Домой Блог Страница 29

Ассамблея сессиясы, бензин бағасы және қырғыз-тәжік шекарасы. 26 сәуір-2 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламаларға ортақ тақырып — Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы. «7 күн» және Apta бағдарламалары президент Қ.Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездескеніне де сюжет арнады. «Басты бағдарлама» редакциясы бала күнінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды сөйлетіп, ауыр тақырып қозғапты. Apta авторлары бензин неліктен қымбаттап жатқанын талдап, мұның жаппай қымбатшылыққа ұласуы мүмкін екеніне алаңдапты.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарламаның бастапқы 5 минуты Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихына, институт ретіндегі рөлі мен Тұңғыш президент Н.Назарбаев ұйымға төрағалық ету құзіретін президент Қ.Тоқаевқа бергенін баяндауға арналды. Содан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына 10 минуттық сюжет арнады.

Кешегі апта соңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуге қатысты. Осы кездесуден 10 минуттық сюжетте жоба қатысушыларынан пікір алып, президент сөзінен ұзынсонар үзінділер берді.

Мемлекет басшысының апта ішіндегі телефон сөйлесулері мен қабылдауларына шолудан кейін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне де сюжет берді. Сюжетте қазақ тілін жетік білетін, Қазақстанда табысты еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерін көрсетті. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтар достығын қалыптастырудағы орнын да айтып өтті.

Ал QazVac вакцинасы туралы сюжет отандық вакцина жасаушылармен сұхбаттан басталып, отандық вакцинаның ерекшелігі, қалай дайындалғанын баяндайды.

«Жолда абай бол» сюжеті мопед, электросамокат, велосипед айдағандардың жол апатына ұшырау оқиғаларын жинақтапты. Жол қозғалысына қатысатын көлік ретінде тіркелмесе де бұл көлік құралдарының өз жол ережесі бар екенін еске салып, құзырлы орган мен велосипедшілер қауымдастығының өкілдері пікір, комментарий берген толымды сюжет.

Бағдарлама экология тақырыбына арналған «Экология — ел тынысы» деген сюжетпен аяқталды. Сюжетте тілші Сәкен Сейітханұлы экологияға тигізген зардабы үшін салынатын айыппұл мәселесін қозғайды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама негізсіз айыппұлдар мәселесін қозғаған сюжеттен басталды. Сюжетте жер-жердегі ақылға қонымсыз айыппұлдар оқиғасын жинақтапты. Мәселен, Қостанай облысының Владикинка ауылындағы дүкен сөресінде екі бөлке нанның беті ашық тұрғаны үшін «санитарлық талаптарды сақтамады» деп дүкеншіге 83 мың теңге айыппұл салынған екен. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен айыппұлдың заңсыз екені дәлелденіпті.

Ал «Ұр тоқпақ» айдары Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы қызғалдақ оқиғасына арналады. Қызыл кітапқа енген «Грейг» қызғалдағының 6 талын жұлған азаматқа «9 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін» деген ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен. «Ұр тоқпақ» авторы Айдана Үсенбай осы мәселеге тоқталып, далада өсіп тұрған гүлдерді жұлуға болмайтыны жайында еш ескертпе тақтайша қойылмағанын мәселе етіп, заңгер пікірін берді. Дәл осы ескертпе тақтайша жөнінде құзырлы орган өкілдері пікір білдірсе, жөн-ақ еді.

«Жыл сайын Қазақстанда жүздеген балаға жыныстық сипаттағы зорлық жасалады». Алғысөздегі осы қорқынышты деректің дереккөзін айтпады. Сюжет жас балаларға жасалатын зорлыққа дер кезінде мән берілмейтіні, жасыруға қазақы менталитет те бейім екені туралы болды. Зорлық көрген екі кейіпкер хикаясын баяндап, психологтар пікір білдіріпті. Кейіпкерлер уақытында айтылмай, кейін ашылмаған қылмыстың зардабын тартып жатқанын әңгімелейді. Ішкі істер органдары тарапынан комментарий болмады.

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлгі күні мерекесіне арналған сюжеттің алғысөзіне жүргізушілер Қордай оқиғасының қатысушыларына сот үкімі шыққанын, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткенін айтып, Қазақстандағы неміс отбасының тұрмысын көрсетті. Тілші сюжетін «Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісін алып жатқан мемлекеттер бар» деп аяқтады. Алайда қай-қай мемлекеттер екенін атамады.

«Осы апта қайғылы қазамен айшықталды… 81 жасында Ескендір Хасанғалиевтен айырылып қалдық». Жүргізуші Әсем Изатқызы композитор Ескендір Хасанғалиевтің бақилық болғанын осылай естіртті. Қазақ тілінде «айшықталды» сөзі жақсы хабарға, ал «айырылып қалдық» тіркесі әдетте жас адамның өліміне айтылатынын редакторлар ескермесе керек.

Бағдарлама соңында тілші Айдана Үсенбай Түркістан облысындағы Укаша ата құдығына сапарын баяндады. «Басты бағдарлама» авторларының Түркістан облысындағы туризм нысандарын насихаттауы дәстүрге айналғандай. Мәселен, өткен шығарылымда тілші Айдана Үсенбай Қазығұрт тауына барып, «Ғайып ерен, қырық шілтен» деген жердің кереметін танытқан еді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қазақстандағы COVID-19 және коронавирусты пневмония, вакцина алғандар статистикасынан басталды. Коронавирустың ағзаға зиян салдары, өз бетінше емделу, түрлі түсініксіз қытайлық дәрілік қоспаларды ішу, асқыну, емдеу хаттамасы, вакцинация тақырыптарын қамтыған сюжетте бірнеше кейіпкер бар. Елдегі вакцинацияның баяу жүргізілуі, QazVac вакцинасы, коронавирус нұсқалары, Үндістандағы коронавирус індетінің күшейгенін де айтты.

Президент Тоқаев апта соңында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Хикаясы қызық жеңімпаз кейіпкерлер бар.

Қазақстанда бензин қымбаттап жатыр. Сюжетте бензин бағасы мен халықтың айлық табысы бір бірінен алшақ жатқанын, адамдардың кірісі аз, ал бензин бағасы шарықтап тұрғанын айтады. Тілші бензин қымбаттауы басқа тауарлардың құнына қалай әсер ететінін түсіндіріп, сарапшыларды сөйлетеді.

Сырдарияның суы азайып барады. Өзен алабындағы Қамбаш көлінің суы тартылып, жағалаудан 500 метрге алыстаған. Қызылорда облысындағы жоғалып бара жатқан көлдер тақырыбына арналған сюжетте жергілікті тұрғындардың қиын тұрмысы мен жағдай қаншалықты ауыр екенін айқын көрсетті.

Қырғызстан-Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс тақырыбына сюжет арнамай, президент Тоқаев екі ел басшыларымен телефон арқылы сөйлескенін хабарлап, оқиға орнынан таралған видеоларды көрсетті. Ал сюжет Қырғыз Республикасында кәсібін жүргізіп жатқан қазақстандық кәсіпкерлер мен компаниялар туралы болды.

Композитор Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды. Бағдарлама белгілі композитордың «Атамекен» әнімен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Деректі фильм түсіруге ақшаны қайдан табуға болады? Документалистер талқылауы

«Деректі кино. Қысқа метр» мектебі аясында документалистер Эльер Нематов (Өзбекстан тумасы, Орталық Азия елдерінде жобалар жасайды), Исмаил Зибай (Тәжікстан), Катерина Суворова (Қазақстан), Махпора Киромова (Тәжікстан) және Clique Film Festival, Qara Film Festival кинофестивалдерінің тең ұйымдастырушысы Дана Сәбитованың (Қазақстан) қатысуымен талқылау өтті. Спикерлер деректі фильм өндірісінің түрлі кезеңдеріне қаржы іздеу, фильмді көпшілікке таныту тәжірибелерін бөлісті.

«Кино командамен жұмыс істеуді үйретті»

Эльёр Нематов (Өзбекстан), документалист әрі фотограф, «Мен — шетелдікпін», «Әкем ертең келеді», «Мен — әйелмін», «Шопандар мен жоқтау», «Бұқара балалары» деректі жобаларының авторы.

— Құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың өмірі мен өлімі туралы фильм түсіріп жатырмын. Ол түрмеде 10 жыл жазасын өтеді. Оған Жалал-Абадтағы қақтығыс оқиғасынан кейін жалған айыптау іс қозғалды. Азимжан Асқаров туралы фильм түсіруді бұрыннан ойлап жүрдім. Техника мен қаржы іздедім. Кенеттен ол қайтыс болды. Міне, сондықтан да фильмім ұлдары оның денесін Қырғызстаннан Ташкентке көлікпен әкеле жатқанынан басталады. Бұл жобаны бүгінге дейін созып, кеш бастағаным — үлкен қатем болды.

Бұл — оқыту бағдарламасының аясында түсірілген жоба. Әуелі фильмді түсіруге 3000 доллар берді. Мұндай бюджет тек бір қалада түсірім жасауға арналған. Ал менің жобам халықаралық сипат алды: Қырғызстанда, Тәжікстанда, Ресейде түсірдім. Ақша таусылғанда тағы да берді.

Фильмді түсіруге дейін белгілі әрі тәжірибелі фотограф ретінде танылдым. Бұл деректі фильм жанрындағы алғашқы тәжірибем. Фотосуреттерді қайда жариялауды жақсы білемін. The Guardian, The Telegraph, Le Monde, The Wall Street Journal, Meduza басылымдарына жариялаймын. Ал фильмді қалай түсіру, қаржыландыру, көпшілікке таныту жайында білерім жоқ. Міне, сондықтан да оқып-үйреніп, продюсерлермен тікелей сөйлесіп, өзім жасауға ұмтылдым. Питчинг деген не екенін мүлдем білмейтінмін. Мұны да үйрендім. Әуел баста жалғыз жұмыс істесем, кино саласы бәрін жалғыз істемеуді, міндеттерді бөліп беруді үйретті. Процесс үш есе жылдам жүрді.

Тәжікстанда фильмге қаржы табудың бірнеше тәсілі бар. Мәдени орталықтың, Internews ұйымының, Сорос қорының грант байқауларына қатысу керек. Елшіліктер, мәдени атташелерден де қаржы табуға болады. Егер европалық елшіліктердің бірі қолдаса, онда бұған тағы басқа еуропалық елшіліктер қосылып жатады. Жеке тақырыптан гөрі әлеуметтік мәні бар тақырыптың грант алу мүмкіндігі жоғары.

Тәжікстанның мемлекеттік және жекеменшік телеарналарын қаржыландыру көзі ретінде қарастырмаймын. Олар тақырыпты қажетінше ашуға мүмкіндік бермейді. Олармен ұйымдастыру жұмыстары бойынша қолдауға келісуге болады. Бізде камера ұстаған адамдарды жақтыра бермейді, ал телеарнаның куәлігімен мүмкіндік молаяды.

«Ақша кез келген тұстан табылуы мүмкін»

Катерина Суворова (Қазақстан), «Завтра море» деректі фильмінің авторы.

— Деректі фильм түсіруге жеке қаражат табылады. Қамықпаңыз. Әр адам, тіпті әжеңіз де фильм түсіруге ақша бере алады. Адамның тағдыры жобаңыздың идеясымен ұқсас болса, ақша береді. Құрбым мейрамхана бизнесінде жұмыс істейді. Оның жетекшісі жобама қызығып, бірақ болмай қалды. Мұны ақша әр жақтан келетінін түсіндіру үшін айтып отырмын.

«Завтра море» фильміне Германиядан қаржыландыруды жеңіп алдым. Егер Германиядан қаржыландыру болса, онда титрде: түсірілім орны — Қазақстан, өндіруші ел — Германия деп жазылады. Маған саяси тұрғыдан өндіруші ел ретінде Қазақстан да аталуы маңызды. Сондықтан Қазақстаннан қосымша қаржыландыру іздедім. Жеке кәсіпкер қаржыландыруға келісті. Мұның екі себебі бар еді: біріншіден, оған Арал теңізі тақырыбы ұнайды. Екіншіден, Германияның ірі қорымен тең продюсерлік идеясы да ұнады. Титрде аты-жөні емес, оның атындағы қор атауы жазылды.

Бір қаржыландырушыдан жобаға қажет барлық соманы сұрамаңыз. Бір бөлігін сұрасаңыз, тез береді. Көптеген ірі халықаралық қорлар киногранттарды тікелей қаржыландырмайды. Алайда олар алдын ала зерттеу тақырыбына қолдау көрсете алады. Мәселен, Сорос-Қазақстан қорымен осылай жұмыс істеуге болады.

Қазқстанда көптеген ірі компаниядан қаржы алуға болады. Көбінің әлеуметтік департаменті бар. Мәселен, Chevron компаниясы. Тағы бір амал: Гете институты, АҚШ елшілігі, Internews ұйымы, Тұңғыш президент қоры, Ораз Әбішев киноқоры. Бұдан бөлек аймақтық қорлар, мәселен — «Артдокфест», ірі кинофестивалдер, үлкен халықаралық платформалар да бар.

Ешқашан мемлекеттен ақша алмадым. Мемлекетке жұмыс істеуге дайынсыз ба? Міне, осы сұрақты әбден ой елегінен өткізіп алыңыз. Мемлекеттік тапсырыстың мақсаты — елді жарнамалау. Егер кейіпкеріңіз мемтапсырыс мүддесіне сай келсе, онда жұмыс істеуге болатын шығар. Бұл фильмді түсіру қауіпсіз бе? Кейіпкеріңізге қауіпсіз бе? Тапсырыс орындауды ғана ойламай, шекараны айқындап, жобаңызға мүмкіндіктер табу маңызды.

Жергілікті қаржы көздерін табу оңайырақ. Халықаралық қаржыландыруды іздесеңіз, үлкен бәсекеге түсіп, бүкіл әлем елдерімен таласасыз. Барлығы ағылшын тілінде. Батыста оқығандарға жол беруге тура келуі мүмкін, өйткені бізде идеямызды қысқа да нұсқа жеткізуге үйретпеді. Кеңес одағында ақшаны бұйрықпен таратты. Ал батыс киномектептерінде мұны да оқытады. Ең бастысы — ағылшын тілін үйреніңіз.

Продюсердің ойлау жүйесі былай: «Бұл тақырыпта қайда айтуға болады, ақша берушінің мүддесіне қайшы келмей ме?», «Қайда және кім қолдайды?» деген сауалдарға жауабыңыз болуы шарт. Әрбір әлеуетті продюсерге арнап жаңа питч жазасыз. Бір кездесуде фильм мәдени ерекшеліктерді айтсаңыз, тағы бір кездесуде — гендер мәселесіне басымдық бересіз. Ешкімге өтірік айтпайсыз, тек мүдделес тұстарына алға шығарасыз.

Деректі фильм өндірісінің кезеңдері мынадай: фандрайзинг, идеяны сипаттау, зерттеу, түсірілімге дайындық, түсірілім, постпродакшен, дыбыс, монтаж, көпшілікке таныту. Педагог-драматург Марина Разбежкина бастауыш режиссерлер продюсерлікті өзі атқарғаны аса маңызды екенін айтады: экспедицияны ұйымдастыру, қаржыландыру, команда, техника, жанармай, логистика, жатын орын, тамақ, командадағы коммуникация, түсірілім кезіндегі көңіл-күй. Сонда алдағы басқа жобаларда команданың барлық мүшесінен не күтеріңізді білесіз.

«Қазақфильмге» жүгіндік, қолдаудан бас тартты. Сөйте тұра фильміміздің тұсаукесері Локарнода өтті. Меніңше, олардың бізден бас тартуы — мүмкіндікті жіберіп алу. Тәжірибемізге қарасақ, фильм шетелде неғұрлым көбірек танылса, Отанында да соғұрлым қызығушылық артады. Адамдар: «Егер Локарнода көрсетсе, онда бізге де қызық» деп ойлайды.

«Қазір фильмді танытуға көбірек көңіл бөлер едім»

Махпора Киромова (Тәжікстан), «Мардикор» деректі фильмінің авторы әрі журналист

— «Мардикор» деректі фильмінің ұзақтығы — 22 минут. Қара жұмыс істейтіндер нарығындағы әйелдерді көрсетемін. Бюджеті — 5000 доллар. Бұл қаржының жартысы техника сатып алуға және логистикаға кетті. Командада екі адам: өзім және оператор-монтажер болды. Айтпақшы, Тәжікстанда бірнеше табу тақырып бар. Мәселен, терроризм тақырыбы. Мемлекеттік органдармен мәселе туындауы, грант беруші қаржыландырудан бас тартуы да мүмкін.

Көптеген кинофестивалдің бір талабы — фильм бұрын көрсетілмеуі керек. Мен проблеманың барлық жақта айтылып, көрсетілгенін қалаймын. Фильмді YouTube-те жариялаймын. YouTube-ке жариялағанда бірініш күндегі көрсетілім мен комментарийлер саны маңызды. Егер фильм 24 сағатта кемі 1000 рет қаралып, ондаған комментарий жазылып, лайк жинаса, онда YouTube фильмді өзі таныта бастайды. Міне, сондықтан да промоушен ұйымдастырдық. Фильм Facebook-те де жарияланып, түрлі топтарда постер, сипаттамасы мен сілтемелер таратылды.

Фильмді таныту дегеніміз сілтеме жариялау ғана емес. Жоба ұзақ уақыт назарда болуы керек. Бір сілтемеден бірнеше күн ғана қаралым болады. Ұзаққа шабу үшін жариялағаннан кейін де белсенділікті күшейту керек. Мысалы, фильмдегі кейіпкер-әйелдерге көмектесу акциясының хабарландыруын тараттық. Хабарламада фильмге гиперсілтеме қоса берілді. 18 000 сомониден (бұл дегеніңіз 1500 доллар) астам ақша жиналды. Көмек қаржы үлестіру бойынша да ролик түсіріп, оған да фильм сілтемесін қостық. Мұндай белсенділік бірнеше аптаға созылды. Фильмді тәжік БАҚ-тары да қолдады. Ертеңіне барлығы жаңалық жариялады.

Фильмді YouTube-те жариялағалы тоғыз айдай өтті. Бүгінде күніне 50-60 қаралым қосылып отырады. Осы уақытта фильмді 160 300 рет көрді. Арнаның 1600 жазылушысы бар. Монетизация қосылды. Facebook-те де, фильмді көшіріп жариялаған басқа да ресурстарда қаралым бар. Фильмді танытуға 100 доллар салдым. Қазір танытуға бұдан да көбірек қаржы жұмсар едім. YouTube-та ақылы таныту жүргізбедік. Ал Faceook-та жарнама жасадық. О жақта 70 мың рет қаралды. Мұның 20%-ға жуығы ақылы танытудан үлесіндегі қаралым.

«Орталық Азиядан фильмдер әлі түсірілмеді, күтіп жүр»

Дана Сәбитова, Clique Film Festival жәнеQara Film Festival кинофестивалдерінің тең ұйымдастырушысы.

— Документалистерге айтарым: жұмыстарыңызды барлық фестивалге жіберіңіз. Орталық Азияда түсірілген фильмдер жақсы бағаланады. Орталық Азия туралы фильмдер аз, күтіп жүргендер бар. Өйткені Орталық Азия аймағының шынайы тұрмыс-тіршілігі туралы ақпарат аз. Әлемге біздің қалай өмір сүріп жатқанымыз қызық.

Біз де Деректі кино фестивалдерін өткізуге қаржы іздейміз. Фестивалдерімізді шетелдік қорлар қаржыландырады. Осында тұрып жатсақ та аймағымызда не болып жатқаны бізге де қызық.

Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде маған да, фильм авторы ретінде сізге де ең бастысы — көрерменіңізді табу. Фестивалдер — адамдар келетін кеңістік. Олардың арасында десиженмейкерлер, яғни шешім қабылдайтын, сіз фильмде көрсеткен проблеманы шешуге ықпал ете алатын адамдар болуы мүмкін.

***

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

Жәнібек Нұрыш

Деректі фильмнің үш ингредиенті. Белгілі документалист Джон Алперттің кеңесі

«Деректі кино. Қысқа метр» мектебі аясында белгілі америкалық документалист Джон Алперттің шығармашылық кездесуі өтті. Репортер, документалист, Қалалық қоғамдық телевизия орталығының (Downtown Community Television Center, DCTV) негізін қалаған Джон Алперт дүниенің түкпір-түкпіріндегі қиын аймақтарға барып, ондаған деректі фильм түсірген. Ол Facebook тікелей эфирінде мектеп қатысушыларымен кездесіп, деректі жобаларын түсіру тәжірибесін баяндап, бірнеше қызық оқиға айтып берді. Оның өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігі деректі кино түсіріп қана қоймай, кейіпкерлерімен достасуына да көмектеседі екен.

Таксистер туралы деректі фильмнен скриншот

— Бірінші фильмімді кездейсоқ түсірдім. Сол кезде Нью-Йоркте таксист едім. 1970 жылдардың басында бұл қауіпті жұмыс саналатын. Бізді нашақор-жолаушылар ғана емес, таксопарк басшылары да тонайтын. Олардың жұмыс шарты таксистерге тиімсіз болды. Басымызды қатерге тігіп, жұмыс істедік. Көліктің де жағдайы мәз емес. Кез келген сәтте тежегіші істемей қалуы мүмкін. Бір бірімізбен үнемі жарысып, жолаушыларға таласатынбыз. Бәрі бір бірімен бәсекелесетін. Бірігіп, жақсы еңбек шартына қол жеткізуге ұмтылмайтын.

Бір күні қолымызға арзан ақ-қара камера түсті. Таксистердің проблемасы мен шешу жолдарын ұсынатын шағын фильм түсірдік. Қаладағы 50 гаражда көрсеттік. Бұл сиқырлы таяқшаның сілтеуіне ұқсады. Кәсіподақ сеніміне ие болып, олар бізді тыңдады. Таксистермен қайта тиімді келісімшарт жасалды.

«Пәлі, мынау қажетке жарайды екен ғой» деп ойладық. Содан кейін білім туралы фильм түсірдім. Муниципалді мектепті жемқорлық жайлаған еді: әкімдік бөлінген бюджетті қалтасына басып, туған-туыстарын жұмысқа алып, жиналыстарда қарапайым адамдарға сөз бермейтін. Жемқорлық туралы айтсақ та бізге сенбеді. Видео түсіріп едік, сенді. Жемқор шенеуніктерді орнынан алып тастады. Біз тағы жеңдік. Енді барлық проблеманы камераның көмегімен шешеміз деп ұйғардық.

Жақсы журналистиканың үш құпия ингредиентін «TAP» (Джон үстеоді тақылдатқанда tap-tap-tap деген дыбыс естілді — автор ескерт.) деп атаймын.

Бірінші ингредиент — Time (уақыт). Фильм түсіретін жерде басқаларға қарағанда ұзақ болуыңыз керек. 

Нью-Йорктегі кедейлерді емдейтін ауруханадан сюжет түсірдік. Ауруханаға Спинелли мырзаны жеткізді. Инфаркт болып, өлім аузында жатыр екен. Аман алып қалды. Ауруханада бірнеше күн қалып, осы науқастың жағдайын бақылауым керек екенін түсіндім. Бірнеше күннен кейін дерті қозып, инфаркт тағы қайталанды. Аман алып қала алмады. Спинелли мырза қайтыс болды. Мұны видеоға түсірдік.

Мұның бірнеше себебі бар: медбикелер жетіспейді, кардиологқа жұмыс істеген уақытына қарай ақы төлейді (шұғыл қажет болғанда ғана үйінен ауруханаға шақырады), жабдықтар тозған (жөндейтін маман да, жөндеуге қажет бөлшектер де тапшы). Нью-Йорк ауруханасындағы жағдай үшінші әлем елдеріне ұқсас еді.

Осылайша Америка телеарналарынан камера алдындағы кісі өлімін алғаш рет көрсетті. «Кеше Спинелли мырза қайтыс болды» деген репортаж бен «Спинелли камера алдында өлді» деген репортаждың айырмасы бар. Сюжет үлкен дауға ұласып, жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Үкімет ауруханаға қаржы беруге мәжбүр болды. Міне, содан кейін қоғамдық телеарнаның есігі жабылып, қара тізімге ендік. Иә, журналист жұмысында мұндай да жағдайлар болады. Мұны да ескеру керек. Олар кейде «хабаршыны», яғни хабарлаушыны «атып тастайды».

Аурухана туралы деректі фильмнен скриншот

Уақыт ережесі тәуелсіз документалистерге арналған. Басшылығыңызға ауруханада бес күн жүргеніңіз ұнамайды. Иә, телекомпанияларға уақыт — тым қымбат, бірақ сіз үшін түк те емес. Уақыт — жеке ресурсыңыз, оны молынан пайдаланыңыз. Қажет жерде мейлінше ұзақ болыңыз.

Мұның тағы бір себебі — адамдар сізге сенуіне уақыт керек. Бұрын камера жабдықтары өте үлкен болатын. Бесік арбаға салып, алып жүрдік. Адамдар: «Ой, бесік арба! Ха-ха-ха» деп, жақын тартатын. Ғимаратта ұзақ болғанымыз соншалық, бізді ешкім елемейтін де болды. Адамдар ашылып сөйлеуі үшін өте абай болыңыз. Ентелесеңіз, шошытасыз.

Екінші ингредиент — Access (кіру/рұқсат). Уақытыңыз көп, бірақ қажет жерге кіре алмасаңыз, уақыттың пайдасы жоқ. Ешкім кіре алмаған жерге қалай баруға болатынын білген жөн. Кейіпкер сеніміне кіріп, олар ешкімге көрсетпейтін дүниесін сізге көрсеткісі келуі керек. Бұл — жұмыстың ең маңызды бөлігі.

1990 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильм түсірдім. Оған толықтай «кіре алмадым», тек жартылай ашылды. Репортаж да жарым-жартылай шықты.

Джон Алперт Қазақстандағы тренингте, 1993—94 жылдар

Netflix-тегі «Куба және оператор» фильмімді көріңіздер. Фидель Кастро туралы фильм. 45 жыл түсірдім. Фильм кейіпкерлерінің әлеміне кіре алдым, бәрі де достарыма айналды. Тіпті Фидель Кастромен де достастым. Кубаға қызыммен барғанымызда уақытылы елге қайта алмай, сабаққа кешігіп қалды. Фидель Кастродан қызымның мұғаліміне хат жазуын өтіндік. «Кешіріңіз, ол менен сұхбат алып жатқаны себепті кешігіп жатыр. Фидель Кастро» деп жазды. 45 жыл уақыт болды. Кейіпкерлер әлеміне кірдім.

Үшінші ингредиент — Passion (құштарлық). Бір нәрсені ұзақ уақыт, мәселен 45 жыл жасау өте қиын. Әлдекім камераның алдында көз жұмғанын да көру тіпті ауыр. Жұмысыңыз өте маңызды екеніне шын сенбесеңіз, жүрегіңіз «кейіпкерлер» деп соқпаса, онда ештеңе істей алмайсыз. Жеңілесіз. Мықты репортер бола алмайсыз.

Cuba and the cameramen фильмінің түсірілімінде

Қазір бізде, яғни АҚШ-та «ең пайдалы тағам — құрамы үш ингредиенттен аспайтын тағам» деп үйретеді. Түрлі қоспалар мен химикаттардан тұратын ұзынсонар тізім көрсеңіз, бұл зиян. Міне, сондықтан да үш құпия ингридиентті ғана қалдырайық: уақыт, рұқсат, құштарлық.

***

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

Жәнібек Нұрыш

«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» билік өкілі жұмысын қалай бағалайды?

Лай-балшықтан аяқ алып жүргісіз көшелер, елді мекен аумағындағы күл-қоқыс, ауызсуға, газ бен жарыққа мұқтаж тұрғындар, журналистің алдында ақталуға тырысқан әкімдер. Мұнда әдетте мемлекеттік телеарналардан жиі айтылатын біржақты ресми ақпарат жоқ, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі шынайы көрсетіледі, телеарна тілшісі әкімнің жұмыс орнына аяқ астынан бас сұғады. Мұндай телебағдарламалар көрерменге ұнайды. Сын көтермейтін тұсы да бар.

«Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров «Хабар 24» телеарнасындағы «Әкім» жобасының наурыз-сәуір айларындағы бағдарламаларына (тоғыз шығарылым) талдау жасады.

Мақтайтын жағы

Кадрдан дауыс мәнері, әзіл-қалжыңы, қылығы музыкалық телеарналардағы шоу-бизнес жаңалықтарын еске салатын тілшіні көреміз. Бірақ бұл біздегі стереотип болуы мүмкін және ол лезде ұмытылады: қағылез, ойнақы, пысық қалыппен ойын-сауықты ғана емес, әлеуметтік мәселелерді де айтуға болады екен. Аңғал боп көрінуден қысылмайтын тілші Ақбөпе Тәңірберген барған елді мекенінде жол неге нашар, ауызсу неге жоқ, неге қоқыс шашылып жатыр – бар проблеманы бірден тауып, оның шешімін іздеуге батыл кіріседі. 

Бір сәтте ол Шымкенттің қоқыс полигонында тұрса, одан кейін лай басқан көшемен жүреді, тұрғындардың шағымын тыңдайды, шағымды әкімге жеткізеді. Қосулы камера, дубльсіз режиммен түсіре отырып, республикалық телеарна эфирінен ауылдың барын бар, жоғын жоқ деп көрсетеді. Проблемасы ортақ, әкімге, шенеуніктерге өкпесі бар аудитория өзіне әйтеуір біреу көңіл бөлетінін түсініп, бұған риза болуы мүмкін. Әр бағдарламаның басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жергілікті билік органдары халыққа қолжетімді болуға тиіс» деген сөзі оқылуы, экрандағы картада Нұр-Сұлтаннан тілші барған елді мекенге дейінгі әуе бағыты сызылуы мәселені көрсетуге астанадан «арнайы мән берілгенін» меңзегендей. Мемлекеттік басқару жүйесін аудан әкімдері деңгейінде болса да сынау телеарнаны көрерменге жақындата түседі. 

Наурыздағы төрт бағдарлама Шымкент аудандары әкімінің жұмысы туралы болды.  Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов «бұл инфрақұрылымы ең артта қалған аудан» екенін айтып, тілші қандай кінә тақса да, «дұрыс» деп жауап берді, мәселелердің қай-қайсын да жасырмады. 10 елді мекенде ауызсу жоқ, әкім жылдың соңына дейін бұл ауылдарға су құбыры түгел тартылатынын айтты. Ми батпақ боп жатқан не асфальты шұрқ-тесік көше-жол елді мекендерге ауызсу, газ, жарық желілері салынып біткеннен кейін – 2023 жылға қарай жөнделеді екен. 

Тұрғындарды шаршатқан жайттарға көз жеткізген журналист эмоция-экспрессиясын іркіп қалмайды. Жаңаталап ықшамауданындағы көшені көргенде «Бұл – Шымкент қаласы???» деп таңданса, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекеніндегі батпақты кешкенде «Жаяу адам түгілі көлік өте алмайтын жол ғой бұл, ма-а-ас-қара-а-а!» демесіне лажы болмайды. Әкімдерден бар сұрағына тәптіштеп жауап алады, айтылған жауапқа бас шұлғи бермейді. «Орталық көшеге төсеген асфальтыңыз сол ма?» деп, сұрақты төтесінен қояды. Аудан басшысынан «қандай әкімсіз?» деп, қарсы жолыққан тұрғыннан «Мына азаматты танисыз ба?» деп және сұрайды. «Қызметкерлеріңізді, тазалыққа жауапты мекемелерді бастап, Бадам өзенінің жағалауына барыңызшы» деген өтініш те айтады. Мұндай қамқор телеқаһарман халыққа қалай ұнамасын!?

Тележобаның «ревизиясынан» әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімі де өтеді. Бұл аудандарда да сол проблема: ауызсусыз, газсыз, жарықсыз отырған тұрғын үй алаптары бар, жол инфрақұрылым желілері жүргізілмейінше жөнделмейді. Ақбөпе Тәңірберген сөйлескен тұрғындардың көбі әкімі кім екенін білмейді, жұмысына да риза емес. 

«Әкім» тележобасының эфирге шыққанына 2 жыл болған. Наурыздағы бір бағдарламада жылдың басынан бергі шығарылымдарға шолу жасалды. 

Сәуірдегі бағдарламалар Маңғыстау облысындағы Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандарына арналған. Қарақия ауданында түсірілім тобын бір әйел аңдып жүреді. Журналист «неге біздің соңымыздан қалмайсыз?» деп қыспаққа алғанда «дүкенге өз шаруаммен келдім» деп ақталды. Бірақ тұрғындардың бірі құпияны ашып берді. Түсірілім тобының соңынан жүрген адам ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы екен. Шалғай аудандарға қандай да бір телеарнаның түсірілім тобы ескертусіз барғанда ішкі саясатқа жауапты мамандардың осылай сырттай бақылауы журналистерге жақсы таныс. «Әкім» бағдарламасына жергілікті басқару аппаратының «кәсіби тәсілін» әшкерелеудің сәті түсті. Тілшінің хабарлауынша, аудан басшысы Қыдырберді Беков «қызметкері бұл спектакль үшін жазаланатынын» айтқан.

Бұл үш ауданда тұрғындар негізгі проблема – жұмыссыздықтан қиналып отырғанын айтты. Жұмыс табылса, жалақы аз. Бір мұғалім көше сыпыруға мәжбүр болғанын айтты. Азық-түлік қымбат. Базарларда сауда да жүріп жатқан жоқ. Ауызсусыз, газсыз, сапалы жолсыз, интернетсіз отырған ауылдар бар. Қарақия тұрғындары әкімнің жұмысына риза емес, керісінше, Бейнеу мен Шетпеде тұратын азаматтар жұмыссыздыққа, қат-қабат проблемаларға қарамастан аудан басшысының қызметіне сын айтпады. 

Жоғарыда айтылғандарды бағдарламаның аз-кем артықшылығы деп есептейік.

Ақсайтын жағы

Бағдарламада тұрғындар әкімнің қызметіне баға береді. Бұл – эффект үшін қолданылған тәсіл, объектив әлеуметтік зерттеу емес. Дегенмен соның өзі үстірт жасалған. «Әкімді танисыз ба?» деген сұраққа тұрғын «жоқ» деп жауап берсе, ол әкімнің жұмысына қатысты дизлайк деп есептеледі. Азаматтардың аудан басшысын танымағаны оның жұмысына көңілі толмайды дегенді білдірмеуі мүмкін ғой. Сол сияқты әкімді жақсы танығаны да адам оған риза дегенді аңғартпайды. Хабардың орысша нұсқасында олай емес, тілші Асхат Ниязов тұрғынға «Әкімді танисыз ба», «Жұмысына ризасыз ба», «Неге ризасыз?» деген сұрақтарды бірінен соң бірін нақтылап қояды. Содан кейін барып, бағасын есепке алады. 

Шымкентте түсірілген төрт бағдарлама да әуелі тұрғындардан, олардың шағымынан емес, әкімнің кабинетінен басталады. Елді мекен проблемаларына екпін түсірілген болса, «әлеуметтік сюжет» драматургиясы оқиғадан, мәселеден, тартыстан ары қарай өрбуі керек еді. Бұл шығарылымдарда проблеманы әкім бастап, тұрғындар жалғап, композиция ары-бері шатасады. Мысалы, әл-Фараби ауданында электр бағанын қолдан орнатып алған тұрғындардың жайы әкімнен бұрын көрсетілгенде қызық болар еді. Оның орнына мұндай көріністер аудан басшысының әдеттегі құрғақ есебі арасындағы «лирикалық шегініс» сияқты қолданылған. Дегенмен Маңғыстау облысынан түсірілген бағдарламаларда тілші сюжет құрылымын қисынды етіп реттеген. 

Режиссура шешімдері де түсініксіз болып жатады. Бейнеу ауданында тілші хабарды не себепті түйенің жанында «Қазір – Маңғыстауда түйе боталап жатқан сәт» деп бастайтыны беймәлім болып қалады. Бұдан соң өңірдегі мал шаруашылығы туралы бір де бір мәлімет айтылмайды. Осы шығарылымда журналист «көше қиылысында жаяулар жолағы жоқ, көшенің арғы бетіне қалай өтерімізді білмейміз, мынадай бағдаршамдар көбіне жаяу жүргіншілерге арналмаған сияқты» дейді. Лезде бағдаршамдағы жаяу адамның қызыл түсті белгісі жанып тұрғаны көрсетіледі. Демек, қарама-қайшылық – көше реттейтін құрылғы жаяуларға да арналған. Журналист «көліктер бағдаршамның түсіне қарамай жүре береді, сондықтан көшені кесіп өту қиын» деген ойды дұрыс жеткізбегенге ұқсайды. 

«Нәтижелер» деп аталған шығарылымда бағдарлама тілшісі Созақ ауданының әкіміне «Түркістан облысында өзіңіз сияқты қарт әкімдер бар. Бірнешеу. Сіздің ойыңызша, қарт әкімдердің жұмысы өнімдірек пе, жас әкімдердікі ме?» деген сұрақ қояды. Журналист эйджизмнен хабарсыз. Есесіне әкім оған «бұл әркімнің қабілетіне байланысты» деген қарапайым ақиқатты айтады. 

«Әкім» жобасының негізгі кемшілігі – мәтін бойынша мазмұны. Жалпы, мұнда журналистің жазбаша жұмысы көрінбейді. Кадр сыртындағы мәтін өте аз, оның өзінің ауызекі тілден айырмасы жоқ. Бағдарлама редактордың көмегіне зәру. Республикалық телеарна журналисінің кадр сыртында аудан басшыларын «әкім мырза» деп атауы, тіпті «әкім – бір қауым елді басқарып отырған адам» деген түсінігі де ойлантады. Әкім халықтың бір бөлігін басқарудан бұрын белгілі бір аумақтың дамуына жауапты мемлекеттік өкіл ғана. 

Тілшінің сөйлеу лексикасы жұтаң. Дайындықсыз, экспромтпен сөйлейтіндіктен тавтология-плеоназм көп. Кейде екі сөйлемде бір сөзді екпін түсіріп бірнеше рет қайталайды. Стендаптарда, басқа да кадрларда журналист ойын дұрыс жеткізсе екен, сөйлем мүшелерін дұрыс қолданса екен деп қипақтап қаласың.

Шымкент аумағына кіретін ауылдар туралы айтқанда «Елді мекендер дейінші, қала деуге ауыз бармайды» дейді. Бұлар онсыз да қала құрамындағы елді мекендер деп аталады. «Сұраса бола ма», «айтсам бола ма», «десем бола ма?» дегеннің орнына «сұрауға бола ма», «айтуға бола ма», «деуге (деуіме) бола ма?» деп сөйлеу сауаттырақ болар еді. «Көптеген әкімдер», «барлық мәселелер» деген тіркестердің дұрысы: «көп әкім», «барлық мәселе». «Ауа райы суытып кетті», «Жарғақ басы жастыққа тимей жүр» деген сөйлемдер де редактордың тезінен өтпеген, дұрысы: «Күн суып кетті», «Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр».

«Әкім» тележобасы белгілі бір тақырыпты терең зерттеуді емес, «өңірде қандай проблема бар, оны шешу үшін әкім не істеп жатыр?» дегенді көрсетуді ғана мақсат еткенімен мұндай бағдарламаға да сауатты мәтін керек. Бұл тікелей эфир емес, сондықтан журналистің кадрда олқы сөйлеуін, алдын ала дайындалмауын, дубль жасамауын ақтауға себеп жоқ. Кадр сыртындағы мәтін ауызекі әңгімеден гөрі салмақты, ақпаратқа қанық, жүйелі болғаны жақсы. Бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасында журналистің мұндай сөзі сараланған, талданған ақпараттан тұрады, редактордың жұмысы білінеді. 

Қорыта айтсақ, «Әкім» – әзірше негізінен аудан әкімдерінің жұмысын жергілікті тұрғындармен бірге бағалайтын, халықты мазалаған мәселелерді көтеретін қызық бағдарлама. Жоба видеокамера объективіне іліккен объектив жағдайды көрсетеді. Енді журналистер жұмысын кәсіби талаптарға сай жақсарта түскені дұрыс.

QazVac вакцинасы, ауыл әкімдері және жер. 19-25 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

19-25 сәуірде түйіндеген апталық бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — QazVac вакцинасы. Үш бағдарлама да отандық вакцинаны өңірлерге жөнелту басталғанын хабарлады. «7 күн» және Apta бағдарламалары ауыл әкімдерін сайлау өтетінін талдаса, «Басты бағдарлама» редакциясы Абайдың 175 жылдығынан кейін Семей қалай өзгергенін сараптайды.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама QazVac вакцинасының алғашқы партиясы өңірлерге жеткізіліп, отандық вакцинаны жасаушыларға президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында алғыс айтқанынан басталды.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысы туралы студиядан ұзақ әңгімеледі. Ал сюжетте жүргізушінің айтқанын толықтырып, отырысқа қатысушылар мен президент сөзінен үзінділер берді. Әдепкі хаттама сюжет.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли президент жарлығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметінен босатылғанын хабарлаған. Дархан Әбдіуахит шенеуніктердің есімдерін атап, «жылы орындарын суытты» деп айтты.

Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте елдегі сапасыз жолдарды да айтқан. Бағдарлама авторлары 500 шақырымдық Орал-Атырау тасжолының жағдайын жергілікті тұрғын сөзімен растай отырып, президент өткізген кеңес туралы сюжет әзірлепті.

Өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес хатшысы Әсет Исекешовті қабылдады. Тұңғыш президент Назарбаев пен қазіргі президент Тоқаевтың жұмыс аптасына шолу осы жаңалықтан басталып, кімдерді қабылдағанын қамтыды.

Бір сағат эфирдің алғашқы жартысын президенттерге арнап, екінші бөлігінде ғана сараптама сюжеттерге кезек жетті.

Кешегі аптада мемлекеттік телеарналардың бәріне ортақ тақырыптың бірі — ауыл әкімдерін сайлау. «Хабарлықтар» сарапшылармен бірге мұндай саяси науқанның ел өміріне тигізер пайдасы мен зиянын, әкімдердің заң бұзу ықтималдығын талдайды. Эксперимент түрінде бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан 50 шақырымдағы «Бұлақсай» ауылында әкім сайланғаны, алты айда ауылда қандай өзгерістер болып, қандай проблемалар туындағанын ауыл тұрғындарының айтуымен баяндайды. Сайлауға түсетін азаматтарға қойылатын талаптар, сайлауға жұмсалатын қаражат жөнінде баяндайтын толымды сюжет.

Тілші Мақпал Мадиярова Қазақстандағы балалар үйінің жай-күйін, бала асырап алу, патронатқа беру, баланы кері қайтару мәселелерін зерттейді. 7 баланы қамқорлығына алып, екеуін кері қайтаруға мәжбүр болған кейіпкерді сөйлетіпті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин баланы кері қайтарудың бала психологиясына теріс әсерін, бала асырап алуға ниеттілер саны көбейгенін айтады.

Сенатта туризм саласын дамыту жөнінде жаңа заң жобасы қаралып жатыр. «7 күн» тілшілері осы заң жобасын негізге алып, туризмдегі жаңашылдықтарды бір сюжетке жинақтапты. Сюжеттің кадрден тыс мәтінінде тау-шаңғы спорты саласына мемлекет тарапынан субсидия бөлінетін айтып, сол сәтте кадрде жазғы жағажай мен судағы аттракционды көрсетті. Әрбір шетелдік туристке кететін шығынның 15 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды екен. Тілші Ерболат Қайыржанның айтуынша, «Бұл ел ішіне турист тартатын мамандар үшін үлкен мотивация болмақ». Ал туроператорлар бұған келісе ме? Қазақстанға шетелден турист тартатын операторлардың проблемасы қандай? Сюжетте бұл айтылмады.

«Қазақстан — өз вакцинасын ойлап тапқан он елдің бірі». Осы сөз бағдарламада үш рет айтылып, отандық вакцинация жөнінде сюжет берді.

Алматыда атақты шопан Жазылбек Қуанышбаетың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақстанның қой шаруашылығы, өткені, бүгіні және келешегі» атты онлайн ғылыми конференция өтті. Жиынға Мемлекеттік Хатшы Қырымбек Көшербаев қатысқан екен. Сюжетте Мемлекеттік хатшының үндеуінен ұзақ-ұзақ үзінділер беріп, Жазылбек Қуанышбаевтың өмірдерегін баяндады. Ғылыми конференцияда қандай мәселелер талқыланды? Бұрын дүркіреп, қазір тоқыраған қой шаруашылығының болашағы қандай? Мінеки, осындай өзекті сұрақтар сюжетте ескерусіз қалыпты. Бәлкім, сюжеттің мақсаты басқа болған шығар. Әйткенмен сараптамалық бағдарламаның эфирін «өтті, кетті» сюжеттермен толтыру жөнсіз-ақ.

Бағдарламаны Қызылорда облысындағы көктемгі егіс науқанынан хабардар ететін сюжет түйіндеді. Өңірдегі алғашқы дән себу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова қатысыпты. «7 күн» бағдарламасы Қызылорда облысына, өңір басшысы Гүлшара Әбдіхалықоваға ерекше көңіл бөлетінін байқаймыз. Бұған дейін де бірнеше рет Қызылорда мен әкімі туралы сюжеттер көрсеткен.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Электр энергиясының қымбаттауы «Басты бағдарламаның» басты тақырыбына айналды. Тұтынушы, сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдерін сөйлеткен сюжетте электр қуатын өндіретін компания өкілдерінің уәжі жоқ. Электр қуатын өндірушілерді кінәлайтын пікірлер көп айтылды. Алайда қарсы тараптың жауабы естілмеді.

«Ұр тоқпақ» айдары эфирге оралыпты. Әлеуметтік желіде қоғам назарын аударған мәселерді талқылады.

«Басты бағдарлама» да отандық вакцинаның алғашқы партиясы өңірлерге жөнелте бастағанын хабарлап, вице-премьер Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ғалымдарды сөйлетті.

Ұлы Абайдың 175 жылдығы пандемиямен қатар келіп, тойланды. Өңірлер мерейтойдың пайдасын сезінді ме? Тілші Артур Мағзомов Семейге сапарлап, аймақ ахуалын бағамдайды. Сюжет «Біз көрген Семей сүреңсіз» деп аяқталады. Аймақтарға тек мерейтойда көңіл бөлінетінін мәселе етіп көтерген тәуір сюжет.

Тілші Айдана Үсенбай Түркістан облысындағы Қазығұрт тауына барып, «Ғайып ерен, қырық шілтен» деген жердің кереметін баяндайды. Бұл сюжет Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Әуеден түсірілген видеолары әсерлі, сонысымен де тартымды сюжет.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Алматы мен Түркістандағы атыс оқиғаларынан басталды. Екі оқиғаны қысқа қайырып, ресми жаңалықтарға ойысты.

Дәлірегі, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңеске ауысты. Мемлекет басшысы өткізген жиын туралы сюжеттің ең жанды тұсы — облыс тұрғындарынан алынған сауалнама. Адамдар баға өсіп, айлық өспейтінін, 100-120 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейтінін айтады. Аймақтағы орташа айлық жалақы — 358 мың теңге деген мәліметті аңызға балайды.

Ауыл шаруашылық жерлерін сатуға тағы 5 жыл мораторий жарияланды. Президент көмекшісі Ерлан Қаринмен шағын сұхбатта Жер реформасы жөніндегі комиссиясының жұмысын әңгімеледі. Түсіндірме ақпараты мол сұхбат.

Әйтсе де соңғы уақыттағы ең жиі талқыланатын тақырыпға бөлек бір сюжет арнағанда құба-құп болар еді.

Күзде ауыл әкімдерін сайлау өтпекші. Ал ауыл әкімі болуға үміткерлер бар ма? Apta бағдарламасының осынау тақырыпты талдаған сюжеті Алматы облысындағы оқиғадан басталады. Мұнда ауыл тұрғындары жаңа әкімге қарсы шығыпты. Ақмола облысындағы бір ауылдың әкімін көрсетті. Әкімнің айтуынша, ауыл әкімі болуға ниетті адам жоқтың қасы. Ол бұған не себеп екенін айтса, саясаттанушы мұның жалпы себебін түсіндірді. Басты саяси тақырыпқа арналған толымды сюжет.

Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасы хабарлап, QazVac сауда белгісімен шығаралытан QazCovid-in қазақстандық вакцинасын өңірлерге жөнелту басталғанын хабарлады.

Қазақстанда 120 балаға бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған. Әлемде сирек кездесетін аурудан емдейтін үш түрлі препарат бар. Үшеуі де Қазақстанда тіркелмеген, құны өте қымбат. Бір препараттың бағасы 53 млн теңгеден басталып, 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Ал мұндай диагнозы бар балаларды 2-3 жасына дейін емдеу керек, әйтпесе кеш болады. Ата-аналары үкіметтен көмек сұрап, бұл дәрілерді Қазақстанда тіркеуді өтінеді. Сюжетте бірнеше отбасының хикаясы, ата-анадан бастап шенеуніктерге дейін пікір айтып, комментарий беріпті.

Мүгедектігі бар адамдар отандық цифрлы қызметтерді толыққанды пайдалана алмайды, өйткені қазақстандық сайттар, порталдар оларға бейімделмеген. Мұны міндеттейтін заң не қаулы керек. Сюжетте кейіпкерлер, сарапшылар, депутаттар мен министрлік өкілінің комментарийі бар.

Бағдарламаның соңғы сюжеті — «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» тұрақты айдарына арналып, бұл жолы 1998 жылды еске алды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Питчинг дегеніміз не?». Деректі кино мектебіндегі Таня Рахманованың дәрісі

Деректі кино режиссері, Сорбонна университетінің оқытушысы, көптеген кинобайқаудың әділқазы мүшесі Таня Рахманова «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде дәріс оқып, питчингтің не екенін түсіндірді. Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстандағы жас режиссерлерге питчингке дайындалу туралы 10 түрлі кеңес айтты.

  1. Жобаны толық дайындап, содан кейін питч жазыңыз. Питч дегеніміз — жобаңыздың идеясын қысқаша таныстыру, идеяңыздың қысқаша мазмұнын айту. Питчтің мақсаты — жобаңызға адамдарды ғашық ету. Жобаңызды қолдайтын өндірушілерді тарту. Питч дегеніміз — біреумен кездескенде айтатын шағын мәтін. Жоба толықтай дайын болған соң питч жазады. Әуел баста түрлі ғажап питчтер ойға келуі мүмкін, алайда фильм жобасын сызғанда мұның барлығы ауаға сіңіп жоғалып жатады.
  2. Питчіңізде «Көрермен мұны неліктен көруі керек, неліктен қызықтыруы керек» деген сауалға жауап бересіз. Фильм атауынан бәрі де түсінікті делік. Мәселен, Тур де Франс жарысының 100 жылдығы. Бұл фильмді неліктен қазір түсіру қажет екені де түсінікті. Әйткенмен аудиторияға мүлдем қызықсыз тақырыптар да болады. Ұлыбританиялық телеарна продюсерлерінің бірі: «Егер марсиандар Жерге жалаңаш қонатын болса, онда Латын Америкасы туралы фильм түсіруге тапсырыс беретінін» айтқан. Әлемдегі адамдардың бәріне де ең бірінші өзі, яғни өз тұлғасы қызық.
  3. Адамдарды таң-тамаша ететін питч жазыңыз. Питчтің де міндеті осы. Питчті қарабайыр, айтыла айтыла жауыр болған сөзбен бастауға болмайды. Питч мәтінінде хикаяңызды бірегей өнім ретіндегі ұсынатын сөздер болуы керек. Пичтің бірінші парағы келесі парақтарын ашып оқитындай тартымды жазылуы шарт. Бәрі де қауырт, уақыты тығыз. Десе де, питчтің әлқиссасы ешкімді бей-жай қалдырмауы қажет.
  4. Сізді танымайынша, жобаңыз маңызды болмақ. Белгілі режиссер не продюсер питчинг жасаса, оның не істейтінін бәрі де біледі. Жұмыстарынан хабардар. Ал жас авторлардың бір артықшылығы — оларда еркіндік бар, не істеймін десе де еркі. Оларды әзірге қандай да бір санатқа тықпаламаған.
  5. Жаңалықтарды қарап, медианың не жазып жатқанынан хабардар боп жүріңіз. Былтыр бәрін де ковид тақырыбы қызықтырды. Биыл тағы басқа қызық тақырыптар шығып жатыр. Питчтен бұрын айналаңыздағы ірі журналдарды оқуды ұсынамын. Шешім қабылдайтын адамдар да сол журналдарды оқиды. Осылайша, сіз олардың ойын түсінесіз. Алайда ақшасы бар адамдардың қалауына еріп, жетегіне еретін фильм түсіруге де болмайды. Өзіңіз қалаған фильм жасау керек. Ақшаны сосын іздейсіз. Табу тақырып жоқ. Десе де, жасырын жарнама бәрібір сезіліп тұрады.
  6. Елдің ерекшеліктерін ескеріңіз. Мәселен, АҚШ-та питч жасағанда «денеге жақындау» ұғымы өте маңызды. «Бұл кейіпкер неліктен маған есік ашады?», «Мен және кейіпкер арасында ерекше байланысты не қалыптастырады» деген сауалдарға жауап беру керек. Францияда «бұрын-соңды көрсетілмеген мұрағаттар» деген сөз ерекше әсерлі. Бұрын мәлім болса да арбап алады.
  7. Түрлі мақсатқа түрлі питч жазыңыз. Қаржы табуды көздейтін питч басқаша, фестивалге қатысуға арналған питч басқаша жазылады. Екіншісінде романтикалық мән басымырақ болады. Фестивалдерде ауыр тағдыр, азап шеккен адам хикаясына көбіне көп жүлде береді. Коммерциялық тұрғыдан табысты фильмдер, комедияларға фестивалдерде жүлде бермейді. Мәселен, Луи де Фюнеске жүлде бермейді, ал Андрей Тарковскийға береді.
  8. Питч жазған соң қысқартыңыз. Сосын тағы қысқартыңыз. Адамға көпіртіп жазу тән. Жазасың, сосын үштен бірін қысқартасың. Ең көбі 200 сөзге сыйғызыңыз. Питч көлемі Word парақтың жарты бетінен аспауы керек. Егер сюжет қысқа болса, қысқа жазыңыз. Питчті ұзақ уақыт жазуға тура келеді. Бұған уайымдамаңыз. Әрбір сөзді сараптап, саралау керек. Біз бір питч жазарда бірнеше апта e-mail хат алмасамыз. Есесіне мейлінше қысқа да нұсқа питч жазылады. Тіпті питчтен баспасөз релизіне сөздер аламыз.
  9. Достарыңыз бен жақындарыңыздың алдында питч жасап, дайындалыңыз. Адам назары қалайша басқа жаққа ауғанын тез байқайсыз. Ол сізге питч ұнамағанын айтпаса да ұнамағанын сезесіз. Егер фильмді бір адам тек өзіне арнап жасаса, онда оны да тек өзі көреді. Біз көрерменді елестетуіміз керек. Сөйте тұра көрерменнің білім көкжиегін әсіре бағалауға не төмендетуге болмайды.
  10. Хикаяңыз экранда көрсететін оқиғадан да ауқымды идеяны жеткізуі керек. Мәселен, бал жинаушы туралы фильм бар. Керемет фильм, бір қарасаңыз мұнда не саясат, не тағы басқа да өзекті тақырыптар жоқ. Десе де екі комьюнити қалай бірлесіп өмір сүретінін жеткізер идея көрініп түрады. XXI ғасырды — басқа адаммен, оның тағдырымен кездесу ғасыры деп атайды. Бұл фильмге осы тұрғыдан питч жазу керек. Деректі кино түсірерде идеяны жеткізіп, соны әңгімелеуге ынта-ықыласыңыз болса, болғаны.

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

Жәнібек Нұрыш

Сапасыз жолдар, қымбатшылық және бала сату. 12-18 сәуірдегі қорытынды бағдарламаларға шолу

Президент твитінен соң «қайта тірілген» тақырыптың бірі — сапасыз автожолдар. 12-18 сәуірді түйіндеген «7 күн» және Apta бағдарламалары жол сапасы неліктен сын көтермейтінін зерттемек болыпты. Ал «Басты бағдарлама» авторлары бала сату-сатып алудың жай-жапсарын анықтап, Қазақстанда кедейлер көбейгенін талдайды.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Мемлекет басшысының Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтағанын хабарлап, коронавирус күшейгенін, вакцинацияның маңызын айтып, Тұңғыш президент пен қазіргі президенттің апта ішіндегі қабылдауларын тізіп шықты.

Бірнеше тақырыпты бір мәтінге сыйдырған ұзақ алғысөз президент Тоқаев қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес туралы сюжетке жалғасты. Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасына қандай міндеттер жүктегенін баяндап, жаңа төрағаның қызмет жолына шолу жасады.

Президенттің апта ішіндегі қабылдауларынан кейін карантиндегі ораза туралы сюжет берді. Сюжет «Вакцина алу оразаны бұзбай ма» деген сұраққа жауап іздеуден басталып, карантин кезінде мешітке кіру тәртібі, онлайн уағыз айту туралы ақпаратпен толығыпты.

«7 күн» тілшілері вакцинация тақырыбында «Covid-19 vs вакцина» деген сюжет дайындапты. Өткен эфирдегі сюжет те осылай аталды. Тілші Мақпал Мадиярова өңірлердегі вакцинация барысына шолу жасайды.

Бағдарламаның екінші жартысы біріншісінен қызық екен. Маңызды да өзекті мәселелерді көтерген бірнеше сюжет көрсетті.

Президент Қ.Тоқаев Twitter парақшасында жол сапасын сынап, твит жариялаған еді. Ізінше «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. «7 күн» тілшілері президент твитін негізге алып, өңірлердегі жол салу, жол жөндеу жұмыстарының сапасын бағамдаған толымды сюжет дайындапты.

«Баға қайда барасың» деген сюжет елдегі қымбатшылыққа арналыпты. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасы неліктен өскенін айтса, тілші ЕАЭО-қа мүше елдер арасындағы бензин бағасын теңестіру туралы өзара уағдаластыққа тоқталды. Бензин өндіруге қажет шикізат шетелден әкелінетінін айтып, «Жақын арада бензин бағасы төмендемейді, тіпті тұрақты да болмайды» деп, ұйғарым жасайды. Сюжетке базардағы бағаның өсуін де, тұрғын үй қымбаттағанын да қосыпты.

Қазақстан ғылымының аяқ алысын бағамдайтын сюжет «Зияткер ұлт» деп аталады. Ғылымдағы жаңалықтар, қаржыландыру, ғалымдарымыздың жетістіктері мен жобаларын қамтыған толымды сюжет.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шолу сәуір айының Тәуелсіздік тарихындағы маңызына тоқталады. Әр жылы сәуірде жасалған маңызды келісімдер, халықаралық кездесулер, Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік сапарлары, қабылданған заңдар, мемлекеттік бағдарламаларды жинақтапты.

Жүргізуші Дархан Әбдіуахит «Қазақстан коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемдегі рейтингте 110 орында тұр» деп, әлемдік рейтингті хабарлады. Алайда дереккөзін атамады. Соңғы сюжет әлемдегі коронавирус ахуалы мен вакцинация барысын баяндайды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Басты бағдарлама» хабарының алғашқы сюжеті сирек айтылатын тақырыпқа арналады. «Бала сатамын» деген сюжет қоғамда баланы тауарға балайтын көзқарас бар екенін көрсетеді. Есімі ғана аталатын кейіпкер құндақтаулы балалардың «Сәбилер үйіне» жетпей сатылып кететінін, өзі де 500 мың теңгеге бала «сатып алғанын» айтады. Сюжет авторы Әсем Изатқызы бала сатылатынын дәлелдемек болып тағы бір эксперимент жасайды. Әлеуметтік желіде бала сатып алатынын хабарлайды. Ұсыныс жасаушылардың бірімен видеобайланысқа шықты. Ал сюжеттегі кейіпкер «Ана мен бала» орталығында бала сатуға үгіттеушілер бар екенін айтқан екен. Тілші аталған орталыққа хабарласқанда, сондағы «белгісіз» қызметкер бұл ақпаратты жоққа шығарады. Кейіпкер қай орталықты меңзегені, тілші қай орталыққа хабарласқаны беймәлім. Мұның барлығы сюжеттегі оқиғаның шынайылығына күмән тудырады.

Келер сюжет тақырыбы — «Кедейлер көбейіп барады, байлар да». Тілші Берік Дүйсенбай елдегі күнкөріс деңгейі, кедейлер санын түгендепті. Кедейшілік шегі, жұмыссыздар саны, мемлекеттік жәрдемақы, еңбекпен қамту сияқты мәселелерді қамти келе, кедейшілік себебін іздеуге тырысады. Экономистен пікір алыпты. Тілші сюжетін «…Дәл қазір 20 пайызға көбейген кедейді аштан өлтірмеу бас қайғы шығар..» деп аяқтайды. Орынды проблема қозғаған сюжетте қарапайым бұқараның пікірі жоқ.

«Басты бағдарлама» авторлары «Кітап жазу еңбек пе, ермек пе?» деп, жазарманға айналған шоу-бизнес жұлдыздары мен бизнес тренерлерді астарлай сынапты. Соңғы екі жылда кітап шығаруға мемлекет тарапынан қанша қаржы жұмсалғанын, соңғы үш жылда қанша кітап басылып шыққанын хабарлап, ақын-жазушылар мен жұлдыздарды сөйлетіпті. Біраз адамның көкейіндегі сауалға жауап іздеді. Көрерменге ой салар сюжет, алайда «оқырман не дейді, сұранысы қандай» деген сауал жауапсыз қалды.

Бағдарламаның соңғы сюжеті белсенді шенеуніктерге кімдерді жатқызуға болатынын талдайды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta авторлары әдетінен жаңылмай, COVID-19 және коронавирусты пневмония ресми статистикасынан басталып, Ақорда жаңалықтарына жалғасты.

Сапасыз автожолдар тақырыбына ойысып, жүргізуші Жайна Сламбек сюжет алғысөзінде Гоголдің «Ревизор» комедиясын атап өтті. Қазақстандағы сапасыз автожол кадрларынан құрастырылған сюжетке «Ревизор» фильмінен де үзінділер қосыпты. Әуелде ревизордың автожолға қандай қатысы бары түсініксіз болды. Кейін келе тілші: «Расымен президент қашанғы ревизор бола бермек?» деп, президент Тоқаевты ревизор рөлінде көретінін түсіндірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне негізделген сюжетті фильмнен үзінділер ғана жайнатып жіберді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қитұрқы тірліктерін тізбектеген сюжетте экономистер, Есеп комитеті өкілінің пікірі, комментарийі бар. Ақпараттың көптігі сюжет құрылымына теріс әсер етіпті. Семейдегі қоқыс полигонының құрылысына қатысты дау, 2015-2020 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған келісімдер, бюджет қаржысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жымқыру тәсілдері мен мысалдары, тексеру қорытындысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын шектен тыс бағалау, үкіметтің инвесторлар алдындағы миллиардтаған теңге міндеттемелері, Нұр-Сұлтанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мектеп салуды бір сюжетке тықпалап, тым көп ақпаратты жалғыз қазанға салыпты.

Түркістан облысындағы Шардара және Мақтаарал ауданының дихандары су тапшылығынан мақта еге алмай отыр. Дихандар да, әкімдік те, министрлік те бұған мердігерді кінәлайды. Мердігер су арнасын бетондау жұмысын кеш бастаған екен. Ал мердігерлер ауа райының жайсыздығына байланысты жұмысты кеш бастағанын айтады. Дихандар проблемасын айқынкөрсеткен тәп-тәуір толымды сюжет.

«Apta қонағы» айдарына Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев келді. Жер комиссиясының отырысы, жерге меншік проблемалары, жер дауы туралы сұхбаттасты.

Қостанай облысындағы ауыл тұрғындары ауыл жанынан құм карьерін қазуға қарсы. Ал аудан әкімінің орынбасары кәсіпкердің құм карьерін қазуына тыйым салып, қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталыпты. Толымды әрі жан-жақты сюжет.

Пандемия кезінде құмар ойынға қызығушылық артқан. Қазақстандықтар 2020 жылы құмар ойындарға 79 миллиард теңге жұмсапты. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен алты есе көп. Сюжетте құмар ойын жетегінде кетіп, қарызға батып, қазір тәуелділіктен емделіп жатқан кейіпкерлер бар.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Медиасында шолуды қалай және неліктен жазады?

Тәжікстандық журналист, «Жаңа репортер» сайтындағы «Медиасын» бөлімінің редакторы Лилия Гайсина биылғы Медиасыншылар шеберханасында тәжірибесін бөлісті. Спикер дәрісінен негізгі тезистерді түртіп алдық.

Бұған дейін кәдуілгі журналистикада қызмет еттім. Сондықтан да медиасын форматына бейімделуім күрделі болды. Журналистер қандай да бір оқиға, кейіпкер туралы қалай жазып-сызғанын емес, сол оқиғаны өзім жазып, деректер тапқанды жаным сүйетін. Бұдан да өттім. Шолу дегеніміз — не есеп, не баяндама емес. Бұл — толыққанды хикая. Жақсы материал жазуға кейіпкер, контекст, оқиға орны, сюжет пен мақсат керек. Медиасында да тап солай. Бір айырмасы — мұның барлығын медиадағы әріптестеріміздің материалынан табамыз.

Егер медиасыншының шолуы автордың эмоциясынан туындаса, онда өте жақсы. Журналист еңбегінің жемісі: эмоция тудыратын материал — жақсы материал. Медиасында да тап солай. Бірнеше жыл бұрын Украинада Зеленскийді президент етіп сайлады. Орталық Азия медиасы тіріліп, бұл жаңалықты құлшына жазғанын байқадық: бәріне де жас президент, оның сұлу келіншегі мен әзілдері ұнаған екен. Зеленскийді құдды бір супержұлдыз етіп көрсетті. Осындай тамсанған көзқарастың астарында мұң, торығу сезілді. Ақпарат жинағанымызда қоғамның қазіргі саяси ахуалдан қаншалық шаршағаны көрініп тұрды. Осылайша медиасын хикаямыз жазылды. Медиасындағы шолу — қоғамдық проблемаларды айту мүмкіндігі. Техникалық қырына тоқталып, әріптестеріміздің материалын жіліктеп қана қоймай, мәселеге кеңінен қарау керек. Медиадағы жағдай — шынайылық айнасы.

Шолу материалда анық дәлел болуы керек. Түрлі пікірталастар туындайды, бірақ барлығын еңсереміз, өйткені әрбір сөзімізді дәлелмен негіздейміз. Адамдар мақаланы оқып, бізбен сөз таластырып, кемшіліктерді нұқып көрсетуге тырысады. Сынды жақтырмайды, сирек қабылдайды. Тәжікстан медианарығы өте шағын. Бәріміз бір бірімізді танимыз. Міне, сондықтан да авторға қиын. Медиасын кейіпкеріне де оңай емес. Біреу олардың жұмысын талдаса, бұл оған жат көрінеді. Әлдекімді сынайтын болсаңыз, онда ол адаммен достаспаңыз. Егер дос болсаңыз, онда достық үзілуіне дайындалыңыз.

Медиасында саяси күрделі мәселелерді жазуға тура келеді. «Тәжікстан және Қырғыз БАҚ-тары шекарадағы қақтығыстан қандай ақпарат таратты?» деген материал жаздық. Тәжік-қырғыз шекарасында жиі жанжал туындайды. Нәзік, кінәмшіл тақырып, журналистер ақпаратты қалай бергені өте маңызды. Шекаралас аудандарда тұратын адамдардың интернеті бар. БАҚ-тың жазғанын оқиды, видеосын көреді. Мұның барлығы олардың көңіл-күйіне, алдағы жағдай қалай өрбуіне әсер етеді. Егер тек бір тараптың БАҚ-тарын оқыса, онда бәрі бір жақты болып шығады: Тәжікстанда басқаша, Қырғызстанда басқаша ақпарат тарайды. Естуімше, қазір екі елдің басылымдары өзара меморандумға қол қойыпты. Енді олардың өзара ақпарат алмасуына мүмкіндік бар.

Шолу материал дайындағанда жылдамдық пен өзектілік аса маңызды. Мәселен, тұтас редакция болып, «Алматыдағы ұшақ апаты. Медиа қалай ақпарат таратты?» деген материал дайындады. Түрлі онлайн-БАҚ және телеарналар оқиғадан қалай ақпарат таратқанына шолу жасадық. Мақала сол күні жарияланды. Бұл оқырмандардың оқиға қалай өрбіп, журналистер қалай жұмыс істейтінін түсінуіне септесті.

Шолу материалдардың нақты әлеуметтік миссиясы бар. Медиасында әріптестерге контентінің кемшілігін көрсетіп қана қоймай, кәдуілгі журналистикадағыдай маңызды жұмыс істейсіз. «Тәжік журналистері мүгедектігі бар адамдар туралы қалай әңгімелейді?» деген материал дайындадық. «Жындыханаға түсті», «псих» және тағы басқа сөздер қолданатынын анықтадық. Мұндай сөздерді әдетте кемсіту мағынада айтады. БАҚ аудиториясына «мүгедектігі бар адамдарға көмектесу мүмкін емес» деген түсінікті теліп, «Егер ол мүгедек арбасында отырса, онда оған қажет инфрақұрылым жасап не керек? Ол бәрібір бақытсыз, тек қайыр сұрап күнелтеді» деп жазып жатты. Мақаламызда ресейлік «Такие дела» интернет-басылымының «Менталді ерекшеліктері бар адамдар туралы қалай дұрыс жазу керек?» деген нұсқаулығынан үзінді келтірдік. Мақалада аталған басылымның бірі мақаламызды көшіріп басып, лидте: «Бізді сынады, олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз» деп жазды. Міне, кейін сол басылымда мұндай қате кездеспеді. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың бет-жүзін көрсетпегенін де бақылаймыз. Журналистер олардың бет-жүзін экранға шығарып, эмоциямен ойнауына болмайды.

«Тәжікстанда вирус жоқ» деген материалдар сериясын жарияладық. Тәжікстан — Орталық Азияда коронавирусті соңғы болып тіркеген мемлекет. Қазір де тіркемейді. Адамдар «пневмониядан» өліп жатыр. Заңға түзетулер енгізілді: енді журналистер мемлекеттік мекемелерден ресми ақпарат алған жағдайда ғана коронавирус туралы хабар тарата алады. Коронавирус тақырыбында мақалалар жариялау — журналистердің кәсібилігін ғана көрсетіп қоймайды. Бұл биліктің халықпен қарым-қатынасын, қаншалықты ашық екенін, жағдайды қаншалықты бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді. Шын мәнінде, бұл — өте үлкен қоғамдық мәселе. Аймақта медиасын пайда болғалы бұған қоғамдық медиа да назар аудара бастады. Мемлекеттік БАҚ белгілі бір тақырып жөнінде қандай ақпарат таратқанына шолу жариялап жатыр.

Жәнібек Нұрыш

Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет? Деректі кино мектебінің дәрісі

Деректі фильм режиссерлері, тренерлер Шахида Тулаганова мен Елена Демидова 30 наурыз күні  Деректі кино мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер дегеніміз не? Бұл не үшін қажет және қалай тиімді қолдануға болады» деген тақырыпта шеберлік сабағын өткізді. Түсірген фильмдерін мысалға алып, осы ұғымдардың мағынасын түсіндірді. «Жаңа репортер» редакциясы сарапшылардың айтқанын тыңдап, ең маңызды кеңестерін жазып алды.

— Логлайн — фильміңіз не туралы болатынын бір-екі сөйлеммен түсіндіру. Логлайніңіз неғұрлым қызық әрі тартымды болса, продюсерлерді соғұрлым қызықтырасыз. Осылайша фильміңізді түсіруге қажет қаржы көзін табасыз. Продюсерлердің уақыты аз. Олардың назарын аудару үшін логлайніңізді қысқа-нұсқа жазып, маркетинг тәсіліне айналдырасыз. Шығармашылық жолын енді бастаған мамандарға логлайн өте маңызды. Фильміңіз не туралы екенін өзіңіз түсінсеңіз, онда басқалар да түсінеді. Ағылшын тілін үйреніңіз. Фестивалге өтініштің барлығы ағылшын тілінде жазылады. Келіссөздердің көбі ағылшын тілінде жүргізіледі.

Шахида Тулаганованың Judge фильмінің логлайні.

— Синопсис — қозғағалы отырған проблеманың бэкграундын тарқатып айту. Фильміңіздің хикаясы неліктен бірегей екенін, сол хикаяны баяндауға сіздің ғана шамаңыз жетіп, сол тақырыпта  фильм түсіруге сіз ғана лайық екеніңізді дәлелдеп, жауап бере алуыңыз керек. Синопсис төрт абзацтан аспайды. Ұзақ болса, ешкім де оқымайды. Қазір кейіпкерлерді таныстыру үшін синопсис ішіне 1-3 фото қосады. Синопсис те өте маңызды, өйткені түрлі гранттарға өтініш бергенде (әлемде грант көп, әрқайсысы процесстің түрлі кезеңін қаржыландырады) көп онлайн-форма толтырасыз. Грант берушілер өтінішіңізді қарап, бәрін жан-жақты ойластырғаныңызды түсінеді. Кейіпкерлеріңіз кім, оларға қалай шығасыз, түсірілімге келісе ме, қаржылай жоспарыңыз қандай, потенциалды дистрибьюторларыңыз кім? Мұның барлығына жауап беру маңызды. Грантқа алуға бәсеке өте жоғары. Неғұрлым тыңғылықты дайындалсаңыз, соғұрлым қаржы алу мүмкіндігіңіз ұлғаяды.

Елена Демидованың  «Третья жизнь Марины Клещёвой» фильмінің синопсисі

— Тизер мен трейлер не үшін қажет? Адамдар кейіпкеріңіздің түр-сипатын көріп, фильміңіз қандай боларын вижуалды түрде елестете алуы керек. Мұның барлығы да фильміңізді питчингте продюсерлерге таныстыру үшін керек. Тизерде фильмнің вижуалы қандай боларын көрсетсеңіз, трейлерде хикаяны таныстырасыз. Трейлер — тизер емес. Трейлер дегеніміз — көйлекті қандай өрнекпен тігетініңізді көрсету. Базарда сатып алушыны алдамас үшін тауарыңызды көрсетесіз. Бұл да соған ұқсайды.

— Жалғыз режиссерге ешкім де ақша бермейді. Команда керек. Командада режиссер, продюсер және тағы басқа мамандар болады. Түсірілімге кіріспен бұрын фильміңіздің әмбебаптығы (неліктен барлығына қызық) мен ерекшелегі (еліңізде) неде екенін әбден пысықтап, тұжырымдаңыз. Тритмент, яғни алдын ала сценарийін жазып, жариялауға да болады. Сонда адамдар мәтінді оқып, фильмді көргендей болады. Мұның барлығын фильмнің уорд түріндегі төлқұжатына кірістіре аласыз.

Шахида Тулаганова — Өзбекстаннан шыққан журналист. Қазір Лондонда тұрады.  Лондондағы BBC арнасында және Прагадағы «Азаттық радиосында» көп жыл жұмыс істеді. Соңғы жылдары әлемнің «от шарпыған нүктелерінде» тәуелсіз журналистикамен айналысады.

Елена Демидова — ресейлік режиссер, оператор, монтажер және продюсер. Бауман атындағы ММТУ-інде оқыған. Internews киномектебінде (Марина Разбежкинаның шеберлік мектебі) режиссура бойынша білім алды. РФ Кинематографистер гильдиясының және Деректі кино гильдиясының мүшесі. 2006 жылдан бері 10-нан астам деректі фильм түсірді.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасады, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Жәнібек Нұрыш