Q-pop бағытында түсірілетін клиптерде жиі кездесетін символдар қайсы? Бұл символизм нені білдіреді? Z ұрпақ осы символдар арқылы не айтқысы келеді? Медиасыншы Мерей Қосын q-pop клиптеріндегі ортақ символдардың астарына үңілді.
Таяуда Ninety One тобының «Lie» атты жаңа синглі шықты. Бір қарағанда, ән атауы қазақ тіліндегі “лай”, яғни “балшық” деген мәнді білдіретін сияқты. Шын мәнінде, олар бұл сөздің ағылшын тіліндегі “өтірік”, “жалған” деген нұсқасын бұрмалап қолдана отырып, жалғандыққа, өтірікке толы біздің қоғамды меңзеп тұрғанын байқау қиын емес. Ирина Кайратовнаның «Беги» бейнебаянын еске түсіріңіз: күйеуінің қолынан қаза тауып жатқан әйелдер. Байқағанымыздай, қатып қалған таптаурындарды шағып, бұзып келген сахнаның ендігі иелерінің үні медианы жаулап ала бастады. Ал біз оларды тыңдауға, санасуға мәжбүрміз.
Әлқисса…
Өткен ғасырдағы Еуропада соғысқа қарсы қозғалыстар, азаматтық және еркіндік құндылықтарын тарату, феминистік қозғалыстар мен нәсілшіл дискриминацияға қарсы күресті Queen, The Beatles, Pink Floyd, The Rolling Stones, Джон Леннон, Майкл Джексон, Мадонна, Боб Дилан сияқты аты аңызға айналған эстрада жұлдыздарынсыз елестету тіпті мүмкін емес. Поп-музыка тарихына қарасаңыз, бұл өнер қоғамдағы саяси-әлеуметтік және мәдени құндылықтар өзгерісіне үнемі тікелей қатысқанын көреміз. Ең қызығы: сол жұлдыздарды жұрт табынып, таңданатын бейнеге айналдырған — олардың танымал бейнеклиптері екенін баса айтуымыз керек. Демек бүгінгі музыкалық клиптер өзіндік медиа-өнім ретінде қоғамда аса ықпалды күшке айналды.
Ал енді қазақ сахнасына үлкен серпіліс әкелген Q-pop бағыты мен осы бағытты жасаушылардың күші неде?
Олардың мәңгілік тақырып — махаббат тақырыбын әнге қосуы да ерекше: бұрынғыдай «күйдім, сүйдім, сенсіз өмір жоқ маған» емес, керісінше, «шаршадым, жалықтым, қаламасаң кете бер, еркіндік бер маған» дейтін, ережеге бағынғысы келмейтін, «қараңғыдан жарыққа ұмтыламын мен, сенім бар менде» дейтін ұрпақ.
Олар әйел мен ер бейнесіне келгенде де стереотиптерді аттап өтеді. Өздеріне дейінгі той-бизнес болып кеткен сахнаны олардың стандарттарға бағынбайтын көңіл-күйі басты.
«Q-pop бағытын өзгенің көшірмесі ғана» деп есептейтін біржақты көзқарастарға қарамастан, бұл бағыттың бет алысы ерекше қарқынды екенін, қоғамда тудырып жатқан ықпалы аса үлкен күшке айналып бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Q-pop музыкалық туындыларын емес, сол туындыларға түсірілген бейнеклипті алайық. Бұл бейнеклиптер миллиондаған қаралым жинайды. Ең алдымен медиа өнім ретінде біздің қоғамның, әсіресе негізгі тыңдармандары болып саналатын Z ұрпақтың жадына қандай да бір мәдени құндылықтарды сіңіріп жатқаны анық.
Осы жаңа бағыттағы бейнеклиптердегі көп кездесетін ортақ символдар нені білдіреді? Бейнеклипті медиа өнім ретінде қарастырып отырғанымыз себепті сондағы шифрланған идеяларды түсінуге тырысып көрелік. Бұл идеялар тек стандарттарға, стереотиптерге ашық көріністерден ғана тұрмайды. Мұнда тереңге тамырлаған белгілер бар. Дәл сол белгілерден бір ұрпақтың бейсаналы түрде жасалып жатқан бейнесін де көруге болады. Сол бейнелерді Q–pop бағытының медиа өнімдерін (клиптерін) мифологиялық тұрғыдан талдау арқылы ғана таба аламыз.
Ең алдымен «неліктен мифологиялық талдауға жүгінуіміз керек» деген сұраққа жауап берейік. Мирча Элиаде айтқандай, біз әлі де мифі тірі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мифологиялық қоры әлі реконструкцияланып, әртүрлі саяси интерпретацияларға ұшырап үлгірмеген, әлі де болса таза мифтік үлгілерге сүйене өмір сүріп жатқан дәстүрлі қоғам ретінде қазіргі заманауи музыкалық бейнебаяндарымызды дәл осы мифтік сарындар арқылы талдап, өзіміз туралы терең қатпарларды ашуға қол жеткіземіз. Бейнеклиптегі мифтік сарындардың кілтін табу — шындығында қазіргі қоғамның, әсіресе осы Z ұрпақ санасында жасырынып жатқан талап-тілектерді оқуға мүмкіндік береді.
Бұл музыкалық өнімдерді бір қоғамда, бір саяси-әлеуметтік жүйе астында, бір уақыт шеңберінде және бір ұрпақ (“Z ұрпақ” деп те атауға болатын шығар, өйткені орындаушылардан бөлек, сол өнімді жасап отырған мамандар да сол жас шамасында) өкілдері жасайды. Міне, сондықтан ұқсастық болатыны анық. Енді осы ұқсас белгілердің астарына үңілейік…
От
Q–pop бағытындағы бейнеклиптер кадрлерінің артқы фонында жиі кездесетін символдардың бірі — от бейнесі. Бір қарағанда, от — сахнаға енді келіп жатқан жаңа ұрпақтың тасыған күш-қуатын меңзейді. Ал енді осы от бейнесіне бір сәт мифтік тұрғыдан қарасақ, ең алдымен грек мифологиясындағы қатігез құдайлардан адамзатты құтқаратын Прометей бейнесі ойға оралады.
Құдайлар дүниесінен от ұрлап әкетіп, жердегі адамдарға беру арқылы оларға қайта тіршілік көзін ашқан және осы әрекеті үшін Көктегілердің қаһарына ұшыраған кейіпкер әрекеті.
Кейінірек, христиандық апокалипсис мифтерде от туралы: «Христос тағы да келіп, жерді отпен тазартады. Қырық күн бойына құдай жерге, оны күнә мен нәпсісінің жаманшылығынан тазарту үшін от жібереді» (Ефрем Сирин, Bousset) делінген.
Екі жерде де от — құтқарушы, тазартушы рөлін ойнап тұр.
Әрмен қарай өзіміздің түркі әлемінің тәңіршілдік сенімі бойынша от нені білдіретінін еске түсірейік. Әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан отпен аластау ырымы — сол тәңіршілдік кезеңінде отқа табынудан қалған ырым. Осынау киелі жоралғы мал өрісін, қонысжайды кесір-кесапаттан сақтау, адам мен малды ауру-сырқаудан айықтыру үшін қолданған.
Ежелгі қазақтар от тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретті күш санаған. Жайлауға көшкенде жүк түйеген керуенді «алас-алас, әр пәледен халас» деп екі оттың арасынан өткізген. Бұл сөздер «арылу, бостандық алу» деген мағына берген.
От — «тазарту күші» екенін дәлелдейтін осы сияқты мифтік мотивтер іздесеңіз, тізім жалғаса береді. Сонымен, дәл осы от символы қазіргі сахнамызға келген жаңа ұрпақтың бейнеклиптерінде жиі кездесіп жатыр?
Бұл сұраққа К.Г. Юнг ашқан аналитикалық психологиядағы «коллективті бейсаналықты» құрайтын структуралық элемент архетип тұрғысынан қарасақ, бәрі түсінікті болады.
Адамның ойлау жүйесі, жасаған шешімдері мен әрекеттері белгілі бір дәрежеде үнемі тарихи кезеңде қалыптасқан мифтер ықпалында болып, белгілі бір бейнелерге еніп, белгілі бір мәндер береді.
Ең қызығы — қаласақ та, қаламасақ та ішкі қалауларымыз бен тілектеріміз немесе ішкі қарсылығымыз бейсаналы түрде белгілі бір мифтік образдар күйінде өмірімізге енеді. Демек, Q–pop бағытындағы бейнеклиптерде ең жиі кездесетін от бейнесі де бейсаналы түрде туып отыр. Бұл Z ұрпақтың қандай да бір қоғамдық тазаруға деген ішкі тілегі сияқты.
Саяси жас мөлшері тұрғысынан бұл ұрпақ әлі өз билігін өз қолына ала алмаған, әлеуметтік тұрғыдан әлі бағынышты топ болып саналады.
Біздің қоғамдағы әбден күрмелген мәселелер қандай да бір деңгейде уақыты өтіп бара жатқан топтардың (ұрпақтың) арқасында жасалған хаосты немесе лас, шіріген, күнәлі кеңістікті елестетеді және біз айтқан өнер туындыларын жасап жатқан топтың осы лас қоғамға деген ішкі жасырын қарсылықтары оттың символдық мәніне еніп отыр. Бұл олардың от киесі арқылы осы қоғамды қайта тазартқысы келу ниетінен хабар береді. Мұндағы от образы олардың өздері де болуы мүмкін.
Тор
Енді бір өте жиі кездесетін бейнелік символ: ол – теміртор. Ең қызығы — бұл бейненің санамызға қалай кіріп алғаны: тор бейнесінің біздегі тарихи қалыптасуына қарасақ, жақын уақытты көрсетеді. Таңғаларлық жақын уақыт.
Әдетте түзу сызықтар бірін бірі кесіп, шоғырлана орналасатын формасын құрайтын тор бейнесін түрмесіз өмір сүрген көшпенді халықтың ерте тарихынан табу қиын сияқты.
Мұндай форма тек кереге, яғни киіз үй қабырғасын құрайтын ағаштардың орналасуын ғана есімізге түсіреді. Ал керегедегі айқасқан, қатарынан тізілген түзу сызықтар шындығында береке-бірлікті, ынтымақты, бірігуді білдіреді.
Әйтсе де бүгінгі әрекеттеріміздің барлығы белгілі бір дәрежеде тарихи оқиғалардың тікелей қатысуынан болатынын, олардың белгілі бір мифтік символдар күйінде қазіргі өмірімізде қайта көрініс тауып отыратынын тағы еске түсірсек, тор бейнесі ХХ ғасырда біраз халықтың жадында соншалық сүркей түнек образбен астасып сақталғаны белгілі.
Отызыншы жылдардағы ұлттық интеллигенцияның қуғын-сүргінге ұшырау оқиғалары — сол уақытты көрмеген бүгінгі ұрпақтың жадында тек әртүрлі медиа арқылы жеткен бейнелер мен дыбыстар негізінде ұлттық тарихи жара ретінде қабылданды. Осындай тарихи қанды оқиғаларды жеткізгенде медианың негізгі көрсететін бейнесі — лагерлік темірторлар болғанына ерекше назар аудару керек.
Марианна Гирш (Marianne Hirsch), Кэти Карут (Cathy Caruth) сынды зерттеушілер дәлелдемелеріне сүйенсек, біздегі постсана (яғни тарихи оқиғалардың тікелей куәгері емес бүгінгі ұрпақ) ХХ ғасырмен байланысты тарихи жараларымыздың көбін осы тор формасындағы бейнемен ассоциацияландырады.
Міне бұл тұрғыдан қарағанда, бейнеклиптердегі теміртор бейнесі — сол бір тарихи жаралардың көрінісі болуы мүмкін. Бүгінгі постсана жасап жатқан өнер туындыларында сол бір тарихи жаралардың символ түрде көрініс табуы — “қазіргі ұрпақ өз қорқыныштарынан осылай құтылғысы келеді” деген ойға әкеледі.
Еркіндікті ұрлаған, адамның шарасыз күйін көрсететін бұл тор бейнесі — бүгінгі біздің қоғам туралы болуы әбден мүмкін. “Олар өздерін тор ішінде сезінуінен де осы бейнені жиі қолданып отыр” деген балама да ұсынуға болады.
Бүгінде Гәкку арнасында көрсетілетін Q-pop бағытындағы бейнебаяндарда немесе сахна айналасында жүрген әңгімелерде қандай да бір милленаристік қозғалыстар (милленаризм — қоғамдағы түбегейлі трансформациядан кейін “бәрі де өзгереді” дегенге сену) сарынына ұқсас, яғни “ілкі бастауларымызда текті халық едік, сол бастауларымыға қайта оралуымыз (белгілі бір үлкен өзгерістерден кейін) керек” дегенге саятын идеялар да жоқ емес.
Ghost dance сияқты тарихта болған милленаристік идеяларды еске түсіретін мұндай өткенді аңсау, бастауларға ұмтылу — постколониал қоғамда жиі кездесетін табиғи құбылыстардың бірі. Әрине, мұндай «Қазақ болып тумағанда нетер ем» дейін өзін әсіресүйгіш әрекетті қазіргі эстрададан ғана емес, телеарналардағы көптеген бағдарламадан да жиі байқаймыз.
Көріп отырғанымыздай, Q-pop бағыты біздің қоғамға өзіндік ерекше сілкініс алып келсе де бұл біркелкі идеялардың жиынтығы емес, терең қатпарлы кеңістік болып отыр. Бұл бағыттың медиаға қосып жатқан үлесін саралау — біз үшін маңызды болмақ.
Ал сіз Q-pop жанрындағы кімдерді тыңдайсыз?