді білдіреді.
«Оян, Qazaqstan!» эфирінде жарты сағат сайын жаңалық топтамасы беріледі. Aibat қызметі таңертеңгі бағдарламаның ойын-сауық сипатына қарамастан «позитив не бейтарап ақпарат қана» принципін ұстанбайды, мұнда оқыс оқиғалар да, қылмыстар да, әлеуметтік проблемалар да айтылады. «Жетінші арнаның» таңғы шоуы басқа телеарналардағы аналогтарынан сонысымен ерекшеленеді. Aibat топтамасы 1-2 репортаждан, кадр сыртындағы мәтіні мен синхроны бар 2-3 қысқаша хабардан тұрады. Өкінішке қарай, мұнда да редакторлардың нашар жұмысы байқалады.
Материалдардан «мыңдаған белсенділер», «миллиондаған қанаттылар», «барлық педофилдер» деген тіркестер естілді. «Иә, бұл шахтада төтенше жағдай бірнеше рет орын алып отыр», «Кезекті апаттан кейін де кеніш жабылады ма?» деген сұраққа Юрий Ильин жауап бермеді» (Аягөз Тұрсынбай, 8 қараша) «… кеншілер шаһарының тұрғындары апаттан әлі күнге дейін ес жия алмай отырғандарын айтуда», «… мұндағы ер азаматтардың дені шахтада жұмыс жасайды екен» (Аягөз Тұрсынбай, 10 қараша), «… жұрт ресейлік көліктерді Қазақстанда тіркемей теуіп жүре бергенді жөн көреді» (Айбек Қосан, 10 қараша) деген сөйлемдер дұрыс редакторлық сүргі-сүзгіден өтпеген.
Aibat тілшісі Айя Мүтәлі тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен жыныстық тәрбие туралы екі материалында (5 қараша, 9 қараша) «анасы қазақи ұятқа салып» және «қазақи ұятты желеу етіп» деген конструкцияларды қолданды. Бұл – ауызекі тілде ғана болуы мүмкін қарабайыр форма. Біріншіден, ұят – моральдық ұғым, «ұят болады» – қоғамда белгілі бір мораль негізінде қалыптасқан түсінік. Автор философия категориясын емес, тұрмыс деңгейіндегі түсінікті меңзеп отырғаны анық, бірақ оны білдіру үшін дұрыс тіркес жасай алмаған. Екіншіден, «ұят болады» деген түсінік бір этносқа (қазаққа) тән деп ойлау және сол себепті этносқа байланыстырып эпитет жасау – қате, стереотип әрі хейтспич. Қандай да бір мораль негізіндегі ырым-тыйым, ұғым-түсінік кез келген қоғамда болады. Үшіншіден, зорлық-зомбылыққа немесе табуға айналған проблемаларға осындай жайт себеп болғанның өзінде бұл тіркесті қолданып, оқиға факторларын біртиптендіру, жалпылау артық. Төртіншіден, материал сайын бір нашар оралымды қолдану лексика қоры мен логикадағы кінәраттан хабар береді.
Зорлық-зомбылыққа қатысты материалдарында тілшілер «азғын» сөзін емін-еркін қолданады. Журналист қанша жерден адамдыққа жат әрекет туралы айтса да, оның өшпенділік тілін қолдануға, кімді болса да айыптауға, дисфемизмдермен атауға құқығы жоқ.
Медиасарапшылар қызық болғанымен география бойынша алыста, сол себепті адамға тікелей қатысы да, пайдасы да жоқ хабарларды «қоқыс ақпарат» қатарына қосады. Қазіргі адам кез келген ақпаратты емес, өзіне жақынын, өміріне әсері барын, кәдеге жарата алатынын алуы керек. «Оян, Qazaqstan!» шығарылымдарының бірқатары YouTube-ке осы «қоқыс ақпарат» болып жарияланады екен. Тұтас эфирлерге «Мысырда мүсін жасайтын робот пайда болды/Мексикада ағаштан жасалған ежелгі майя каноэсы табылды», «Дубайда ұшақтар көрмесі өтті/Илон Маск Tesla компаниясының салығын төлеу үшін өз акцияларын сатты» деген cияқты атау берілген. Олар хостингіде Қазақстандағы көрермен үшін қажетсіз видео болып тұруы ықтимал.
Түйін
«Оян, Qazaqstan!» эфирге шыға бастағанда жоба жетекшілері «Біз таңғы шоу дәстүрін қазіргі форматқа бейімдедік: стилист кеңесі TikTok форматында, аспаздар рецепті Instagram форматында – қысқа, түсінікті, әдемі, қызық» деп мәлімдеді. Бірақ қазір басқа телеарналардағы таңғы бағдарламалар да сондай. Кезегімен жұпқа бөлінген жүргізушілердің эфирдегі қызметінде де, айдарлардың, материалдардың, сұхбаттардың мазмұн-формасында да тың не таңсық нәрсе жоқ. «Шапкасына» «өткір шындық», «кедейлік», «экстремизм» сөздері жазылған Aibat жаңалық шығарылымы ғана ойын-сауық конъюнктурасына бағынбайтынымен көзге түседі. Kantar компаниясының телевизия өлшемі негізінде қарашаның алғашқы 3 аптасында жасалған іріктеме бойынша «Оян, Qazaqstan!» Қазақстандағы көрермені көп телебағдарламалар ондығына енбейді.