ДомойМедиасынБалалар көп жылаған апта

Балалар көп жылаған апта

Балалар көп жылаған апта

Кейбір интернет-басылымдар оқырманды алдын ала тасжүрек немесе безбүйрек деп алады. Сондықтан, естіртетін дүниені тас төбеңнен қойып қалады. Қолданушыларды көбейту жолындағы жарыста бәрі де әжетке жарайды. Әсіресе, оқиға орнынан қаны сорғалаған таспа болса, тіптен жақсы. Оны «31 арна» сияқты блюрлеу немесе zakon.kz сияқты блюрлемеу – журналистік парасатқа байланысты.

zakon.kz сайтынан скриншот

Қазір небір сұмдықты «18+» деген дисклеймермен көрсете беретін қулық шықты. Шымкентте 8 сәуірде бетімен кеткен автобус қағып, өлген және жарақат алған адамдар туралы хабарларда осылайша оқиғаның себебі мен құрбандарынан гөрі, бейнежазбаның драматургиясы алға шықты.

arbat.media сайтынан скриншот

Журналистер дисклеймер немесе баспасөз принциптеріне бағынбайтын дереккөзден (мысалы, жекелеген блогерлердің парақшасынан) embed-видео қою арқылы этикалық жауапкершіліктен құтыла ма, талқылауды қажет ететін мәселе. Айталық, Қазалыдағы жасөспірімдер төбелесінен тараған жантүршігерлік кадрдың баспасөздегі көрінісін алсақ. arbat.media басты фотоға тепкінің астында қалған жасөспірімнің бетін мозаикамен бұлыңғыр қылған. Амал не, мақала ішінде telegram-арнадан қойылған видеода баланың бетін де айқын көресіз, боқтық сөздерді де анық естисіз. Жаңалық жеткізудің бұл түрін кең тараған деуге болады. Мысалы, Halyq Uni ақпараттық агенттігі де дәл осындай порымда баяндаған.

Баспасөздің бұл оқиғаға рефлексиясы да, дәлірегі – рефлексияның жоқтығы да үрейлі. Бұл орайда тек «Қызылордада орын алған оқиғалар жалған статистиканың нәтижесі ме?» деген мақала ғана кездестіре алдық. Басқасы – әлеуметтік желілерде ғана, оның өзінде, әдеттегідей, жеке пікір форматында. Резонанс оқиғалардың ізімен тек хайп элементтері болса ғана жүретін әдет осы жайттан анық көрініп тұр.

halyq-uni.kz сайтынан скриншот

Бұл оқиғалар легі жалаңаштаған тағы бір проблема – жаңалық журналистерінің telegram-арналар сияқты жылдам ақпар көздерімен бәсекеге түсуге мәжбүр. Сондықтан, редакцияның мөрі және БАҚ туралы заңдар бойынша ресми сұрау салу құқы болса да, жекелеген блогерлерден дәйек келтіреді.

Өскеменде болған қыздар төбелесінде де этика кликбейттің құрбаны болып кете барды. Мысалы, жоғарыда сипатталған Қазалыдағы оқиға «оқушылар төбелесі» деп тараса, Өскемендегі оқушылардың қыздар екенін баса айту сорақылық деңгейін күшейтетін болса керек. Дағдылы сексизмге, әлде сексизмнің дағдысына таза визуал түрде де көз жеткізе аласыз. Ер балалар төбелессе – оқушылар, ал қыздар төбелессе – қыздар. Видеоларға келсек, олар қаз қалпында, оқушылардың айқын кейпімен жарияланды. Қазалы драмасында кейбір БАҚ ең болмаса мақаланың басты фотосында ізет сақтаған кейіп танытса, бұл жолы ешкім аянып қалған жоқ. Міне, немесе міне. Болмаса, міне тағы да. Әйтеуір, кейін осы embed-видеолар әлеуметтік желілерде бұғатталыпты.

Қазір осы видеоны қаз қалпында таратқан 20 шақты ресурста (тек есепке алғандардың саны) мынадай ескертпелер тұр: Жалпы, өткен апта балаларға ауыр болды немесе балалар төбелесіне, суицид, қайғылы оқиғаға толы апта болды. Өкінішке қарай, осы аптада сонымен бірге редакциялардың әлдебір импульс алып кетіп, күйіп тұрған тақырып болмаса, басқасына онша қызықпайтыны байқалды. Мысалы, мына оқиғаны алсақ.

Бұл оқиға туралы жаңалық ресурстарында ештеңе жоқ. Дәл сол уақытта жоғарыда келтірілген және келтірілмеген БАҚ-тардың кеңсесі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл бүлдіршіннің тағдыры неге қызық емес? Оқиғаны полиция тіркемеген болса, тіркемегені неге қызық емес? Рерайт жасап, «жуткая авария», «видео наезда», «жантүршігерлік төбелес» деген кликбейт атау қоятын дайын дүние болмаса, оқиғалар қоғамдық бақылаусыз кете беруі мүмкін бе? Ресми органдардан хабар жоғына қарағанда, мүмкін. Себебі, тап сол оқушылар төбелесіне байланысты облыс әкіміне дейінгі шенеуніктер пікір білдірді. Өздігінен деп ойламаймын. БАҚ-тар жарыса жазып, назар аударғасын сияқты.

arbat.media сайтынан скриншот

Бұлар – интернет-ресурстар күнде жариялап жатқан «жаға ұстатар» жаңалықтардың бір көрінісі ғана. Қай-қайсында болмасын тұрмыста жапа шеккен әйелге де, қайғылы оқиғаға ұшыраған балаға да, жалпы ешкімге аяушылық жоқ. Журналистер (әйтеуір, тіркеуі бар БАҚ қызметкері) өздері де аңдамай, ыза-кек тудыратын сөз саптаудан жарыс жолына түскен. Рейтинг үшін материалда жалаңаш жасөспірім барына көрінеу нұсқауға, боқтық лексикаға мән бермеуге болады, тіпті құпталады.

Қызығы, бұл жазба қалыптасқан ахуалға менің тарапымнан налу, қапа болу емес. Журналистер қауымы арасында этика бойынша ортақ ұстаным бар-жоғына көз  жеткізуге тырысу ғана. Оқиғаны жылдам әрі нақты жеткізу өнер ме, әлде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзудың шекарасына дейін баратын атау мен сипат беруге үйрену керек пе? Егер әйтеуір заңды аттамайтын, бірақ шыңғырып тұрған жаңалық жазу өнер болса, журналистикаға машықтанып жүргендерді алдап не істейміз? «Жіберіңдер аттың басын!» демейміз бе? Бұл сөзімнің құйтырқы ақпарат тарауына кейде өзі мүдделі әншілер мен басқа да өнер «қырандарына» қатысы жоқ. Ең болмаса балаларды аясақ деймін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР